Қымыз өндірісіне субсидия берілуі керек

688

Қазақтың дәрумен сусыны қымыз туралы сөз қозғамас бұрын ата-бабаларымыздың дүниежүзі халықтарының ішінен бірінші болып жабайы жылқыны қолға үйреткенін атап өтуіміз керек.

Жылқы етінің, бие сүтінің, ірімшік пен іркіттің аса бағалы тағамдық өнім екендігі жөнінде ежелгі грек ойшылдары Геродоттың, Страбонның еңбектерінде, сондай-ақ шығыстың ұлы ойшылы Әбу Әли ибн-Синаның жазбаларында кездеседі. Онда шығыс халықтары жылқы етін және бие сүтінен дайындалған қымызды қашан да жоғары санағандығы айтылған. В.Даль «Егер қымызды үзбей ішсең, бір аптадан соң өзіңді сергек сезінесің. Денсаулығың түзеліп, тынысың ашылады, жүзің жарқырап шыға келеді» деп бағаланған.

Бір ғажабы, жылқы еті мен бие сүтін диеталық өнім ретінде пайдалану жөніндегі алғашқы дәрігерлік кеңестер де ХІХ ғасырдан басталады. Қазіргі кезде Еуропаның, Американың, Азияның, Африканың бірқатар елінің тамақтану құрылымында жылқы етінің мөлшері едәуір болып отыр.

Бие сүтінің құндылығы оның химиялық құрамына байланысты. Бие сүтінде 1,8-2,2% белок болады. Белок казеин, альбумин және глобулин сияқты негізгі үш түрге бөлінеді. Сондай-ақ 40-тай еритін белок 2,3% май, 6,1-7,4% лактоза бар. Бие сүтінде адамның денсаулығына қажетті витаминнің барлығы кездеседі. Әсіресе ол А және С витаминдеріне бай. Оның 1 литрінде 0,092-0,690 мг А витамині, 87-330 мг С витамині жинақталады.

Социалистік Қазақстан кезінде елімізде қымызды мақсатты пайдалану бағытында арнаулы шаралар қабылданып, іске асырылды. Алысқа бармай Ақтөбе қаласындағы «Бершүгір» емдеу-сауықтыру санаторийін алуға болады. Кезінде аталған санаторийде алыс-жақыннан келген азаматтар қымызбен емделіп, денсаулығын түзеді. «Бершүгір» санаторийінің қосалқы шаруашылығында бір мезетте 400-500 бас бие сауылып, қымыз өндірілген.

Алматы маңындағы биік таулы аймаққа орналасқан атақты «Каменское плато» санаторийі өзінің әсем табиғаты мен климатының ерекшелігіне қарай қымызбен емдеу жөнінен тек Қазақстанда емес, Одақ бойынша ең қолайлы орын ретінде танылған.

Республикаға танымал шипалы қол дәрігер хирург-фтизатор, Ырғыздың перзенті Марат Сисекенов «Каменское плато» санаторийінде қырық жылдай бас дәрігер болған. Кезінде Марат ағамыздың өз аузынан естігенім бойынша «Каменское плато» санаторийінің Капшағайда қымыз өндіретін үлкен қосалқы шаруашылығы жұмыс істеген. Осы шаруашылықта 1000 бас сауын бие байланып, тонналап қымыз өндірілген.

Осындай аста-төк қымыз Алматы қаласына жеткізіліп, санаторийде емдік мақсатта пайдаланған, сонымен қатар қаланың тұрғындары да осы дәрумен сусынды көптеп алған. 1975-1980 жылдары Алматы қаласында екі жерде қымыз ішіп демалатын кафелер болды.

Жылқы өсіру және бие сауу қазақ халқының атакәсібі бола тұра, егемендік алғаннан бері мемлекетіміз жылқы шаруашылығын дамытып, одан адам ағзасына пайдасы орасан зор тағам және сусын өндіруді әлі де жүйелі жолға қоя алмай отыр. Кезінде шаруаларын дөңгелетіп отырған колхоз-совхоздарды таратқаннан кейін, еліміздің босап қалған кең жайылымды, тек жылқы шаруашылығына қолайлы көптеген шөлді, шөлейт және таулы аудандарда жылқы өсіріп, олардан дәмді ет пен дәрумен қымыз өндіруді жолға қоятын уақыт жетті деп есептейміз. Қазіргі уақытта дүкен сөрелерінен қымызды іздеп таппайсыз, азын-аулақ жеке қожалықтардың өндірген қымызы шығыны көп болғандықтан, жалпы халыққа қолжетімді болмай тұр. Еліміздегі жеке шаруашылықтар мен ұжымдардың көпшілігі өз иелігіндегі жылқы малын соғымға сатып, базарда ет саудасымен ғана айналысып отыр. Біздің елімізде халықаралық нарықта үлкен сұранысқа ие болып отырған жылқы еті өнімдерінің аса көп түрін саудаға шығаратын ет комбинаттары да жоқ.

