Самалдың қилы тағдыры

4691

Жылқы десе делебесі қозбайтын қазақ болмас. Әсіресе жүйрік ат, қыран бүркіт ер жігіттің жан серігі дейміз. Бірақ сөйте тұра ел болып әлпештеген жаратылысы бөлек тұлпарға сонша қатыгездікпен қастандық жасайтын қаскөй де өз арамызда… «Құлагерді» шабандоз баласымен шырылдатып қанға бөктіріп кете беретін баяғының Батыраштары әлі бар екен. Аламан бәйгеде алдына қара салмаған атақты сәйгүлік Самалдың тағдырымен танысып көрсеңіз, осыған көзіңіз жетіп, еріксіз тітіркеніп кетер едіңіз.

Арғы атасы – Абсент

«Ат жетпейтін жер жоқ» де­генді бабаларымыз қалай тауып айт­қан десеңізші. Тұяғының дүбірімен қара жердің үстін думанға бөлейтін тұлпарды дәл қа­зақ­тай жақын тұтқан халық жоқ та шығар. Жеті қазына­ның ішін­дегі ер жігітке ең жақыны да жүйрік тұлпар. Тарих­қа көз жүгірт­сек, Алпамыс батыр­дың «Бай­шұбары», Қобылан­дының «Тай­бурылы», Исатай­дың «Ақ­та­баны» қазақ батыр­ла­ры­ның айнымас серігіне айналған…

Аты «Самал» демесеңіз, заты желмен жарысқан нағыз жүй­ріктің өзі. Оны жұрт «Алтын тұлпар» аламанында екі дүркін топ жарған сәйгүлік ретінде бі­леді. Сартап дала, жусанды қырда еркін ойқастаған жүй­ріктің ұзаққа шабуы үшін жалы мен белі, тұяғындағы желіне атбегілер айрықша назар аударады. Тынысы ерек, шабысы бөлек қанатты арғымақ Самал сол додада көптің көзіне ілікті. Соншама қадалған көп көздің өзіне зиян шектірерін қайдан білсін…

Бәрін басынан бастайық. 2014 жыл болатын. Ұлттық спорт қауымдастығы сол кезедегі Nur Otan партиясының (қазіргі Amanat) қолдауымен «Алтын тұлпар» атты аламан бәйге ұйымдастырды. Құйрығын жел желпіген кіл жүйрік дала төсін дүбірге бөлеген алғашқы додада қарағандылық Бақторы атты жүйрік шашасына жаң жұқ­тыр­май мәреге бірінші келеді. Айта кету керек, 75 қыл құйрықты бақ сынаған осы алғашқы аламанда аттар 43 шақы­рымға шапқан еді. Келесі жылы қашықтық 51 шақырымға дейін ұзартылды. Қатысушылар саны да 96-ға жетті. Бұл жолы Қор­дайдың «Са­малы» мәре сызы­ғын жеке дара кесіп өтеді. Жел­мен жарысқан Самалдың «Ал­тын тұлпардағы» табысы мен ша­бысына қалың ел қатты сүйсінді.

Араға жыл салып, яғни 2017 жылғы аламанда сол Самал тағы да топ жарады. Небір мықты атбегілердің сынынан өткен кіл жүйрікті жолда қалдырған Самалға бай-бағландар да, басқалар да қызыға қарайды. Бәрі осы жерден басталды. Ол туралы кейінірек…

«Тұлпар болар құлын желіде тұрып ойнайды» деген сөзде үлкен мән жатса керек. «Самалды» жұрттың бәрі «Қор­дайдың жүйрігі» деп танығанымен, жануар шын мәнінде Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Көкдөнен ауылында туған екен.

«Самал» – қолтума жүйрік. Ол «Қо­зы­күрең» атты айғырдың кін­ді­гінен тарайды. Ал енесі «Шадияр» деген бие әлемге әйгілі Абсенттің тұқы­мы болатын. Бір Олимпиадада топ жа­рып, екі Олимпиадада жүлде алған «Абсент­ті» білмейтін қазақ жоқ… «Самал­дың» қысқа­ша шежіресі осындай.

