Төрехан ӘЛІШЕРОВ. Мақұлбектің Қарааты

9711

Мақұлбек Шерімұлы кешегі Қырғызстан, Өзбекстан Қазақстанның оңтүстік облыстарына даңқы жайылған Қараатты баптап жаратқан адам. Ал Қарааттың шыққан тегіне келсек: Билікөл жағасында тұратын Есей деген кісі Ташкенттен бір буаз бие сатып алады. Әлгі биеден рекек құлын туады. Ол өсіп, үйірге салынады. Ел аузындағы әңгіме-жырға айналған Қарааттың әкесі осы үлкен қара айғыр екен. Қарааттың жақсы жылқы екенін басында ешкім байқамайды. Ол 14 жасқа келгенде оны Мақұлбек көріп, қатты қызығады. Сондықтан ол Есейдің ұлы Мекемтасқа 8 құлынды бие, 17 ұсақ мал бермек болып Қараатты қолқалап сұрайды. Мекемтас бұған атын сатпайды. Сөйтіп жүргенде 1918 жылы Әулиеатадан қашқан бір топ қарулы солдаттар жолшыбай кез келген жылқыны ұстап мінеді. Солардың ішінде Мекемтастың Қарааты да кетеді. Бірақ олар Қараатты ұзатып әкетпей, Глинка поселкесінде басқа бір атқа айырбастап кетеді.
Одан Жұманқожа деген кісі сатып алады.
1919 жылы Жұманқожа Әулиеатаға жолаушылап бара жатып, Мекемтас ауылына түсіп, қонақ болады. Атты таныған Мекемтас оған биесін беріп, Қараатты еріксіз алып қалады. Жұманқожа ішінен кіжініп кете береді. Әр нәрседен хабардар, орыстармен байланысты Жұманқожа мылтық-қылыш асынған бір солдатты ертіп келіп, Мекемтасты қорқытып, атты қайырып алмақ болады. Сол арада Мекемтас астыртын Мақұлбекке Қараатты алып кет деп хабар береді. Сауатты кісі Мақұлбек алдымен әлгі солдаттың документін тексеріп, оның жай әскери күзетші екенін біледі де, Қараатты бермей қалады. Енді Мекемтас Қараатты Мақұлбекке беріп жібереді.
Асқан құсбегі, әрі жақсы атбегі Мақұлбек Қараат қолына түсісімен-ақ, оны баптап, түрлі жарыстарға, бәйгелерге қоса бастайды. Ол бәйгеде үздік келе береді, даңқы Қазақстанның оңтүстік облыстарына ғана емес, көршілес отырған қырғыз, өзбек халықтарына жетеді.
1920 жылы Байұзақтың баласы Қабылбектің жиыны болады. Оған қазақтармен бірге қырғыздар да келеді. Осында ат бәйгесі алдыңғы атқа 20 мың сом; одан кейінгіге 10 мың, үшінші атқа 5 мың сом болып белгіленеді. Бәйгеге қосылған 65 атты 60 километрден жібереді. Сонда бірініші болып Қараат, екінші болып қырғыздің Күмістай деген аты келеді. Ат айдаушы 14 адам жарыс аттарын 7 арқанға тізіп әкетеді. Аттармен 12-13 жасар балалар шабады. Қараатпен шапқан бала қазір Ильич совхозында тұратын Бегімұлы Ерман екен, ол 57 жасқа келіпті (1964 жылы).
Қарааттың бір ерекшелігі – әлгідей жарыс межесіне келе жатқанда адамсыз, еркімен бос жүрген. Егер озып кетсе, жол айырығына келіп, соңғыларды тосып тұрған. Олар қайда бұрылса, солай бұрылатын да, солармен бірге қосарланып шабатын.
1922 жылы Шымкенттің маңындағы «Тастысай» деген жерде Бажақай деген кісі ат шаптырған үлкен жиын өткізеді. Жарыста бірінші болып келген атқа 2000 сом, 20 ірі қара; екінші атқа 1000 сом, 10 ірі қара, үшінші 500 сом, 5 ірі қара тігіледі. Мұнда бәйге 12 атқа тігіледі. Бұл жарыста бірінші болып Қараат келеді. Бұл жолы Қараатпен Мақұлбектің ұлы Ордабек шабады. Сонда ол тоғыз жаста екен. Жарыс қашықтығы 50 км болады. Жарыста екі ат зорығып жолда қалады.
koni21923 жылы Биілкөлдің жағасында Бұралқыұлы Керімбай ат шаптырады. Бәйгеге 55 ат қосылады. Бәйгеде: бірінші атқа 3000 сом, 20 ірі қара; екінші атқа 1500 сом, 10 ірі қара, үшінші атқа 750 сом, 5 ірі қара, барлығы 15 атқа бәйге тігеді. Мұнда да Қараат жалғыз келеді. Ал айдаушы 20 адам болады. Жарыс қазіргі Талас ауданының Ақкөлден, арасы 50-60 километр, Билікөлге дейін созылады.
1922 жылы Қырғызстанда Нұрымбет дегеннің үлкен тойы болады. Тойда ат шабысына 70 ат қосылады. Мұнда бірінші атқа 500 қой, 20 ірі қара; екінші атқа 250 қой, 10 ірі қара; үшінші атқа 125 қой, 5 ірі қара, барлығы 20 атқа бәйге тігіледі. Бірінші бәйгені мұнда да Қараат алып, қырғыздың Көкайғыры екінші болып келеді. Қарақшыға не бары 8-ақ ат келіп, 62-і жете алмай жолда болдырып қалады.
