Төрегелді Шарманов. Бие сүті — ана сүтімен пара-пар
Бие сүті – саумалдың ақуыз, май, көмірсу секілді негізгі үш қоректік заттектері бойынша ана сүтіне жақын, дара қасиетін басып айту қажет, тек майлылығы төмендеу: 1,7 пайыз, ана сүтінде 3,5 пайыз.
Оны емшек жасындағы сәбилерге ана сүтінің алмастырғышы ретінде немесе балалар тағамының негізгі құрамбөлігі ретінде қолдануға болады. Саумалдың құрамындағы ақуыздың жалпы мөлшері 1,85-2,20 пайыз. Бұл орайдағы сапалық құрамы жағынан саумал ана сүті секілді «альбуминдік» сүтке жатады. Бұл оның жақсы сіңімділігін анықтайды.
Сондай-ақ, саумалдың құрамындағы лактоферрин мен иммуноглобулиндер елімізде ушығу үстіндегі түрлі қатерлі ісік ауруларына қарсы, бактериялар мен вирустарға қарсы, уытсыздандыратын қасиеттері бар, жұқпалы аурулардан қорғауға ықпал етеді.
Саумалдағы сүт майының құрамы ерекше, май түйіршіктерінің сиыр сүтіндегіге қарағанда кішірек болуына сай ішекте жеңіл сіңеді. Оның құрамында көп қанықпаған май қышқылдарының мөлшері үлкен, осыған байланысты қан қысымын реттеуде, иммунитетті арттыруда, антиоксиданттық қорғанысты арттыруда қатысатын түрлі гормондардың, простагландиндердің түзілуі мен реттелуіне ықпал етеді.
Саумалдың құрамындағы лактоза сиыр сүтіндегі қантқа қарағанда жеңіл ыдырайтындығы белгілі, бұл оның сіңімділігін арттырып, ұйқы безіне жүктеме түсірмейтіндігін түсіндіреді, бұл орайда қант диабеті ауруы кезінде қолданысқа жарамдылығын айқындайды. Саумалдың құрамындағы галактоза, галактозамин секілді көмірсулар, сиал қышқылы және басқа амин қанттары мидың дамуына оңтайлы әсер етеді, осыған сай, әсіресе, балалардың дамуында қажеттілігі айқындалады.
Ал С дәруменінің мөлшері бойынша оны рекордсмен атауға болады. Орташа алынған деректер бойынша, аскорбин қышқылының саумалдың 1 литріндегі мөлшері маусымға байланысты 90-135 мг, кейде, тіпті, 250-330 мг-ға жетеді. Саумалдың немесе қымыздың 500 мл адам организмінің С дәруменіне тәуліктік қажеттілігін қамтамасыз етеді. Бір ерекшелігі, осы мөлшерден асыра тұтынғанның өзінде гипердәрумендік немесе басқа жанама әсерлер туындамайды. Осы орайда қымыздың әдеттегі дәрі-дәрмек құралдарынан айырмашылығы зор. Дұрыс дайындалып, сақталған қымызда аскорбин қышқылы мөлшерінің бастапқымен салыстырғанда артатындығы айқындалған (16 пайызға дейін).
Жалпы, қымыздың басты қасиеті ретінде оның осы С дәрумені – аскорбин қышқылының қасиеттеріне негізделетін антибиотиктік және иммунитетті арттыру әсерін атау қажет. Көптеген ғылыми еңбектерде қымыздың туберкулез таяқшасын жоятындығы, яғни, антибактериалдық қасиеті дәлелденген. Қымыз Кеңес заманынан бері өкпе туберкулезін кешенді емдеу құрамында табысты қолданылады, осы ауруға қатысты шипажайлар жағдайында емдәм құрамына енгізілген.
Сондай-ақ, қымыздың бактерияларға қарсы сипаты дизентерия, іш сүзегі секілді ішек тобы бактерияларына да қатысты айқындалған.
А дәруменінің саумалдағы мөлшері кейбір деректерге сүйенсек, сиыр сүтіне қарағанда екі есе көп (сәйкесінше, 0,6 және 0,3). Басқа дәрумендер бойынша да саумалдың құрамы ана сүтіне таяу. Е, В, В12 дәрумендерінің, ниациннің мөлшері де саумалда сиыр сүтіне қарағанда көбірек. Аталған дәрумендердің аскорбин қышқылымен ерекше физиологиялық бірігуі саумал мен қымыздың ас қорыту органдарының ауруларына оңтайлы әсер етуін анықтайды.
Сонымен қатар, қымыздың гемопоэз – қан өндірімі үрдістеріне оңтайлы әсер етіп, қандағы гемоглобин, ферритин, трансферрин деңгейін арттыруына сай денсаулық сақтау саласының күрделі мәселесі – темір тапшылықты анемияның алдын алуда үшін таптырмайтын құрал екендігі айқын.
Микроэлементтер бойынша саумалда кобальттың, темір мен мыстың, бромның мөлшері жоғары. Ферменттер бойынша лизоцим мен амилаза мөлшерінің үлкен мөлшері (сәйкесінше, 64-126 мг/л және 32-64 бірл.) және осы орайда ана сүтіне тән келетіндігі анықталған. Ал салыстырмалы түрде қарастырсақ, сиыр сүтінде бұл заттектердің мөлшері аса мардымсыз. Бұл саумал немесе қымыздың ішектегі пайдалы микрофлораның түзілуіне, зиянды микрофлораның жойылуына, ас қорытуды жақсартуына ықпал ететіндігін білдіреді. Лизоцим түрлі дерт пен микробқа қарсы қорғанысты күшейтеді, амилаза майды ыдыратуға септігін тигізеді. Осыдан саумал мен қымыз асқазан-ішек жолдарының созылмалы гастрит, гастродуоденит, өт жолдары мен бауырдың созылмалы аурулары, холецистит, ішек аурулары, колитте жақсы емдік әсер көрсетеді. Сонымен қатар, қымыздың қандағы холестерин деңгейін азайтуға ықпал етуіне байланысты атеросклероз, миокард инфарктісі, инсульт секілді жүрек-қантамыр жүйесінің ауруларының алдын алуда маңызды.
Төрегелді ақсақалдың саумалға қатысты бұған дейін де айтқан ойын мына жерден оқуға болады.
Төрегелді Шарманов