Әлібек Базарғалиев: Жылқышы мен жылқы иесі түсініскенде ғана еңбек нәтижелі болады
Бүгінгі таңда еліміздегі 3 млн-нан астам жылқының небары 7 пайызы ғана асыл тұқымды.
Ал мемлекет жылқыға субсидия беруді мандытпай отыр. Онда да жылқыңыз асыл тұқымды болмаса, арқаржалақ субсидиядан дәметпей-ақ қойсаңыз да болады.
Осы орайда қазақтың төлтума тұқымы саналатын мұғалжар жылқысын өсіріп, асылдандырып, еліміздің барлық өңірінде таратып отырған «Жансая» шаруа қожалығының басшысы Әлібек Базарғалиевпен үзенгі үстінде әңгімелескен едік.
— Әлібек аға, әңгімені жылқышылардың жағлайынан бастайықшы…
— Жылқышылардың жағдайы жайлы айтарда, екі жақты ойлау керек. Бұрынғы кезде жылқышыға, малшы-жалшыға, техниканың айналасындағы, тракторшы жігіттерге басқаша қарайтын. Қазір көзқарас өзгеріп келеді.
Кейбіреулер, «мен саған 5 жылдан кейін немесе 10 жылдан кейін үй алып берем, жағдайыңды жасаймын, сен менің жылқымды бағасың» дейді. Он жыл деген ұзақ уақыт. Оған шыдайтындар бар, шыдамайтындар бар.
Ал менің ойымша, олай болмауы керек. Әуелі жылқышының жағдайын жасау керек, ол сенің малыңа қараған кезде артында қалған бала-шағасына алаңдамауы керек. Ал отбасына, тұрмыстық жағдайына алаңдап жүрген жұмысшының жұмысында нәтиже болмайды.
Мысалы мен жылқышыны жұмысқа алған кезде, бірден екі бөлмелі пәтерін, жеңіл көлігін алып бердім. Жылқышы болатын адамның әуелі әлеуметтік жағдайын дұрыстау керек. Ал мұндай қамқорлықты жылқышы да саналы түрде түсіне білу керек. «Неге асты-үстіме түсіп, жағдайымды жасап жатыр?» дегенге ойлануы керек. Және сол түсінікпен еңбек етуі керек.
— Айлығы бөлек қой?
— Әрине, пәтері мен көлігі айлық еңбекақысының сыртында, ал айына 200 мың теңге айлығын бөлек беремін. Одан бөлек те күнделікті тұрмысында, отбасына қажетті дүниелермен көмектесіп отырамын. Жем-шөбі, көмірі, т.б. деген секілді. Бұл айлығына, еңбекақысына қатысы жоқ көмектер.
Осындай жағдайда ғана жылқышы сізге шынайы пейілімен жұмыс істеп, тұрақты болады деп ойлаймын.
— Осы өзіңіз айтып отырғандай мүмкіндіктерді жасап, әлеуметтік мәселелерін шешіп беріп отырсақ та жылқышы табу қиын дейтін шаруашылықтар бар?..
— Оның да себебі бар болуы мүмкін. Кейбір шаруашылық басшылары жылқышының отбасына жағдай жасаса да, жылқы қосының басында ондай жағдай жасамауы мүмкін. Одан кейін, кейбір жылқылы байлардың арасында, «барлық жағдайыңды жасап отырмын» деген менмендікпен жылқышыға құлы секілді қарайтындар бар. Жылқышы – сенің құлың емес. Ол адам баласы. Сондықтан, оған отбасында қандай жағдай жасасаң, жылқы қосында, шаруашылықта да дәл сондай жағдай, дәл сондай қамқорлықпен қарауың керек.
Десе де мен жылқышыларды жақтап отырған жоқпын. Шаруашылық басшысының сондай қамқорлығын түсінбейтін, «менен басқа жылқышы таппаған соң, амалсыз жасап отыр» деп ұғатын жылқышылар да бар.
Мұны неге айтып отырмын? Шаруашылықпен айналысатын қожайын мен сол шаруашылықтың ретін тауып, жұмысын дөңгелентіп әкететін жылқышы арасындағы қарым-қатынас сыйластыққа, құрметке, аға-бауырлық ізетке құрылмаса, бәрі бекер екенін түсіндіргім келеді.
— Осы айтып отырғаныңызды өзіңіз жасайсыз ба? Яғни жылқышыңызбен қарым-қатынасыңыз қандай?
