Бұл – тарихи сапар (ФОТО)

2253

Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет 4 күнге жалғасқан салт аттылардың спорттық-туризмнен дәреже қорғауға арналған сапары өтті.

Сапарға At-travel клубының мүшелері және Астана қаласы әкімдігіне қарасты Балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығының басшысы Мэлс Әбенов қатысты.

Сапар Астанадан 200 шақырым жердегі Бұйратау Ұлттық табиғи паркі аумағынан басталып, Сілеті шатқалында аяқталды.

Спорттық дәреже (разряд) алу үшін жүрілетін сапардың өз ережелері бар. ІІІ, ІІ, І және спорт шеберлігіне кандидат, спорт шебері, халықаралық спорт шеберлігіне кандидат, халықаралық спорт шебері қатарлы ретпен жүрілетін спорттық дәреже қорғау сапарында Ұлттық ат туризмі федерациясының президенті Берік Ақылбеков І разряд алса, журналист, Argymaq.kz сайтының негізін қалаушы Ержан Жаубай, Дастан Махамбетов, Тимур Сабытаев, Мэлс Әбенов бастатқан жігіттер ІІІ дәреже үшін атқа қонды.

Астанадан Бұйратау ҰТП орталығы Алғабас ауылына аттарды тиеген көлігіміз кештете жетті. Аттарды түсіріп, Бұйратаудың сонысына арқандап тастадық. Ертеңгі сапар Алғабас – Олжабай батыр ауылы – Ақдің тауы бағытында болады.

Таудың шұбаттай шұрайлы ауасы жан сергітіп, таңертең ерте ояндық. Аттарды ерттеп, Алғабастың құдығынан бөтелкелерге суды толтыра құйып, Олжабай батыр кесенесін бетке алып, тартып кеттік.

Бұл бір қызық жүріс болды, кешегі келген жағымызға қарай, кері жүрдік. Бұйратаудан, тіпті осы өзіміз тұрған Алғабастан Сілеті шатқалына қарай тура тартсақ, жол 150-180 шақырым ғана. Ал біздің міндет 300 шақырымды еңсеру. Ол үшін аздап бұрыс жүруге, аздап шеңбер жасап айлануға тура келеді. Әрі бүгін кешкі қоналқамыз – Ақдің тауы Алғабас ауылынан бар болғаны 20 шақырымдай-ақ. Сондықтан тауды доға жасай айналып өтуіміз керек – деді сапар жетекшісі Берік Ақылбеков.

Әрине, бұл алдын-ала келісіп-пішілген, оқырмандарға түсінікті болу үшін айтып жатқанымыз ғой.

Күн суық. Бұл аттарға жақсы, жігіттерге аса қолайсыз. Оның үстіне терісінен соққан жел теріңді шымырлатады. Жол бойы ерекше ешқандай оқиға болған жоқ. Түскі астың уақытында Олжабай батыр ауылының іргесіндегі батырдың кесенесіне ат басын тіредік.

Ендігі сапар осы өлкедегі ең биік тау саналатын Ақдің тауына жету керек. Дәреже қорғайтындықтан онда көрсетілген ережелерді бұлжытпай орындау керек. Мысалы екі өзеннен, биіктігі 500 метр (теңіз деңгейінен) таудан асу, орман, жазық дала, қия бет, ұра-жырадан өту дегендей.

Біз Олжабай батыр ауылынан шыққанда күндізгі сағат 15:00-ді көрсетіп тұр еді. Аспан бұлтты. Көктемгі уақыт болғандықтан маңайдағы егістіктің барлығы жыртылып, дән себілген. Атызбен жүру – аттың соры. Амалсыз 5-6 шақырым бұрыс болса да Бәймен көліне, Бәйменнен бастау алатын Қарасу өзенінің бөгетіне айналма жолмен баруға тура келді.

Күн кешкірген сайын суытып барады. Таңертең аттанарда сырттан киетін шапанымды қоржынға салып, Ақдің жақтағы қоналқаға беріп жіберген едім, денем мұздай бастады. Сәтін салғанда, Бәйменнің жазығынан бір малшылар қосы кездесіп, солардан киім алып киюге тура келді. Ақдіңнің іргесіндегі орманшыларға тастап кетсең болды деді иесі.

Сонымен Бұйратаудың бір сағасымен өрлеп, басына шыққанда күн батуға айналды. Қоналқаға дейін 15 шақырым жол бар деп көрсетіп тұр. Бұған дейін көп атқа мінбеген Мэлс жолсоқты болып, шаршай бастады. Астындағы «Бұйратау» есімді жирен де бұған дейін аса алысқа мінілмеген, жолға төселмеген ат еді, ол да соғып тастаған сыңайлы. Әзірге Дастан мен Тимур сыр берген жоқ.

