Балуан Шолақтың Ақбозы

7041

Балуан Шолақ – Нұрмағамбет Баймырзаұлы (1864-1919) атақты палуан, сазгер-әнші, сері-саятшы, атбегі-шабандоз, сегіз қарлы, бір сырлы өнер иесі болған. Бала кезінде жылқы бағып жүрген Нұрмағамбет қостың жанында лаулатып от жағып қойып, құрбылары бір жақ, өзі бір жақ болып арқан тартысып ойнап жүргенде отқа құлап, бармағын күйдіріп алып, содан «шолақ» атанады.

Балуан Шолақтың барлық өнерін сөз еткенде ішінде бір оқшау тұратыны ат үстінде өнер көрсетуі, шабандоздық, яғни қазіргі тілмен айтсақ «джигитовка». Ол жайында Балуан творчествосын зертеген С.Мұқанов та, А.Жұбанов та жазады. «…Аздан кейін Балуан Шолақ атты билеп алды. Ол қамшысымен қалай жасқаса жүгенсіз ат солай қарай шапты. Бар шабысымен көсіле сілтеп жүрген аттың үстінде Шолақ ойнауға айналды. Ол біресе аттың оң жағына, біресе сол жағынан қарғып түсіп қайта үстіне шықты, арқасына алақанын тіреп, төбесімен тік тұрды, кейде арқаға аяғын басып, түрегеп шапты, кейде жаядан сыпырылып түсіп, қыл құйрығына жабыса үстіне қайтадан қарғып мінді…»

«Өнерсіз атқа мініп неге керек» деп өзі айтқанындай, көкпарда тайыншаны тақымына сап тартып, бір қолымен аттың тағасын сындырған, білегіне, денесіне жуан көк темірді иіп ораған Балуан Шолақтың тағы бір ерекшелігі – ол өзінің жан серігі Ақбозатына тіл үйреткені. Бұл өнер сонау скиф-сақтардан бастап, қазақ батырларныың біразында кездеседі, бірақ ХІХ ғасырда ұмытыла бастаған еді. Ақбоздың тіл білгені жайында тарихи деректер мен Шолақтың өз өлеңдері дәлел. «…Сол кезде тіл үйренген атты Шолақ бір ауылға байлап кетіп, екінші ауылға барып ән салса, шылбырын үзіп Шолаққа жетіп келеді екен. Шолақтың Ақбозатының Шолақсыз жерде тұрмайтынын көзім көрді деп Нұғыман деген бір ағаларымыз айтушы еді…»

Ақбозат келгенімді менің біліп,

Аузына шойын кілтті салған екен.

Бойыма осы күшім қалай сыйған,

Кілтті жұлып алды шолақ қолым…

Балуан Шолақ орыстың түрмесінің есігін талқан қылып шығып келе жатқанда, атханада қамаулы тұрған Ақбоз иесін сезіп, есікті ашқысы келіп, шойын кілтті аузына салған. Ақбозаттың бұл қылығына тебіренген Шолақ тас сарайдың есігін бұзып кіріп, атты босатып алғандағы шығарған өлеңі:

Ақбозат, айналайын менің қалқам!

Сен үшін талай тасты қылдым талқан.

Жетектеп шылбырыңнан шығарғанда,

Аяғын басты атым алшаң-алшаң.

Жылқыны неге керек босқа мақтап,

Атты айт, мінген ерін жүрген сақтап.

Тоғыз жыл топқан мінген жануарым,

Иығын салды иығыма екі жақтан.

Ақбозат бұл өнерің болды басым,

Домалар өрге қарай тепкен тасым

Жасыңнан тіл үйренген тұлпарым-ай!

Көзімнің тыя алмадым аққан жасын…

Қазақ әңгімелерінде жақсы ат иесіне келер қауіп-қатерді сезіп белгі берген, иесі өлерде басын төмен салбыратып, көзінен жас парлап тұрады. Балуан Шолаққа ажал құрығы таянғанын Ақбозат та сезген. Оған баласының тірі күнінде өз аузынан жазылып алынған мына сөздері дәлел. «Таңертең ерте әкем: «Балам қорадағы аттарды қарашы» деп мені сыртқа шығарды. Шықсам Бозжорға ат сенделіп ауырып тұр екен. Әкеме айтып келдім. «Ал бала, атты жек! Қайтамыз. Енді Атбасар жаққа шықпаймыз. Әлгі шал түсіме күрді. Әуелі атыңды алам, сонсоң өзіңді алам деді ғой», — деп орнынан ұшып тұрды. Айтқанындай Тастыөзектегі ауылға келе Бозжорға пышаққа ілінді, көп кешікпей өзі де қайтыс болды».

Axmet.TАхмет Тоқтабай, argymaq.kz

Негізгі фото: million-wallpapers.ru

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.