— Әрине, өз басымда болған соң айтып отырмын. Жылқышыларыммен аға-іні секілді сыйласамыз. Мен үшін ол жылқышы емес, жылқышым деп қарамаймын. Олар мен үшін туған інім секілді. Жылқының жағдайын үнемі ақылдасып отырамыз. Ауа райын, қысқа дайындық, қысты қалай өткізіп, қалай шығамыз деген секілді мәселенің бәрін ақылдасып отырамыз.
Егер жылқышы мен қожайын арасындағы қарым-қатынас дұрыс болмаса, мың жерден әлеуметтік, тұрмыстық жағдайын жасасаң да, ешқандай нәтиже шықпайды.
Қазіргі кезде біздің жылқышылардың арасында әлеуметтік мәселе мүлде жоқ десем болады. Керісінше біздің арамызда – табиғат-қожайын-жылқышы-жылқы. Осы төрт жағдай ғана бар.
Табиғатқа бейімделу үшін – жылқы мен жылқышының жағдайы дұрыс боуы керек. Жылқышының жағдайы – менің мойынымда болса, жылқының жағдайы – жылқышының иойнында. Жылқы жағдайы деген – жазғы жайылымы дұрыс болып, қысқы тебінді сақтау, оған жазда жылқыны жолатпау. Осының айналасында күнделікті сұрақтар туындап отырады.
Мысалы қысқы тебінге жазда бір күн жылқың түсіп кетті ме, қыста жер сипап қаласың. Ақ боранда тебіннен тіс шұқитын көлденең шөп таппаған жылқының жағдайын елестетіп көр. Ал жылқының кетеуі кетсе, жылқышы мен қожайын арасында түсініспеушілік болды дей бер. Біз өзі сондай халықпыз ғой, кемшілікті біреуден көре кетуге дайын тұратын.
Өз басым жылқы бағып отырған қожайын ретінде соның жерін, шөбін, жаз жайлауын, күзеуін, жазғытұры төлдеу кезінде қайда баруы керек, қысқы тебіні қай өңір болғаны дұрыс дегеннің бәрін ескеріп, жылқышылармен ақылдаса отырып шешемін. Сондай жағдайда ғана нәтижеге жетуге болады.
— Неше жылқышыңыз бар?
— Үш жылқышым бар. Бұрынғы кезде қосағасы, бас жылқышы, аға жылқышы деген болды ғой. Менде ондай жоқ. Жылқышыларыма тең қараймын. Менің алдымда олар – бірдей. Әркімнің өзіне жүктелген міндеті бар. Мысалы біреуі жылқының жағдайына жауап берсе, біреуі жылқышының жағдайына жауап береді, бірі тағы басқасына деген секілді.
— Жақсы, жылқышылардың жайына қанықтық. Енді әңгімені жылқыға қарай бұрайықшы. Соңғы кезде ет-сүт бағытындағы жылқы көрмесін ұйымдастырып жүрсіздер. Бұған дейін Оралда, Ақтөбеде, Павлодарда өткізгендеріңізді білемін. Бұл идеа қайдан келді және мақсаты қандай?
— Еліміздегі жылқы шаруашылығы өзге шаруашылықтарға қарағанда кенжелеп қалды. Мысалы ет-сүт бағытындағы жылқы шаруашылығына, қателеспесем соңғы 5 жылда ғана бетбұрыс түзелді деп ойлаймын. Оған дейін әсіресе ет бағытындағы сиыр шаруашылығына көбірек көңіл бөлінетін. Көптеген субсидия сол салаға құйылды, көптеген мүмкіндік жасалды. Тіпті шошқа шаруашылығы, құс шаруашылығы жылқышылардың түсіне кірмейтін субсидия алып келді. Әлі де солай. Ал жылқы мен түйе, бір сөзбен айтқанда, жетім баланың күйін кешіп, іздеушісі жоқ сала секілденіп қалды. Содан кейін жылқы шаруашылығымен айналысатын азаматтар, ғалымдар бірлесіп Ет-сүт бағытындағы жылқы шаруашылығы палатасын аштық. Қазір әмбебап жылқы тұқымдары деп өзгерді, содан бері аз да болса дамуға аяқ бастық.
Түрлі деңгейдегі конференциялар ұйымдастырылды. Биыл алғаш рет көрме өткізуді қолға ала бастадық. Бұған дейін Оралда, Ақтөбе облысында өткіздік. Жақында Павлодар қаласында өткен жылы тіркелген облыстық жылқы шаруашылығы қауымдастығының мұрындық болуымен өткен Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының аясында Республикалық жылқы көрмесі өтті.
