Қайдасың, қазанатым – ғажап атым?!

2732

Халқымыздың қанаты, қорғаны, айбыны болған қарапайым қазақы жылқы қазір қолданыстан қалып барады. Бұл – ата-баба ардақ тұтқан қазанатты іздеушілердің жанайқайы.Қазақы жылқыны жоқтап жүрген жылқышылар өткен жылдан бастап ат туризмін дамытуды қолға алды. Мақсат – туған жердің тарихи нысандарын атпен аралау, атқа міну мәдениетін жандандыру, Қазақстанда жылқы туризмін дәріптеу. Салт аттылар сапарының маңызы жайлы Ақтөбе өңіріндегі атбегілер әңгімеледі.

“Құрықтан қасиетті құрал жоқ. Қамшыдан қасиетті қару жоқ” деген қазақ халқы ер жігітте жылқының үш түрі болу керек деп санаған. Біріншісі – бәйгеге салатын сәйгүлік ат. Екіншісі – керек-жарағына ақша қылатын, күнделікті тұрмысқа қажетін өтейтін ет-сүт бағытындағы қарапайым жылқысы. Оны ел аузында жабы дейді. Соңғысы – серілік құрып, той-томалаққа барып, үзеңгілестерімен демалуға мінетін қара жүрістің аты. Оны қазанат дейді.

Ақтөбелік Айбек Нақбаев бір кездері төрткүл дүниенің төрт тарапынан небір сәйгүлік әкеп баптаған атбегі. Жүгірткен жүйріктері талай олжаға кенелтсе де, бәйгедегі мансабын ол осыдан бес жыл бұрын аяқтаған. Содан бері ата-бабамыз мінген қазақтың қара жүрісті жылқысы – қазанатты насихаттап, оның мықтылығы мен төзімділігін паш етуге бел буыпты. Ат туризмін дамытуға өңір бойынша Мұғалжар ауданы, Сағашилі ауылында алғаш боп білек сыбана кіріскен де өзі.

Негізгі мақсат – еліміздегі тарихи нысандарды атпен аралау, атқа міну мәдениетін жандандыру, Қазақстанда жылқы туризмін дәріптеу және жастардың тарихқа, киелі жерлеріміз бен атқа мінуге деген қызығушылығын ояту. Содан кейін қазақы жылқыларымыздың айшылық алыс жолдарға төзімділігін, мықты қырларын көрсету, – дейді атбегі. – Әр адам өз жылқысына патриот болу керек. Аттың тұяғымен өрілген тарихымыз бар. Ұлан-ғайыр жерді ата-бабамыз жергілікті қазақы жылқылардың тұяғымен бізге мұра қылып тастап кетті ғой. Бірақ қазір қарнымыз ашатын жағдайға жеттік. Бәйге саласында қазағымның жігіттері бірыңғай ағылшын жылқысының соңында кетті. Ет-сүт бағытымыз “салмақ береді, ет болады” деп мұғалжар жылқысы, орыстың ауыр жүк тартатын аттарына, башқұрт жылқысына көшті. Ал біздің кәдімгі қара жүрістің, ұзақ жолдарға шыдас беретін, аяқасты тамақпен жүре беретін қазақы жылқының қасиеттері мүлдем насихатталмай, жағаға шығып қалды. Жалпы жылқы малын алаламай, артықшылықтарына қарай қолдану керек. Халыққа осыны жеткізгіміз келеді.

Қазақы жылқы адамға масыл болмайтын мал. Бұл қыстың қақаған аязы мен шілденің шіліңгір ыстығында жануар өз күнін өзі көре береді деген сөз. Салмағы 90-100 келі болатын егесін мінгізіп, алыс айшылық жолдарды бағындырады. Күй талғамайтыны тағы бар. Жолшыбай бұйырған ас-суын ішіп жүре береді. Қазақтың қазанатының өзіне ғана тән қасиеттері бар. Ол ешқашан өз тұқымынан шыққан биеге шаппайды. Екінші қасиеті – жершілдігі. Бір ауданнан немесе облыстан басқа өңірге сатып жібергенде, ұйықтап тұрып өз елі есіне түссе, туған жеріне қашатынын біледі атбегілер.

