Сағындық МАУҒАЗИН. Жұлдыз

4543

(Балаларға арналған әңгіме)

 

Саян биыл 3-сынып бітірді. Жазғы демалысқа шығып, еркінсіп жүр. Жуырда қалада тұратын әпке-жездесіне бармақ, қыдырып. Күнде саябаққа барып, әткеншектердің бәріне мінеді, балмұздақты тойғанша жейді. Одан кейін басқа ауылда тұратын әке-шешесіне барады қонаққа. Осы ойына елтіп жүргеніне 2-3 күн боп қалды. Салтанат әпкесінің келуін тосып жүр. Бірақ, сабақ бітті екен деп, жұмыссыз отырмайды. Құсқа жем шашу, семіртуге қойған ұсақ малды жайлау, қи шығару, су тасу, бақшада арам шөп отау, кешке мал түгендеу секілді күнделікті тірлік болса-болмаса мойнында. Осының бәрі 10 жастағы ауыл баласы үшін ойнап жүріп істейтін шаруа. Қаладан келген талай ақсаусақ немере-жиен тосырқай қарап, айнала қашады. Қайтсін, ондайды істемегендіктен икемі жоқ, тәпкені бір-екі сілтегенге болдырып қалады. Ал, ыстық таба нанды қаймаққа батырып жегенде, мана ғана қорадан мұрнын тыржитып шығып кеткенін ұмытып кетеді, шіркіндер.

Бүгін Әмір атасының Алматыда тұратын жиені Самат келді. Екеуі құрдас болса да, Саянның бойы тапалдау, есесіне жауырыны кең. Ал Самат болса, бойы серейіп өскенімен, иығы қушиған. Жай ғана амандасқаннан әріге барған жоқ. Жылдағы әдеттері осы, жыл бойы көрмегендіктен жатырқап қалады да, жаз бойы бауыр басып, қимай қоштасады. Кешке, малдың алдынан бірге шықпақ боп келісті де, үйлеріне тарады. Маусымның ыстығы биыл ерекше, таң атқаннан шақырайып алады да, бесінге дейін күйдіріп тұрады. Жаңбыр жаумағалы да бір апта болды. Саян үйге кіріп, атасының жанына отыра кетті. Апасы айналып-толғанып жүріп дастарханға кеше асылған сүр еттен турап, алдына қойды. Айранға мұздай су араластырып отырып:

— Көк биенің құлындайтын кезі жақындап қалды, жуырда қымыз ішеміз. Әзірге шалаппен алдана тұрайық, — деді.

Қабырғаға арқасын сүйеп, шалқайып отырған атасы да бір жұтынып қойып, бәйбішесінің сөзін жалғады:

— Тәубә, осы күнге де жеттік қой. Бұрын мал колхоздікі, бәрі ортақ деп жүріп, өз қорамыз да болмады ғой. Қазақ болғасын, етсіз қалай отырамыз. Тығылып, самауырға ет асқан күнде де болып еді, – деп, сол күндері елестегендей көзін тарс жұмып алды.

— Маленков берген байталды,

Хрущев келіп қайта алды.

Айналайын Косыгин,

Байталымды қайтарды. Ехх, айтарың бар ма, өзіңдікі өзіңе бұйырмаған заман болды ғой..

— Неге, ата?

— Неге дерің бар ма, құлыным? Сталиннің кезінде, кәлектип құрамыз деп бар малды тартып алды. Тамақсыз қалған ел аштан қырылды. Әйтеуір, Есілдің бойында отырғаннан кейін балық аулап, жан бақтық қой, оған да зар болғандар қаншама… 15-16-лардағы кезім, мына Қарасу мен Қарбасқан ғой асыраған бізді. Соның арқасында осы отырғанымыз. Қырдағы елде түндігі ашылмай қалған үйлер көп болды. Құр сүлдерін сүйретіп келгені қаншама?! Өзі аш-жалаңаш боп отырса да, босағасынан сығалаған адам түгіл жыланға да ақ құятын елміз ғой, аяғы жеткендерін аман алып қалдық.

