Бес түлік малдың пірлері жайлы аңыз

Жыл санауымыздан 8888 жыл бұрын қазақтың Ахрап деген өте озбыр, өзімшіл қатыгез ханы өзінің бірге туған Қамбар деген батыр інісінің үш жолбарыс атып әкелгенін естіп: «Қамбар атып әкелген үш жолбарыстың терісін тез барып алып келіңдер!» деп екі нөкерін жүгіртіп жіберіпті. Оған Қамбар ашуланып: «Ағама айтып барыңдар, бұл рет оған үш жолбарыстың терісін емес, үш тышқанның терісін де бермеймін! Ағамның барған сайын араны ашылып, ынсабы кетіп, ар-ұяттан безіп барады. Қолда барына қанағат қылсын, шүкір десін, ынсапсыздың ажалы – құлқынынан деген» деп ағасының екі нөкерін қуып жіберіпті. Қамбарға кектенген қатыгез хан сол күні кеште Қамбардың ұйықтап жатқан орайынан пайдаланып оны ұстап байлатып алып: «Сөзімді тыңдамадың, сұрағанымды бермедің»,- деп бір құлағын кесіп алып, алты айлық алыстағы Бетпақдалаға «Кенезесі кеуіп, шөлдеп өлсін»-, деп апартып тастапты. Адам баласы баспаған елсіз, сусыз шөл далада жалғыз қалған Қамбар қатты мұңайыпты. Ағасының зұлымдығына қатты кектеніп, тірлік жолын тауып, ағасынан кек алуға бекініпті. Ұсақ аң-құспен кейбір жәндіктерді аулап жеп, басы ауған жаққа «Бір тіршілік жолы табылар», – деген үмітпен жүре беріпті. Күндердің бірінде аштан бұрдығып, шөлден қаталап, есі ауып жатып қалыпты. Ол арада қанша жатқаны белгісіз. Шұрқыраған, кісінеген дауыстан есін жиып, ояна келсе күн арқан бойы көтеріліп ыси бастаған екен. Басын көтеріп қараса бір көлдің жағасына тақау жерде жатыр екен. Анадай жердегі шағын көлден қалың жылқы су ішіп, құлын-тайлары көлді айнала шауып, ойын салып жүр екен. Қамбар орнынан атып тұрып, жығыла-сүріне көлге қарай жүгіріпті. Көл суынан қанғанынша ішіп, жуынып, сергіп сала беріпті. Сөйтіп ол ақыры суға жетіп, жылқылармен бірге көл бойын мекендеп тұра беріпті. Күн артынан күндер, ай артынан айлар өтіп жатыпты. Қамбар мен жылқылар бір-біріне үйір болып кетіпті. Қамбар «Шағын көлдің суын мұнша көп жылқы іше берсе таусылып қала ма» деген қауіппен бір күндері жылқыны көлден қуып жібермек болып, оларды үркітіп, ұрып айдаған екен. Жылқылар кетпей қойыпты. Әбден шаршап, өкпесі күйген Қамбар демалып отыра кетіпті де күйіп-пісіп неше алуан ойға кетіпті. Бір кезде оның ойына: «Осы жылқылардың қорлығына біреуін ұстап мініп алайын ба», – деген бір ой сап ете түседі де, жатқан күркесіне қарай тұра жүгіреді. Беліндегі кездігін алып, үйіліп жатқан аң терілерін тіліп, арқан есе бастапты. Бір кезде жуан алты құлаш шалма арқан жасап алып, көлде үйездеп тұрған үлкен көк айғырды ұстап, құлағынан басып, шұралап ноқталапты да үстіне қарғып мініп, екі аяғын екі қолтығының астына тығып, ұзын жалынан мықтап ұстап отырып алып, басын қоя береді. Тумысынан жүген-құрық тимеген боз айғыр аспанға қарғып, тулап Қамбарды ала жөнеліпті. Біресе шыңғырып, біресе кісінеп, біресе