Шәріп Сақтағанұлы. Көкбесті

1962

Сарысу өзенін жағалап отырған елден семіз қозының етіне тойып алып, әкем Сақтаған екеуіміз Жетіқоңыр құмы қайдасың деп, күн намаздыгерден жоғарылау тұрғанда жолға шықтық. Бұл қыркүйек айының аяқ кезі болатын. Елдің жайлаудан күзеуге көшіп жатқан уақыты. Жол үсті көшкен ел. Біреулері күзеуге де қонып үлгеріпті. Самал жел ескен, сайын дала елсіз емес әйтеуір. Күн бата, уақыт – ай да туатын кез, сондықтан қараңғы болып кетеді-ау деп қауіп қылмай, қайта салқынмен өндіріп алайық деп екі аттылы жүріп келеміз.

Әкемнің астында қатты аяңдайтын күрең ат, тұрқы тым биік те емес. Бұл күреңнің бір қасиеті қалай жылдам жүріп келе жатса да, жол үстіндегі нәпақасы – ұнаған шөбінен жұлып жеп отырады. Ал, менің астымда қаражал сары, китіңдеген жорғалығы бар ма, әлде итбүлкіл желісі бар ма, әйтеуір жүрісі жайлы жануар.

Сарысудың сол қабағында белге шыға бере шилеуіттің арасындағы аласа төртқұлақ бейітке қарай бұрылып, аттарымызды аяңдатып сонда келдік. Екеуіміз де аттан түстік. Әкем тізерлей отыра қалды да, маған да отыр деп ымдап, өзі ұзақтау бір сүрені оқи бастады. Мағынасын ұқпасам да анда-санда қайталаған «Мүбин» деген сөзі есімде қалыпты. Қол жайып дұға оқып, ебімен орнынан тұрған соң бейітке жақындап барды да «о, жарықтық» деп бейіттің топырағынан алып, саусақтарымен уатып дем салып орнына қайта шашты да, бейіттің үстінде тұрған бір жылқының күнге қақталып ағарып кеткен бас сүйегінің маңдайынан аялап бір сипады. Мен де осылай болуы керек шығар деген оймен әкемнің істегендерін қайталап аң-таң болып тұрмын. Бұл не қылған соншама қастерлейтін бас сүйек болды екен деп тұр едім, әкем сонымды сезіп қалды білем, маған қарап:

— Мына құран оқығанымыз Боржы байдың бейіті, ал мына жылқының бас сүйегі соның атақты Көкбесті тұлпарының басы — деді.

Аппақ болып қураған жылқының бас сүйегіне зер сала қайта қарадым. Маңдай сүйегі жып-жылтыр болып жарқырап тұр. Жақ сүйегі жоқ тұтас аттың басы. Мен соншама тәу ететіндей басқа жылқылардың бас сүйегінен ешқандай өзгешелік байқай алмадым. Осыдан кейін қайтадан атымызға мініп, жолымызға шықтық. Екі аттылы өгізаяңмен жүріп келеміз, әкем де үндемейді, менде де үн жоқ. Біраз жүрген соң шыдамай, үнсіздікті бірінші мен бұздым:

— Көке (әкемді «Көке» дейтінмін), жаңағы Боржы деген бай кім? Көкбесті деген қандай ат? — деп сұрадым.

— Айтайын, балам. Біріншіден – жол қысқарсын, екіншіден – есіңде сақтап, сен де айта жүрерсің. Мұқият тыңда ендеше, — деп әңгімесін бастап кетті.

— Жаңағы қу бастың басқа жері күнге күйіп қурап кеткенімен, маңдай сүйегі әлі де жылтырап тұрғанын байқаған шығарсың. Оның мәнісі әрі өткен, бері өткен жолаушылар сол бейітке әдейілеп бұрылып, аттың басын сипап өтуді дағдыға айналдырған, содан адам қолымен сипаған жері жылтырап қалған ғой. Қалың қазаққа Бағаналының атын шығарған Көкбесті деген тұлпардың бас сүйегі бұл. Оның жүйріктігі Ақансерінің Құлагерінен кем емес-ау, шамасы. Айырмашылығы – Көкбесті өз ажалынан өлген екен. Әрі оған арнап ән шығаратындай иесі ақын емес. Дегенмен бұл да бір қазаққа біткен қанатты тұлпарлардың бірі екені анық — деп әңгімесін бір үзіп тыныстап алды.