Одақ кезінде экспортқа шығарылатын жылқы етіне 1974 жылдан бастап «Ет, Жылқы еті. Экспортқа шығарылатын өнімге қойылатын техникалық талап» деп аталатын арнаулы ГОСТ белгіленіп, жылқы етінен «Антрекот», «Таңсық ет», «Орама ет», «Тұздықты жылқы тілі» сияқты консервілер, сондай-ақ «Алып» деген шикілей ысталған шұжық тәрізді өнімдер жасалған.

Қымыздың емдік қасиеттерін әбден зерттеген шетелдіктер дәрумен сусынды өндіруге мықтап кіріскен. Әсіресе Германияның мал шаруашылығындағы кәсіпкерлері бұрынғы біздің совхоз-колхоздарда қолданыста болған сүт сауатын механикалық қондырғыларды алдырып, қымыз өндіру саласына пайдаланып отыр. Сонымен қатар бие сүтінен ұнтақ жасап, сусын жасауға арналған технологияларды өндіріске енгізген. Бие сүтінің құрамындағы емдік қасиеттерін шетел мамандары косметика жасауға да қолдануға болатынын ғылыми дәлелдеді. Тіпті Германия кәсіпкерлері бие сүтінен жасалатын қымыз, басқа да өнімдерді өздерінің бренді етіп алған. Германия мен көршілес Голландия елі де қымыз өндіру ісіне ден қойып отыр.

Ал біздің елімізде жағдай мүлдем басқа. Қазақстан бойынша 1 желтоқсан 2022 жылға статистика мәліметіне сәйкес 3,7 млн бас жылқы бар екен. Осы жылқының өнімін дүкен сөрелерінен қашан көреміз? Осы орайда жылқы шаруашылығымен айналысатын ұжымдарға, жеке қожалықтарға Үкімет тарапынан үлкен қолдау қажет. Себебі бие сауып, қымыз өндірудің өзіндік құны жоғары болғандықтан, сусын бағасы өте қымбат болып шығады, оны кез келген адамның қалтасы көтере бермейді. Сондықтан Үкімет қымыз өндірісімен айналысатын шаруашылықтарға субсидия төлеу мәселесін шешіп берсе, дәрумен сусын қолжетімді болар еді.

Қазақ халқы тұтынбайтын шошқа етін өндіруге субсидиядан басымдық берудің орнына, жылқы еті мен қымызды тұтынушыларға еркін сатып алуға мүмкіндік жасау керек. Бие сауу бес ай ғана жүргізілетін болғандықтан, бие сүтінен арнайы ұнтақ жасау технологиясын меңгеріп, қажетті қондырғылар алуға шаруашылықтарға арзандатылған несие рәсімдеуге үкімет тікелей жәрдем беруге тиіс.

Қазіргі жағдайда әлемдік экологияның нашарлауына және техногендік жағдайларға байланысты адам ағзасының кеселге қарсы тұру қабілетінің төмендегенін ғалымдар дәлелдеп отыр. Оның бер жағында, еліміз дәрігерлері қазіргі таңда жасөспірімдер мен жастар арасында жүрек ауруларының жиілеп кеткенін айтып дабыл қағып отыр. Бұл жағдайдың нақты дәлелденген себебі – жастарымыз, сауда орындарында қарқынды жарнамаланып, жаппай сатылып жатқан энергетикалық сусынды пайдаланып жатқанынан болып отырған көрінеді. Бұл сусын 1962 жылы Жапония елінде жұмысшылардың еңбек қабілеттілігін арттыруға арналып өндірілген. Құрамында көп мөлшерде кофеин, тағы басқа зиянды консерванттар бар екендігі зертханаларда анықталған. Болашақ ұрпағымыздың күнделікті қолданып жүрген пепси, кока-кола, фанта және энергетикалық зиянды химиялық заттары бар сусындарын дәрумен қымыз, шұбатпен алмастырсақ, үрім-бұтағымыздың, елдің келешегі – жастарымыздың денсаулығының мықты болуына мол ықпалы тиері анық!

Ұлан Абдуллин,

«Жас Алаш»

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!