жер тартып, біресе мөңкіп Бетпақдаланың шаңын аспанға шығарыпты. Қамбар сонда да жығылмай боз айғырдың үстіне жабысып, отырып алыпты. Бесін мезгілінде боз айғырдың арыны қайтып, жуаси бастапты. Қамбар оны шапқа, құймышаққа түртіп көрген екен, ол алғашқыдай мөңки алмапты. Қамбар оның басын оңға тартқан екен ол оң жаққа, солға тартқан екен сол жаққа бұрылыпты. Қуанышы қойнына сыймаған Қамбар оны артқа бұрып, көлге қарай заулапты. Арыны бәсеңдеген сайын тебініп, қамшылап, ырқына көндіре бастайды. Сөйтіп Қамбар күн батқанда көк айғырды жосылтып, көл бойына келіп тоқтапты. Қамбардың қуанышында шек болмапты. Ол түнімен көк айғырды сипап, қасып өзіне үйірлестіре беріпті. Таң ата бере оған қарғып мініп, Бетпақдаланың шаңын аспанға шығарып шаба жөнеліп, өрісте жатқан жабайы жылқыларды қуып көлге айдап әкеліпті. Ол бұл ерлігіне тіпті де масаттана түсіпті. Қуанғаннан тамақ жеп, сусын ішуді де ұмытыпты. Адымы ұзарып, боз айғырмен Бетпақдаланың бірталай жеріне дейін барып аң аулап қайтатын болыпты. Күндердің бірінде Қамбар боз айғырымен бір бөкенді қуып, оған әне-міне жете бергенде боз айғыр жығылып, тізесіне тас кіріп жүре алмай
қалыпты. Талайдан бері атқа мініп үйреніп қалған Қамбар, айғыры жазылғанша күркесінен ұзап шыға алмай қалыпты. Бір күні көл бойына барып, мұңайып отырғанда оған: «Жалғыз боз айғырға қарағанша мына жылқылардың барлығын үйретіп алсам, бірі ақсаса тағы бірін, бірі өлсе және бірін мінбеймін бе»,- деген бір ой сап ете түсіпті. Алғаш боз айғырды ұстар алдындағыдай күркесіне қарай жүгіріпті. Кездігін алып, күркесінің алдында үйіліп жатқан аң терілерін тіліп, арқан есе бастапты. Ол арқанды сол ескеннен мол есіп, қыруар арқан, ноқта, атқа салып мінетін желқом жасап алады да, әр күні екі-үштен жылқы ұстап, үйрете бастайды. Бар қайратын салып, бар ақыл-парасатын жұмсап үш жыл дегенде көл маңайын мекендеген екі мыңға жуық жылқының ірілерін түгел үйретіп алады. Тіпті жылқылардың тілін де біліп алады. Көңілі шалқып, елегізіп, ел-жұртын сағына бастайды. Сонымен бір күндері болғанда сағынышы ырық бермеген Қамбар боз айғырына мініп, қалың жылқыны алдына салып айдап, туған жеріне тартыпты.
Жетінші күн дегенде оның алдынан қалың тобыр көрінеді. Қамбар шауып барып қараса бір топ сиыр мен қодасты алдына салып айдап жүрген Зеңгі деген інісі екен. Бауырын әбден сағынған Қамбар боз айғырынан қарғып түсіп, оны құшағына алып, одан бұл араға қалай келгенін сұрайды. Зеңгі оған хан ағасының өзін жазалап, осында әкеліп тастағанын, алайда өлімге мойынсал болмай, жабайы сиырлармен алысып жүріп, ақырында барлығын үйретіп, бағындырып алғанын айтады. Қамбар қуанып: «Жақсы болды екеуміз екі түлікті бағындырдық»,- деп оған бір тұлпар ұстап мінгізіп, жылқылары мен сиырларын дүрілдетіп айдап ел-жұрттарын бетке алып жүріп кетіпті.