— Жаңағы өлеңді айтамын, ата, кім шығарған?

— Ауылдағы әжелеріңнің біреуі де, бұлар өлеңдетіп отырып-ақ талай нәрсені айтады ғой. Бертін, Сталин өлгесін, мал ұстауға болады деп рұқсат берді жекеменшікке. Одан, Хрущев келіп, коммунизм орнатамыз, бәрі ортақ деп ескі әнге салды, не қой, не жылқы ұстайсың дегенді шығарды. Маңайға кукурузды егіп тастады, наның да сол, әнің де сол болды. Әйтеуір, Брежнев келгесін биліктің беті бері қарады. Косыгин дегенінің өкімімен малымызға қайта қолымыз жетті, әйтеуір. Жарықтық малдың арқасы ғой, ағарған ішіп, ет жеп шалқып жүргеніміз…

Саянның ауылы дөңде орналасқан. Есілге қарайтын беті еңіс, жұрт «Алқа» деп атап кеткен. Өзенге дейінгі 4 шақырым жолда 5-6 көл бар. Бәрі көктем сайын тасыған өзен суымен молығып, балығы тулап жатады. Бұған ауылдың ішінен жарып ағатын 3 бұлақты қосыңыз. Сондықтан, көз жетер жердің бәрі көк шөп. Тек, қамыс қана қысы-жазы сап-сары болып тұрады. Сондықтан да болар бұл ауылдың ежелгі атауы – «Сарықамыс». Ал дөңес жақты жұрт «қыр» деп атайды. Ол жақтың шөбі негізінен боз боп келеді. Қияқ пен жусан басым өскендіктен, қырға малды тек көктемде және егін орылғаннан кейін алқапқа күзде ғана өргізеді. Қырда да көл көп — Ұялыкөл, Құмдыкөл, Құркөл. Ал, Сарманға шығар бетте мөлдіреп жатқан Қоскөл болса, ертеден аққу қонатын аппақ қос айдын. Қайыңы мен терегі араласып өскен осынау көрікті мекенде тұрудың өзі бір бақыт. Сондықтан да болар, қысы-жазы ауылдан қонақ арылмаушы еді. Әсіресе, аудан, облыс басшылары осы ауылдың қымызына үйір. Ауданның қалаға қарай шебінде орналасқасын мейман күтуге машықтанып алған. Күнара келетін райкомды айтпаған күннің өзінде, Обком мен Облисполкомның қара волгалары күнде болмаса да, айына екі-үш рет контордың алдында қаңтарылып тұратын. Бұл ауылдың негізгі байлығы – 15 мың қой. Қой болғанда да, уақ малдың төресі — меринос. Қонақ келді деп тартынып қалмайды, басқарманың үйінің жанында қонақ келген сайын бас үйітіліп, ішек-қарын аршылып жатады.

***

Мал өрістен қайтатын уақыт болып қалған. Саян да қамшысын қолына алып, ойға қарай шықты. Қораны айналып өте бере-ақ, томардың ар жағында үйіріліп тұрған жылқыны көзі шалды. Ауыл шеті жайылатын мініс пен сауылатын жылқының қарасы көп. Бұл жақтың шіркейі топ болып ұшады. Сона мен бүгелектен аса ыға қоймайтын жылқы осы шіркей деген пәледен қатты сескенуші еді. Топтанып келген жәндік қос танауға бірдей кіргенде пырс-пырс пысқырынып, басын шұлғығанда мойны жұлынып кететіндей көрінеді. Бұл жолы да шыбындағандағы әдетімен екі-үш топқа бөлініп, жабағы-құлынды ортаға алып, шеңбер құрып тұра қалған.