Конференцияға өз елімізден бөлек Қырғызстан, Ресей, т.б. мемлекеттерден жылқытанушы ғалымдар қатысты. Ал жылқы көрмесіне Ақтөбе, Павлодар, ШҚО, Абай, Ақмола облыстарының жылқы өсіретін шаруашылықтарынан мұғалжар, көшім, новоалтайский тұқымдары мен бесқарағай, бестау типтерінің ең мықты деген жылқылары қойылды.
Осыдан-ақ елімізде ет-сүт бағытындағы жылқы шаруашылығының алға жылжып келе жатқанын байқауға болады. Оның сыртында, бір айда еліміздің бүкіл өңірін қамтыған үш үлкен шара өтті. Екі өңірде халықаралық дәрежедегі семинар өтті. Мысалы, басқасын айтпағанда, Ақтөбе облысы, Алға ауданында өзім басқарып отырған «Жансая» шаруа қожалығының базасында өткен семинарға еліміздің 6 облысынан 160-тан астам делегат қатысты. Бәрі де осы жылқы шаруашылығын қайтсек дамытамыз деп жүрген азаматтар.
Одан бөлек, 1 қыркүйек күні Ақтөбеде тек мұғалжар және көшім жылқы тұқымдары қатысқан ауқымды жылқы көрмесі өтті. Сол көрмеде біз екі бас жүлдеге, бір екінші, бір үшінші орынға ие болдық. Ал Павлодарда өткен жылқы көрмесіне апарған Залқұла атты айғырымыз мұғалжар тұқымы бойынша бас жүлдені иеленіп қайтты.
— Сіз шаруашылықта тек мұғалжар тұқымын ғана өсіресіз. Біздің білуімізше мұғалжар қысы-жазы өз аяғымен, өрісте жайылып шығады. Яғни аса қатты қадағалап отырмайсыздар дегенім ғой. Ал осындай жағдайда бір тұқымды таза сақтап отыру, оның қанын тұрақты, стандартқа сай етіп өсіру қиын емес пе?
— Егер өз кәсібіңді жан-тәніңмен жақсы көріп, соған профессионалды деңгейде жұмыс істейтін болса, кез келген жұмыстың қиындығы жоқ. Сол секілді жылқы шаруашылығын да бар болмысыңмен жақсы көріп, соған беріліп істесең, қолдан келмейтін шаруа жоқ.
Қиындық неден туындайды? Көбіміз мал шаруашылығы дейміз де, атүсті қарап жүре береміз. Ал күнделікті осы жылқының жай-күйіне алаңдап, оның әрбіріне жаныңды ауыртып, жылқы шаруашылығын тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, халықаралық деңгейге шығарсам деген талап, міндет, мақсатың болса, күнделікті жұмысыңа айналады. Кез келген адам өзі нан тауып отырған ісіне сүйіспеншілікпен қарамаса нәтиже болмайды.
Мысалы біздің жылқы бір типті. Оның жаңағы үлкен-үлкен айғырларын қанын бұзбай, сұрыптау, олардан тараған құлындарды өсіру – осының барлығына жылдар керек. Ал менде дәл қазіргі уақытта 100-ден астам айғыр бар десем, көп адам сенуі мүмкін, көп адам тіпті сенбеуі мүмкін. Енді ойлай беріңіз, мен қалай жұмыс істеуім керек екенін.
— Қалай сұрыптайсыз сонда?
— Жаңағы 100-ден астам айғырдың әрбірінің үйірінде 25 биеден бар деп есептесек, мен сұрыптап отырып, ең мықты айғыр мен ең мықты биеден туған құлынды өзіме алып қалып отырамын. Ол жылына 20-25 қана құлын болуы мүмкін. Ал 5 жылда мен жыл сайын 15-20 құлын алып қалған күннің өзінде, 80-100 сапалы жылқы өсіп шығады. Мысалы мен биыл, 2022 жылы өзімнің ең атақты – Залқұладан, Алтынжалдан, Парасаттан, Бурасаннан, т.б. мықты деген айғырларымнан сапалы, етті, денелі деген 12 құлынды өзіме алып қалдым. Демек, болашақ 12 айғыр, аманшылық болса дайын деген сөз.