Әкем әңгімені асықпай, әр сөзін нығарлап, мәнімен, жөнімен айтатын адам еді. Бұл жолы да сонысынан таймай, әр сөзін санама сіңіріп әңгімелеп келеді. Менің балалық ойым, тұлпар деген ат ол бір ерекше қасиетті, ертегідегідей қанаты бар жылқы болатын шығар деп келемін. Ал жаңағы маңдай сүйегінен сипағанымыз жәй бір жылқының басы.

— Мәсен ағаңды білесің ғой? – деді әкем әңгімесін жалғап.

— Білемін, өзіміздің Қозыбай руынан, туысымыз ғой – дедім.

— Әп, бәрекелді. Білсең, Мәсеннің әкесі Жүнбайды көріп пе едің – деді маған бұрыла қарап.

— Көргем ол атаны, ұмытпасам ол кісі сүзектен қайтыс болды емес пе, 45-46-жылдары дедім. Ол кезде мен 6-7 жаста едім – деп әкемнің есіне есейіп қалғанымды да салып қойдым.

— Иә, ол бір өте ауыр жылдар еді ғой. Егер Үкімет дәрігер жіберіп, елді емдемегенде бәріміз де кететін едік. Сол Жүнбай атаңның әкесі Құдайберген деген кісі балалық шағында осы Боржы байдың қойын баққан екен. Жаяу мал бағып шаршаса керек, бір күні байдан қой бағуға мінетін ат сұрап барса, бай — анау тұрған тайды міне ғой деп, өзі арық арсиып тұрған көк тайды көрсетіп, сол саған аяқ лауға жетеді депті. Бала Құдайберген қуана-қуана тайды ұстап алып, бас үйретіп қой бағуға мініп алыпты. Аяғаны ма, жақсы көргені ме, әлде бай енді маған осыдан басқа ат берер деймісің дегені ме, Құдайберген көк тайды көбінесе жетектеп жүреді екен. Арасында қой сауып көк тайға сүтін беріп өзіне қолбала қылып үйретіп алыпты. Көк тай өте жуас, адамнан қашу, үрку-қорқу дегенді білмейді. Қай жерге бос қоя берсе, сол жерде Құдайберген келіп алып кеткенше тұра береді екен. Сүт ішіп тойынған соң көк тайдың жүні жылтырап, бәдені көрініп жондана бастайды. Мініп алып қой қайырғанда тіпті қолды-аяққа тұрмайды екен. Жылдам, лып-лып етеді. Күзге қарай шауып көрсе – жоқ, көк тайының жәйті жаман емес, әсіресе қашаған қойлардың адымын аштырмай қуып жетеді. Осылай бір жаз, бір қыс өтеді. Баяғы көк тай, құлпырған құнан болады, одан дөңгеленіп дөнен шыққан кезі. Елдің жайлауға көшетін уақыты да боады. Ол заманда біздің ел, жылырақ болған соң Шу өзенінің алқабын қыстайды. Көктемде қар ери бастағанда ел Шу бойынан үдере жылжи көшіп, Сарысу өзенінің жағасына келіп аялдап, мал төлдетіп, жаз шыға Есіл өзенінің бойына қарай көшетін.

Ал енді, ел Есіл бойына жетісімен бір ұлы мереке басталатын. Той да осында, томалақ та осында. Есілге аман-есен жетудің өзі бір үлкен қуаныш еді. Жаз жайлайтын қоныс орнына таянғанда көшіп келіп жатқан ел арасында «Есіл жарыс» деген жарыс ұйымдастырылып, ел ыю-қыю болады да қалады. Жарыстың басты бәйгесі – шауып озған адам артында қалып бара жатқан адамды, мейлі кім болса ол болсын, бай ма, батыр ма, үлкен демей, кіші демей, шауып бара жатып қамшымен сабап өте алады. Бәйге сол.

