Қазақстан атбегілері Президентке ашық хат жолдады

1419

Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаев мырзаға қазақ атбегілерінен және ұлттық спорттың жанкүйерлерінен

АШЫҚ ХАТ!

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Ғасыр атбегісі атанған Еңбек Ері Бошай Кітапбаевтың 100 жылдығына арналған халықаралық ат бәйгесін 2023 жылдың күзінде дайындап өткізуге сізден көмек сұраймыз!

1923 жылдың 2 қыркүйегінде Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының «Жаңа үлгі» ауылында дүниеге келіп, 2015 жылы Өскемен қаласында 92 жасында өмірден озған Социалистік Еңбек Ері, 45 жыл колхоз төрағасы болып ерен еңбек еткен, Ұлы Отан Соғысының ардагері, XX ғасырдың дүлділдері «Бұланқара», «Құланқара» және «Желмая» атты жүйріктердің иесі Бошай аға Кітапбаев XX ғасырдың ең үздік атбегісі саналады. Өйткені біз, қазақтар – қазанат десек – Алпамыстың Бойшұбарын, Қобыландының Тайбурылын, Қамбардың Қарақасқасын, Исатайдың Ақтабанын, Абылайханның Шалқұйрығын, Қабанбайдың Қубасын, Ақан серінің Құлагерін, Бошайдың Үш қарасын айтамыз.

Ұлы жазушы Ғабит Мүсрепов «Бошайдың үш қарасы» атты шағын мақаласымен-ақ, мыңдаған оқырманның алғысына бөленген.

Иә, Бошай аға жылқы мен ат бәйгесінің қыр-сырын жетік білетін, өз заманының жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар, миллионнан дүлдүл шыққан ҒАСЫР АТБЕГІСІ болатын! Асыл ағамыздың өмір жолы мен ерен ерліктері, атбегілік дарыны бізге – ұлттық ат спортына құштар жандарға нағыз үлгі-өнеге болды.

Шынында, Бошай Кітапбаевтың атқарған сан-алуан ерен еңбегі, жазған кітаптары мен айтқан өсиет сөздері, ел үшін, отан үшін төккен тері қалың жұртқа өнеге, ұрпаққа үлгі. Бала жасынан алғыр, зерек болып өскен ағамыз үлкенге – іні, кішіге – аға болуда алдына жан салмай өмірден өтті. Оның өмір жолы ерлікке, адамгершілікке, бауырмалдыққа, парасатқа толы болды. Еліміздің алыбы, нағыз Нар тұлға-Ер тұлға, жақсылықтың жаршысы, ізгіліктің ұйытқысы, тау қозғалса да байсалдығы мен бекзаттығын қатар сақтай білген, өмірде қандай қиыншылықтар мен ауыртпалықтар болса да азаматтық ізетті қалпынан еш өзгермеген, көлденең сөзге ермеген, елге өнеге, інілеріне үлгі болған Ер Бошай ағаны ұлықтау қазіргі ел басқарып отырған азаматтардың қасиетті парызы болса керек.

Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Ғасыр атбегісі атанған Бошай Кітапбаевтың 100 жылдығын кеңінен атап өтуге байланысты 5 ұсыныс:

  1. Биыл, 2023 жылы Ұлы атбегі Бошай Кітабаевтың 100 жылдығына арналған халықаралық ірі ат БӘЙГЕСІН ұйымдастырып, өткізу;
  2. Өскемен қаласының бір көшесіне Ғасыр атбегісі Бошай Кітапбаевтың атын беру;
  3. Ғасыр атбегісі Бошай Кітапбаевқа Өскемен қаласында ескерткіш орнату;
  4. Өскемен қаласында «Бошай Кітапбаев-Ғасыр Атбегісі» атты ғылыми-практикалық конференция өткізу;
  5. 2023 жылдың 2-3 қыркүйегінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Көшербаев Ермек Беделбайұлының тікелей ұйытқы болуымен және сындарлы басшылығымен Өскемен қаласында Ғасыр атбегісі Бошай Кітапбаевтың 100 жылдығын арналған салтанатты жиналыс өткізу;

ҒАСЫР АТБЕГІСІ, ЕҢБЕК ЕРІ Бошай Кітапбаевтың есімі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады!

Құрметпен,
ҚР «Атбегілер мен шабандоздар» Одағы және
ҚР Ұлттық ат спорты түрлері федерациясының төрағасы,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,
Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы,
жазушы, атбегі Сәдібек Түгел

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.