Кешегі Ақтөбеде өткен жылқы көрмесінде Бозтаңдай деген айғырымыз 2015 жылғы құлын болатын. Өз қолтумам. Сол 7 жасында республика бойынша «Тұқым чемпионы» атынып тұр. Бұл – 2010 жылдан бері Серікбай Ырзабаев ағамызбен бірлесіп қолға алған жұмысымыздың жемісі.
— Осы жерде бір сұрақты қоя кетейінші, Серікбай Ырзабаев ағаның атын атап қалдыңыз, тұқымды таза сақтау үшін ғалымдарымызбен де жұмыс істейтін болып тұрсыз ғой сонда?
— Әрине, онсыз болмайды ғой. Біз кез келген басқа шаруашылықтар секілді қолға түскен жылқыны малдана бермейміз. Біздің басты ерекшелігіміздің өзі сонда. Бір ғана тұқымды өсіріп отырғандықтан жылқытанушы ғалымдармен, жылқы зерттеушілерімен тығыз қарым-қатынаста боламыз. Қазіргі жетістігіміздің өзі сол Серікбай ағамыздың еңбегі десек болады. Неге десеңіз, ол кісі өзі сұрыптап, қай айғырды қай үйірге қосу керек, қай биеге қай айғырды салу керек дегенді үнемі айтып отырады. Оның сыртында, ол кісі қай линияға қандай айғырды қосқанда қандай құлын туатынын, қандай нәтиже болатынын ескертіп отырады. Ол кісімен бірлескен жұмысымыздың нәтижесі жаңағы көрмелерде бас жүлдені ұтып алуымыз.
Жоғарыда жүлдегер атанған Бозтаңдай соңғы 7 жылдағы еңбегіміздің нәтижесі. Ал біз тікелей мұғалжар тұқымының авторымен жұмыс істеп отырғандықтан сан мен сапа, еңбек пен нәтиже бір-бірімен ұштасып жатуы керек. Ол жағынан осал емеспіз дей аламын. Қазір менің шаруашылығымда алғашқы линияның шөберелері үйір ұстайтын деңгейге жетті. Әрі айғырлардың потенциалы да жоғарылап келеді.
— Соңғы кезде жылқы ұстайтындар ірі жылқыға көбірек қызығатын болды. Мұғалжар тұқымының аса ірі болмайтынын жақсы білеміз. Тұқымның сүйегін ірілендіру ойыңызда жоқ па?
— Рас айтасың, қазір жылқы ірі болғанын қалайтындар көп. Бірақ, мәселе серейген бойда емес. Әрине, әр тұқымның өз ерекшелігі бар. Мұғалжардың ерекшелігі де сол – шоқтығы аса биік емес, кеуде орамы кең, қиғашы ұзындау болғанда, ет беруі артады. Шаршысы мен бойы, кеуде орамы мен сауыры сай келгенде мұғалжардың кез келген айғыры 600-650 кг таза ет бере алады. Біз қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.
— Сіздегі ең ауыр салмақты айғыр қанша келі?
— Тұқым ретінде менің қолымдағы жылқы ет-сүт бағытында деп аталады ғой. Сондықтан салмағы маңыздырақ болады. Биелер – 550-580 келіге дейін ет берсе, айғырлары – 620-650 келіден асырады. Бірақ, бір мәселе бар. Жылқы салмағының ауырлай бергені жақсы емес. Денесі ауырлаған сайын жылқы төзімділік қасиетінен айырылады. Тіпті ең басты мәселе – ет алған сайын айғырлар ұрпақ жалғастыру қасиетінен айырылып қалуы мүмкін. Сондықтан аса қатты салмақ қуудың керегі жоқ.
Бір кезде мұғалжардың түсі мен салмағы деп жүргенде құйырық-жалынан айырылып қалдық. Айғырдың қаба жал, құшақ құйырық болғаны жақсы. Қазір ондай айғыр сирек. Ал тұқымдық ерекшелікке сай жылқының түр-түсі, басы, денесі, аяқтары бәрі сай болуы керек.
— Сөз ләміңізге қарағанда біраз жылқыңыз бар секілді. Осынша жылқыны өсіріп не істейсіз? Етке өткізесіз бе, шетелге шығарасыз ба?
— Мен жылқыны аса қатты жақсы көрем бе, әлде қолымда өскен соң көзін қимаймын ба, әйтеуір союға қарсымын. Әрине, соғымға, күздікке сойып жейміз ғой. Бірақ, шамам келгенінше тірідей сатуға тырысамын.
— Қайда сатасыз?