Мана таң ата малын айдап шыққан Құдайбергеннің артынан осындай ыю-қыю дабыр естіледі. Әне-міне дегенше қаптап шауып келе жатқан ел де таянып қалады. Ең алдында Боржы байдың өзі, астында атышулы Ақжар айғыры. Құдайберген оны алыстан-ақ жазбай таниды. Шауып жеткен бойда Боржы бай қойымды айдап келе жатыр ғой деп қараған да жоқ, отар қойды шашыратып жарып өтіп Құдайбергенді қамшысымен жақсылап есте қалатындай етіп бір салып өте шығады. Өзі тағы бірдеңе деп айқайлап бара жатыр. Құдайберген ертемен салқындау болған соң қалың күпі киіп алғаны қандай жақсы болған, байдың қамшысы етіне қатты бата қойғанмаған. Байдың артынан шауып бара жатқан жандайшаптары да Құдайбергенді қамшыларымен бір-бір салып өте шығады. Бұған намыстанып қалған Құдайберген:

— Қойының құлағын ұрайын, бүйтіп бәрінен таяқ жегенше ең болмаса қуып жетіп соңғыларынан өшімді алайын – деп, көк дөненді қамшысымен сипай салып еді, көк дөненнің де күтіп жүргені сол екен, басын алдына қаз мойнындай қылып созып алып, шаба жөнеледі. Көп ұзатпай-ақ көк дөнен байдың жандайшаптарының соңғысын қуып жеткен бойда Құдайберген де қамшымен жон арқадан салып өтеді. Одан кейін екіншісін, үшіншісін. Сол бетімен көк дөнен Боржы байды қуып жетіп, жанаса бергенде Құдайберген де көптен ала алмай жүрген өші бар адамдай, байды құлаштап келіп қамшысымен жонарқадан салып өтіпті. Сөйтіп, Құдайберген байдан бүгінгі «Есіл жарыстағы» байда кетіп бара жатқан өшін алады.

Екі жыл бұрын Құдайбергенге қой бағуға өзі берген көк тай бүгінде көкіректі көк дөненге айналып, өткендегі «Есіл жарыста» өзінің жүйрік деп жүрген Ақжар айғырын жөпбелдемде қуып жеткені есінен кетпеген Боржы бай, бір күні Құдайбергенді шақырып алып: «Әй бала, сен мына көгіңді өзіме қайтарып бер, мен саған аяқылауға басқа бір ат берейін, оның үстіне жыл сайын бір соғым беріп тұрайын. Мынауың өзі жүйрік қой, біз оны жақсылап жаратып, бәйгелерге қосып, атын шығарайық. Мұны қойға салып қор қылмайық, тіпті тақымың үйренген ат қой, бәйгеге өзің шауып тұрарсың»-деп баланың делебесін қоздырып қояды.

Байдың өз малын өзіне қайтармайтындай Құдайбергеннің тіреп тұрған қандай жағдайы бар, әрі соғым беріп тұрамын, бәйгеге өзің шабасың деген соң ол да қуана-қуана келісе кетеді.

Ендігі жерде Құдайберген қой бағудан қолы босай салысымен, атты өзі баптап, өзі шауып, үй арасындағы, ауыл арасындағы жарыстардан алдына жан салдырмай жүреді. Көк дөнен де аты шығып, атағы ауылдан ұзап кетеді. Сондай салтанатымен көк дөнен бесті шығып, Көкбесті деген әйгілі атқа ие бола бастайды. Бұл уақытта Құдайберген де баяғы көк тай мінген бозбала емес, 16-17-лердегі жігітке айналған күндері екен…

Сол бір жылы Шудың арғы бетіндегі Қоңырат Оңғарбайдың асы болады екен деген хабар жетеді. Олай болса сол асқа Көкбестіні қосайық деп Бағаналы Сарғалдақ руының жақсы-жайсаңдары Бағаналы елінің аға сұлтаны Ерден Сандыбайұлынан рұқсат сұрапты.

— Сенімді болсаңдар барыңдар, бірақ барған елдеріңмен шатаспай, аман қайтыңдар. Аттарың озса, біз бармыз ғой. Ол Қоңыраттармен қанша жақын болғанымызбен жері шалғай, малы бөлек ел ғой, оның үстіне аз адам бара жатқан жоқсыңдар, сендерге бас қылып Есенғабыл батырды тағайындаймын, сол батырдың айтқанын екі етпей орындап, олжамен қайтыңдар -деп батасын берген екен.

Осы мәмілеге келген соң, бас аяғы жүзге тарта Бағаналының мен-мен деген жігіттері, атты жолай жаратып барамыз деп, ас болатыннан екі ай бұрын, жолдық азық-түлігін артып алып, сойыс малдарын айдап Оңтүстікке бет алыпты. Асқа екі-үш күн қалғанда сауын айтылған ас өтетін жерге жетіп, өз алдына үйлерін тігіп, астың өтетін күнін күтіп жатады.

