Алдан. Алагер.
(әңгіме)
1948 жылы Бөкей ордасында өткен аламан бәйгеден «Тышан» атты сәйгүлік 100 шақырымдық қашықтықты 4 сағат 16 минутта шауып өтіп, ел рекордын жаңартты. Оның рекорды өлкені даңққа бөледі. Тышанның шабандозы Ш. Төленғалиевке 1948 жылы 25 желтоқсанда Қазақ ССР-нің Спорт министрлігінен берілген І дәрежелі дипломы Бөкей ордасы тарихи музейінде сақтаулы тұр.
/Нарынның нар ұлдарына арналады/
Есекен қарт таң алагеуімнен тұрып кетті. Қараша үйдің сықырлауық есігін ашып, сыртқа шықты. Мамыр айының әлі жылып болмаған салқын лебі өткен өмір жолын еске түсіретін әжімді бетін өпкендей болды.
Аяңдап басып қораға жетті. Жабық қорада тұрған Алагер де иесінің келгенін сезе қойып, оқыранған дыбысын шығарды.
– Алагерім, аз ғана шыда, ертең ұлы дүбірге араласасың Нарынның майда құмына тұяқтарың тиіп, желмен жарысасың. Сенің тұяғыңнан шыққан дүбір Алдашыма да жетер… Ол да бір аунап түсер… – деп үнсіз күбірледі.
Алагерге қойын қалтасынан бір шықпақ қантты берді де, ащы терін бір үгіп алмақшы болып, үстіне мініп, бұйрат-бұйрат құм тауларға қарай, ағарып атып келе жатқан күннің сәулесі түскен бағытқа аяң жүріспен бет алды.
Алагердің үстінде келе жатып, өткен күндер көз алдына тізбектеліп келгендей болды…
Қайран Нарын! Малға да, елге де құт мекен болатын. Өзіне аталас болып келетін, Аман байдың белді жылқышысы еді. Елге сыйлы, қайырымды, жомарт адам болатын. Бұлардың жылқы баққан қостарына анда-санда келіп, соғып кеткенде ең бірінші сұрайтыны, — «Тамақтарың мол ма? Келін-балаларға барып тұрасыңдар ма?» – дейтұғын.
Ұлы Төңкерістен бір жыл бұрын көрші ауылдағы бір қарашаның қызын үйге алып келгенде, барлық той ырымын да Аман өзі көтеріп алған еді. Сол келін болып түскен қара қыз Бәтима бүгінде қара кемпір болды.
Төңкеріс жылы дүниеге келген ұлға Алдан деп есімін өзі қойып еді. Аллатағаланың жазуы солай болды ма, кім білсін? Әлде осы Алданыңмен ғана алдансын деді ме? – қайтіп бұл қараша шаңырақтан сәби үні естілген жоқ.
Жаңа үкіметтің қудалауына шыдай алмай Аман Астрахан асты. Ұзынқұлақтан естігені, ол жерде де пана таппай, Иран асып кетті, — деген хабарды естігені бар.
Сол кетерінде Аман жылқышыларына еңбектерін үлестіріп беріп жатқанда, — «Қарағым, Есекенжан, адал еңбек еттің, мына табын жылқыдан қалағаныңды ал дегенде», «Аға, Алла разы болсын! Мына Кертөбел айғырды берсеңіз болды, бұның тұқымында бір ерекше қасиет бар. Жылқы танысам, осының тұқымынан ерен жүйрік шығатын сияқты», — деген бұл.
Сол Аманнан қалған Кертөбел айғыр колхоздың қарауына алынып, кейіннен соның үйірінен тараған мына астындағы Алагер еді. Соғыс басталғанда ауылдағы жалғыз техника, тракторды айдап жүрген Алданды бронмен қалдырды. Бірақ Алдан жастайынан атқұмар еді. Бала кезінде колхоздың жылқысын бағуға бірге ілесіп шығатын.
