Ақжілік атты жарату әдісі
Қазақтың ат баптау, жүйрік жарату өнері – үлкен ғылым. Біздің қолымызға ҚХР Құлжа қаласы, Үкірші қыстағының тұрғыны, жылқышы, зейнеткер-ұстаз Мәмбетжан есімді ақсақалдың осы өнер жайлы сөйлеген аудио жазбасы түсті.
Өкініштісі, Мәмбетжан ағамыздың толық аты-жөнін таба алмадық. Десе де, жақсы сөз жерде жатпасын деп, қарияның айтқан әңгімесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Argymaq.kz
Ат көбінде жілікпен жүгіреді. Құмжілік ат жүгірмейді. Құмжілік атты жүгірту үшін, ол қанша мықты жүйрік болса да, жілік майын толтырып, ақжілікке айналыдырып алып, содан кейін қайта жарату керек. Қайта жаратқандағы әрекетіңіз, сол бұрыннан қолданып келе жатқан ат жарату дәстүріне сай болады.
Бұл жерде бір айта кетерлігі, кемеліне келіп, етін толтырған, жілік майы толған, әбден күш-қуаты қалпына келіп, жақсы бағылған жүйрікті баптау барысы жайлы айтпақшымыз.
Неден бастау керек?
Негізгі қағида ұқсас. Күйі жетті, енді жаратуды бастаймын дегенде, неден бастау керек?
А дегеннен атты қинамай, етіне қараңыз. Еті өте семіз, байлап семірткен ат болса, бірнеше күн жетекке алып, кемінде 3-4 күн 5-10 шақырым жерге желе-аяңдап жүріңіз. Жабусыз болғаны жақсы. Мұндағы басты мақсат – қан айналымын түзеу, асқазанындағы бығып қалған артық жемді түсіру, ішін тазалау, боғын тастату.
Осыдан кейін ер салып, мініп, аяңдап, құлақ түбін терлетіп, құлтығын бусандырып қоясыз. Дәл осылай 15-20 күн жүргеніңіз жақсы. Сол кезде ат кенет бұзылудан, дереу бабын тайдырудан тыйылады. Оны өзіңіз де сезесіз.
Бұдан соң жылдамдықты шамалы қосып, желе-жортып, терлетіп, мойнын, құлақ түбін көпіршіте терлетесіз. Тізгіндігі, шабы, жаңбырлығы ақкөбіктене терлеген соң, әкеп қаңтарып қоясыз. 4 сағаттан асырмай суытасыз.
Осы орайда бір жағдайды ерекше ескерте кеткім келеді: жылқының асқазанындағы тамақ, ол ештеңе істемей қарап тұрса да, 4 сағатта қортылып болады. 4 сағаттан асса, жылқы ашығуға қарай өтеді. Сондықтан баптауда тұрған атты қатты ашықтырмаған жөн.
Атты жаратудағы мақсат не?
Атты баптаудағы мақсат – арықтату, етін сылу деп түсінсеңіз, 100 пайыз қателесесіз. Атты жаратудағы мақсат – етін жинау деп ұқсаңыз болды. Етін жиғызып, қарнын тарттыру, бұлшық етін саурына жинату, кәрі жіліктің көк етін жетілдіру, асықты жіліктің көк етін жетілдіру, сіңірін бекіту. Ат жарату барысындағы жаттығулардың бәрі осы негізде жасалуы керек. Сондықтан ат жарату барысында, баптағанның жөні осы екен деп, ұзақ күн байлап қойып, ашықтыруға болмайды. Түрлі азық бере отырып, күнделікті жүрісін ширата отырып, жаратқан жөн.
10-15 күн жай жүріс, 15-20 күн желе-жортып жүресіз, сонда шамамен бір ай 10 күн, бір ай 15 күн болғанда, күнделікті жүретін жолды ұзартуға қарай жұмыс істейсіз. Ол кезде тау-тасқа, өр-ылдиға, қырат-қияға салуға да болады. Әрине, мұндай кезде жоқ іздеп жүрген адам секілді, беталды далақтамайсыз ғой. Қалыпты жүріспен, күнделікті жүріс жылдамдығын үдете отырып, межелі жердің қашықтығын ұзарта отырып жасайсыз. Осындай кезде ат жарыс жолына төселіп, қандай жағдайға тап болса да, бойындағы тепе-теңдігін сақтауға бейімделеді. Әрі ойлы-қырлы жерге көп мінілген ат өз-өзін еркін меңгерген, өз-өзін еркін билей алатын болады.