Шарбақтың сыртына шыққасын ғана аңғарды, 200 қадамдай жерде көк бие тұр екен, қасында жаңа туған құлыны әлі аяқтана алмай жатыр. Тұмсығымен демеп тұрғызбақшы. Шуы да түспегеніне қарамастан, сәбиін айналып, оқыранып жүр. Көзіне оттай басылды, өзінің биесі – Борька. Кері бұрылды да жүгіре жөнелді. Атасы мен апасының үйге қарай жүгірме дейтіні де есінен шығып кетті.

— Ата, ата, бие құлындапты!

— Оны қайдан естідің?

Айырға сап жонып отырған атасы қолындағы талды тастай сала, өңірін қаға-маға орнынан жеңіл көтерілді. Жасы сексенге таяды деп айтпайсың, ширақ қимылдайды. Бір өкшесін соғыста снаряд жұлып кеткен, сылтып басады. Атқа жас жігіттер секілді жеңіл мінеді. Өмір бойы жылқы баққан, әрі қанымен берілген бе, өте малсақ адам.

— Жылқыны ауылға әкеліпті, томардың қасында жайылып жүр.

— Е-е, жарықтық, Борька кейбір адамнан ақылды ғой, үйдің іргесіне келіп құлындағанын айтсайшы. Ноқтаны ала сал, алып қалайық.

Саян ноқтаны алмақ болып шошалаға кіре бергенде, Саматтың келе жатқанын байқады. Қайысты қос қабаттап капрон жіппен әдіптелген ноқтаны алып шыққанда, Самат атасына сәлем беріп тұр екен.

— Жүр, саған құлынымды көрсетейін, — деді, жүзі қуаныштан бал-бұл жанып. Бұл сөзінің астарында бала көңілге тән «сенде құлын жоқ, қаланың балаларында ол қайдан болсын» деген кекету мен мақтану да бар еді. Бір сәтке лап берген өзімшілдік, досының көзіндегі қуанышты көргенде тез басылды. Ноқтаны иығына асқан күйі томарға қарай жүгіре жөнелді. Зымырағаны сонша, желаяқ Самат ілесе алмай қалды. Бие мен құлынның жанына барғанда ғана бір-ақ тоқтады.

Көк бие бұларды жақтыра қойған жоқ, құлағын жымырып, осқырынып алды да, құлынды екі-үш айналып шықты. Екеуінің есі кете төліне қарап тұрғанынан секемденді ме, жақындасаңдар тебемін дегендей, жонын беріп, артқы аяғын сілтеуге дайын екенін көрсетіп қойды. Ал, аяғын әлі баса алмай тәлтіректеген қара құлын көздің жауын алардай сұлу еді. Маңдайындағы төбелі жұлдызға ұқсайды екен. Саян атасы үйреткендей жас төлге сұқтанбай «Тіл-көзім тасқа», — деп, шырт-шырт түкіріп те қойды. Бұл кезде, таяғын ара-тұра бір таянып, атасы да таяп қалып еді. «Құру-құру, жануарым, жарықтығым» деген иесінің даусын естігенде ғана көк бие манағы асау мінезін ұмытып, шекесін тоса қойып еді. Құлағының түбінен қытықтағанын жақсы көруші еді, мойнын соза ұмтылатыны содан. Саянның көзі биенің жанарына ауып кетті, тостағандай көзін төңкеріп, иесіне қарағаны – баланың әкесіне еркелегеніндей көрінді.

Бірақ, көңілі қайтадан қара төбел құлынға ауып кетті.

«Жұлдыз. Жұлдыз деп атаймын», –деді күбірлеп.

Сол күннен бастап, Саянның өмірі күрт өзгерді. Бұрын шаруаны тындырғасын балалармен доп ойнауға немесе көлге шомылуға жүгіретін. Енді, айналсоқтап қорадан шықпайтын болды. Құлынды мәпелеп, тарап, су беріп, бар уақытын соның қасында өткізеді. Тіпті, Саматтың келгенін де аса жақтырмайтын болды. Ол да құлынға құмартып, сипап қалуға ұмтыла бергесін, қызғана бастады. Досы келген кезде, қора жаққа жуытпай, алдаусыратып, басқа жаққа бұрып әкететін. Саянның бұл қылығын ол да түсініп, 2-3 күннен соң көңілі қалып, соқпайтын болып жүр.

