Абсенттің ақырғы күндері

5186

Енесі қазақ жылқысы Баққара, әкесі түрікменнің ақалтекесі Араб болған әйгілі Абсент туралы аңыз көп. Сетер жануар дегдар биімен әлемді тәнті етіп, 1960 жылы Римде Олимпиада «алтынын» алса, 1964 жылы Токиода қола медальді, 1968 Мехикода төртінші орынды қанжығасына байлады.

Спорттық әлеуеті түгесілгеннен кейін жануар, бағына орай, қалған өмірін қыл құйрықтың қадірін білген қазақтың арасында, өзі туған өлкеде өткізеді. Кейінгі буын Абсенттің даңқын білгенімен, алғаш болып оның бітісінен болмысын таныған, Dressage деп аталатын күрделі де көркем спортқа баулыған адамның кім екенін біле бермейді. Осыны ескеріп, ҚазАқпарат Олимпиада чемпионының Мехико ойындарынан кейінгі қазақ жерінде жалғасқан тағдыры туралы мақала ұсынып отыр.

Кәрім Әсеновтің көрегендігі

Меруерт Әміреқызы

Абсенттің тағдырына ерекше әсер еткен екі қазақ бар. Оның бірі – Молдаш Әміреұлы. Текті жануардың спорттағы мансабы аяқталған соң Жамбыл облысындағы күтімі осы Молдаш Әміреұлының бригадасына жүктеледі. Біз Абсенттің кейінгі тағдыры туралы мәліметтің бәрін сол кісінің қызы Меруерт Әміреден алдық. Қазір ол Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Айтуынша, өзі де жастайынан жылқыға жақын өсіпті. Содан да болса керек, Абсент пен әкесі туралы сағаттап әңгіме айтуға бар. Кейіпкеріміз Абсентті көп жылқының ішінен танып, Алматыда бабын келістіріп, Мәскеуге жолын ашқан басқа адам екенін айтты. Енді осының бәрін өзінің айтуымен рет-ретімен баяндап шығайық.

1968 жылы атқұмар қазақтың бәрі Мексика астанасынан қуанышты хабар күтіп жүрген. Абсент медальге іліге алмады. Бірақ оған өкпе жоқ еді. Өйткені оның жетістігіне тізгінін ұстаған жокей қатар жауапты-тұғын.

1960 ж. Рим Олимпиадасының «алтынын» алған сәт

10 жылдан астам спорттық мансабында үш бірдей Олимпиада ойындарына қатысып, бір алтын, бір қола алған сетер айғырдан енді өзінен өте туатын тұқым алу керек еді. Бұл жауапты міндет тағы да жылқы болмысты қазақтарға жүктеледі. Тағы деп отырғанымыз, бұған дейін КСРО маршалы Георгий Жуков тізгіндеген ақалтеке Арабтан Абсенттей құлын алған Жамбылдағы жылқы мамандарының еңбегі болатын.

Өзім Жамбыл облысындағы Көгершін ауылында тудым. Бұрын Луговая деп аталған. Шындығына келсек, Абсент басқа жылқы зауытында туған. Ал Луговой зауытына спорттағы мансабын аяқтаған соң ғана келді. 1936 жылдан бастап Семен Буденный жылқы зауыттарын Қазақстанда да ашқызған ғой. Ең бірінші қазіргі Тараз қаласының түбінде №49 жылқы зауыты ашылған. Абсент 1952 жылы сонда туған. Ал біздің атақты Луговойдағысы №97 жылқы зауыты деп аталатын. Ол таудың етегінде болатын. Алатаудың сілемдеріне 3-4 шақырым ғана жерде салынған. Зауыттан сәл әріде Құмарық деген қоныс бар. Ата-бабаларымыз жылдар бойы сол қонысты мекендеген екен. Менің үлкен атам, яғни, әкем Молдаштың әкесі Әміренің туған ағасы Жантелі – болыс болған кісі. Құмарық, Қарақойлы, Болтай деген мекендердің бәрі сол кісінің құзырында болыпты. Жетім өскеніне қарамастан, 27 жасында сайланғандықтан «Бала болыс» деп атаған десетін. Жылқы зауыты құрылғанда сол Құмарықтағы жұрт жұмысқа қабылданады. Әкем екі кластық қана білімі болса да, сауатты еді. Жиырмадан енді асқан кезі. Сонысын ескеріп, малсақтығын ескеріп зоотехник ретінде жұмысқа алады. 1939 жылы әскер қатарына алынып, сол кеткеннен соғысты аяқтап бірақ келеді. 1945 жылы әкеме совхоздың бүкіл жылқысын өткізіп берді, — деп бастады ол әңгімесін.

