Арғымақтың жолы әмәнда ашық болсын! Кабирхан жайлы жылы ілебіздер

721

Дубайда өткен Al Maktoum Challenge турнирінің бірінші топтағы үздік аттар бәйгесінде жерлесіміз Тілек Мұхамбетқалиевтің тұлпары Кабирхан тағы да бірінші келді.

Оның қарсыластары қатарында классиканың үздіктері Мими Какуши, Атлетико Эль Кулано, Клэптон, Фёрст Конститьюшен, Милитари Ло болды.

Біз назарларыңызға Кабирханның жеңісі туралы жазылған жылы ілебіздерді ұсынып отырмыз.

Берік Уәли: Араб түбегін шулатқан арғымақ

– Желден желгір, жүректен сезгір жүйрік тұлпар десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар. Араға ай салмай, араб түбегін шулатып, е дегенше екі бәйгенің алдынан келген “Кабирхан” қазір Алтай мен Атыраудың арасындағы ат құмар жұрттың ауызында жүр. Тұлпарды тұяғынан таныған Тілек Абайұлы деген бауырымыз. Сол Тілек бауырымыз Longines халықаралық жарысының алдында аға-бауырын жинап, көптің тілегін, ағаларының батасын алған болатын. Аламанның алдында бата алу да ежелгі дәстүр, ескі салт қой. Бата қабыл болды деген осы шығар. Тұлпары тағы да топтан озып келіп отыр. Төрт аяғын тең тастап, аламанда ойқастап келген арғымақтың жолы әмәнда ашық болсын! “Күллі дүние жаяу жүргенде атқа мінген” елдің азаматтары аман болсын! Тұлпарлардың тұяғын томар қақпасын! Наурызда өтетін финалдық аламанда “Кабирханның” шашасына шаң жұқпай, шаршы топта шалдықпай, Алты Алашты шулатып бәйгенің алдында келсін деп тілейміз – деп жазады Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли.

Ринат Кертаев: Рухымызды асқақтатты

– Кабирхан тұлпар Дубайдағы додада тағы да топ жарды. Бұл жолы А тобындағы әлемнің ең мықты арғымақтарымен жарысты. Бәрін шаңқаптырып, артта қалдырды. «Төрт аяғы көсілді, әбіре сымдай есілді… Сонда бурыл гуледі, табаны жерге тимеді» дейтін Тайбурылдың шабысын Кабирхан қайталады кеше. Иесі Тілек Мұхамбетқалиев бұл жеңісті Қазақстанға арнайтынын айтып, ағынан жарылды. Бұған дейін Олимпиада спортшыларының өнерін, яки футбол ойындарын күтіп көретін жұрт, Кабирхан қатысатын бәйгені де дәл солай күтіп, көрді. Тақым қысып, ширығып, атойлап көрді. Желдей ескен сәйгүлік мәре сызығына жеткенде, көп жанкүйердің көзінен қуаныш жасы да шықты. Міне, ұлттық спорттың құдыреті! Қанымызды тулатты. Рухымызды асқақтатты. Ұлттық спорт қауымдастығының ютуб арнасына Тілек Мұхамбетқалиевтің осы әлемдік дода алдында толымды сұхбаты шығып еді. Сонда Кабирханның әкесі де 14 млн доллар ұтқан тұлпар болғанын, бұл жүйрікті тағасын Голландиядан алдыртып, баптайтынын, миллион долларға сатшы деп қиылғандарға да сатпағанын, бәйгеде көреалмаушылық көп екенін айтып еді. Кабирханның алар асуы таусылмасын! Тіл-көзден, «батыраштардың балтасынан» аман болсын! Елдің де, ердің де даңқын аспандататын ұлттық спорт түрлері жасасын! Жеңіс құтты болсын, Қазақ елі! – деп жазды «Алтын қыран» қорының бас директоры Ринат Кертаев.

Сәкен Сейілхан: Бұл басы ғана

– Күллі әлем көз тігетін Дубайдағы ат жарысына биыл біздің жұрт та назар салды. Қазақтың намысын қорғап, абыройын асырып жүрген Кабирхан атты арғымағымыз араб түбегінде алдына ат салмады. Осы уақытқа дейін екі рет бәйге алаңына шықты. Төрткүл дүниенің тұлпарлары жиылатын жарыста біздің жүйріктің жайы қалай болады екен деп әуелде қобалжыдық. Бірінші жарыстың өзінде өзгелерден дараланды. Бұл басы, енді мықтылармен шығады деп күттік. Күні кеше АҚШ пен Еуропаның шаңтиместерімен шайқасып көрді. Оларды да шаң қаптарып кетті.

Ұйымдастырушы тарап рейтинг құрады. Қазір сол тізімде біздің тұлпар төртінші тұр екен. Яғни финалға жолдама бар. Бұйырса наурыздың 30-ы Dubai World Cup бәйгесі болады. Кабирхан сол бәйгеге маңдайы жарқырап шыққалы тұр. Бұл бәйгені қазір көпшілік әлем чемпионаты деп те атайды. Себебі атағы аспандаған және жыл бойы жүйрік деген атақты иеленген арғымақтар жиналады. Бізде бармыз. Жүлде қоры 12 млн доллар. Айтпақшы 2016 жылы Кабирханның әкесі Калифорния Хром Dubai World Cupты жеңіп алған еді. 2 шақырымды 2 минут 1 секундта өтті. Енді баласы әке жолын қуса игі. Тұлпар ғой, сенейік. Бәйгенің басы болсын деп тілейік! – деп жазады белгілі журналист Сәкен Сейтханұлы.

Бекмұрат Анарбай. Кабирхан – Құлагердің мұрагері

Асы емес мына бәйге Сағынайдың,
Араб па, ағылшын ба? Танымаймын.
Жарысқа көк Байрақты пырақ шықты,
Бойынан таба алмадық тарыдай мін.

Жер тарпып аттар асқақ тым беделі,
Кіл жүйрік жер-әлемнің жүлдегері.
Қасқайып арасында қасқа жирен,
Қамшы салдырмады, «шу» деп еді.

Қамшы салдырмады, «шу» деп еді,
Құйқылжып, Құлагердей гулеп еді.
Құлагер, Құлагер деп бір жаңғырық,
Жадыма салып кетті бірдеңені…

Құлагер, ия, Ақанның Құлагері,
Қолынан Батыраштың құлап еді.
Құлагер өлмепті ғой, Қазағым-ау,
Кабирхан – Құлагердің мұрагері.

Кабирхан осы ойымды сезіп берді,
Ағызып қоя берді, созып белді.
Балталы Батырашы жоқ ел екен,
Оқ бойы, О, Құдірет! Озып келді.

Көк Туым – Күн астында Қыран ұшқан,
Жарқырап көрінеді тым алыстан.
Қайғырып жылап едік Құлагерді,
Кабирхан, жылаттың-ау қуаныштан.

Қуанып, түсті қазақ шалқасынан,
Бойында жылқы тектес қан тасыған.
Жануар, бәйге бермей аман жүрші,
Сақтасын Батыраштың балтасынан!

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!