Ал Саян болса, үлкендерден естігенін істеп, Жұлдызға алақанынан қант жегізе бастады. Тәттіге үйренгесін, Саянның қарасы көрінгеннен, тіпті даусын естігеннен-ақ шапқылап алдынан шығатын болды. Еркелегені де сүйкімді, тіпті кейде кеудесімен соғып құлатып кете жаздайды. Кей кезде көк бие құлынын қызғанып, Саянның жақындай бергенін ұнатпай қалады. Қайта-қайта оқырынып, шылбырды үзіп кетердей жұлқына береді. Ондайда, құлыны да ерегісе орғып, құйындатып шаба жөнеледі. Басын кекжитіп, құйрығын көкке шаншып алып біраз шапқылағасын, сол екпінімен енесінің шабына басын тығып бірақ тоқтайды. Әукесін жұлып алардай созғылап еме бастайды. Көк бие сол кезде ғана басылып, мойнын созып құлынының сауырын иіскеп, иіп сала береді.

Көк бие сылтып басатын иесінен ғана қаймығады. Бөтен адам жақындағанын, тіпті жыл сайын сауатын қара кемпірді де аса ұната қоймайды. Құлағын жымпитып, қыршып алатын кейіп таныта бастайды. Оттыққа байланған шылбырдың ұзындығы жеткенше ерсілі-қарсылы жүріп, тыпырлай береді. Тек биыл оттығына шөп салып, суаратын Саянға ғана бойы үйрене бастады. Одан қауіп жоқтығына көзі жеткен, әрі жылқыдан қорықпайтын баланың алды-артынан еркін өте беретініне үйреніп алды. Кейде құлынын қызғанып, мінез көрсеткені болмаса, аса арындай қоймайды.

Саянның қалаға кетуі аяқ астынан болды. Ауданға тауар әкелген жездесі ауылға соғып қалаға алып кетті. Қанша қипақтағанымен, әуелде сұранған өзі, шегінуге жол болмай қалды. Көшенің шаңын бұрқ еткізіп көтерген Зилдың кабинасынан телміріп қарап, қол бұлғап кете барды.

Саян ауылдан ұзамай жатып үйін сағынды. Анығын айтқанда үйін емес құлынды. Бұрын атасы мен апасын, достарын аңсаса, осы жолы Жұлдызды қимай кетті. Қалаға жеткесін алғашқы екі-үш күн әпкесімен қала аралап, саябаққа барды. Аттракциондарға мінгенде балалығы ұстап, ұмытқаны болмаса, аңсары ауылға ауды да тұрды. Інісінің бұл қылығына әпкесі де таңданып жүрді. Тек 1 апта өткесін ғана бауырының бүйрегі елге тартып тұрғанына көзі жетіп, ауыл жаққа жол жүрген бір танысының көлігіне мінгізіп жіберді.

Ауылға алып-ұшып жетті. Ескі көліктің жылдамдығына көңілі толмай, кейде алдына түсіп жүгіріп кеткісі де келді. Қанша дегенмен машинаның аты машина, екі сағатта ауылға да жетті.

