Серік Ерғали. Көкпар: Этноойын ба, этноспорт па?

5730

Түркілік көкпар ойыны жаңа кезеңге аяқ басты. Ол кезеңнің басты сипаты көкпардың ойыннан спортқа айналу үдерісінің нағыз шешуші кезеңге кірісуінде. Ұлттық ойынның бұған дейінгі кезеңдері спортқа айналудың алғышартын жасады дегеніміз абзал, бірақ толық спортқа айналған жоқ.

Спорт пен ұлттық ойынның арасы жер мен көктей: спорт адамзаттық құндылық болса, ұлттық ойын – этноқұндылықтың бір көрінісі, оны қызықтайтын да, дамытатын да, ойнайтын да белгілі бір этностық орта.

Соңғы кезде шиеленіскен көкпар спортының айналасындағы дау осы аталған бір бірімен қабыспайтын екі құндылықтың ара жігін ажырата алмаудан туындап отыр.

Мәселен, ұлттық ойынның бұрынғы сипатын өзгертіп жалпыадамзаттық мазмұн беру арқылы ғана оны спортқа айналдыру мүмкіндігі бар екенін қарапайым жұртты былай қойғанда, осы спорттың айналасындағы мамандар мен қайраткерлердің өздері ұқпай келеді. Атап айтсақ, Сәдібек Түгел ағамыздың «Көкпардың кері кетуіне тосқауыл қою қажет!» мақаласында көкпарды ойыннан спортқа айналдыру үдерісінің оны кері кетіріп жатқандығын сөз етіпті. Бір қарағанда солай көрінгенімен, оны спортқа айналдыру тұрғысынан көкпар керісінше ілгері жылжыйды, ол шектеулі түркілік ауқымнан әлемдік адамзаттық ауқымға өсіп, кері емес, ілгері жылжыйтыны мәлім.

Айталық, серкені бауыздап жіберіп, бастарына орамалды шарт тағынып, қазақы киінген жігіттер тұлпарларына қарғып мініп, көкпар тартысуға кіріссе, оны қызықтайтын да, оған сүйсінетін де қазақ пен қырғыз, түркілер! Ал басқа жұрт оған спорт ретінде емес, экззотика есебінде туристік көзбен ғана қарайды, жанкүйер бола алмайды. Өйткені, бұл – спорттың емес, этноойынның ғана сипаты! Ал енді бұған адам мен атты мертіктірер адам бойы қазанды қойсаңыз, әлгілердің көзімен қарағанда нағыз «кошмар»!

Бұған қоса батыс елдерінің құндылығы сіңген адамзаттық талап бауыздалған серке түгілі, оның тұлыбына да басқаша қарайды. Міне сол себепті этноойын сипатты көкпарды әлемдік аумаққа кіргізу мүмкін болмай келеді.

Айталық, мұны ұғу үшін ежелгі доп ретінде малдың жүнін шыйыршықтап ойнаған ата-бабаның ойыны спорт еместігін, оның спортқа айналуына доптың пайда болғандығын айтсақ та жеткілікті. Демек, этноойын қашан да консервативті, ал спорт көбіне прогресивтік жолдармен алға басады. Қысқасы, этноойын мен этноспортты шатастырмаған абзал.

Этноойын демекші, «Көкбөрі» халықаралық қауымдастығының бекіткен көкпар ережесін белгілі қырғыз режиссеры Болот Шамшиев 1996 жылы жасақтағанда футболдың сипатына байланыстырып қақпаға гол салу сипатын енгізген. Алайда, өзге қақпаға гол салу футболға жарасқанмен, көкпарды өзінің сыбағасы ретінде қарастыратын жағдайға мүлдем керағар еді. Осыған орай: «… бұл ататанымды тәрк етіп, спорттық сайысқа да жатпайтын, салттық ойын талабын да тәрк ететін тұжырымды таңдаппыз.» деген пайымымыз ақыры «Көкпар» федерациясы жаңартқан ережеде ескеріліп, серкені әр команда өз қазанына салатын болды.

kokboru

(Қазандыққа ойнау)

Осы жолда ережелері жаңарған көкпарды менсінбей қырын қарайтын қырғыз бауырлар этноойынды сақтауға барынша күш салып отырғанын ұғайық. Ал «Көкпар» қауымдастығының алға қойған мақсаты, оған керағар болса да, көкпарды спортқа айналдыру сипатына кіріскен ниетінің айқындығы еді. Бірақ бұны алдын ала насихаттау мен түсіндіру шаралары жеткіліксіз болды деген ойдамыз.