Кешкі сағат 21:00-де діттеген жерге жеттік. Ақдің тауына ертең таңғы салқынмен шығармыз деп, жата-жата кеттік.

Ақдің тауы – осы Ерейментау өлкесі ғана емес, жақын маңдағы Қарағанды, Павлодар облыстары аумағындағы ең биік шоқылардың бірі. Теңіз деңгейінен 900 метрден астам биік. Таудың ең басына шыққанда төрт төңіректегі көз жетер жердің барлығы алақандағыдай көрінеді.

Таңғы елең-алаңда тұрып, аттарды суарып, суын басқанша жайылтып алдық та, Ақдіңді бетке алдық. Күн ысымай межелі жерге жетпесек, кешегі түнерген аспаннан түк жоқ, күн арқан бойы көтерілмей жатып-ақ қайнайтыны көрініп тұр.

Сағат жарым уақытта Ақдіңнің басына жеттік. Бұған дейін бұл жерде екі-үш рет болған Мэлс Әбенов тау басындағы тымық ауа райына таңғалысын жасыра алмады.

Бұған дейін де бірнеше рет келдім ғой, бірақ тау басындағы мынадай тымық күнді бірінші рет көріп тұрмын. Құдайдың құтты күні етекте тып-тыныш тұрғанда, Ақдіңнің үсті үскіріктеп тұратын – деп еске алды ол.

Тау басында арнайы хат алмастырған соң, қайтуға бет алдық. Арнайы хат демекші, Ақдіңнің басында арнайы орнатылған үшашаның астында хат сақталады. Ол бұған дейін шыққан адамдардың жазып кеткен белгісі. Тау басына шыққан адам өзі жазып апарған хатын қалдырып, өзіне дейінгі жазылған хатты алып кетеді. Бұл әсіресе біз секілді спорттық дәреже қорғаушыларға пайдалы. Себебі, сол жерге шыққанының дәлелі сол хат болып саналады.

Біз де бұған дейін жаяу туристер қалдырған хатты алып, орнына өзіміз жазған хатты қалдырдық. Онда біздің мақсатымыз, сапар құрамында кімдер болғаны, қай күні, неше сағатта шыққаны жазылған.

Ендігі бағыт Ақдің – Қараағаш – Әжібай – Торыайғыр көлі – Оразбай. Күн ыси бастады. Ақдіңнің жазығында Қараағаш өзенінен өттік. Естеріңізде болса 2019 жылы жазда Астана-Баянауыл бағытында тура осы өзеннен өткен кезде сапарласымыз Жасұланның аты жығылған болатын. Соны еске алып, Берік ағамыз екеуіміз бір-бір күлісіп алдық.

Сапардағы бір кемшілігіміз – жер аттарынан аса хабардар емеспіз. Жалпылама Бұйратау таулары дегеніміз болмаса немесе өзен-көлдердің жекелеген атауын білсек те, жергілікті сай-сала, қопсаң-тепсеңнің атауын біле алмадық. Себебі біз ұстаған картада ондай «ұсақ-түйектің» атауын жазбаған, бары кеңестен қалған орысша атауымен тұр.

Қарағаштан өтіп, Әжібай көлі мен Торайғыр көлінің солтүстігін ала Сілетіге толық бет түзедік. Алда Қоржынкөл, Бөрте, Кішкене, Телескөл қатарлы оншақты көл көмкерген Сайдалы жазығы жатыр.

Күн ыстық болса да терісінен соққан жел түсауа тағы басталды. Аттарға өте жайлы жел. Жігіттер төзеді ғой. Айтпақшы, кешегі жүрістен кейін Мэлс әжептәуір қалпына келіп қапты. Бүгін жүрісі ширақ.

Ақдіңге шығып, қайта сол жолымызбен түскендіктен, бүгін түскі асты қоналқы болған жерден ішіп аттанғанбыз. Енді не де болса, кешке ат белін суыта, бірақ тоқтауды жөн көрдік. Негізгі меже – Оразбай қыстағы болатын. Бірақ біз бір сай қияс кетіппіз. Енді Қоржынкөлге жете қонуды ойладық. Алайда оған дейін әлі 15-16 шақырым бар. Бұйратау ҰТП аумағынан шыққанымыздың белгісі ретінде парк шекарасында орналасқан көшпелі қосты (бутка) кездестірдік. Осы жерде ғана байланысқа шығу мүмкіндігі бар екен. Үш күн тып-тыныш жүріп, мына жерге келгенде тап бір ащылаған қойдай үйіріле қалдық.

Алда 3-4 шақырымнан кейін Майкөл деген көлге кездесетінімізді айтты табиғат қорғаушылар. Бірақ біз ол көлге жетпедік. Есесіне олардан 3 шақырым өткен соң қазақтың әйгілі жырауы, Абылай ханға Бөгенбай батырдың қазасын естірткен атақты Үмбетей жыраудың бейітінің үстінен түстік.

