Ел чемпионаты. Екінші күннің нәтижесі
Тараз төрінде байрағын көтерген ХХІ ел чемпионатында өте қызықты әрі өте тартысты жағдайлар өтіп жатыр.
Сонымен бүгінгі күннің нәтижесіне кіріспес бұрын командалардың топтық бөлінісіне бір көз жіберіп алайық.
Жоғарғы лига:
Қызылорда облысының құрамасы
Жамбыл облысы «Әулие ата» командасы
Түркістан облысы «Тұран» командасы
Атырау облысы «Нарын» командасы
Қарағанды облысының құрамасы
Нұр-Сұлтан қаласы «Астана» командасы
«А» тобында:
Ақтөбе облысының құрамасы
Маңғыстау облысы «Адай ата» командасы
Қостанай облысы «Тобыл» командасы
БҚО құрамасы
Павлодар облысының құрамасы
«В» тобында:
СҚО құрамасы
Алматы облысының құрамасы
Шымкент қаласының құрамасы
Алматы қаласының құрамасы
Бұған дейінгі ойындарда «Тұран» мен «Әулие ата» үнемі ақтық бәсекеде жолығатын. Биыл олай болмады. Чемпионаттың екінші күні-ақ қос команданың құрыш білек, тас тақым жігіттері тартыс өткізді.
Кеше хабарлағанымыздай, Бестөбе атшабарында бүгін де 7 жұп жан алысып, жан берісті.
Алғаш болып алаңға шыққан Нұр-Сұлтан қаласының «Астана» командасы мен Қызылорда облысының құрамасы болды. Естеріңізде болса, «Астана» кеше Қарағанды облысының құрамасын ұтқан болатын. Алайда бүгін Сыр елінің жігіттеріне жол берді. Есеп – 4:3. Жоғарғы лигада ойнаған қос команда жақсы ойын көрсете білді.
Салым салғандар:
Қызылорда құрамасы:
Асхат Мырзагелдиев – 1 салым
Нұрлыбек Асқаров – 3 салым.
«Астана» командасы:
Абай Ережеп – 1 салым
Жақсылық Амалбеков – 1 салым
Арслан Қабжанов – 1 салым.
«Астана» командасындағы ең белді ойыншылардың бірі – Абай Ережеп. Кешегі ойында 4 салым салып, күннің үздік салымшысы болған еді.
Бұдан кейін алаңға Түркістан облысының «Тұран» командасы мен Жамбыл облысының «Әулие ата» командасы шықты. Алаң иелері кешегі ойында «Нарын» командасын 7:2 есебімен ұтқанын білесіздер. Бүгінгі ойында да Әулие ата жігіттері серкені жерге түсірмеді. Соңғы жылдары тек финалда кездесіп, әбден әккіленіп алған сыралғы жігіттер бір-бірінің қапысын табуға барын салды. Десе де Нұрдәулет Момыновтың жігіттері Ғани Ахметбаевтың сайыпқырандарынан басым түсті. Есеп – 10:3, алаң иелері ойын нүктесін қойды.
Салым салғандар:
«Әулие ата» командасы:
Ернат Мәлімбай – 1 салым
Айнабек Бердіқұл – 1 салым
Құлажан Тоғайбаев – 1 салым
Құрманбек Тұрғанбек – 5 салым
Ернар Жарылқасын – 1 салым
Ислам Рәт – 1 салым.
«Тұран» командасы:
Абылайхан Нышанбеков – 1 салым
Абылай Қарқабат – 1 салым
Айдос Ерген – 1 салым.
Түркістан облысының құрамасы бұған дейін «Құлагер» деген атаумен ойнап келген. Биыл «Тұран» деген атаумен чемпионат шымылдығын ашқан еді. Кешегі ойында Қызылорда жігіттерін 13:5-пен ұтса да, бүгін «Әулие атаның» әлеуетіне төтеп бере алмады.
Үшінші боп алаңға шыққан Атырау мен Қарағанды облыстарының құрамалары тартысты ойын көрсете алмады. «Нарын» командасы орталықтың жігіттерін ойсырата ұтты. Есеп – 15:0, бұған дейін болмаған көрсеткіш. Нұржан Шайхинның шабандоздары кеше «Астанаға» да есе жіберген. Бүгінгісі тіпті өрескел болды.
Салым салғандар:
«Нарын» командасы:
Абылай Ұлықпанов – 4 салым
Бақытжан Әзімбай – 1 салым
Ынтымақ Әліпбаев – 1 салым
Тахир Жұмашев – 2 салым
Ұлан Байтөреев – 1 салым
Қайыржан Сүлейменов – 1 салым
Алмат Жүнісов – 2 салым
Жасұлан Айтбай – 1 салым
Нұржан Ерехан – 1 салым.