Саянның келгенін алдымен Ақтөс көріп, қуанды. Арсалаңдап алдынан жүгіріп шығып, күшік кезіндегідей ерсілі-қарсылы жүгіріп, үстіне секіріп, қолын жалап есі шықты. Жұлдызға дейін көбіне осы итке ауатын көңілі, енді мүлдем ысырып тастағандай еді. Соны сезгендей, Ақтөс те тартынып жүруші еді. Бірақ, осы жолы сағынғанын ашық көрсетті. Машинаның тоқтағанын естіп, атасы мен апасы үйден қатар шықты. Айналып-толғанған қос қарияның құшағынан босау да оңай болған жоқ. Бір жағынан өзі де сағынып қалған екен, екеуін кезек-кезек сүйіп, әрең дегенде сытылып шығып қораға зу ете түсті. Көк бие жоңышқаны бырт-бырт орып тұр екен. Жылқының тері мен тезегі, жаңа орылған көк шөптің иісі араласып, мұрынды қытықтайды. Құлын көрінбейді. Саян абдырап қалды, тек енесі мойнын бұрған кезде ғана артына тығылып тұрғанын көріп қуанып кетті. Бірақ, екеуінің кездесуі Саян ойлағандай болмады. Еркелеп шауып келеді деген Жұлдызы маңайына да жолаған жоқ. Қолын созса кері шегініп, енесінің бауырына тығылып, ұстатпай қойды. Жүгіріп барып қант алып келіп еді, алақанындағы тәттіні құштарлықпен жеуге кірісті. Осы сәтті бір апта күткен Саян Жұлдыздың жұп-жұмсақ ерні қолын жыбырлатқанына рахаттанып біраз тұрды. Апасының шақырғанынын естігесін ғана, құлынның мойнын сипап-сипап үйге жүгіре жөнелді.

Ауылға келген көліктің маңайына жинала қалатын ауыл балаларының ежелгі әдеті. Саян да, үйден шай ішіп шықса, маңайдағы қара домалақтардың бәрі осында екен. Тек Самат қана шарбаққа сүйеніп, шеткерірек тұр. Алматыдан келгендегідей емес, күн мен желге қатар ысталып, қап-қара болған. Киімі де ауыл баларынікіне ұқсап қалған. Басқа балаларға иек қағып амандасты да, Саматқа жақындады.

— Жүр, Жұлдызға барайық.

Досының сөзіне жібіп кеткен ол да тартыншақтамай, соңынан ерді.

***

Көзді ашып-жұмғанша жаз да өте шықты. Каникулдың қызығы аяқталып, мектепке барар уақыт та таяп қалды. Бір апта бұрын Саматты әке-шешесі келіп, Алматыға алып кеткен. Жұлдыз да таралып, өсіп қалды. Туғанынан 2 апта өткесін отығып, көкке бас қойған. Апасы жылдағы әдетімен көк биені биыл да сауды. Құлынды енесінің желініне жіберу, суару – Саянның міндеті. Алғашында ноқтадан қашып, қырсығып еді, негізі жуас болғасын тез көндікті. 3-4 рет тоғайға шөпке де барып келді. Бос жіберсе ойнақтап қаша бергеніне енесі алаңдап, жүрісі өнбегесін жетекке байлап алды. Бас біліп, ноқтаға үйренгесін, жуасып, көнбіс болып алған.

Саян мен Саматтың жаны Жұлдыздың үстінде. Екеулеп суарады. Ең қызығы, сүр қартаны кертіп салған қымыздың дәмі керемет. Кешқұрым маңайдағы кемпір-шал жиналып бал қымыздың қызығына беріледі.

Қыркүйек туып, шөптің нәрі қайтқасын, биені құлынымен үйірге жіберген. Саян алғашында Жұлдызды сағынып елегзігенімен, оқуға беріліп, мұршасы да болмай қалды. Тек анда-санда, жылқыны ауылға жақын жайғанда ғана зоотехник болып жұмыс істейтін жиен ағасының атына мініп барып келеді. Жұлдыз да мұны көрсе, сала құйрығын көкке шаншып, орағыта шауып келеді. Қалтасына салып алған 2-3 түйір қантын жегізіп, ұйысқан жалын тарап, сипалап қайтады.

