Ел чемпионаты. Қарағанды бүгін де жеңімпаз
Қазақстан Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Көкпардан ересектер арасындағы ел чемпионатының екінші күнін Алматы қаласы мен Қарағанды облысы құрамалары бастады.
Бір-біріне сай, бір-біріне есе бермес қос команданың ойыны бастан-аяқ тартысты өтті.
Санитарлық талаптарды сақтай отырып, көрерменсіз өтіп жатқан бәсекеде тек көкпар сүйер қауым ғана жүр десеңіз болады. Команда жетекшілері, жаттықтырушылар, ұйымдастырушылар мен төрешілер құрамы. Сонымен қатар, бірнеше БАҚ өкілі ғана бар алаңда.
Алматы қаласының жігіттері жақсы дайындалған екен. Қарағандының кешегі қарқынын әжептәуір басып тастады. Дегенмен, Қарағанды биыл құрамды толық жаңалап, жастардан жасақтағаны көрініп тұр. Командалық үйлесім бар. Кеше БҚО-мен ойнағанда 14:0 есебімен жеңгені бәріміздің көз алдымызда. Бірақ бүгін олай нөлмен жеңе алмайды. Алматылықтар оған мүмкіндік бермейді – дейді Республикалық Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы директорының орынбасары Нұркен Байбөриев.
Нұркен Байбөриевтің айтқанындай бар. Алматылықтардың қарқыны жақсы. Дегенмен, мықтыны мықты деу керек, Қарағанды құрамасы алғашқы таймның өзінде-ақ есепті 3:0-мен аяқтады.
Екінші таймда Алматы қаласы ойыншылары бір салым салуға мүмкіндік алды. Команданы 0-ден құтқарып қалған Құдайберген Еркебұлан болды.
Қарағанды құрамасында ойынның алғашқы минутында-ақ есеп ашқан Шалғынбаев Рамазан – 1 салым, Кәрібаев Алмаз – 2 салым салды. Сонымен қатар, Байғазиев Елдос, Меден Медерәли және Оспан Ерландар бір-бір салымнан салды.
Сонымен бүгінгі күннің алғашқы ойыны 6-1 есебімен тағы да Қарағанды облысы құрамасының жеңісімен аяқталды. Жеңіске қол жеткізсе де Қарағанды жігіттері кешегі нәтижені қайталай алмады.