Бұл кезде Абсенттің әкесі Араб Георгий Жуковтың қолына тиіп, Қызыл алаңда парадтың сәнін келтіріп жатқан. Көп өтпей ол айғыр дәмнің бұйрығымен Жамбыл облысынан бірақ шығады.

Абсенттің әкесі Араб

«1957 жылы Абсент алғаш рет Алматыдағы жарысқа барады. Кәрім Шалабасұлы Әсенов деген қазақтан шыққан тұғыш ат спортының кәсіби бапкері болған. Сол Кәрім Шалабасұлы Абсенттің аяқалысынан қанына тартып туғанын байқап, өз қолына алып, баули бастайды. Зауыттағы әр аттың ана жағынан, әке жағынан шежіресі қатталады. Жуков мінген Арабтың тұқымы екенін де ескерген шығар. Абсенттің келешегі бар екенін байқаған мәскеуліктер Сергей Филатовты жібереді. 1957 жылдан бастап 1969 жылға дейін Абсент Мәскеуде болды.

Кәрім Әсенов жылқыны да, шабандозды да жақсы танып, баптай білетін адам еді. 16 жасымда ЖенПИ-ге түстім. Сәл ертеректе «Конный спорт» деген журналға ат үстіндегі суретім шыққан болатын. Сол суреттен көріп, мені конкур спортынан (атпен кедергіден секіру – ред.) жокейлікке баулымақшы болды.

Алғашында 3-4 ай уақыт тауып барып жүрдім. Қанша дегенмен жылқының ішінде өстік қой. Қысқа уақытта үшінші разряд алып үлгердім. Кейін ЖенПИ мен ипподромның арасы алыс болғандықтан, әрі сабағым қиындағандықтан мүмкіндік болмай, орта жолдан тастауға тура келді. Оның үстіне әкемнің жолын қуып, мал шаруашылығына маманданғым келетінін шешем естігенде «Тамара сияқты мал емдеп жүрмексің бе» деп жекіп тастағаны бар.

Алмастың аянышты тағдыры

Мехикодағы сәтсіздіктен кейін Абсенттің спорттық мансабына үкім айтылады. Сол кезде оны өзі шыққан елге қайтару туралы шешім шығады. Бұл шақта Тараздың түбіндегі №49 жылқы зауыты тарап кеткен. Ақыры біздің №97 зауыт қабылдап алады да, Олимпиада чемпионынан тұқым алуға міндеттеледі», — дейді кейіпкеріміз.

Молдаш Әміреұлы бәйге атын баптайтын атбегі болғанымен, Абсент зауытқа келген кезде шаруашылықты ұйымдастыруға жауапты басшылардың бірі болып жүрген еді.

«Ол кезде зауытта Вениамин Иванов деген кісі директор еді. Сол кісі Абсентті әкеме тапсырады. Қазір ойлап отырсам әкеме тапсыруының бірнеше себебі болған сияқты. 1957 жылы №97 жылқы зауытына Түркіменстаннан бір үйір ақалтеке әкелді. Ал біздің зауыттың тау етегінде тұрғанын айттым. Шетінен құмның жылқысы екен. Келген бетте бірнешеуі мертігіп үлгереді. Ақыры тұтас үйірді түгел әкеме сеніп тапсырады. Әкем сол үшін тауға көшіп, жылқымен бірге өмір сүреді. Кейін Вениамин Иванов айтып жүретін. «Тауға барсаң Молдаш қайсы, жылқы қайсы ұқпайсың, жылқымен бірге жайылып, жылқымен бірге тынығады», — деп күледі екен. Расында да, әкемнің қарауына өткен соң бір де бір ат мертікпей, түгел тауға жерсінеді. 1957 жылы мен баламын. Қыз болсам да, шешемнен гөрі әкеме үйірсек едім. Соның қасынан бір елі қалмай жүріп жылқыға деген ықыласын да жұқтырдым. Әлі күнге дейін әкем мінген аттардың есімін түгел жатқа білемін.