Әйгілі сәйгүліктің баптаушысы Есбол Жапбасовтың сотталып кетуіне бай­ланысты, оның өзімен тілдесу мүмкін болмады.

«Біз бұл жылқыны Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Көкдөнен ауылында тұратын иесінен сатып алғанбыз. Шын жүйрікті қолға түсірмес бұрын оның әлеуетін бәйгелерде байқадық. Қайбір жылы Қарағандыда өткен үлкен тойда біздің «Титан» деген тұлпарымыз топ жарды. «Титанымыз» жол талғамайтын көлік ұтқан аламанға бізге дейінгі иесі осы «Самалды» да қосып, үшінші болып шылбыр ұстатты. Сол жарыста «Самалға» бірден көзіміз түсті. Бұдан кейін Құланда өткен аламанда «Титан» тағы да бірінші орын иеленді, «Самал» осы жолы екінші орын алды. «Самалға» екінші орын бұйырса да, біз оның шын жүйрік екенін таныдық. Тыныс алысы, құйрық қағысы, әрбір қимылы тым ерекше көрінді. Ойланбастан ат иесімен сөйлесіп, қолқа салып, сатып алдық. Қателеспеппіз. «Самалымыз» жиырма бірінші ғасырдың тұлпары атанды. Екі рет «Алтын тұлпарда» топ жарды. Ұлы аламанда өзге тұлпарларды маңына ­жуыт-­­
пай, мәре сызығын бірінші болып кес­ті. Одан басқа қаншама додада топ жарды десеңізші? Үздік тұлпарды анықтау­ға арналған онлайн дауыс беру рәсімін­де 46 мың отандасымыздың таңдауы «Самалға» түскенінің өзі көп нәрсені аңғарта түссе керек», дейді Есболдың нағашы ағасы Әділхан Шынтасов.

Оның айтуынша, Есболдың «Самал» сәйгүлікке деген адалдығы оны жазық­сыз жаламен темір торға тоғытуға себеп болған…

«Досыммен бәстесуге шақ қалдым»

Осы сәйгүлік туралы жазуға ізденіп, жақын тани бастағалы бері, айтулы ақын Светқали Нұржанның мына бір алапат шумақтары ойға орала беретін болды:

«Кездерде кейде қара бұлт

айды бүктеген,

Үйіме үнсіз тұнжырап

қайғырып келем.

Талықсып жатып содан соң кетемін

ұйықтап,

Ұйықтап кетсем, түсімде

сәйгүлік көрем…»

деген жолдар сана төрінде жаңғырып тұрып алады.

Расында да, «Самалдың» тұрысы да, ша­бысы да, тіпті осқырынуы да бө­лек осы шумақтар арқылы суреттеліп тұрғандай. Жоғарыда «Самалдың» Тұрар Рыс­құлов ауданындағы Көкдөнен ауылында туғанын айттық. Алғашқы иесі – Думан Мақұлбаев. Ғасыр тұлпарын құлын кезінде баптаған Думан дара жүй­рікті неге сатты? Осы сауалды Думан­ның өзі­не қойған едік.

«Негізі «Самал» Құланда емес, Та­разда өткен додада екінші орын алды. Шабандозым қателікке бой алдырма­ған­да бірінші орын бұйырып тұрған. Оны Есболдың өзі де біледі. Мойындаған. Осыдан кейін «Самалды» кім сатып алғысы келмеді!? Жол талғамайтын «Тайота» көлігін ұсынғандарға да айырбастамадым. Бірақ Есбол екеуміз бірге өскен доспыз әрі бауырмыз. Сол бәйгеден кейін Есбол «Самалды» өзіне сатуымды қиылып өтінді. «Думан, бірге жүрген доспыз ғой. Маған сатшы», деп әбден қиылды. Ойласа келе, 30 мың АҚШ долларына Есболға бердім. Есбол қатар өскен бауырым болған соң ғана «Самалды» соған саттым. Әйтпесе, сол кезде басқа жүйріктерімізге де 50 мың доллардан ұсынып жатқандар болды ғой. Бұл жерде бәрін достық шешті», деді сәйгүлікті құлынынан бағып-қағып өсірген Думан.

