Қимыл-қозғалысы арқылы жылқы «тілін» түсіну
Ұзақ уақыт жылқымен қарым-қатынаста болу – олардың не қалайтынын, не істегісі келетінін оңай түсінуге мүмкіндік береді. «Құлағын жымырайтқаны – жақтырмағаны» дегендей немесе «атты теппейді деме» демекші, біз сөз еткелі отырған қимыл-қозғалыс ең жиі кездесетін белгілер, бірақ бәрін түсіну оңай емес.
Сіз күлтелі құйрық нені меңзейтінін немесе қасына таяған кезде құлын неге аузын қаужаңдататынын білесіз бе? Болмаса жылқы көзіндегі нағыз бас бермес дүлей тулауға айналар толқу мен қорқыныштың алғашқы белгілерін тани аласыз ба?
Әрине, біздің айтып отырғанымыз ешқандай мистикалық шеберлік емес. Оны кез келген адам меңгере алады. Рас, бұл үшін біраз уақытыңызды құрбан етуіңізге тура келеді. Бірақ сіз астыңыздағы атыңызды «оқи» бастағанда-ақ, уақытыңыздың текке кетпегенін түсінесіз. Кез келген жаттығу сізге тек жағымды көңіл-күй сыйлайтынын сезінесіз. Бұл – мүлде басқаша сезім!
Ендеше жылқы денесінің тілін түсінуге талпынып көрейік.
Адамдар өзара тілдесіп үйренгендіктен, жылқының да өз тілегін дыбыстап айтқанын, сондай ишара жасауын күтеді. Бірақ өзге де жануарлар сияқты, жылқылар да көбінесе дене қимылымен, ым-ишаралармен сөйлеседі. Өзіне не қажетін бүкіл денесімен түсіндіруге тырысады.
Ал осы жылқы денесінің қимылын, ым-ишараны түсіне білу – сізді өзге адамдардан, басқа атбегілерден ерекшелей алады. Әрине, жай адамдар үшін бұған оқу керек сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ бәрі әлдеқайда қарапайым. Бар болғаны астыңдағы атыңның берген белгілерін байқап, оларға жауап бере білсең болғаны.
Құлақтың қозғалысы
Құлақтар алға бағытталған болса – ат мүмкіндігінше барлығын бақылап келеді деген сөз.
Құлағын жалына жасыра жымырайтқан болса – жануар ашулы, жақын маңдағы адамды теуіп немесе тістеп алуы мүмкін.
Құлақтарының арасы алшақ, салбырап кеткен болса – атыңыз жусап тұр. Егер сіз оған ескертусіз жақындасаңыз, оны үркітуіңіз мүмкін. Сондықтан, алдымен аздап дыбыс шығаруды ұсынамыз, содан кейін ғана жақындаңыз.
Құлағын артқа жіберіп, бірақ жымырайтпаған болса – жануар артынан бір нәрсені тыңдап, қашуға дайындалып тұр. Тіпті бұрылып, артында не бар екенін көруі мүмкін.
Құлақтарын қозғап, алға-артқа қағып тұрса – аттың қобалжуы немесе сергек екенін білдіреді. Бәлкім ол әлдеқандай қорқынышты дыбыстың немесе иістің қайдан шығып жатқанын анықтауға тырысады.
Бас қозғалысы
Басын төмен салып тұрса – жылқы босаңсып, өзін барынша жайлы сезініп тұрғанын білдіреді. Мұндай жағдайда оған жақындамас бұрын дыбыс беріп, өзіңіздің таяп қалғаныңызды білдіріңіз.
Басын жоғары көтеріп тұрса – алыстағы бірдеңені болжап тұр. Бәлкім, ол өзінің алдағы әрекеті туралы шешім қабылдауды ойлап тұр: қауіптен қашу, не онымен бетпе-бет жолығу немесе оны мүлдем елемеу. Алайда сіз дәл осы сәтте қатты айқайлау оны мүлде шатастыруы мүмкін екенін түсінуіңіз керек. Сондықтан мүмкіндігінше абай болыңыз.
Мінген кезде басын қайқаңдатса – ат ауырсынады. Ер-тұрманында, қапталында жаурынына бататын бірдеңе болуы мүмкін немесе тоқымы тым қалың емес пе тексеріңіз. Болмаса ветеринардан көмек сұраңыз.
Басын сілке лақтырса – биелердің назарын аудару үшін айғырлар жиі қолданатын өте агрессивті қимыл. Егер жылқы сізбен оңаша қалғанда мазасызданып басын шайқаса, бұл аса қауіптің белгісі. Неге мазасызданғанын анықтап, атыңызды тыныштандыруға тырысыңыз.
Алдыңғы аяқтар
Алдыңғы аяқтардың арасын алшақ қойса – жануардың қорқып тұрғанын көрсетеді.
Жер тарпу – ат бос тұрудан шаршап, жолға шығуға дайын. Бұл сондай-ақ өзінің айналасына алаңдаушылықты білдіруі мүмкін. Бұл жағдай алаңдауы басылған соң тоқтайды.
Алдыңғы екі аяқты кезек қозғау – әдетте шабуылдың алдында ашулануды білдіретін салыстырмалы түрде сирек қимыл. Аттың айналасында агрессия тудыратындай ештеңе жоғына көз жеткізіп, қатқыл үнмен «так-так!» айтып қойыңыз.