Теріскейдің аязы қатты, қар қалың түседі. Жылқының тебіндеуі қиындаған кезде, бөлімшенің малы қораға қамалып, жекеменшікті иесі алып кетеді. Соғымға соятын тай-құнандарды қарашадан бастап жемдеп, семіртуге қояды. Биыл атасы қара байталды қараша туғанда қораға байлап, сұлымен жемдей бастаған. Жылдағы әдет, құрдастар арасында бәсеке басталады. Ертең сойғанда бәленшенің соғымы семіз екен деген ат алу үшін. Биыл қар ерте түскесін жылқыны да қораға ерте кіргізген.

Жаздағыдай емес, теріскейдің балаларының ойыны қыста көбейеді. Сырғанақ, шаңғы теуіп, хоккей ойнап, «тау менікі» деп топ болып асыр салып жүреді. Қыстың қысқа күнінде қызығына тоймай у-шу болып тарап жатады. Оған мал жайлау, су тасу, отын кіргізу секілді күнделікті жұмыс қосылып, кешке мұрттай ұшады. Саян бала болып ойынға құмартса да, Жұлдызды ұмытпайды. Кей кезде сырғанаққа барғанда ит секілді еріп жүретіні бар. Тіпті мектептен қайтқанда алдынан шығуды әдетке айналдырған. Ашық күндері малды бұлаққа апарып суару ауыл балалары үшін кішігірім мереке. Сиырлар оппа қарды төсімен аршып жол ашады, ұсақ мал соның ізімен жүріп суатқа түседі. Тай-жабағы мінген балалар қиқулап жарысып, бәйгеге түсетін. Әзірге жабағылар арасында Жұлдыздан озатыны жоқ ауылда. Ұшқыр, ауылдың бір шетінен екінші жағына дейін алдына қара салмайды. Тайлармен жарысса ең жүйрік дегенінің өзімен құйрық тістесіп келеді. Атасы айтады, Жұлдыздың әкесі әйгілі Ақтанау айғыр, үйіріне бөтен адам жолатпайды, өзі жүйрік.

Уақыт болса зырғып өтіп барады. Рахым шалдың қос құлыны да бірге өсіп келеді. Жабағысын кейде мініп, кейде ит секілді ертіп жүргеніне ауыл адамдарының көзі үйренген. Саян Жұлдызды ат қып мініп, бәйгеге қосқысы келеді. Атасына айтып еді, көрерміз деп қоя салды. Соның өзіне үміттеніп қалды, ешқашан бетінен қағып көрген емес. Ол үшін Жұлдыздың жүйрік екенін көрсету керек. Сәті де түсе қалды. Наурыз тойында тайжарыс ұйымдастырып, 3 шақырымда алдына қара салмады. Немересінің алғашқы бәйгесінен бағы үстем болғанына қос қария қатар қуанып, ағайын-туысты жинап құрмалдық та берді. Осыдан кейін-ақ Саян қиялына ерік берді. Жұлдыздың топ жарып аламан бәйгені ұтқанын елестетеді. Шабандоз атанып, сыйлық алып тұрғаны келеді көз алдына.

Немересінің малсақ екенін атасы бұрыннан білетін. Бірақ, Жұлдыз десе ішкен асын жерге қоятынына алғашында таңырқап жүрді. Бала болғасын атқа құмарлығы ауған ғой деп, мән бермеді. Ал, немересі болса күннен күнге ынтығы артып, бәйге атын баптаймын деген арманы ұлғая берді.

Көктем туысымен атасы көк бие мен Жұлдызды үйірге қосып жіберді. Саянның қиылып сұрағанына — «өссін», — деп қысқа жауап қайырды. Тек құлындағасын ғана Жұлдызды үйірде қалдырып, биені алдырған. Биылғы құлыны да қара, тек маңдайында төбелі жоқ.