«Арғымақ атты көп міндім – Садағасы кетсін буданнан» деген Досбол бидің сөзі бар. Будан деген ұзақ жорықтарда батырлар мінетін, күй талғамайтын, алыс жолды бағындыратын, ауыр салмақты көтеріп жүретін, бір сөзбен айтқанда, қазанат қой – деп еске алады Айбек Нақбаев.

Айбектің ауылдасы әрі ұзақ сапардағы үзеңгілесі Тұрғанбай Айтмағанбетовтің өмірі ат үстінде өтті де десе де болады. Босағасынан ат кетпеген жылқышы 5 жасынан тайға мініп, 11 жасында бәйгеге шапқан. Қазір 62-де. Соған қарамастан қимылы ширақ. Денсаулығына әлі күнге дейін шағымы болмаған. Қазір жас жігіттермен бірге ұзақ жолдарды ат үстінде бағындырып жүр.

2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған 175 шақырымдық, былтыр Қазақстанның 30 жылдығына арналған 400 шақырымдық турға қатыстым. Атқа міну денсаулыққа өте пайдалы. Ер адамдар простотитке шалдықпайды. Мұны медицина да дәлелдеді. Ауырып-сырқамайды да. Биыл жасым 63-ке келеді. Менімен қатарлас кісілер атқа мінбек түгілі, жаяу әрең жүреді, – дейді жылқышы Тұрғанбай Айтмағанбетов.

Оның айтуынша, қазір адамдар жылқыға тек ет-сүт бағытындағы мал ретінде қарайтын болған. Тіпті көлік құралы ретінде қолдануды да қойыпты.

Бұрын халқымыздың өмірін қазанатсыз елестете алмаушы едік. Қазір малды қытайдың мотоциклімен бағып жүр ғой. Сиырды жеңіл көлікпен бағады. Жастар атқа мінуді қойып кетті. Ел арасында атқа міну мәдениетін қайта жаңғырту үшін салт аттылар болып ел аралаймыз. Жастардың жылқыға деген қызығушылығы оянса екен, – дейді Тұрғанбай аға.

Атбегілердің айтуынша, ат туризмі – жарыс емес, рухани демалыс. Ерікті жігіттер аттарын сайлап, ауа райының қолайлы кезінде қазақтың кең даласын, оның ішінде әсіресе тарихи мекендерді ат үстінде аралайды.

Аспазымыз бар, союға алып шыққан қойларымыз бар. Бізбен бірге бір көлік еріп отырады. Ат суытып, демалу үшін тоқтаған жерде бізге қызмет істейтін жігіттер де бар. 2020 және 2021 жылы екі сапар жүріп өттік. Бізді қарсы алған жолшыбай ауылдар “Осылай атқа мінгендерді бұрынырақта совхоздың кезінде көретін едік” деп әрі қуанып, әрі таңырқап жатады. Алла бұйырса, биыл көктемгі не күзгі сапарымызда салт атпен Мұғалжар ауданынан бастап, Оралдың Ақжайығына барып тоқтағымыз келіп отыр. Жолда Исатай Тайманұлының шейітсайына соғып, Абат Байтақ қорымы секілді тарихи жерлерді аралаймыз,- деп әңгімесін аяқтады атбегілер.

Дерек:

Жем және Темір өзендерінің қосылған тұсында Құдайбергеннің көк үйі аталатын орын бар. Ол жерде ертеректе мыңғырған жылқысы бар, назар руынан шыққан Құдайберген деген бай тұрыпты. Кәмпескенің кезінде алдындағы жылқысын айдап өз қолымен апарып үкіметке тапсырған деседі. Ғалым-селекционер Серікбай Ырзабаевтың деректеріне сүйенсек, қазіргі мұғалжар тұқымдас жылқының арғы тегі осы Құдайберген байдың жылқыларынан тараған.

***

Қазақы жылқыны насихаттау, атқа міну мәдениетін жандандыру мақсатында өткен жылы елімізде Қазақстан бойынша Ұлттық ат туризмі федерациясы құрылды. Қазір Федерация құрамына Қазақстанның тең жартысы еніп отыр. Салт аттылардың сапына Ақтөбе облыстан әзірге Байғанин, Темір, Мұғалжар ауданының атбегілері қосылып келеді.

***

Астана – Жиделібай сапарында қазақы жылқылар 1000 шақырым жолды жаздың аптабында 15 күнде бағындырған.

Айгерім ШЫМҚАЕВА,
«Керекинфо» газеті,
Ақтөбе облысы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.