— Дәл қазіргі таңда Жамбыл облысы мен Шымкент, Түркістан облыстарынан басқа еліміздің барлық облысы менің жылқымды сатып алып отыр. Десе де, Ақтөбеде өткен көрмеге Тараздың жігіттері келіп, көріп, тамашалап қайтты. Әрине, оларға көбінде көшім жылқысы ұнады.
— Көкпарға ат іздеген жігіттер болды ғой?..
— Иә, оңтүстік өңірде көкпар аса қарқынды дамыған. Сондықтан олар көбінде мініске жарамды жылқы іздейді.
— Мен бірде сіздің шаруа қожалығыңызда болған кезде Алтынжал деген айғырыңыздың әлі тумаған құлынын сатып алып жатқан адамды көргемін. Егер құпия болмаса, бір құлынның бағасы қанша тұрады?
— Ешқандай құпиясы жоқ, қазір елдің бәрі нарықты біледі ғой. Бірақ, бағаны белгілейтін мен емес. Нарық қояды бағаны. «Жылқы үшін жарты патшалығымды беруге дайынмын» деген сөз бар ғой, егер керемет айғыр мен келісті биеден туған құлынға ақшасын аямайтын азамат көп. Менің өзім де бір жерде тұқымы жақсы, тегі мықты, сапалы айғыр тұр десе, оның бағасын сұрап жатпаймын, көңіліме жақса бірден сатып аламын. Біздің шаруашылыққа сай, аталық ізіне қан араласпаған, таза болса, ол өз бағасын өзі ақтайды. Сондықтан құлынға құн қоймаймыз. Мысалы биыл ұрғашы құлын тапқан биені көргенде, «келесі жылы осы биеңіз еркек құлын туса, құлынын мен алайын» деп бір жыл бұрын «тапсырыс» беріп кететін адамдар бар. Биені таңдап, оған қосатын айғырды таңдап, «осы екеуінен туған құлынды алайық» деп күтіп жүрген жігіттер көп.
— Демек?..
— Құлынның бағасын нарық қояды. Ол 500 мың ба, 5 млн ба, мен нақты айта алмаймын.
— Аталық ізді таза сақтап, барлық жағынан мұғалжар тұқымының стандартына сай құлын алуға барымызды саламыз деп отырсыз ғой. Дегенмен, мал іші болған соң, сіздің көңіліңіздегідей құлын болмай қалатын кездер бола ма?
— Бізде бие кездейсоқ айғырға қосылады деген мәселе жоқ. Себебі, бүкіл бие нөмірлеулі, қай бие қай айғырдың үйіріне қосылатынын өзіміз сұрыптап отырамыз.
— Ол үшін қандай да бір жүйе немесе сараптамалық орталық жұмыс істей ме?
— Иә, бұрын барлығын қолмен атқарып келгеміз. Бір сөзбен айтқанда жылқы шежіресін қолмен жазып, қай үйірге қандай айғыр салатынымызды жазып отыратынбыз. Енді биылдан бастап Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-мен келісімшартқа отырып, бүкіл жылқының ДНК анықтамасын сол университеттің базасына енгізіп жатырмыз. Болашақта туған құлынның барлық дерегі базада тұрады. Қай айғыр мен қай биенің қосылысынан туғаны, қайда, қашан туғаны толық жазылады. Егер ол құлын сатылса, құйырығынан бір тал қыл алып, лаброторияға анықтауға жібереміз. Сол жерде ол құлынның бүкіл дерегі алдыңыздан шыға келеді.
— Сұрыптауды қай кезде бастайсыздар?
— Тайдан құнан шығарға аяқ басқан кезде бастаймыз ғой. Яғни 1,5 жасарынан бастап сұрыптау басталады. Сұрыптаудан өткен тайларды бағалау басталады.
— Бағалағаны қалай? Жаңа ғана бағаны нарық қояды деген едіңіз ғой?
— Ол бағалау емес, бұл жылқыны кластарға бөлу деп түсінсең болады. Мысалы элита, бірінші класс, екінші класс деген секілді сапалық бағалауын айтамын.
Содан кейін таңдау жасалады. Яғни қайсысы қандай бағытта дамуы керек деген мәселе қаралады. Ет бағыты, сүт бағыты, үйірге, мініске, сатуға деген секілді.
— Мұғалжар тұқымы негізінен ет-сүт бағытында екенін ел біледі. Десе де, «мұғалжар мініс бермейді» дейтіндер көп. Өздеріңіз мінесіздер ме?
