Қазақ батырларының жылқының ішін жарып соғысу тактикасы

6372

Жылқының ішін жарып соғысу тактикасы Қазақ-Жоңғар соғысында қолданылған. Екі-Үш ғасырдан кейін дүниежүзілік бірінші соғыста француздар қолданған. 19 ғасырда америкалықтар жергілікті үнділермен соғыстағы қиын-қыстауда қолданған және 2004 жылы ол жайында роман жазылған. 2015 жылы голливудтық фильм түсірілген. 

/Автор/

Жылқының ішін жарып соғысу тактикасы – қазақ батырларының жаугершілікте қолданған мықты ұрыс тәсілдерінің бірі. Бір қызығы, бұл соғыс тактикасын қазақ батырларынан 200-300 жыл кейін, Француз әскерлері дүниежүзілік бірінші соғыста қолданыпты. Ал, Бұл соғыс тәсілі Еуропа соғыс тарихындағы «таңғажайып ұрыс тактикаларының бірі» ретінде жазылып қалыпты. Қазақ-жоңғар соғысында қолданылғаны туралы қазақ шежірелерінде деректер бар. Дегенмен, өкінішке қарай шежірелерде, тарихи деректерде, дастандарда, тіпті, романдарда жазылып қалғанына қарамастан, қазіргі кезде бұл соғыс тәсілі туралы білетін жандар өте аз.

Жылқының ішін жарып соғысу тактикасы – қазақ жау жүрек батырларының ең соңғы қолданатын ұрыс тәсілі болған. Бейне өзін құрбан етіп, жауды жарып жіберетін соңғы жауынгер сияқты ақырғы қаһармандық, жанкештілік ұрыс тәсілі ретінде қолданылған. Қаптаған қалың жау басып келгенде, соңғы қалған батырлар жылқының ішін жарып, жасырынып немесе кеудесін қалқан етіп, басып келген жауды бір-бірлеп атып қырады екен. Бұл ұрыс тактикасын бейғам жатқан қазақ даласына тосыннан жоңғарлар шапқыншылық жасаған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары елін, руын, тайпасын аман алып қалып, алға жылжытып жіберу үшін, өздері тосқауылда қалып жандарын пиде еткен батырлар ең соңғы жанкешті ұрыс тәсілі ретінде қолданған.

Алайда, бұл қиянкескі ұрыс әдісінің ең соңғы талғамы болған. Соңында ерлікпен қаза тапқан. Қазір осы соғыс тәсілі жайында айтылмай, жазылмай келеді. Тіпті, жоғарыда айтқанымыздай, мұны білетін адамдар да өте аз. Өзгенің қаһармандық тәсіліне, ұрыс әдісіне таңдай қаққанша, қазақ батырлары қолданған осындай тарихи тапқыр тактикаларды әспеттеп, еске алып, жазып, зерттеп, тіпті, жаугершілік киноларда өзіміздің төл соғыс тәсілдерімізді көрсету абзал деп санаған ниетіміз осы мақаланы жазуға түрткі болды. Мысалы, «Томирис», «Көшпенділер», «Қазақ хандығы» сияқты фильмдерде жаттанды, шетелден көшірілген ұрыс қимылдары мен эпизодтарды қолданғанша, осындай өзіміздің қаһармандық ұрыс тактикаларын қосса, құба құп болар еді.

Бір қызығы, бұл тәсілді Қазақ батырларынан екі, үш ғасыр кейін қолданған француздар, бұл тапқыр соғыс әдісін әспеттеп, «Еуропа тарихындағы таңғажайып соғыс тактикасының бірі» ретінде жазып қалдырса, жақында Голливуд осындай қорғану тәсілін қолданған шын тарихи оқиғаны баяндап, фильм түсіріп үлгерді.

1823 Миссури территориясындағы америкалық тәуекелші Хью Гласстың өміріндегі бірқатар оқиғалардан шабыт алып, америкалық жазушы Майкл Панке 2002 жылы «Тірі қалушы (Выживший)» деген роман жазды. Автордың осы романды жазуына итермелеген таңқаларлық шытырман оқиғаның бірі «жылқының ішін жару тәсілі» болған, сол себепті де, бұл оқиға романға ерекше бөлімі ретінде қосылған. 2015 жылы романды арқау етіп, Алехандро Гонсалес Иньярриту фильм түсірді. 88-ші реткі Оскар сыйлығының 12 номинацияға ие болған фильмде жергілікті үнділермен соғыс дәуіріндегі қиын-қыстау жағдайда жылқының ішін жару тактикасы көрсетілген. Шын мәнінде, мұндай таңқаларлық және тапқыр ұрыс тәсілін олардан бірнеше ғасыр бұрын біздің ата-бабаларымыз қолданған болса да, оны әліге әспеттей алмай келгеніміз расында өкіншті.

Бұл мақаланың жазудың себебі де сол. Ендеше, тақырыпқа арқау болған аттың ішін жарып соғысу тәсілі қолданылған тарихы шайқасты нақты дәлелдермен баяндайық.