Тақырыпты қаузау үшін кейбір нақты жағдайды талдауға көшейік. Ол үшін арнайы түрде жуырда өткен Жастар арасындағы Азия чемпионаты мен Қырғызстанда 9 мамырда өткен «Достық» – «Ынтымақ» командаларының додасын сын көзбен қарап шықтық.

Көкпар: Қазақстан-Моңғолия (Шеңбер)

Көк бөрү: Достук — Ынтымак (Қазандық)

Осының барысында екі форматтағы көкпардың жағдайын барынша объективті түрде талдауға тырыстық. Сонымен бірін бағанға бұрынғы «қазан-серке» форматын, екінші бағанға «шеңбер-тұлып/муляж» форматын жайғастырып қарастырдық.

Қазан                                    Шеңбер

  1. Қауіпті                             Қауіпсіз
  2. Мобилді емес                   Мобилді
  3. Салым әсерлі                     Салым әсерсіз
  4. Көрнекті                             Көрнексіз
shenber

(Шеңберге ойнау)

1.«Қазан» форматындағы алаң қауіпті екенін бірден байқатты «Ынтымақ» командасының ойыншысы Сейітбек Анарбекұлы (25.58 минут) әп сәтте мертіге жаздады. «Шеңбер» форматында ондай жағдай мүлдем жоқ.

2. «Қазан» форматы салым салуға мобилді емес, «Достық» командасы 1:0 есебімен зорға ұтты. Бірақ бұл жерде ойыншылардың бабы мен командалар деңгейінің шамалас екенін де жоққа шығармайық. Десек те, керісінше «Шеңбер» форматы бұл жағынан артықшылығы басым, салым салу барынша ыңғайлы да оңай. Нәтижеде қазақ тарабы 8:4 есебімен чемпион атанды.

3. Әрине, спорттың әсерлігі басты критерилердің бірі, бұл жағынан алғанда шауып келіп қазанға көкпар салу мейлінше әсерлі, оның себебі көкпар көз алдыңызда көрнекті әрі нәтиженің материалданған нұсқасы іспетті. Ал шеңберге шауып келіп тастай салу әсері барынша аз. Бұл нұсқада интрига жетіспейді. Оны болдырудың жолдары бар, бірақ онымен бөліспейміз, себебі, ол басқа тақырып және авторлық құқық жағы тағы бар.

4. «Қазан» форматы мақсатты айқындалған яғни қазанға айналған көрнегімен көз тартарлық қабылеті бар. «Шеңбер» нұсқасы болса, бұл көрнектен ада, шауып келіп жартысы құмға көмілген шеңберге тастай салу көрнекті көрініс емес.

       3 кезең                                         2 кезең

  1. Ұзағырақ                                Қысқарақ

Ескі ереже бойынша 20 минуттан 3 кезең ойнау үзілістерімен қоса бізге көбірек көрінді, керісінше 20 минуттан екі кезең ойнау азырақ, құмар қанбайды. «Шеңбер» нұсқасына 30 минуттан 2 кезең берген жөн.

Енді көкпардың басты ойнақылы/фишкасы серкеге келейік.

Серке                               Тұлып

  1. Көрнексіз                 Көрнекті
  2. Бейәдеп                     Бейәдеп
  3. Қолайлы                   Қолайсыз

Көкпар ойынының кең таралған ареалы – оңтүстік тарап. Ол жақта ойнау мерзімі жыл бойына барынша ұзақ, сол себепті көкпар танымал болумен бірге оның жанкүйерін қалыптастырды. Бірақ бұл жанкүйерлік орта негізінен аграрлық саналы қауымға тән деген пайымды жасырмаймыз. Бұл индустриялық санаға керағар ұғым болса да шындығы осы. Яғни, көкпарды қызықтаушы негізінен ауылдық тұрғындар мен сол мекеннің құндылығын көксейтіндер. Бұл жағынан қырғыздық ахуал осы пайымды қолдайды. Сол себепті көкпардың ойнақылы болатын бауыздалған серке аграрлық саналы қауымға ерсі емес, қалыпты көрініс. Ал егер осыны қалалықтарға көрсетсеңіз, олар ойынды емес, бауыздалған серкені аяп, ойынды күстаналар еді. Осы жағынан қарағанда және спорттық инвентарь ретінде бауыздалған серке мейлінше көрнексіз, әдептен тыс, жараспайды. Ал тұлып салыстырмалы түрде көрнекті, алайда оның да жануарлық кейпі болғандықтан аса көп айырмасы бар деуге болмайды. Бұл да айуанды қорлауды паш етудің басқа жолы. Европалық көрермен де, орта да бұл ойынзатты қабылдамас еді.