Молдаш Әміреұлы Бандуристің үстінде

Бірнеше себебі болды дедім ғой. Тағы біреуін айтайын.

Бір жолы зауытқа Сингапур деген араб тұқымды қарақасқа ат әкелді. Нәтиже көрсете қоймаған соң Алматыдағылар жарысқа жарамсыз деп қайтарған екен. Әкем оны 2-3 жылдан кейін қайта жарысқа баптай бастады. Бірақ Сингапур деген аты базаға тіркеліп кеткендіктен ресми жарысқа жіберілмейтін еді. Боран деген атпен қайтадан қосып жүрді.

Бірде малшылар өздері 40 шақырымға ат жіберді. Сингапурге мінетін бала табылмай, әкем інісіне қолқа салады. Үстінде атқа жеңіл бала емес, сүйегі ірі ересек адам отырғанына қарамастан Сингапур бірінші келді. Оны естіген зауыт басшылары қайтадан жарысқа қоса бастады. Алматыдағы кезінде жүлде алмайды деп қайтарған Сингапур енді міне, Боран деген есіммен бірінші келді. Сингапурдың Луговойдағы бір жарысын өзім де көрдім. Әкем бәйгеге ат қосса, атшабардың ортасында жүретін де қоятын. Сол жерде елден саяқ тұрып, аттардың аяқ алысын бақылайтын. Ол қосқан аттар не шыға салып алда кететін, не ең соңғы болып шығатын. Әйтеуір қалың нөпірдің арасына кірмеуі керек. Ол жолы Сингапур ең соңғы болып бастады. Мәреге 3 айналымдай қалғанда ортада тұрған әкем шабандозға қолмен белгі берді. «Ат бауырын жазып шабады» деген сөздің мағынасын сонда түсіндім. Сингапурдың сондағы көсіліп шапқан көрінісін мәңгі ұмытпайтын шығармын. Ең соңында келе жатқан жүйрігіміз жарты айналымға жетпей бәрінің алдына шықты да, өзгелерден оқ бойы алда келді.

Әкемнің осы қасиетін бағалаған шығар. Совет одағына ат спортынан алғашқы Олимпиада алтынын әперген текті жануарды қор қылмас деп, әкеме тапсырған еді», — дейді Мерует Молдашқызы.

Молдаш Әміреұлы Абсенттің үстінде

Тағы бір қызық дерек — Молдаш Әміреұлының тақымына ылғи қарақасқа ат бітеді екен.

«Бір көкбоз бен торы қасқа болды. Қалған атының бәрі қарақасқа еді. Мен ес білгенде Алмас деген атты мініп жүрді. Керемет жүйрік болатын. Ол кезде біздің ауылдың малшылары жазда қырғыз жақтағы Сусамыр деген жайлауды жайлайтын. Қазақтар көшіп бара қалған кезде бәйге болады екен. Сонда қырғыздар «Молдаштың қара қасқасы қатысса, ат қоспай-ақ, қояйық» дейтін көрінеді. Бірақ ол үлкен спортқа араласа алған жоқ. Тек облыс көлемінде, аудан көлемінде шектелді. Арғы тегі араб тұқымды болатын. Тағдыры сәл аянышты аяқталды. Мен шамамен 5-6 сынып оқып жүргенде арасында өзбек пен қазағы бар бір топ адам келіп, бірнеше күн біздің үйде жатты. Алмасты сатып алуға келіпті. Екі-үш күн қасынан шықпай жүріп, әкемді көндірді. Тек әжем қарсы болды. Бірақ әкем уәде беріп қойған, амал жоқ сөзінде тұрды. Әжем Алмасты әкетер кезде мені жетектеп алып қораға барды да, жылап жүріп қайшымен жалынан бір тұтам қиып алды. Оны үйге әкеп тұмарға түйіп, төрге іліп қойды.

Мен де қатты қиналдым. Өйткені жүйрік болғанына қарамастан, өте жуас, басы жұмсақ еді. Ымыңды деміңнен сезіп тұратын. Ат құлағында ойнап үйренгенім сол Алмастың жуастығынан шығар. Сөйткен Алмас жарты жыл болмай көкпарда мертігіп өліпті. Ол көкпардың аты емес болатын. Әкем көкпарға бәйгенің атын салмайтын», — деп еске алды балалық шағын.

