ДКО: Ұйымдастыруға 8 млрд бөлінсе де, әлі ештеңе істелген жоқ

2351

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жанарбек Әшімжан ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.

Мәжіліс депутаты өз сауалында 2024 жылы елімізде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық мәселесінің сын көтермейтінін атап өтті.

Өзіңізге мәлім, алдағы 2024 жылы V Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны Астана қаласында өтеді. Бұл – әлемдік этномәдени және этноспортты, ұлттық ойындарды жаңғыртуға арналған аса маңызды аламан. Ең алғаш Қырғыз елінде өткен додада 19 елден 583 спортшы ғана бақ сынаған. Ал, өткен жылы Түркияның Изник қаласында өткен көшпенділер ойынына Латын Америкалық елдерден бастап Жапонияға дейінгі аралықта 102 елден 3,5 мың спортшы қатысты. Демек, көшпенділер ойынына дүниежүзінің назары ауды – дейді депутат.

Қазақстанның өтінімі сол V Дүниежүзілік аламанда Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы жиынында қолдау тапқан.

«Қолдау тапты» деп айтуға ғана оңай. Әр ел өзіне қарай тартты. Көзге көрінбейтін «күрестерді», таласқан тараптарды көзбен көріп, жүрекпен сезінгенбіз. Сонда Дүниежүзілік көшпенділер ойынының Қазақстанда өтуіне Мемлекет басшысының саяси беделі тікелей көпір болды. Басына – кіреуке, денесіне – торғауыт, қолына – күрзі, аяғына – саптама киіп, атқа алғаш ауыздық салып, тұлпарының тағасы Батыс пен Шығыстың айылын жиғызған Ұлы дала қаһармандарының мұрагері екеніміз тарихи шындық. Ошағымыз толы өркениет! Ендеше осынау әлемдік Көшпенеділер ойынын абыройлы өткізу елдігімізге сын! – дейді Жанарбек Әшімжан.

Енді бұл аламан біздің елде өтеді. Бұл – елдің абыройы мен жеңісі. Осы ретте, Президент елімізде өтетін ауқымды шараны сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұлттық спорт шараларымен шектелмеуі керек. Аталған халықаралық спорт сайысы қолөнер, туризм, қызмет көрсету саласы сияқты шағын және орта бизнес өкілдері үшін де тиімді ұйымдастырылып, кәсіптерін ілгерлетуге жағдай жасалуы қажет, — деген еді Мемлекет басшысы.

Депутат «содан бері жыл өтсе де, ұйымдастыру жұмыстарының лебі сезілмейді» деп отыр.

Мәлімет бойынша, Үкіметтік деңгейде комиссия құрылған. Басты сайыстар өтетін нысан ретінде Астана қаласындағы «Астана-Арена», «Қазанат» ипподромы, «Жекпе-жек» және «Алау» мұз сарайы бекітілген. Дегенмен, мәселе қайда жатыр? Бюджеттен 8 млрд теңге қарастырылған, бірақ бұл инфрақұрылымдарға емес, ұйымдастыру жұмыстарына. Яғни жоғары да аталған нысандарды жөндеуге, әлемдік стандарттарға сәйкестендіруге қаражат қарастырылмаған – дейді ол.

Дүниежүзілік доданың өтетін мерзімі – 2024 жылдың қыркүйегі. Тура 11 ай қалды.

Қылышын сүйретіп қыс та келді. Ақтүтек боран, саршұнақ аязбен алысып тағы алты ай өтеді. Негізгі шаралар өтетін «Қазанат» иппадромында 10 мың адамға қызмет ететін нысан құрылысы жүріп жату керек еді. Өзге де спорттық нысандардың күрделі жөндеу жұмыстары, реконструкция, басқа да жұмыстары тоқтап тұр. Атшабарға жапсарлас этноауыл жоспарланған. Күні кеше аяқтай барып көрдік. Өлі тыныштық – деді депутат өз сауалында.

Қазірдің өзінде Көшпенділер ойынына қатысуға 20 спорт түрі бойынша 73 ел өтініш берген. Демек 100-ден аса елден 3000-нан аса спортшы қатысуы мүмкін деген сөз.

Бұған ағылып-төгіліп, шашылып-сөгіліп келетін туристерді қосыңыз. Спорттық жарыстарды тарататын транслияция тақырыбы әлі жабық күйінде. Өткен жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойынын әлемнің 70-ке жуық мемлекеті тамашалаған. Қысқасы шаруа шаш-етектен. Ұлттық спортты дамытуда «Аманат» партиясы бірнеше бағытта жүйелі жұмыстар істеп келеді. «Ұлы дала жорығы» – осының айқын дәлелі! Жауапты мемлекеттік орган тиісті процедураларды өз деңгейінде ұйымдастыра алмай отыр. Салғырттық салдарынан қалалық әкімдікке инфрақұрылымды реттеуге бір тиын да қаржы бөлінбеген – дейді мәжілісмен.

Ол жалпы, спорт пен туризм саласында түйінді мәселе көп екенін еске салды.

Мемлекет басшысы салаға қатысты проблемаларды шешу үшін Туризм және спорт министрлігін құрды. Енді сол жаңа ведомствоның сыналатын шағы. Көшпенділер ойынын өткізу тек Астана қаласының ғана емес, бүкіл елдің жауапкершілігі. Сондықтан ұйымдастыру жұмыстарына өңірлерді жұмылдыруға күш салу керек. Осы орайда, Астана қаласы әкімдігімен бірлесе отырып спорттық нысандардың құрылысы мен реконструкциясына қатысты қаржы бөлуді жеделдету керек. Еліміздегі ең ірі мегажобаға айналған «AMANAT» партиясының «Ұлы дала жорығын» Дүниежүзілік көшпенділер ойынының регламентіне енгізу керек – дейді Жанарбек Әшімжан.

Argymaq.kz

ФОТО: halyq-uni.kz

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!