Өз басым Үмбетей жырау Ерейменнің бөктерінде елеусіз жатыр деп ойламаппын. Мен үшін жаңалық болды. Қазақтың қадір тұтар тұлғаларының бірі еді…

Күн де кешкіріп бара жатыр еді, жырау мазарынан аса алыстамай ат айылын босаттық. Күн алауы қайтып еді, далада маса қайнап кетті. Күн толық батқанша, бір-екі сағаттың ішінде түтіктіріп жібере жаздады.

Аттарға өзімізбен бірге алып жүрген арпа аралас сұлы талқанын беріп, суарып арқандап тастадық та, түнгі оттың басында кешкі ас ішуге отырдық. Сапарда әркімнің өз міндеті бар. Аса қарбалас болмаса біреудің міндетіне біреу араласпайды. Тәртіп солай. Мэлс пен Дастан ас-ауқатқа жауапты болса, Тимур екеуміз аттарға қараймыз. Ал Берік ағамыз жалпы ұйымдастыруға жауапты.

Жұлдыз санап жатып ұйықтадық. Түнгі ауа, тымық кеш, жаныңды сергітеді. Ертеңгі жолдың қалай боларын ойлап жатып көз ілдік.

Таңмен таласа тұрып, атқа ер салдық. Бүгін кемінде 70 шақырым жүріп, Әупілдек, Ақшакөлге жетіп жығылуымыз керек. Айтпақшы, дәреже қорғау талаптарының бірі – кемінде екі авто не теміржолды кесіп өту керек. Бүгін біз осы талапты орындаймыз, Алла жазса.

Астана-Павлодар тасжолы мен тура осындай теміржол жолын Ерейментау-Шідерті бөлігінен басып өтеміз. Арғы жағы Сайдалы, Теңіз, Көбейтұз, Ақшакөл, Әупілдек.

Сонымен «пісіміллі» деп атқа қонғанда сағат таңғы 8:00 еді. Бес жігіт, екі қосар атқа қос-қолаңымызды артып, қозғалып кеттік.

Астана-Павлодар теміржолын «Қоржынкөл» стансасынан, автожолды «Сайдалы» қыстағының жанына кесіп өттік. Теміржолды кесіп өтіп, тасжолға бара жатқанда, қолың сол жағында бірнеше көлдің тізбегі бар. Қоржынкөл, Бөрте, Кішкене, Телескөлдері осы аумақта. Сол Қоржынкөлге таяп қалған тұста әйгілі Саққұлақ бидің кесенесі орналасқан. Жолдан 2-3 шақырым бұрыс болғанына қарамастан кесенеге ат басын бұрып, бидің шылауына ат шалдырдық.

Ақшакөлге бару үшін Сайдалы қыстағының үстін басып өтетіндіктен, осындағы ескі таныс, үзенгілес аға-жолдасымыз Берік Ахметов дастархан жайып, үйінен ас ішуге шақырды. Қорасынан өтіп бара жатып, қайырылмай кететін емес, дайын асқа ат тізгінін іріктік.

Біз Ақшакөлге жеткенде күн таласып бара жатыр еді. Аттарды қаңтара суытып тастап, кешкі астың қамына кірісті жігіттер. Ертеңгі күннің жоспарын құрып, Масақбаймен, Қоянды-Қойтастың ішімен жүреміз бе, әлде Бөлектауды бөктерлей, 2-бөлімшеге тура тартып, сол жерден Сілетінің шатқалына тіке түсеміз бе деген екі бағыт ұсынылды. Масақбайға соқпай, бірақ Қоянды-Қойтастың ішімен Сілеті жазығына жетіп алған соң, бір шешім қабылдайық деген байламға келіп, жамбасқа жер иіскеттік.

Таңғы 5:00-те бозторғайдың шырылымен ояндық. Атты жайғастырғанша Мэлс пен Дастанның дастарханы да даяр болды. Күндегіден бір сағат ерте – 7:00-де жылжып кеттік. Бүгінгі сапар кемі 90 шақырым болары анық. Сілеті шатқалына жеткен соң, одан ары аттарды тиеп әкету үшін Изабелное ауылына жетуіміз керек. Оның өзі біз тоқтайтын жерден 10 шақырымдай жерде.

Біз Бестөбенің 2-бөлімшесіне жеткенде күн көкжиекке іліне бастаған болатын. Кешкі қызыл шапақпен таласа аңғарға суретке түсіп, аздап аялдадық та, көлік келетін ауылға қарай бет алдық.

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы салт аттылардың спорттық-туристік бағытта разряд алу үшін жасаған алғашқы арнайы сапары осылай аяқталды.

Ержан Жаубай,

Argymaq.kz

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.