Тарихи деректер, романдар, дастандар және шежірерлер бойынша, 1718 жылдарда қалың қалмақ қолы басып кірген кезде Қазақ даласының шығысын күзеткен елдің батырлары Құдайназар Тәңірбердіұлы бастаған жүз сарбаздың жылқының ішін жарып соғысу тактикасын қолданып, шайқасқаны айтылады.

Еуразия ұлттық универсиетінің профессоры, тарихшы Жамбыл Артықбаевтың тарихи деректеме кітабында Құдайназар Тәңірбердіұлы батырдың осы ерлігі жазылады. Тарихшы Еркебай Қабылжан «Қызай елі тарихи деректері» деп аталатын деректер жинағында да Құдайназар Тәңірбердіұлының «жылқының ішін жарып соғысқанын» баяндайды. Ал, Досбер Саурықұлы (1894-1971) «Есенгелді батыр» дастанында Құдайназар батырдың аттың кеудесін далда етіп соғысқан тарихи шайқасты жазады. Қабдеш Жұмаділдің «Дарабоз» романында да осы жанкешті соғыс туралы айтылып, Құдайназардың жүз сарбазбен ойрат қолының алдын тосқаны баяндалады. Романға сәйкес, Құдайназардың атқан оғы жерге түспейтін мерген қызы Күлайым әкесін қимай, көшті алға жылжытып жіберіп, жаудың алдын тосуға бірге қалып, жүз батырмен бірге ерлікпен қаза тапқан.

Доспер Саурықұлы тарихи дастанында Итішпес Алакөлдегі Қазақтың Қалмақпен соғысын суреттей отырып Құдайназар батырды атайды және оның тоғыз ағайынды екенін жазып кетеді. Жер қайысқан қалың қолмен ойрат әскерлері шабуылдап келгенде, көшті алға жылжытып жіберіп, жанын пида етіп, тосқауылда тоғыз ағайындыдан Құдайназар батыр қалады. Қасына жүз сарбазды іріктеп алып жаудың алдын тосады:

«Айтайын Құдайназар батырды енді,

Ағасын: — Бері кел,- деп, шақырды енді.

Құттымбет тоғызының ең үлкені,

Салады ағасына ақылды енді.

— Тоғыздан мен шығайын жан пидаға,

Қараңыз, бала мен, сіз, қатынға енді»,- деп жырлайды Саурықұлы.

Дастанда Құдайназардың жастай үш ұлы, ер жеткен бір қызы бар екені айтылады.

Шежіреге сүйеніп, қыздың атқан оғы жерге түспейтін мерген болғанын жеткізеді.

«Шаруасын басқарғаны сол қыз еді.

Өзінде білім де бар, өнер де бар,

Мақтасам, сол заманның дүлдүлі еді»,- деп жазады Досбер Саурықұлы.

Әкесімен бірге «шолпандай таңғы туған жұлдыз» сол қызы қалып, қалың жаудың алдын бөгейді.

«Сонымен жауға қарсы садақ атты,

Паналап өлген аттың кеудесіне»,- деп жырланады дастанда.

Оқиға 1718 жылдар шамасы болған делінеді.

Ал, 1999 жылы басылып шыққан Еркебай Қабылжанның тарихи деректемелер жиағында;

«Қалың жаудың қолымен неше күн неше түн айқасып, жаудың алдын тосып, кезеңнен асырмайды. Ел ұзап көше береді. Бірақ асытындағы аттарына оқ тиіп, бекініс қалқа болмағанда өлген аттың ішін жарып жіберіп, ішек қарнын алып тастап, қызы екеуі аттың қуыс кеудесіне жасырынып, жебе атып, жауды ілгері бастырмайды. Бірақ соңында оқтары таусылып ерлікпен құрбан болады. Құдайназардың жалғыз қызы да асқан батыр еді. Қаршадайынан әкесіне еріп жүріп, құралайды көзге атар мерген болған. Аспанға лақтырған бөрікті жерге түсірмей садақпен дәл тигізетін, ұшып бара жатқан торғайды сығаламай атып түсіретін қол мерген еді. Осының алдындағы бір шайқаста Құдайназардың қызы шапқыншылардың құз басына бекінген 15 мергенін атып түсіріп, өздеріне жол ашқан еді»,-деп жазылады.