«Тарих бұрмаланбасын»

Енді Абсентке оралсақ. Олимпиада чемпионымен бірге Луговой жылқы зауытына газ келеді. Облысқа келген үлкен-кіші ұлықтың бәрі Абсентті көзімен көріп кетуге тырысатын. Ал басшылар жиі бас сұғатын ұжымның шаруасы ретті, төрт құбыласы тең болуы шарт.

Абсент пен Қонаев (викторда)

«Абсент келгеннен кейін асыл тұқымды айғырларға бөлек қора салды. Әкем сол жердің бригадирі болды. Абсент көзі жұмылғанша сол қорада тұрды. Сүйегі де сол жерге көмілді…

Абсент келген кезде мен оқуда едім. Ауылға соққан кезде елдің мәре-сәре болып жатқаны есімде қалыпты. Әкем бригадир болғандықтан көбіне ұйымдастыру жұмыстарымен жүретін. Бірақ Абсенттің күтіміне өзі қарайтын. Тіпті жал-құйрығына дейін өзі тарап жүретін. Тағы бір келгенімде Абсент жатып қалған екен. Әкем соны уайымдап, қатты қиналып отырды. Ол кезде мен басқа ауданда жұмыс істеп жүрген кезім. Содан Рим Олимпиадасының алтынын бірге алған Филатовты Мәскеуден шақырады. Жокей кіріп келіп, Абсент билейтін әуенді ысқырып шырқайды. Жем-судан қалып, қимылсыз жатқан жануар сонда ғана басын көтеріпті. Филатовтан бөлек Иван Калита да Абсентті мініп көрген. Бірақ ол Абсентпен Олимпиада медаліне қол жеткізе алған жоқ. Оның бағы басқа атпен жанды», — дейді ол.

Көгершін жұртына Абсентпен бірге келген құт Абсентпен бірге кетті деп ырымдайтындар бар көрінеді.

«Әміре әулетінде әкемнің жолын қуып, шындап жылқымен айналысқан адам болмады. Әкемнің інісінің екінші баласы біраз жыл айналысқан. Кейін ол да қойды. Совет үкімет тараған кезде зауыт 2-3 ұжымдыққа бөлініп кетті. Менің әкемнің қорасы болған жерде бір орыстың жігіті біраз жыл жақсы жұмыс істеді. Өте таза, тиянақты ұстап келді. Жуықта ол да қайтыс болды. Енді қалай болатынын білмеймін. Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайында Базарәлиев дейтін Ресейден келген қазақ бәйгеден соңғы болып келген балаға жүлде беріп, елдің есінде қалған еді. Біздің жылқы зауытының негізгі бөлігін сол алған. Көп жыл біздің Көгершінді сол кісі басқарды. Оның кезінде жаман болған жоқ. Ол да бірақ кетіп қалды.

Ауылдың бір малшысы айтатын көрінеді. «Әй, Әміреевтер, біреуің мына жылқыны алсаңдаршы. Сендер алсаңдар ауылға береке кіріп, қайтадан көтерілер еді» депті. Бірақ ондай жауапкершілікті мойнына алатындай бізде ешкім жоқ», — деді Меруерт Молдашқызы.

Абсенттің ескерткіші (Тұрар Рысқұлов ауданы, Көгершін ауылы)

Талантты күйші, жазушы әрі ғалым Асқар Сүлейменов Молдаш Әміреұлы мен Абсент туралы «Люди и кони» деген 15 минуттық фильм түсірген екен. Көзінің тірісінде жамбылдық атбегімен аралас-құралас болып, дүниеден өткенде әулетке арнайы келіп көңіл айтыпты.

Келгендерің дұрыс болды, балам. Абсент туралы аңыз көп. Уақыт өткен сайын сол аңыз түрленіп барады. Тарих бұрмаланбасын деп саған білгенімнің бәрін айттым. Соңғы рет әкемнің қорасына 2-3 жыл бұрын барып қайттық. Зауыт тоқтамағанымен, Абсенттей бір ат әлі шыққан жоқ. Кейде соған қапаланам, – деп аяқтады әңгімесін Меруерт әжей.

Есімжан Нақтыбай,

ҚазАқпарат ХАА

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.