Кешеден бергі ойындарын қарап отырып биыл Жамбыл облысының палуандарымен бірге Атырау құрамасы финалға шығуы мүмкін деген болжам жасауға болады.
Атырау мен Қарағандыдан соң алаңға шыққан «А» тобындағы қос команда да тым тартысты ойын көрсете алған жоқ. Десе де Павлодар құрамасы тарихта алғаш рет ең көп салым салды. Кереку жігіттері Ақтөбенің алыптарын 12:0 есебімен ұтыпы, айды аспанға бір-ақ шығарды! Бұған дейінгі ойындарда тым жақсы нәтиже көрсетпеген Павлодар облысы құрамасы үшін бұл күтпеген жетістік деуге болады.
Салым салғандар:
Павлодар облысының құрамасы:
Рамазан Шалғынбаев – 1 салым
Жалғас Боранов – 2 салым
Ерқанат Молдабек – 2 салым
Алмаз Кәрібаев – 3 салым
Дархан Көрпебаев – 1 салым
Еркебұлан Тауасар – 2 салым
Дулат Есбергенов – 1 салым.
Павлодардың сенцассиялық ойынынан кейін алаңға шыққан Маңғыстау облысының «Адай ата» командасы мен Қостанайдың «Тобылы» болды. Әдеттегідей «Адай ата» командасы салым салудан рекорд орнатуға тырысты. Кеше БҚО құрамасынан 6:5 боп ұтылған «Тобыл» бүгін «Адай ата» жігіттерінен 18:2 боп жеңілді.
Салым салғандар:
«Адай ата» командасы:
Ербол Ермағамбетов – 1 салым
Жасұлан Қуанышұлы – 2 салым
Данияр Ғалинұров – 1 салым
Әбуғали Әбдіжаппаров – 4 салым
Жорабек Ақбаев – 2 салым
Асанбай Нұрманов – 1 салым
Ринат Ибірагимов – 3 салым
Александр Пупенко – 3 салым
Айбек Болатов – 2 салым.
«Тобыл» командасы:
Оралхан Сұлтан – 2 салым.
«В» тобынан бүгін алаңға шыққан алғашқы жұп – СҚО құрамасы мен Шымкент қаласы құрамасы болды. Шымкент кеше Алматы қаласы құрамасын 15:1 есебімен ойсырата ұтқан болатын. Кешегі Алматының кебін бүгін СҚО құрамасы киді. Тақымына көкпардың құты қонған Шымкенттің жігіттері Қызылжардың палуандарын 10:2 есебімен жер соқтырды.
Салым салғандар:
Шымкент қаласының құрамасы:
Саржан Тайырбеков – 1 салым
Айбарыс Сәрсенбай – 2 салым
Әлайдар шанжархан – 2 салым
Нұрдәулет Аманжол – 3 салым
Ермұхамбет Қадірқұл – 2 салым.
СҚО құрамасы:
Еркебұлан Алданов – 2 салым.
Бүгін алаңға шыққан командалар бір-бірін 20 жылдан бері жақсы біледі десек артық айтқандық емес. Оның бір дәлелі күндік кестені аяқтаған Алматы облысы мен Алматы қаласы құрамаларының арасындағы тартыс. Өткен жылы бұл екі команда арасындағы тартысты бәсекеде Алматы қаласының мерейі үстем болған еді. Биыл Алматы облысы қарымта қайтарды. Есеп – 13:1. Жетісу жігіттері оңтүстік астананың алпауыттарына тамаша тойтарыс бере білді.
Салым салғандар:
Алматы облысының құрамасы:
Бақытжан Сайдолданов – 3 салым
Ержанат Тоқтарбаев – 3 салым
Еркебұлан Әбдіманап – 5 салым
Әлішер Бостанбеков – 1 салым
Темірлан Сейітбеков – 1 салым
Мәді Сейділлә – 1 салым.
Алматы қаласының құрамасы:
Елдар Тілеш – 1 салым.
Осымен чемпионаттың екінші күнінің кестесі аяқталды. Бүгінгі ең көп салым салған «Әулие ата» командасының капитаны Құрманбек Тұрғанбек – 5 салым және Алматы облысы құрамасының ойыншысы Еркебұлан Әбдіманап – 5 салымнан салыпты. Чемпионаттың бас төрешісі — Қуанышбек Құрамаев, хатшысы — Төлеген Жұматаев.
Көкпар чемпионатының үшінші күні, яғни ертең алаңға тағы да 7 жұп шығады.