42-жылы Алдан да әскерге алынды. Әлі есінде, табындағы ала бие құлындады. Енесінен аумайтын ала құлын тіпті сүйкімді болды. «Алагер» – деп ат қойған да Алдан болатын. «Соғыс біткесін, талай бәйгеге қосатын боламын», – дейтін. Қасиетті жануардың беймәлім қасиеттері, адам санасына белгі бере ме екен? Әйтеуір Алдан осы сөзді жиі айтатын…
Соғыс бітуге бір жыл қалғанда Алданнан «Курск түбінде ерлікпен қаза тапты» – деген қара қағаз келді. Сол қара қағаз келген күні қараша үй де, қара кемпірі Бәтима да шөгіп қалды… Сол күні құнан шыққан Алагер де алдына салған жемін жемей, мүлгіді де тұрды… Алагер де өзінің иесінің мәңгілік келмейтінін, дүбірлі жарыста бірінші болып келе жатқанда, үстінде отырмайтынын сезген болар, сезген болар…
Көктемнің май шуағымен Ұлы Жеңіс хабары да келіп жетті. Құмды ауылдың ішін қуаныш кезді, адамдар жүзінде күлкі, мейірім шуақ орнады. Жеңіс тойы тойланды. Бәйге ұйымдастырылды. Ауыл ат тұяғының дүбіріне толды. Алагер мәреден бірінші болып өтті. Бұдан кейін де басқа ауылдарда болған кішігірім тойлардағы бәйгеде Алагер бірінші болып келіп жүрді.
Уақыт өтіп, ел қалпына келе бастады. Жазғытұрымғы науқан аяқталғаннан кейін ауданда үлкен мереке ұйымдастырылатын болды.
– Бұл үлкен мереке Ұлы Сталиннің арқасында анталаған жауды жеңіп, социалистік құрылыстың іргетасын нығайтуды бастап кеттік. Алғаш рет 100 шақырымдық Аламан бәйге болады. Біздің колхоздың атынан Алагер бәйгеге қатысады. Есақа! Елдің атын шығыруымыз қажет, – деп бәкене бойлы парторг Есекенге біраз нәрсені айтып кеткен болатын.
Сол аламан бәйгеге ертең Есекен қарт Алагерді баптаған еді.
Той басталып, аламан бәйгеге де кезек келді. Осындай бәйге болатынын естіп, басқа өңірлерден де бәйге аттары келген екен. Сүліктей жаратылған бәйге аттарының ішінде Алагер де тыпыршып тұр… Есекен қарт шабондоз балаға: — Тым тізгінді тарта берме, өзінің еркіне жіберіп отыр, соңғы айналымда ғана сипай қамшыларсың – деп кеңесін берді.
Бәйге аттары арттарына шаң қалдырып ұзап барады… Айналым да, айналым… Жасаураған көзімен Алагердің айналым сайын алдыңғы лекте келе жатқанын байқап қалады…
Міне соңғы айналым. Бағанағы бәйгеге қосылған жүз қаралы бәйге аттарынан кішігірім ғана топ қалған. Сол топтан екі-үшеуі суырыла бастады. Есекен қарт көзін сүртіп қарап еді, алда келе жатқан қылаң түсті көрінді… Жүрегі толқығандай болды. Толқыған жүрегі басылғандай болғасын қайта қараған, нақ қылаң түс елестеді… Алагер… Кәрі жүрек қайта толқып кетті, құлағы шыңылдады… Алданның «Алагерді талай бәйгеге қосамын», — деген үні келгендей болды… Алагер мәреге жақындап қалды. Алагер үстінде жалғыз ұлы Алдан отыр…
-Алданжан! Алагер! — деп айқалады. Бірақ, Есекең қарттың дауысын ешкім естіген жоқ еді… Қарт құлап кетті…
-Алдан, Алагер, — деген үн сар даланың самал желімен ілесіп, бұйрат-бұйрат құм таулардан асып бара жатты…
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Батыс Қазақстан облысы,
Қазталов ауданы