Арада үш күн өтеді. Қамбар мен Зеңгі мүйіздері иір-иір қанжардай-қанжардай қайқайған қалың қой мен ешкі айдап жүрген екі адамды көріп, екеуі шауып барып қараса өздерінен кейінгі інілері Шопан мен Шекшек екен. Інілерін тани кеткен Қамбар мен Зеңгі аттарынан қарғып-қарғып түсіп, інілерін кезек-кезек құшақтап, мауықтарын бастыпты. «Мұнда қалай келдіңдер, мына қалың қой мен ешкілерің не»,-деп сұраса бұл екі інісін де қатыгез хан ағалары тіліме көнбедіңдер деп осы араға әкелдіріп тастапты. Алайда жасынан зерек, қайсар, ержүрек Шопан не қорлықтың бәріне шыдап, амалдап жүріп, жабайы қойларды түгел қолға үйретіп алыпты. Ал Шекшек болса ағасының қатыгездігін айтып, ел-жұртына рахымды болуды, қуып жіберген інілерін тауып әкелуді айтқан екен. Ол: «Сен мені құртып, орнымды алғалы жүр екенсің»,- деп жазалап, осы маңдағы иен далаға әкеліп тастапты. Қорлыққа шыдамаған Шекшек талай рет өліп алмақ та болыпты. Ақырында қайратына мініп, есін жиып, етегін түріп, қырат-қыраттың тауешкі асатын жолдарын бекітіп, мың бір жапада қыруар тауешкілерді қолға үйретіп алыпты. Шопан ағасын тауып алып, осында көңілді өтіп жатыпты. Қамбар мен Зеңгі екі інісіне екі тұлпар ұстап мінгізіп, «үш түлікті бойұсындырдық» деп қой-ешкілерін айдатып, ел-жұрттарын бетке алып жүріп кетіпті.
Олар сол жүргеннен мол жүріп, жетінші күн дегенде өркештері баладай-баладай қалың түйені шырқ иіріп жүрген біреуді көріп, үшеуі шауып барып қараса өздерінің кенже інісі Ойсыл екен. Сол арада ағайынды бесеуі құшақтасып, көрісіп, бастан өткен жапа-машақаттары мен көрген қорлықтарын, көрген мұң-зарларын айтысып, шерлерін тарқатыпты. Қамбар оған ағаның сыйы деп бір тұлпар мінгізіп, «Төрт түлікті бойұсындырып, төрт көзіміз түгелденді, айда түйелеріңді»,- деп ағайынды бесеуі шат-шадыман елдеріне тартыпты. Ағайынды бес батырдың даңқы шартарапқа тарала бастапты. Бір күні қатыгез хан Ақыраптың нөкерлері ордаға асыға кіріп
– Ойбай, хан-тақсыр, өзіңіз қуып жіберген әлгі қу інілеріңіз ғаламда теңдесі жоқ іс істеп, жабайы аңдардың барлығын бағындырып, кең даланы дүбірлетіп айдап келе жатыр дейді. Қамбар біткен дала жылқысын, Зеңгі сиырлар мен қодасты, Шопан мен Шекшек қой мен ешкіні, ал өзіңіз қап-қара деп жек көретін кенже ініңіз Ойсыл түйе біткенді әміріне көндіріп алыпты – деп мәлімдепті. Зәре-құты қалмаған Ақырап: «Інілерім мені өлтіргелі келеді екен»,-деп ойлап, бір топ нөкерлерін ертіп, түнделетіп, қашып кетіпті. Туған елі ағайынды бесеуінің алдынан шығып, қарсы алып, дала тағыларын бойұсындырып, аман-есен келгендіктерін құттықтап, ұлан-асыр той жасапты. Ағайынды бес батыр ел-жұртына жылқы, сиыр, түйе, қой-ешкілерін бөліп беріп, оларды аң аулау азабынан құтқарыпты. Ел-жұрты оларды құрметтеп, еңбектерін мәңгі естеріне сақтап жүру үшін жылқының пірі – Қамбар ата, сиырдың пірі – Зеңгі баба, қойдың пірі – Шопан ата, ешкінің пірі -Шекшек ата, түйенің пірі – Ойсылқара болсын. Бұл бес түрлі аң бұдан кейін аң емес, «төрт түлік» деп аталсын депті. Сөйтіп, қазақ халқы жылқы, сиыр, қой, ешкі, түйені төрт түлік деп, олардың пірін Қамбар ата, Зеңгі баба, Шекшек ата, Ойсылқара деп атап кетіпті. Себебі, Ойсыл қап-қара кісі екен.
Айып Нүсіпоқасұлы,
Темірбай Сымағұлұлы,
“Қазақтың дәстүрлі ат үсті ойындары” кітабынан
(Төте жазудан крилицаға түсірген Жаубай Ержан)
(Суреттер, vkoem.kz)