Жаз оңай болған жоқ. Шөп пен отынды атасы екеуі дайындады. Жұмыстан қолы босағанда ағасы көмектескені болмаса, негізгі салмақ екеуіне түсті. Ерте тұрып таңғы салқынмен пішен шабады, кешке күн еңкейгенде барып, алып келеді. Күндіз дегдіген шөпті маялап үйеді, одан қалса тоғайда кіре аудару секілді бітпейтін жұмысқа күмп берді. Еңбекпен көзін ашқан атасы Саянды да кішкентайынан баулыды. Бала деп жұмыстың жеңілін істеткені болмаса, бос отырғызбайды. «Бұғанаң бекіп, жігіт болдың», — деп мақтап қояды. Осы сөзге марқайып, тау қопарардай болады.

Самат болса, шілде туа бірақ келді ауылға. Ол да есейіп қалған, ойынға екеуінің де аса құлқы болған жоқ. Қаланың ақсаусақ баласы жұмысқа епсіз, көмек көрсеткені шамалы. Тек ара-тұра өздері секілді балалармен кешқұрым футбол ойнап қайтады. Көңілсіз жаз да көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Тек, сабақ басталғасын ғана Саянның арқасы кеңіп, демалып қалды. Жұлдызды алдыру туралы атасына қолқасы да көбейді. Бірақ, тайды тек қатқақ тұрғасын, қарашаның басында ғана әкелді. Көкбиенің төлі қара болып туғанымен, тайға шыққасын түлеп, қызылға айналады. Жұлдыз да таралып өсіп қалған. Жамбасының түгі теңбілденіп сұр тартыпты. Аса ірі болмаса да жатаған емес, шоқтығы әжептәуір биік. Оның өзінде, қораға байлап, қолтығын сөгесің деп мінгізбейді. Ала жаздай жайлауда болып еркінсіп қалған тай, қасына бара берген Саянды жақтырмаған кейіп танытады. Алақанындағы қантты жеп алғасын, оттығынан үзілмейтін аппақ сұлы мен шөптен бас алмайды. Айналдырған бір айдың ішінде сауырын бит жорғалағандай долып семіріп алды. Семіз жылқының мінезі де ала құйын, көзі адырайып арындап тұрғаны.

Қар түсіп, ауылдың қызығы басталған кез. Күн сайын соғым сойылып, қуырдақ пен шекенің қызып тұрған шағы. Ертең демалыс болғасын, балалармен кешке дейін доптаяқ ойнап, іңір қараңғысында бірақ келген. Үйге кірсе, атасы мен апасы кешкі шайын ішіп отыр екен.

— Кәрім сояды, келісіп қойдым. Жығарға, бауыздарға берерің бар ма еді, ішек-қарын аршуға кімді шақырасың? — деген атасының сөзін естіп қалды. Жүрегі су ете түсті. Жұлдызды соғымға байлағанын енді түсінді. Бала көңілмен ат қылып мінемін деген арманы күлге айналғанын түсінді. Ары қарай тыңдауға шамасы жетпеді. Шала-пұла шешінген қалпы, төсекке құлай кетті. Апасының шайыңды іш деп шақырғанына жауап та берген жоқ.

Кәрім шал көршісін ерте келіпті. Калошы бар қара пима, үстіне шолақ қара тон киген. Басындағы қоян малақайының бір құлағы қыстырулы, екіншісі салбырап бос жатыр. Пиманың қайырылған қонышына 2 селебені қатар шанышқан, қолында айбалта, қалтасынан қайрақтың шеті көрінеді. Атасы мен ағасы, көрші екі жігіт қораның алдында күтіп тұр. Қасапшы келісімен ағасы Жұлдызды қорадан жетектеп алып шықты. Бір жарым ай бойына далаға шықпаған жануар біраз одыраңдап еді, қарулы қол еркіне жіберген жоқ. Күнара мал сойып, кәнігі болып алған екі-үш жігіт заматта аяғына шалма тастап, жығып та үлгерген. Саян ғана көзі жасаурап, сыртта қарап тұр. Тоқтаңдар деп айтайын десе дауысы шықпайды. Бұған дейін де талай көрген мал сойғанын, өзі де апасының айтуымен 2-3 қазды бауыздаған. Жіпсіз байланып, бір сұмдықты сезіп жатқан Жұлдыздың қос жанарынан көзін ала алмай тұрып қалды.

