Ел чемпионаты. Маңғыстау құрамасы чемпионат рекордын жаңартты

2418

Тараз қаласы маңындағы Бестөбе атшабарында Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған Көкпар мен аударыспақтан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр.

Бірінші лиганың «А» тобында додаға түсіп жатқан келесі жұп – Павлодар облысы мен Маңғыстау облысы құрамалары.

Маңғыстау облысының құрамасы сапында өте мықты, еліміздегі алдыңғы қатарлы ойыншылар бар.

Маңғыстау облысының құрама командасы

Абдыжапаров Абуғали
Дүсембай Руслан
Мұстапаев Ғалымжан
Мамбетқұлов Бақыт
Ақбаев Жорабек
Сейтбеков Темірлан
Қуанышұлы Жасұлан
Нұрманов Асанбай
Ибрагимов Ринат
Пупенко Александр
Болатов Айбек
Етреков Әнес

Бұлардың барлығы да елге белгілі, сақа ойыншылар. Соған қарамастан Маңғыстау жігіттері бұған дейін Нұр-Сұлтан құрамасына есе жіберіп, Шымкент құрамасын жеңген болатын.

Ал Павлодар облысының құрамасы негізінен жастар. Жастық еркіндік пен мінез бар команда «Адай ата» жігіттеріне табындылық таныта алмады.

Павлодар облысының құрамасы

Қазез Қаныш
Оразбек Мақсат
Жолболды Ерасыл
Жұмағали Ердос
Иманзайып Ермек
Сламбеков Асылбек
Муллин Игорь
Есен Асқар
Имазайып Қадыр

Алғашқы айналымының өзінде ойын 11:0 есебімен аяқталды. Маңғыстаудың марғасқалары Павлодар палуандарына серкенің сирағын ұстатпады деуге болады. Ойын алаңында атайлаған «Адай ата» ұлдары керекуліктердің кетеуін кетіріп бақты. Тіпті, шеңберге түскен серкені ойын алаңының ортасына тастауды да маңғыстаулық шабандоздар өз мойнына алғандай.

Екінші айналымда екіпінін үдеткен маңғыстаулықтар есепті 20:0-ге бірақ жеткізген еді. Алайда ойынның ең соңғы секундтарында павлодарлықтардың пейіліне бола бір салым салуға мүмкіндік болды. Павлодарды нөлден құтқарған шабандоз – Есен Асқар. Сонымен есеп – 20:1.

Ал осы чемпионаттың бұған дейінгі рекордын жаңалап, 20 салым салған Маңғыстау облысы құрама командасының салымгерлері мыналар:

Ойында есеп ашып, алғашқы салымды салған Мәмбетқұлов Бақыт – 2 салым салса, Етреков Әнестен басқа команда ойыншыларының бәрі салымгер болды. Александр Пупенко – 4, Нұрманов Асанбай, Ибрагимов Ринат, Сейтбеков Темірлан, Ақбаев Жорабек және Мұстапаев Ғалымжандар екі-екі салымнан салды. Қалған ойыншылар бір-бір салымға қол жеткізді.

Естеріңізде болса, чемпионат рекорды 17 салымды Түркістан құрамасы мен Атырау облысының құрама командасы салған болатын.

BAQ.KZ

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.