Сол себепті де екі нұсқа да бейәдепке бейім, спорттық инвентарға, снарядқа жатпайды. Көкпар серкесін мүлдем басқа нұсқаға өзгерту керек. Ол жайында бұрынырақта ұсыныс болған. Тұлыппен еврокөрерменді алдай алмайсыз, оның көрер көзге қораштығы менмұндалайды. Әлемге көзқарас жағынан диктаты бар евроқұндылық тарапынан қарағанда бұл да – бейэтика.

mulyaj

(Серке орнына тартылатын муляж-тұлып)

Серкенің ойынға қолайлығы мейлінше байқалады, оны ұстау да, тақымға қысу да ыңғайлы әрі жарасымды. Ал тұлыптың ыңғайсыздығы көзге ұрып тұр. Біріншіден, тақымға дүңкиген күйі қысыла қоймайды. Екіншіден, тұлып жылжығыш болғандықтан шеңберден шығып ұпайға есептелуі қиын. Бұны біз Қазақстан-Моңғолия ойынында байқадық. 3 рет қатарынан шеңбер сызығынан жылжып кеткен тұлыптың кесірінен көкпардың майталманы Құрманбек Тұрғанбек әлекке түсті. Қысқасы қолайсыздығы көзге ұрып тұр. Жетілдіру керек.

Сонымен қорыта келгенде, көкпарды екі форматта да дамытуға болады: этноойын ретінде де, этноспорт ретінде де. Бірақ оларды бір біріне қарсы қойып керек емес, екі форматтың да өмірде өз орны бар.

Біздің мақсатымыз көкпарды спорт ретінде ойнауды жетілдіруге назарымыз басым болғандықтан, «Көкпар» федерациясының бағытын мақұл көреміз, алайда, кейбір нақты әрекеттер жетіспеуде. Нақтысын айтқанда, «шеңбер» нұсқасын спорт ретінде жариялау және оны одан әрі жетілдіре түсу жолдарын әлде де нығайта беру керек. Ол үшін ғылыми талдау мен дәйектеу жетіспей жатыр.

Қазақстандағы климатты ескере отырып және көкпардың танымалдығы мен таралуын жетілдірудің бір жолын ұсына кетпекпіз. Ол – көкпарды тек қана ресми түрде федерацияның чемпионаты аясынан одан әрі кеңейте түсіп, коммерциялық сипат беретін жарыстарды да қолға алу маңызды. Яғни, кәзіргі көкпар тек қана аймақтардың командаларына тәуелді болып отыр, бұған қоса жекелей командалардың да құрылып, ол секторды дамытатын бөлек жарыс құрылымын жасақтау қажет. Былай айтқанда, аймақтарда құрылған жеке командалар аймақтық деңгейде турнир өткізіп, келесі деңгей Жекелей ұлттық лигада жарысатындай жағдай жасалуы қажет. Жеке командалардың құрылуы мейлінше жеңіл әрі қаржы жағынан ешкімге тәуелді болмайды және бұл жағдай көкпарға мейлінше ынта туғызатыны сөзсіз. Өйткені, жүздеге жылқы айдаған ауқаттылар бұл спортқа құлшына кірісетіні айқын. Сөйтіп, көкпардың ішкі бәсекелігін арттыру арқылы оны дамытудың жаңа ресурсы іске қосылмақ.

Ал енді Сәдібек Түгел ағамыздың «Көкпардың кері кетуіне тосқауыл қою қажет!» мақаласына қарағанда небір спорт қайраткерлері қазаннан айрылғысы жоқ екен. Алайда тарихи жағынан алғанда көкпарға қазанның ешбір қатысы жоқ. Нағыз ерлердің ойыны саналатын көкпардың серкесі фольклорда да, ол жайлы жазылған небір жазбаларда да қазанға емес, жерден алынып, жерге тасталады. Сол себепті, этноойынды этноспортқа айналдырып, миллиондардың игілігі еткіміз келсе, стереотиптен ажырап, нағыз батылдар мен ептілердің спортынан қазан-ошақты аластаудан оның құндылығы ешбір кемімейді. Ал егер де, қазанды құндылық тұтып оны көкпардан арылтқымыз келмесе, онда оның этноойын нұсқасын өз алдына алға бастыра беруге әбден болады. Осылайша, ішкі қайшылықты жойып, көкпардың сыртқы даму кепіліне кедергі болмағанымыз абзал. Сонда ғана көкпардың маңындағы түйткілге қатысты шешімдер өзінен өзі іске қосылады.

Серік Ерғалидың басқа мақалалары:

«Көкпар тұжырымы тарихи мәнге сай емес»

«Көкпар: Ойын басқа, спорт басқа»

«Көкпар: Ай мен күннің тартысы»

Serik E.Серік Ерғали, мәдениеттанушы, этнолог. argymaq.kz 

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.