Сыр бойындағы осындай үлкен бір бәйгеде болған сөз жүзіндегі қақтығыс жайында Мақұлбек ақсақал былай дейді: өз елінің беделдісі Көкбет деген кісі бәйгеге Қарақұлақ деген ат қосатын болды. Сонда әбден асқынған Көкбет жиналған халыққа қарап: — Жұртым, менің атымның сырын білесіңдер ғой, бәйгемді шаппай-ақ беріңдер, — дейді. – Оны елі Көкбет деуге ерсі көріп, Көкең дейді екен. Мен де: — Көкең аға! Сіздің атыңыз күніне неше рет бәйгеге түсіп, неше бәйге алып жүр дедім. – Олай болса, менің Қараатым бәйгені күніне 2 рет алады, бұл бәйгені шаппай маған беріңдер, халайық! – дедім. Бірақ еліміздің қадірмен ақсақалдарының бірі ерегіс шығып кететінін тез аңғарып: — Балам, ондай желікпе, артық сөздің қажеті қанша, «ат шаппайды, бап шабады» бабы келсе Қараат алар, бабы келмесе қалар, — деп зекіп тастады. Бірақ шабылмай ешкімге бәйге берілмеді. Ақыры бұл жинда да Қараат бұрын келіп, бас бәйгені алып қайтты.
Жоғарыда айтылған жиындарда ат даңқы, азамат даңқы қатар шығады. Бұл жағдайды білген соң Мекемтасқа қызғаныш кіреді. Осыған орай Мақұлбек ақсақал былай дейді:
«Менде Қарааттан басқа тағы бір жүйрік қасқа дөнен болды. Ол Қарааттан оза бастағанда, Мекемтас менен сол Қасқа дөненді сұрады. Онсыз да Мекемтасқа бергенім аз емес болатын. Сондықтан Қасқа дөненді қолқалауы қисынсыз болды. Мен бермедім. Бірақ ол сырттан келіп Қараатты жылықының ішінен ұстап әкетіпті. Бұған жауап ретінде мен де 10 адаммен бардым… Жылқыны айдап бара жатып Жарасқа:
— Мекемтас Қараатты өрісте жүрген жерінен жөн-жосықсыз алып кетіпті. Сол үшін мен де саған солай барам… Туысқаныңа айт: Қараатымды қайтарсын немесе сол үшін алған малымды қайырсын, дедім. Бұл кезде Мекемтастың үйіне бүкіл ауыл-аймағы жиналып жатыр екен… Көп ұзамай-ақ олар 92 адам болып, жылқыларын іздеп шығады. Бірақ таба алмайды. Содан соң құр қайтпайық деген оймен ауылға келіп, белдеуде байлаулы тұрған Қасқа айғырды (жоғарыда айтылған дөнен) ала жөнелді. Мен жейдешең отыр едім. Төрт-бес атты, Қасқа айғырды жетектеп кетіп бара жатқанда, ілесе жүріп:
— Тоқтаңдар! – деп дауыстап едім, тоқтамады. Тапаншамды ала салып, жалма-жан атып-атып жібердім. Ол Сауқынбек деген кісінің атына тиіп, жықты. Адам өлді деп ойлаған болуы керек. Ауыл сыртында аңдып тұрған тобы, ауылға қарай андыздай шауып, ат қойды. Мен үйге қарай жүгірдім. Кенет аяғым тайып кетіп жығылдым да, қолымдағы тапаншам ұшып кетті. Сол уақытта жаңағы аттылар жетіп келіп, мені көтеріп алды. Сол өңгерген күйінде үйден алып шыққан киімімді киіндірді. Ауылдарына алып келіп жекжатымдікіне жатқызды…
Бұл кезде Мақұлбектің ел-жұрты да милиция бөліміне хабар беріп үлгереді. Милиция бастығы бес адаммен келіп, дау-жанжалды тоқтатады. Барымтаны қайтарғызып, бітімге келтіреді. Сөйтіп, айыптарына бір тоғыз, бас – аяғы 20 ірі қара, 60 қой қосып, Қасқа айғырды қайтарды. Ал Қараат Мекемтасқа қайтып беріледі.
Әрине, Қараат жөніндегі шежіре мұнымен ғана тынбайды. Ел аузында сақталған түрлі варианттағы әңгіме, жырлар да бар. Соладың ішінде Қошан ақынның Қараатқа арнаған өлеңі де едәуір орын алады. Алайда біз Қараат шедіресін осымен тоқтатып, халық даналығынан туған «ат шаппайды, бап шабады» деген нақыл сөзбен әңгімемізді аяқтаймыз.
Бұлай деуіміздің де себебі бар. Қараат бұрынғы иесінде қалғаннан кейін, небары бір-ақ жиында озып келіп, бірінші бәйгені алады. Оған Мақұлбектей атбегі тап болмайды. Ат өзінің бұрынғы бабына келіп, шаба алмайды…
Сондықтан осы бір жайға байланысты атты шаппай танып білетін халық сыншылары, халық даналығы жөніндегі бірер әңгімені келтіре кетуді жөн көрдік.

(«Ер қанаты» жинағынан. Құрастырған Жанболат Аупбаев)

Суреттер ғаламтордан алынды

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.