Көкпар спортының әдістемелік құралы жарық көрді

1327

Командалық көкпар – елімізде жақсы дамыған спорт түрі.

Алайда Тәуелсіздік алғалы бері бұл спорттық оқу-әдістемелік құралы жасалмаған еді. Бұл олқылықтың орнын ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы толтырды. Белгілі көкпаршылар, жаттықтырушылар мен тәжірибелі мамандардың қатысуымен елімізде алғаш рет «Көкпар спортының оқу әдістемелік құралы» дайындалды.

Басты мақсатымыз – қазақ көкпарының, соның ішінде командалық көкпардың дамуына, көкпар тартуды үйренем деген балаларға, үйретем деген бапкерлерге, көкпар спорты кенжелеп қалған өңірлерге өзіміздің білгенімізді, өз басымыздан өткен, елмізге танымал көкпаршылардың басынан өткен көкпарға қатысты тәжірибені ортаға салу. Солардың үйренуіне, меңгеруіне аз да болса сеп болсын деген ниет – дейді оқу құралын дайындаған мамандардың бірі әрі осы оқу құралының авторы Көкпардан ҚР Бас бапкері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы Қуанышбек Құрамаев.

Бұрын-соңды көкпар спортынан әдістемелік құрал жазылды дегенді естімеппіз. Ал 2021 жылғы мәлімет бойынша ұлттық спорт түрлерінен облыс орталықтарында 12 мектеп, 5 клуб бар. Оның сыртында 3 орталық ұлттық спорт үшін жұмыс істеп тұр. Бірақ ешқандай оқу-құралынсыз.

Оқу құралының дайындалуына Ұлттық ат спорты бойынша ҚР Мемлекеттік жаттықтырушы, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы Нүркен Байбөриев, Көкпардан ҚР Бас бапкері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы Қуанышбек Құрамаев, Көкпардан Алматы облысының аға бапкері Дербісәлі Байділдаев, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы Жанысбек Саев және ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы Нұрдәулет Момынов қатарлы мамандар еңбек сіңірген.

Сонымен қатар оқу құралы көкпар спортын меңгерем деген жастың қандай жаттығу жасап, көкпар атын қалай дайындауына дейін тіпті көкпар шабатын атты қалай таңдап алуға болатынына дейін сызба-иллюстрациямен толықтырылған. Иллюстрациясын Ұлан Мүптеке жасады.

Оқулықты дайындау барысында Тараз қаласындағы спорт орталықтары мен «Әулиеата» көкпар командасының жаттығу базасы пайдаланылды.

Әдістемелік құрал көкпар тартуды үйренем деген балаларға, үйретем деген бапкерлерге көмекші ретінде ұсынылады.

Айтпақшы, бұл оқу құралы сатылымға шықты, алам деген адам 87029017969 нөмеріне хабарласуға болады.

BAQ.KZ

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!