Ат бабына келгенде өзі де белгі береді. Үстіне мінген кезде ауыздықты басып, шабыс тілеп тұрса, жетекте өз-өзінен ойнап, қоябер деп тіленіп тұрады. Дәл осы жағдайға жеткенде, тер алуды бастайсыз. Алдындағы терлегендер – 10-15 шақырымға жай жүрісіңіз, 15-20 шақырымға желіс, шоқырағыңыз, тау-тасқа мініп терлеткеніңіз – бәрі жаттығу барысындағы тер. Сондықтан бұл негізгі тер алуға саналмайды.
Тер алу кезінде алғашқы екі терді жабусыз алғаныңыз дұрыс. Саржеліспен жүріп терлеткен оңды. Күнделікті мінген кезде де шабысыңыздан желісіңіз көбірек болғаны жақсы. Сол тұрғыдан, алғашқы екі терін де саржеліспен алғаныңыз дұрыс. Ат желген кезде бірталай күш жұмсайды. Ал шоқырақтатып, шабатын болсаңыз, желпілдеп, жел кеулеп, ат дұрыс терлемейді.
Үшінші терден бастап атты жабулай бастасаңыз болады. Бірақ, осынша жер деген нақты өлшем жоқ, бірақ сол сіз тер алған күнгі ауа райының ыстық-салқындығы, жел ме, тымық па дегендей атты терлету ауа райына тікелей байланысты. Кей күндері тымырсық, бұқпа, желсіз ауа райы болады да, ат тез терлеп, тұяққа түсіп кетеді. Өз мөлшеріңізбен терлеп болды-ау дегенде тоқтатасыз. Осылай 5-6 рет тер алған соң атты жеңіл-желпі бір бәйгеге (қара жарыс, тоқ бәйге) қосып алуыңызға болады. Онда аттың көп болуы маңызды емес, 5-6 ат болса да, бірге шаптырып, дүбір көрсетіп қою керек. Бәйге ұзақтығы 6-8 шақырым ғана болса болады. Бұл – атқа дүбір көрсету, көңілін көтеру әрі атты сергітіп, топ көрсету деп аталады. Осындай шағын бәйгеге бірнеше рет салып барып, содан кейін ғана үлкен аламанға қосуға болады.
Дәл осындай тәртіппен, осындай баппен бапталған ат аптасына бір бәйгеге қоссаңыз да жарай береді. Кейде тіпті, бүгін бәйге болса, екі күннен соң тағы бір бәйгеге салатын кездер болады. Солардың бәріне шыдас бере алады.
Алғашқы бәйгенің маңызы
Жаратып, бабы келіп, тері алынып, шағын бәйгелерге жүгіртіп, енді үлкен аламанға қосылған аттың, алғашқы жарысын сәтті өткізу керек. Мүмкін болса осы алғашқы бәйгені ұттыру керек. Алғашқы аламанда бірінші келген аттың көңілі өсіп, шабысқа деген ынтасы артады. Одан кейінгі аламандарда ат та, өзіңіз де төселіп аласыз.
Атыңыз ысылып, өте арықтап бара жатса, күтімге алыңқырап, бәйгеге қосуды азайтыңқырап баптайсыз. Ал еті қалыпты, арықтамай, ұстап тұрса, бұрынғы баптау әдісіңізді жалғастыра бересіз.
Осы жерде тағы бір ескертетін жайт, атты ашықтырып, көп байлауға да болмайды. Ат топқазы болып қалуы мүмкін. Атты қинамай мінемін деп көп адам аттың терін шығармай, көп уақыт мініп жүреді. Жемді беріп, ұзақ уақыт қаңтарып тастайды. Мұндай жағдайда ат топқазы болып қалады. Сондықтан ұстаған соң, баптауды бастағаннан кейін 10-15 күн өте атты терлете, бусандырып, көпіршітіп, танауын желпілдетіп әкеп, солығын басқаннан кейін байлау керек. Мұндай, терлетіп, суытқанда топқазы бола қоймайды.
(Жалғасы бар)
қағазға түсірген Ержан Жаубай
Argymaq.kz