«Алтын тұлпарға» қатысты бір қы­зықты айтып берейін. Жұрт асыға күт­кен алғашқы «Алтын тұлпар» аламаны басталмай тұрып, Арман деген досым: «Сен бәлесің ғой, «Самалды» 30 мың долларға өз досыңа қымбатқа сатып жібердің», деп қағытты. Мен оған бұл бағаның еш қымбат емес екенін, оның бұдан әлдеқайда бағалы жануар еке­нін түсіндіріп, сол бәйгеде Самалдың бірінші орын алатынын айттым. Ол сенің­кіремей күлді. «Бәстесейік» дедім. Қомақты қаражатқа бәстесетін кезде ол қолын кері тартып алды. Айтып айтпай, «Самал» сол «Алтын тұлпарда» жеңіске жеткен кезде, әлгі Арман досым үйіне қонаққа шақырды. Дастарқан басында: «Сәл болмағанда жеңіліп қала жаздадым. Дәл айтыпсың», деп ризашылығын білдірген болатын. «Самал» туралы асық­пай әңгімелессек, тағы бір кө­лемді мақала жазуыңа тура келеді. Осы мақа­лаңды маған хабарласпай жазғаныңда ренжитін едім», деп күлді ол өз ойын түйіндеп.

Иә, кейде екі адамның достығы көп мәселені шешіп жататыны бар. Думан Мақұлбаевтың сөзінен де соны түсіндік. Жақын досы сұрамағанда ол «Самалды» саудаламайтын еді ғой…

Ат иесі арқалаған жаза

Біз «Самалдың» қазіргі иесін әб­ден іздедік. Бір-екі білетін азаматқа хабар­лас­қанымызда: «Есболға не болғанын білмейтін бе едің?» деп өзіңе таңырқап қарайды да, артын жұмбақтап жауап­сыз қалдыра берді. Содан кейін Жамбыл облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбековке хабарласқан едік. Ол Жеңіс деген қордайлық атбегінің нөмірін беріп, сол азамат арқылы табуы­мызға болатынын айтты. Жеңіс бізге жағдайды түсіндіріп, Есболдың нағашы ағасы Әділхан Шынтасовтың дерегін берді. Осылайша, «Самалдың» қазіргі иелеріне айдың-күннің аманында, адамнан адам жалғап әзер шықтық. Сөйтсек, бекер емес екен.

«Самалдың» ақы иесі Есбол Жап­басов деген менің жиен інім ғой. Оның атақты атбегі екенін жұрт жақсы біледі. 2017 жылы ең беделді «Алтын тұ­ғыр» сыйлығын алған болатын. Ұлттық спорт­қа сіңірген еңбегі аз емес. Есболға қа­уіпсіздік комитетінің адамдары жоқ жерден жала жауып, түрлі әрекетті қолдан ұйымдастырды. Ел танымайтын депутаттың қасына қосып, үйіне өздері қару лақтырып, оны тінту кезінде та­уып алған болып, ақыры қамап тастады. Одан кейін де құзырлы органның бір топ қызметкері атқораға келді. Қызметтік куәліктерін көрсетті. Кілең полковниктер екен. Қара түсті жол талғамайтын көлікпен келгендердің ішінде бір әйел адам болды. Олар «Самалды» алып кетуге келгендерін айтты. Не үшін ондай қадамға баруға бекінгендерін сұрадық. Ішінде бір-екі мал дәрігері бар екен. Олар: «Ешқандай вакцина алмаған, заң талабын бұзған» деген сияқты сылтауларды айтты. Ол жерде тағы бес-алты жүйрік ат бар болатын. Біз: «Иесі қамауда отыр, біз бере алмаймыз», деп айқау-шу шығардық. Олар соттың шешімін алып келетіндерін айтып, кетіп қалды. Әлгі адамдардың сол келісінен қорықтық. Сөйттік те, «Самалды» және өзге аттарды шарасыздықтан Өзбекстан аумағына уақытша өткізіп жібердік. Бұл жақтан тауып алатынын анық білдік, — дейді Әділхан Шынтасов жағдайды түсіндіріп.