Бұл астың бәйгесінің жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар шыққан аттарының арасында басты үміткерлердің бірі – бағаналының Көкбестісін біздікілер орналасқан жеріндегі керме ағаштың ең шетіне, көз түспесін деп, нашарлау жабу жауып байлап қойыпты. Басқа атқосқандардың көзін алдамақ болып, атақты Көкбестілері осы шығар деп ойлау үшін жаңағы керменің орта кезіне тағы бір Көкбестіге ұқсас көк атты байлап қояды. Ештеңеден хабары жоқ ол көк ат ойнақшып тұрады. Керме ағаштың екі жағына, мен дайынмын дегендей кезек секіретін көрінеді. Ал Көкбесті болса керме ағаштың шетіне иегін сүйеп қалғып қана тұрған екен.

Найманның Көкбестісін көреміз деп келген елге біздің жігіттер, өзара келісілгеніндей, Көкбесті мынау деп кермеде ойнақтап тұрған көк атты көрсетеді екен. Оны көрген жұрт ол аттың мүсініне сүйсініп: «Көкбесті десе, Көкбесті екен» деп, таңдай қағып тамсанып кетеді екен.

Бәйге өтуге бір күн қалғанда қазаққа аты мәлім Олжай сыншы келіп кермені аралап, Көкбестілерің қайсысы деп сұраған екен, аттарға қарайлап жүрген жігіттер мынау деп көк атты көрсетіпті. Сонда оларға Олжай сыншы: «Сендер басқаны алдағанмен мені алдай алмайсыңдар, Көкбесті мынау, міне жаман жабумен тұрған» — деген екен. Сол күні ертеңгі ас иелерінің үлкен кеңесі болғанда, Олжай сыншы: «Егер бұл аста Көкбесті шапса, мына жүздеген жүйрік дегендеріңнің арасында одан озатыны жоқ. Бәйге соныкі »-деп өз ойын ашық, кесіп айтып тастапты.

Бұл сөзді естіп отырғандар: «Қалың ел Қоңыраттың ішінен Найманға беретін бәйге жоқ. Ол Көкбестіні оздырмау керек» — деп шу ете қалады.

Төрде томардай болып жатқан Қожан би де қомданып тізесіне бір көтеріліп: «Үштосар тұрғанда бас бәйгені өзім аламын, басқа бұрым-шұрым бәйгелеріңді басқа аттарыңа бере беріңдер» — деп кеңк-кеңк күліп алып, қайтадан қисая кетіпті. Көкбестінің атын аузына ала берген тағы біреудің сөзін бөліп жіберіп Қожан би кенеттен орнынан атып тұрып: «Әйтпесе, ол Көкбестілеріңді бұл жолғы мәреге тірі келтірмеймін» — деп қайтадан жантая кетіпті.

Сол кеңеске қатысып отырған, сол елде тұратын, тегі Төре, өзі Бағаналы еліне күйеу болатын Қорғанбай деген кісі осы астың кеңесінде болған әңгімені сол қалпында түгел біздің елдің адамдарына айтып келіпті.

— Аттарыңды осы бәйгеге қоспай-ақ қойсаңдар қайтеді, Көкбестілеріңді өлтіріп аларсыңдар — деп жаныашығандық та білдіреді.

Әлде ас иелерінің әдейі жіберген адамы ма, кім білсін. Оған кейбір жігіт қобалжи бастаған екен, соны сездірмей Есенғабыл батыр жатқан жерінен басын көтеріп:

— Қосамыз атты! Өлсе – бір ат өлер, намыс өлмесін! Арнайы алып келіп, бәйгеге қоспай алып қайтып, елге не бетімізді айтамыз?! Елеп, еміреніп шығарып салған Ерденге не бетімізді айтамыз?! — деп қайтадан шынтақтай кетіпті. Батырдың батымды сөзі осы әңгіменің соңғы нүктесі болып, Көкбестіні бәйгеге қосуды ұйғарып, тұлпарға қастандық жасалмасын деп оны күндіз-түні күзетке алады.

Ертеңгі аста бәйгеге Көкбестімен Құдайбергеннің өзі шабатын болып шешіледі.

