Ғылым. Таспен сойылған жылқы (ФОТО)

3311

Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының ғалымдары жылқыны ежелгі адамдарша тас құралдармен сойып, мүшелеп, зерттеу жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ғалымдар етті боршалауға қажетті құралдарды тастан жасаған. Себебі ежелгі заманда үшкір тас пышақтың орнына пайдаланылған. Зерттеуге қажетті тастар Рахат ауылынан алынған. Сондай-ақ маңғаз Маңғыстаудан да шақпақ тастар әкелінген. Бір қызығы, бұл тәжірибе ежелгі адамдар көне тас дәуірінен бастап ұзақ уақыт мекендеген тарихи жерде жасалды.

Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының ұйымдастыруымен өткен экспериментке қазақ, француз және ресейлік ғалымдар қатысты.

Бұрынғы кездерде жануарларды үшкір таспен бауыздаған. Осылайша, тас пышақты алмастырған. Осынау зерттеуді іс жүзінде жүзеге асыруды ойластырдық. Алдымен тастарды үшкірлеп әзірледік. Малды бауыздап, қанын шығардық. Еттен теріні ажыратып алдық. Осы кезде біз таспен жұмыс жасаудың ерекшеліктерін түсіндік. Бұдан кейін еттерді жіліктеп, бөлшектеуге кірістік. Осы кезде қай тастың қанша уақытқа дейін пайдаға асқанын, қалай жұмыс істелгенін хаттамаға жазып, тіркеп отырдық. Сондай-ақ әр жұмысты қанша уақытта бітіргенімізді де жазып, бақылауда ұстадық, – дейді Әлкей Марғұлан институты директорының орынбасары Талғат Мамиров.

Тас құралдармен ірі қараны жіліктеп, сою процесі 2,5 сағат уақытқа созылды. Бұдан бөлек, еттен сүйектерді ажыратып, сүйектерді екі метр жерге көмді. Барлығы дерлік палеолит дәуірінің адамдары сияқты тас құралдармен істелді.

Біз бұл тәжірибені бастамас бұрын екі жағдайды бақылауға алып, зерттей бастадық. Оның біріншісі – сүйектен етті ажыратып алып, сүйекті көмдік. Себебі біз сүйектердегі тастардың жанасып ұрылған жерлерінде қалатын ізді бақыламақшымыз. Көмілген сүйектерді біраз уақыттан кейін қазып алып, ұсақ микроскоп арқылы ұрылған жерлерді бақылайтын боламыз. Қандай өзгеріс боларын зерттемекшіміз. Сондай-ақ біз тас құралдарды да өзімізбен алып кеттік. Себебі ежелгі адамдар қандай тастарды пайдаланып, қалай кәдеге жаратқандарын зерттеумізге енгізбекпіз. Сол себептен оларды қағазға тіркеп, сипаттама жазып отырдық. Осылайша, ежелгі дәуірде көмілген жан-жануарларды тауып жатсақ, оларды қандай тас құралдармен кескенін біліп отырамыз, – дейді Әлкей Марғұлан институты директорының орынбасары Талғат Мамиров.

Археологтың айтуынша, тас құралдармен ағаш, маталар да кесілген. Бірақ әрқайсысында әртүрлі із қалып отырған. Сол себептен бұл тәжірибе ежелде тас құралдармен қалай жұмыс істелгенін, әр тасқа тән қандай ерекшілігі мен артықшылығы болғанын дәлелдейді.

Еске салайық, 2018 жылы ғалымдар Рахат ауылының жоғарғы жағынан адамдар тас дәуірінен бастап мекендеген қоныс тапты. Қазба жұмыстары кезінде олар ошақтардың орнын, тас құралдар мен аң сүйектерін тапты. Зерттеу адамдардың 30 мың жылға жуық уақыт ішінде осы жерге әр кезеңдерде кемі 15 рет қоныстанып, өмір сүргенін көрсетті.

2018 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылының жоғарғы жағынан ежелгі қоныс табылған болатын. Қазба жұмыстары бұл жерді адамдардың ерте тас дәуірінен сақтар заманына дейін 30 мың жыл мекендегенін көрсетті. Арасында бір-екі мың жылдық үзілістер болған (және ол мұз дәуіріне сәйкес келген), десе де ата-бабаларымыз дәл осы тұсқа ұдайы келіп отырған.

BAQ.KZ

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!