Оның айтуынша, «Самал» бастаған санаулы тұлпарды Өзбекстандағы таныс бауырларының қолына қарай тұруға берген. Кейін кері қайтарып алған екен. Осылайша, әйгілі жүйрік ала шапанды ағайын елінде біраз уақыт бас сауғалап жүріпті…

«Әлгі азаматтар қайта келген кезде «Самалдың» жоқ екенін көріп, бұл­қан-талқан болды. Ішіндегі бір полковник Есболдың ағасын шақырып алып, аттардың қайда екенін сұраған. Тіпті кейіннен қайсыбір бап бойынша қылмыстық іс ашқан. Бұл жерде үлкен адамдардың тапсырмасы тұрғанын бірден білдік. Кейін 5-6 тұлпарымыз Өзбекстанда қалғанымен, «Самалды» қайтадан алып келдік. Басқа жерде бабына келтіріп, 2020 жылы Ақшиде өткен 41 шақырымдық ұлы аламанға құпия түрде қатыстырдық. Абырой болғанда еш­кім білген жоқ. Ал сол жарыста «Самал» тағы да бірінші орын алды.

Уақытында жүйріктің жүйрігіне баланған «Самалға» бір беделді адамдар «құда түсті» деген әңгіме тараған болатын. Бірақ әртүрлі себеппен бұл әңгіме жабылып қала беретін, атбегі­лер білсе де, айтуға құлықсыз сияқты көрі­нетін еді. Есбол Жапбасовтың на­ғашы ағасы сол сөзді растады. «Белгілі кісілер тарапынан «Самалға» деген қызығушылық болғаны рас. Берік­­таста өткен аламанда Есболды шақы­рып алып құшақтап: «Нағыз жігіт екен­сің», деп жақсы сөйлеп тұрған. Сол жерде Есболдың жақын досы, атбегі жігіт інімді шақырып: «Атты осы кісі­ге сыйласаңшы», дейді. Есбол болса «Самал» десе ішкен асын жерге қоятын. Жүрегі зырқ еткен бойда ештеңе айтпай кетіп қалды. Мұны кейін Есболдың өзі айтып берді. Атты суытып, көлікке салар кезде әлгі ағамыздың оққағарлары келіпті. Есболды асқа шақырғанын жет­кізді олар. Есбол әңгіменің «Самал» туралы болатынын біліп, бармай қойған еді. Тұлпарды көлігіне салып, ол жерден та­йып тұрды. Кейін әлгі атбегі досы арнайы ат басын бұрып жағдайды түсін­­діріп, мәселенің арты ушығып кетуі мүмкін екенін айтқан. Досы әбден ескертсе де, Есбол «Самалды» бере алмай­тынын айтып шығарып салады. Дәл ол кісінің қатысы бар-жоғын біл­мейміз ғой, бірақ осы оқиғадан кейін әртүрлі түсінік­сіз әрекеттер басталып кетті. Ауылға құ­зырлы орган адамдары келе бастады. Бауырыма шабуыл басталғанын түсіндім. Осылайша, «Самалдың» да тағдырына қауіп төніп тұрғанын да ұқтық. Қазір бәрі есіме түссе жылағым келеді», дейді ол өткен шаққа көз жүгіртіп.

«Қандықол қастандықпен ұруын-ай»

Әділхан Шынтасов баяндаған оқиға­лардың бәрі 2017 жылы бастау алған екен. Сол жылы өткен «Алтын тұлпар» аламанына «Самал» екінші рет қатысып, тағы да топ жарады. Бір қызығы, ол бәйгеге ауыр жарақатымен қатысыпты. Дәл осы аламан басталар тұста айналымда суытылып жүрген қас жүйрікке қаскөй біреу келіп, құлақ-шекеден дырау қамшымен аяусыз тартып кеткен. «Самалды» соққыға жыққан кім?