Сонымен, бәйге болған күні ат айдаушы екі жігіт бәйгеге қосылатын алпыс шақты атты түгел қосақтап алып, ең соңына Көкбестіні байлап сөреге әкеледі. Қанша дегенмен оңды-солын танып қалған Құдайберген бәйге өтетін орынға барғанша жолды зерттеп, қай жерде не барын барлап, қауіп қайдан келуі мүмкін екенін аңдап барыпты. Сонда ол, болса бір қауіпті жер жолдағы екі жағын қалың қамыс-тал басқан өзен бойы болар деп топшылайды. Межелі жерге аттарды апарып, сөреге қатарластырып тұрғызып, айыл-тартпаларын шабандоздарға тексертіп мінгізіп, «ал, жолдарың болсын!» деп аттарды қоя бергенде, жаңағы екі жігіт Көкбестіні шылбырынан жібермей ұстап қалады. Еңгезердей екі жігітке, өзі шыңжау Құдайбергеннің қайдан әлі келсін, оларға жалынады да, жылайды да. Әлден уақытта шаба жөнелген аттардың шаңы басыла бергенде, «бар ал енді, сен де» деп Көкбестіні де қоя береді. Кеше «өлтіреміз ол атты» деп отырған ас иелерінің, Есенғабыл батыр бастап келген Бағаналылардан қаймыққаны болар, оларға бар істеген қулықтары да, зұлымдықтары да осы ғана болмаған екен.

Біраз шапқаннан кейін соңғы аттарды қуып жеткен Құдайберген тіпті қанаттанып, олардан кейін тағы екі-үш топ аттың жанынан оза шауып бара жатып, кеше керме маңайында танысқан ақкөңіл Алпан деген 12-13 жастар шамасындағы баладан:

— Алдында енді қанша ат бар? — деп сұрайды. Ол:

— Алдында енді 6-7 ат бар, ең алдында Үштосар — деп айқайлап үлгереді. Құдайберген:

— Ал мен де кеттім, онда — деп шаба жөнеледі. Үштосар деген ат осындай бәйгелерге шапқанда алдына шығып алып, екі-үш жерден соңындағы аттардың алдын тосып алатын, ұзындығы есік пен төрдей, өзі биік торы ат екен. Бұл аттың иесі Қожан би Үштосарды асқа арнайы арбамен алып келіп, ас иелеріне мақтанып: «Үштосарымды өңкей жабымен жарыстырмай-ақ шаппай бере салыңдар» — дегенде, ас иелері: «Бәйгеңді шауып ал, зор болғанда атың бір терлер» — деп отырып алған соң, атына әбден сеніп алған би «жарайды онда» — деп маңғазданып көнген болыпты.

Жолдағы бір ойпаңда көк шөп өскен бір табантақ бар екен, кім тосса да сол жерден тосар деп ойлап Құдайберген алдындағы аттардан да озып, сол табанның беліне шыға бергенде, айтқандай-ақ Үштосарды жайып тұрған шабандоз бала атының ауыздығын асығыс сала салып, әрмен қарай шаба жөнеледі. Сонда да келесі қырға дейін Көкбесті Үштосарды қуып жетіп қыр үстіне қатарласып шығады. Енді төмен қарай Көкбесті Үштосарды басып озып кетеді. Үштосардан озып кеткен Құдайбергеннің көңілі жайланып, алдындағы қамысты өзенге қарай беттеп шабады. Бір кезде алдынан қалт еткен аттылы адамның қарасын көріп қалып, оған таянса бір бәле боларын сезіп, жарыс жолынан кішкене ауытқып өзенді өрлей шабады. Әлгі белгісіз атты адам да бұның бүйірінен қабаттаса шауып, бірақ Көкбестінің екпініне шыдас бере алмай қалып қояды. Одан қаша шауып Құдайберген бәйге төбенің арғы жағын айналып өтуге мәжбүр болып, соның өзінде мәреге анадайдан «Сандыбай, Сандыбай» деп ұрандап бірінші болып жетеді.

Ат келді. Көкбесті озып келді деп у-шу болып қарсы алып жатқан Бағаналы жігіттері Құдайбергенді аттан түсіріп алып жатқанда ол, «ойбай, өкшем» деп шалқасынан құлай кеткен екен. Жұрт жиылып жеңімпаз шабандозды көтеріп алып, үйге әкеліп жатқызады. Ентігін басқан соң Құдайбергеннің аяғын тексеріп қараса, бәйгеде шауып келе жатқан Көкбестінің артқы тұяғы үстіндегі шабандозының өкшесін жонып тастапты.