Кәрім: «Ұста, жылқышының баласысың», — деп, шылбырды қолына ұстата салды. Соғымды бауыздарда жылқының басын жылқышының ұрпағы тартып тұратын ежелгі салты бұл жақтың. Саян, қанша қарамайын десе де, көзін тайдыра алмады. Қасапшы, түлкі сапты бәкісін бір жанып алды да, күбірлеп, Жұлдыздың тамағын орып жіберді. Қып-қызыл қан атқылап барып, шараның түбін жапқан кезде ғана Саянның шыр еткен даусы бір-ақ шықты….

Саянның жан даусын естіп, атасы мен апасы бірдей келді. Шошып оянған баланың түсі боп-боз, киімі шылқыған тер. Жаман түс көрді ме, бастырылып қалды ма деп, апасы айналып-толғанып жүріп, су әкеліп ішкізді. Таңдайы жібігесін ғана тілге келіп:

— Ата, Жұлдызды соймашы, — деп өкіріп жылап жіберді.

— Құлыным, жылама, жігіт жылай ма екен, — деп алдусыратып көріп еді, Саян жылауын қойғанымен, теріс айналып жатып алды. Қанша жалынса да атасына бұрылып та қарамады.

Саян кеш оянды. Басын көтерместен ұзақ жатты. Тұрмақшы болып еді, зілдей бірдеңе басып қозғалтар емес. Сонда ғана байқады. Апасы үстіне бірнеше қабат көрпе, атасының тоны мен өзінің түлкі ішігін жауыпты. Соған қарағанда ескі әдетіне салып ұшықтап, үстіне 7 қабат жамылғы салғанға ұқсайды. Атасы мен апасының күбірлеп әңгімелесіп отырған дауыстары жеткенімен, анық ұға алмады. Бірақ, атасының даусынан әлденеге алаңдап отырғаны сезіледі. Есік ашылып, «Саумаликемдетіп» кірген ер адамның даусы естілді. «Кәрім ата», — деді Саян. Іші алай-түлей болып кетті.

— Уағаликем, төрлет, отыр!

— Отырғаны несі, әй осы сенің асықпайтының-ай, қартаяйын дедің бе, әлде кемпірге жақындай түскенің бе? — деді, құрдасын қыжырта өктем сөйлейтін әдетімен.

— Отыр, соғым соймайтын болдық!

— Астағыпыралла, тиыштық па, мертігіп қалғаннан сау ма?

— Сол, соғымға өгіз соямыз деп отырмыз. Жүйрік туған жануар екен, біздің жаман бауыр басып қалыпты, пышаққа қимадық.

Екеуі біразға дейін үнсіз отырды. Атасы жөткірініп алып:

— Есіңде ме, Кәрім, екеуіміз тай түгіл, өгіз де міне алмадық қой. Ақ пен қызылдың қырқысынан ауылда мініске ат қалмады. Одан, сәбет орнағасын, шолақбелсенділер малдың бәрін ортаға салды, жақсы аттың бәрі солардың тақымында болды. Не қызық көрдік, айтшы, қазір заман түзелді ғой. Несіне тарыламын, балаға жаққан екен, мінсін. Мінгізген бәсірем!

— Тәйірі, сен айттың, біз көндік. Жөн әрине, маңдайға жазғанның бәрін көрдік, мойынға салғанға көндік. Осы балалардың құрмалдығы болсақ, арман қане?..

Саянның жүрегі жарылардай болып атқақтап кетті. Аталап жүгіріп шығуға ұялды. «Менің атам ең жақсы адам!», — деді күбірлеп. Талықсып жатып ұйықтап кетіпті. Түсінде Жұлдызға мініп шауып бара жатыр екен…

Сағындық Мауғазин, Петропавл қаласы

Argymaq.kz

(ФОТО: State Stud Farm Lipik)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.