Тітіркену – кейде болмашы нәрсе, мысалы, денесіне шыбын қонса да тітіркенуі мүмкін. Дегенмен, кейбір жағдайларда бұл әрекет атыңыздың сіздің әрекеттеріңізбен келіспейтінін көрсетеді. Мұндай жағдайды елеусіз қалдырсаңыз, одан да күшті реакция пайда болуы ықтимал.
Күшті соққы (басқа шапшу, алдыңғы аяқпен қарғып ұру) – өте қауіпті қимыл. Бұл өте сирек кездеседі, егер сізбен байланысудың барлық әрекеті ескерілмесе, жылқы бұл әрекетке жүгінуге мәжбүр болады. Бұл жағдай көбінде ат иесіне елеулі жарақат салуы мүмкін. Сондықтан оны мұншама деңгейге жеткізетіндей ашуландырмаған жақсы.
Артқы аяқтар
Салмағын бір аяғына салып, бір аяғының тұяғының ұшын ғана тіреп, басын салақтатып, құлағын былғаңдатып тұрса – аттың жусап, демалып тұрғанын білдіреді.
Бірақ, артқы аяқ жерден көтеріліп, ат тұяғы толық көрінсе, демек ол сізді жақсылап тебуді ойлады дей беріңіз. Бұл кезде сіз жасай алатын ең жақсы нәрсе – оны осы күйге жеткізген әрекетіңізді бірден тоқтатып, артқы аяқтардан мүмкіндігінше алысқа кету ғана.
Тұмсық белгілері
Астыңғы ерні салбырап тұрса – көбінесе аттың демалып жатқанын, тіпті ұйықтап жатқанын байқатады (жылқы тұрып жусайтынын (ұйықтайтынын) ұмытпаңыз). Егер жануар ояу болса, бірақ еріннің қалпы өзгермесе, бұл жарақат немесе неврологиялық аурудың белгісі. Бұл жағдайда ветеринарға баруды кейінге қалдырмаңыз.
Ауыздығын шылпылдатып шайнау. Аузында тамақ жоқ екеніне сенімді болсаңыз да, жаттығу кезінде атыңыздың шайнауы біртүрлі көрінуі мүмкін. Бұл атыңыздың ойланғанының белгісі, демек ол үйреніп жатыр деген сөз.
Тісін қайрау немесе жағын қаужаңдауы – бұл құлындардың ересек жылқыларға: «Ей! Мен – баламын. Мені ренжітпе!» деген ескертуі. Әдетте, тай-құнанында бұл әдет толығымен жойылады.
Танауының тесігі үлкейіп кетсе – демек атыңызға физикалық күш түсті немесе қатты үрікті деп біліңіз.
Азуын қатты тістеніп алған болса – жануар әлденені уайымдайды немесе қорқады. Бұл қимылды байқамай қалуыңыз мүмкін, сондықтан мұқият болыңыз. Өз көңіл күйін тістеп не теуіп жеткізетіндей қыршаңқылыққа барғызбау үшін атыңыздың мінез-құлқын толық түсінуге тырысыңыз.
Аузының қимылын оның әрекетіне қарай болжауға болады.
Егер арандай ашылған ауыз бен жалға жасырыла жымырайған құлақты байқасаңыз, атыңыздан уақытша болса да алысырақ кеткеніңіз ләзім. Жазым етуі мүмкін.
Егер жануар мініп жүргенде тістерін ашса, ол ауырсынуы мүмкін, стоматологиялық тексеру артық етпес еді.
Егер басын жоғары көтере аузын арандай ашатын болса, бұл тұншығудың белгісі, тыныс жолына әлдене тұрып қалған болуы мүмкін. Ветеринарға хабарласыңыз.
Есіңізде болсын, атыңыз жай есінеп тұрған болуы да мүмкін. Сондықтан есінеу мен басқа жағдайдағы аузын ашуды ажырата білген дұрыс.
Құйрық қозғалысы
Ат құйырығы сауырынан биік көтерілген болса – көңіл толқуынан хабар береді.
Құйрығын борбайының арасына қарай қысып алған болса – жүйкесі сыр берген немесе алаңдаулы. Мұндайда жылы қарым-қатынас жасап, атты тынышталдыруға тырысыңыз.
Құйрығын сипақтатып, тез-тез екі бүйрін сабаласа – жәй ғана маса үркітіп тұр деп ойлаңыз. Алайда, бұл әрекет назар аударарлықтай болып, құйрығын сипақтатқанда ысқырық білінетіндей болса, аттың ызалана бастағанын білдіреді.
«Жылқы тілін» үйрену ұзақ уақытты қажет етеді. Тақымыңыздағы аттың не айтқысы келіп тұрғанын білгіңіз келсе – үнемі бақылауда ұстаңыз. Тіпті өзіңізбен ғана емес, өзге жануарлармен арасындағы қарым-қатынасын да қадағалап жүргеніңіз абзал. Көп ұзамай сіз қорқыныш пен тітіркенудің ең нәзік белгілерін түсіне бастайсыз. Содан кейін ғана сіз онымен әрбір қимыл-қозғалысқа, дене бітімі мен тұрған тұрысына жауап беретін белсенді «диалог» жасай аласыз.