Көкбестінің әңгімесін осы тұстан әкем бір тоқтатып тыныстап алды да, маған:

— Шырағым, адам денесінің басқа мүшелерінің бәрі қалпына келуі мүмкін, ал енді өкшесі жетілмейді екен. Менің жас кезімде Құдайберген әкем үйге жиі келетін. Сонда жүрісі екі өкшесінің майы жоқтықтан, байпаңдаған үйректің жүрісі сияқты болатын. Көкбестінің шабысы туралы әңгіме айтып, «шіркін, Көкбестідей жылқы тумас енді» деп көзіне жас алып отыратын Құдайберген әкем. «Жарықтық, Көкбесті жуастығымен қоса, өте сезімтал, шабандоздың бұйрығын бұлжытпай орындайтын тұлпар еді. Бәйгелерге шапқанда екі қабырға қапталы керіліп-созылып тұрған бейне бір шеміршек сияқты болып кететін. Онысын тақым қысқан аяқтарыммен сезіп отыратынмын» — деп, мінген тұлпарын есіне алып отыратын.

Осы мен саған айтып отырған әңгімені сол кісі біздің үйге бір келгенінде Көкбесті тұлпар есіне түсіп, Оңғарбайдың асындағы әңгімені бүге-шігесіне дейін жеткізіп, өзі айтып беріп еді. Жастайынан қиындықты көп көрген Құдайберген атына заты сай бір Құдай деген адам еді, өтірігі жоқ, жылтыр сөзге әуестігі жоқ, момын кісі болатын — деп әкем маған қарады.

Мен әкемнің дауысынан бір дірілді аңғардым. Толған айдың қарсы сәулесінен жылт ете қалған көз алдындағы қылауды байқап үлгердім. Бірақ үндеген жоқпын.

— Сонымен балам, Көкбесті бәйгеде басқасына шаң қаптырып бірінші болып оза шауып келіпті. Одан кейін Үштосар, басқа аттар да бірінен соң бірі келіп жатыпты. Ал енді, той иелері алыстағы Бағаналы Найманға бәйгені оңай беріп жіберуге қимай, «аттарың басқа жақтан келді, сондықтан бәйге берілмейді» — деп сылтау айта бастаған екен. Бұл жағдай дауға айнала бастайды. Осыған байланысты бәйге қорытындысы туралы отырыс болғанда Есенғабыл батыр қатқыл қабағын түйіп, орнынан бір қозғалып, екі адам мініп алғандай екі иығын қомдап барып: «Ей, Қоңырат! Біз де қалың елміз! Найман деген еліміз бар, Ерден деген еріміз бар! Әрі беріден соң сенің бәйгеге тіккен малың үшін келгеніміз жоқ. Көкбестіміз алыс-жақын аймағымыздың бәйгесін тауысқан соң, сендердің елдеріңде бағын сынау үшін келдік. Құдайға шүкір, бағымыз жанды, Көкбестіміз озды. Ал, тұлпарымыздың бәйге жолының басқа жағынан келгеніне өздерің кінәлісіңдер! Көкбестіні өлтіріңдер деп өзеннің екі жағынан қарауыл қойып, адал аттың арына арамдық жасамақ болдыңдар! Құдайға шүкір, ана шабандозымыз Құдайбергеннің арқасында Көкбестіміз аман келді. Озып келді. Ал, ана Қожан билерің жасаған жымысқы әрекеті үшін, шабандоздың аяғына жара салғаны үшін, кісі құнының жартысын төлесін! Біз бұл жолы бәйгені алмасақ та, Көкбестінің атағы қазақтың кең даласын шарлап кетті. Оны және менің осы айтқан сөздеріме енді тоқтау сала алмайсыңдар. Ал, енді біз бөгелмей көшеміз» — деп Есенғабыл тұрып, етегін қағады да шығып кетеді. Отырғандардың ешқайсысы да үндей алмай төмен қарап қала береді.