Қабдеш Жұмаділдің «Дарабоз» романында Жоңғар қақпасынан жер қайысқан қалмақ қолы шабуылдағанын айтып былай деп баяндалады:

«Жоңғар қақпасы арқылы Жетісуға ойрат қолы басып кіргенде, осы Есенгелді жеті-сегіздегі бала екен. Жау әскері жақындап қалғанда, әкесі Құдайназар батыр қалың елді мал-жан, бала-шағасымен Арқаға қарай көшіріп жіберіп, өзі жүз жігітпен қалмақтардың жолын бөгей түру үшін асуды күзетіп қалған көрінеді. Әйелі кішкентай екі ұлын бір атқа міңгестіріп, көшпен бірге кете барады да, бойжеткен жалғыз қызы Күлайым әкесін қиып кете алмай, тосқауыл топтың қасында қалады. Күлайым атқан оғы жерге түспейтін асқан мерген екен. Қиын асудың шығар аузына бекінген жүз жігіт қара құрым қалмақты екі күн бойы бері өткізбей, арыстанша алысады. Жақын келгенін жебеге түйреп, алыста сай табанында жүргендеріне тас домалатып, жау әскерін көп шығынға ұшыратады. Ақыры оқтары таусылып, әбден титықтап қалжыраған кезде ғана асуды қолдан беруге мәжбүр болады.

Ең аяныштысы – жаңағы жүз жігіттің бірде-бірі тірі қалмапты. Не бас сауғалап қашпаған. Бәрі де туған жер, ата қоныстары үшін жан қиған… Арада біраз уақыт өткенде, үріккен елден адамдар шығып, қалғандардың хабарын білейік деп қайта оралғанда, шетінен жебеге түйреліп жайрап жатқан жігіттерді көреді… Алдымен Құдайназар батырдың қасындағы қызына оқ тисе керек. Қайран ер қызын қорғаштап орнынан көтеріле бергенде, өзінің де ту сыртынан ажал жебесі қадалып, екеуі құшақтасқан күйі жан үзіпті. Барғандар сол жерде әрқайсысына жеке-жеке қабір қазып, құрбандарды арулап көміпті. Көргендердің айтуынша, «Қызай қорымы» аталатын тас бейіттер сол маңда әлі де тұрған көрінеді.

Осы оқиғаны Қабанбайға ана бір жылы Есенгелдінің өзі айтып берген-ді. Көкірегі қарс айрыла, көзіне жас ала отырып әңгімелеген. Не үшін екен, осы әңгімеден кейін ол Есенгелдіні бұрынғыдан ары жан тартып, жақсы көріп кетті. Қазір ойлап отырса, екеуінің мұңы бір екен ғой. Азаттық үшін алысып, жау қолында қаза тапқан әкелер, қыршын кеткен апалар мен ағалар… Бұл тірлікте туған жерімізді қайта барып көрсек-ау деген ортақ арман бұларды қатты жақындастырып жіберген. Содан бері Есенгелдіні азаттық жолында ақырына дейін алысатын, жауды жеңбей кегі бітпейтін нағыз сенімді серік, қайтпас қайсар іні деп танып еді…»,- деп жазылады «Дарабоз» романында Құдайназар батырдың жанкешті шайқасы туралы.

Осылайша, Құдайназар батыр мен қызы және жүз сарбаз елді аман алып қалады. Батырдың көшпен бірге кетіп, тірі қалған балалары тарихта «үш жетім» деп аталады. Үш жетімнің бірін көтеріп, бірін жетектеп, анасы балаларының нағашысы Сарыүйсінді паналайды. Кейін үш жетім еліне оралғанда, елді аман алып қалған батырдың ұрпағын көкке көтеріп, ат шаптырып, той жасайды. Осы тойдан кейін, үші жетімнің бірі, әйгілі батыр Есенгелді мен Қабанбай батырдың достығы басталады. Дарабоз батыр Қабанбай Есенгелдіні қазақтың кемеңгер ханы Абылаймен таныстырады. Осыдан кейінгі тарихи оқиғалардың бәрінде Қабанбай мен Есенгелді батыр бірге жүреді. Әке кегі жүрегіне тас болып қатқан Есенгелді батыр Қабанбаймен бірге талай жеңісті жорықтар жасайды. Дарабоз батырмен бірге Хан Абылайдың орда жиналыстарына шақырылады. Тарихи шешімдер жасауға қатысады, елшілік қызметтер атқарады…

…Бүгінгі ел мен жер бізге аманат болған бейбіт заманда жаугершілікте жанын пида еткен қазақ батырларының жанкешті ұрыс тәсілдерін, әсіресе, осы мақалада айтып кеткендей, жылқының ішін жарып соғысу тактикалары сияқты соғыс тәсілдерін білу, әспеттеу, зерттеу, әрине, біздің міндетіміз. Қазақ-Жоңғар соғысынан екі-үш ғасырдан соң дүниежүзілік бірінші соғыста бұл тактиканың қоланылғанын жазып, қаттаған француздар сияқты болмасақ та немесе романына, голливудтық фильмне қосқан америкалықтар сияқты болмасақ та, еуропалықтардың өзі жоғары бағалаған «таңғаларлық ұрыс тактикаларымызды» білсек, зерттесек, қазбаласақ, насихаттасақ, реті келгенде тарихи фильмдерімізде көрініс тапса деген арман мен үміт.

Талғар Дәлелғазы,

Argymaq.kz

Басты сурет: Талғат Тілеужанов, «Жекпе-жек. Аңырақай шайқасы»

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.