Шынтасов былай дейді:

«Есбол 2017 жылы Самалды сұраған адамдарға бермей қойған болатын. Сол жылы елордада «Алтын тұлпар» додасы ұйымдастырылды. Бәріміз сол жерде жүрдік. Бәйгенің алдында ат суытылатын арнайы алаң бар. Сонда «Самалдың» үстінде шабандоз баламыз Ақжол отырған. Елдің бәрі көріп тұр. Саптама етік киген, қапсағай денелі жігіт шауып келіп, күтпеген жерден «Самалды» жуан қамшымен қос құлағының ортасын көздеп ұрып, қашып кеткен. Бір қарасақ, атымыз теңселіп, алдыңғы екі аяғы бүгіле құлап барады. Жабылып орнынан тұрғыз­дық. Сол кезде Есбол әбден ашуланды. «Енді бұл аламанға қоса алмаймыз ғой. Құлағының артынан қан ағып тұр», деді. Ақжол жылап жіберді. «Аға, мен бекер келдім бе? Ша­байыншы, көрейінші, әлсіреп бара жатса, шығара саламыз жарыстан», деп қиылды. Ақылдаса келе, жарысқа қостық. Одан әрі өзің білесің, текті жа­нуар ғой, соққы алса да сыр бермей бірінші болып келді. Әлгіндей көкпаршыны жай адам жібермейді ғой. Артында үлкен адам тұрған болар деп топшылаймыз.

Есболға жабылған жала, контрабанда деген әңгіме, қырғыз депутатпен өтірік байланыстыру, қасақана қару лақтырып кету секілді жағдайларды айтсам, сериал сияқты. Оның бәрін сұхбат алсаң, кейін айта жатармын. Себебі бұл бөлек әңгіме. Бауырым әлі абақтыда отыр. Ал біздің Есболмен бірге соттаған қырғыз депутаты болған Дамир Асылбекулуу бүгінде бостандыққа шықты. Тіпті оны Садыр Жапаров арнайы марапаттады. Біз де Есболдың жаладан арылып, бостандыққа шығатынынан үмітімізді үзбейміз», дейді Әділхан Шынтасов.

Батыраштар әлі бар екен…

Талайларға арман болған «Самал» тек тірі қалды демесек, тағдыры әйгілі «Құлагерден» еш кем емес. Құлақтан тиген соққыдан аман қалғаны ғана қуантады. Осындайда белгілі ақын Бақытжан Алдиярдың:

«Өмірім өмір емес, сұрақ белгі,

Көңілім көп кещеден жырақта өлді.

Уақыттың бәйгесінен Құлагерім,

Құдай-ай, құлап келмей,

 жылап келді.

Құлагер құламады, жылады кеп,

Құдайдың қандай қиын сынағы деп.

Тұнжырап көз алдымда тұрады көп,

Тым құрыса жұбатсамшы

бір-ақ рет.

Тұрады тұлпар Құла тұралаған,

Туатын жан едік қой бір анадан.

Жануар, сен жылқы едің,

мен жалқы едім,

Көп кеще жүйріксің деп кінәлаған», деп келетін өлең жолдары ойға орала берді.

Осындай қаскөй келіп, дырау қам­шысымен бастан ұратындай, жануардың не жазығы бар еді? Қойнына балтасын жасырған Батыраштар жиырма бірінші ғасырда да бар екен ғой дейсің…

Әділхан Шынтасов Жаңа Қазақ­станның жаңа билігі бірге сотталған қыр­­ғыз депутаты сияқты Есболды да ақтап, бостандыққа шығарғанын көр­гісі ке­леді. Солай болатынына сенгісі келеді.

Уақытында Есболды аяқтан шалған­­дардың бәрі істі болды. Уақы­тында бей­не­үндеу жасағанымда ескі билік назар аудар­мап еді. Енді жаңа билік жаңа­ша қадам жасайтын шығар, — дейді ол.

Бір жақсысы, бүгінде «Самалдың» кіндігінен тараған бірнеше құлын құл­ды­раңдап өсіп келеді. «Құлагерден» қал­ма­ған құлын «Самалдан» қалды. Бәйгеге шаба ал­майды демесеңіз, «Самал» Қор­дай­­дың қоңыр желіне жалын таратып жүр.

Неге екенін қайдам, менің құла­ғы­ма соққыға жығылған «Самал» мен уақы­тында «Самалды» мінген шабандоз Ақ­жолдың зарлы даусы келе берді. Ащы үн…

Табиғат Абаилдаев,

«Егемен Қазақстан» газеті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.