Бағаналының асқа келген жақсы-жайсаңы ренжіп көшіп кеткенде, артына күн салмай Қоңыраттың ас берген елінің атқамінерлері оларды қуып жетіп, «ашуларынан қайтсын, бәйгесін алсын деп жатыр ақсақалдарымыз» деген соң Есенғабыл батыр бастаған Бағаналылар қайта оралады. Келсе Қоңыраттықтар Көкбестінің бәйгесі мынау деп 100 жылқы, түйеге артқан бір жасаулы отау, бір құйма алтын жамбы дайындап отыр екен. «Бізден бір ағаттық кетті, ашуларыңызды басыңыздар» — деп кешірім сұрап, сый-сыяпаттарын жасапты. Ал Қожан би болса, «шабандоздарыңның өкшесінің құны, ат-шапан айыбым» деп 15 байтал беріпті.

Осылай асқа қатысқандар аман-есен елге қайтып бара жатып, арқа-жарқа болып бәйгеден түскен олжа малдарын айдап Ерден сұлтанның ауылына келіпті. Есенғабыл батыр Ерден сұлтанның үйіне сәлем беріп кіріп:

— Ал, Батыр атыңыз озды. Бәйгеңізді алыңыз, бәрінің де шып-шырғасын шығармай аман алып жеттік — деп болған жағдайды түгел баяндап береді.

Ерден сұлтан әңгімеге қанығып, жағдайдың бәрін өз құлағымен естіп болған соң көңілденіп, бәйгеге алып айдап келген жылқыларды аралап жүріп:

— Мына бір сарыны ұстап беріңдер — деп бір қаражал сары құнанды көрсеткен екен. Содан соң: — Ал басқа малды ауылдарыңа алып барып Сарғалдақ еліне үлестіріңдер. Сендердің де ақсақал-қарасақалдарың бар ғой. Олар да жолдарыңды тосып, екі көзі төрт болып, тілеулеріңді тілеп отырған болар. Соларды бір қуантыңдар. Құдай қойса мына қаражал сары құнан Көкбестіден кем болмас, бұның да талай бәйгені алатын түрі бар — деп үйіне оралып жолаушыларға қонақасы беруді бұйырыпты.

Сол астан бәйгеден ұтып алған көп жылқының ішінен Ерден сұлтан өзі таңдап алып қалған қаражал сары құнан кейін Ерденнің атағына атақ қосқан айтулы «Сағым сарысы» болған екен.

Міне балам, Боржы байдың бейітіндегі аттың қу бас сүйегінің қасиеті осында — деп әңгімесін аяқтап еді әкем.

P.S. Бұл әкемнің әңгімесін естігеніме де көп жыл өтіп, сол Боржы байдың бейітінің жанынан қанша өтсем де, аттың басы бар ма екен деп бір ойға келмеппін. Осыдан бірер жыл бұрын сол Көкбестінің бас сүйегі есіме түсіп, жолымнан әдейі бұрылып барып бейіттегі аруаққа құран бағыштадым. Бұрынғы тұрған орнында бас сүйек көрінбеді. Әуелі бейітті сыртынан айналып қарап шығып едім, еш жерден бас көрінбеді. «Япырау, Көкбестінің қадірін білетін біреу бас сүйегін музейге қоюға алды ма екен» — деген ой келді. Сол бұрынғы тұрған орнына барып таянып, бейіттің ішіне үңіле қарадым. Уақыт езгісімен аласарып, кіндіктен сәл ғана жоғары болып қалған бейіттің ішінде ағараңдап шашылып жатқан бастың сүйектерін көріп қалдым.

Ғасырлар бойы халық қастерлеп сақтап келген Көкбесті тұлпардың басын әлдекімдер қарауылға алып мылтықпен атқылап, күл-талқанын шығарып тастапты. Жүрегім біртүрлі мұздап, тұла бойым тітіркеніп кетті. «Шіркін-ай, шынымен ел қадір тұтқан, ескіден қалған атақты жәдігерлерді қадірлей білу деген адамдық қасиеттен де айрылғанымыз ба?» — деп ойлағанда менің де көңілім босап, көзіме жас толып кетті.

«Қайран, Көкбесті! Сөзсіз атақ-абыройыңа Ақансерідей бір ақын әспеттеп ән жаза алмағанда шала өлген екенсің, нағыз өлгенің енді болды-ау»-деген ойсыраған ойыммен жолыма аттанып кеттім…

Жол бойы көздерім дымқыл, ойымда әкемнің Көкбесті тұлпар туралы әңгімесі…

 

Шәріп Сақтағанұлы

Argymaq.kz

Фото: equusmagazine.com

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.