— Мініс бермейтін жылқы бола ма? Мінеміз, әрине. Қысқы ақ қар, көк мұзда, ат құлағы көрінбес боранда тебіндегі жылқыны осы айғырлармен бақпағанда, басқа немен бағамыз? Техниканың ешбірі бара алмайтын жерге осы өзіміздің шаруашылықтың айғырлары барады. Солармен бағамыз жылқыны. Мініс бермесе, жүріске төзбесе, оны жылқы деп бағудың не қажеті бар? Егер қаласаңыз, қыста шақырып, мұғалжар айғырларымен қалай жылқы бағатынымызды көрсетуге дайынмын.
Қазір жылқы бағатындардың көбі техникамен, қармотоциклдермен, басқа да жол талғамайтын көлікпен жүреді. Ал бұған дейін осы жылқыны сол айғырлармен, сол тұқымның белді аттарымен бақты емес пе? 40 градус аязда, бір метр қарды тіліп, қосқа тебін аршып, үйірін ит-құсқа бермей, мінсең көлік болған осы мұғалжар айғырлары емес пе?!.
— Жақында бір сөзіңізде Орал жақтан көшім жылқысын өсіруге щаруашылық қамдап жатырмын деп едіңіз. Жалпы көшім мен мұғалжарды бағудың айырмашылығы бар ма?
— Егемендігімізді алған алғашқы кездегі аумалы-төкпелі заманда көшім жылқысының тұқымын құртып алмайық деп, Наурыз Бекмашов деген ағамыз Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданындағы Красногор жылқы зауытын аман алып қалды. Ағамыз осыдан үш жыл бұрын дүниеден өтті. Сол кісінің артында қалған шаруашылығын сатып алдым. Негізі бұл жоспар бұрыннан ойымда жүретін. Біздің жақта «Еділ-Жайық», «Жем-Сағыз» т.б. деген секілді «мұғалжар-көшім» деп екеуін бір-бірінен ажыратпай айтады. Осы ой менің де санамда жүретін. Содан кейін көшім жылқысының шаруашылығын сатып алдым.
Бірақ, салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, көшім мұғалжардан 80-100 келіге жуық артық ет беретіндігімен ерекшеленсе де, екінші жағынан, мұғалжарға қарағанда климаттық жағдайға төзімділігі төмен. Сондықтан да табиғаты жұмсақ, қысы жылы, жазы қоңырсалқын өңірді жақсы көреді. Әсіресе Батыс Қазақстан өңірі, Жайық жағасы, Жанқала, Нарын құмы, Жайық пен Канал бойындағы шектеулі аумаққа ғана жерсіндірілген. Ал мұғалжар кез келген табиғатқа, кез келген ауа райына бейімделгіш, төзімді болады.
— Алдағы жоспар қандай? Осылай тұқымын көбейтіп, алып-сатып отыра беру ме, әлде басқа бір мақсат бар ма?
— Бүгінде Қазақ даласында 3 млн-нан астам ғана жылқы бар екенін білеміз. Соның біреу 8 пайызы, біреу 6 пайызы ғана асыл тұқымды дейді. Ал қазіргі таңда мемлекеттің алдында үлкен сұрақ тұр. Асыл тұқымды жылқыны қалай өсіреміз деген. Бұл сұрақ қайдан шықты? Неге мемлекет бас қатыру керек? Бұл бізді – жылқы шаруашылығымен айналысатындарды да ойландырып отырған сұрақ.
Оның өзіндік себебі бар. Мысалы қазір ауа райы, климат құбылмалы болып кетті. Қыс ортасында күн жылынып, жаңбыр жауып кететін болды. Жаз ыстық, қуаңшылықтан көз ашпайтын болдық. Ал тура осындай құбылмалы климаттық жағдайға төтеп беретін жылқы тұқымын шығаруымыз керек. «Генерал болуды армандамаған солдат – солдат емес» дегендей, қазақ жылқысын халықаралық деңгейге шығаруды армандамаған жылқышы – жылқышы емес дегім келеді. Біз де биыл басталған көрмемізді болашақта халықаралық деңгейге шығарғымыз келеді. Халықаралық деңгейде жылқы көрмесін ұйымдастыра алсақ, өзге мемлекеттер біздің елдің жылқысына қызығушылық танытса, ол еңбегіміздің еш кетпегені. Сол үшін тер төгеміз!
— Әңгімеңізге рахмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын!
Айтпақшы, Әлібек ағамызбен осыдан 4 жыл бұрын жасаған сұқбатымызды мына жерден оқуға болады.