Ат спортынан кәсіби мамандар дайындалады

1693

Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьянов мен ҚР ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев екіжақты келісімшартқа қол қойды.

Мақсат – ұлттық спорт түрлерінен, соның ішінде ат спортын дамыту мақсатында бірлесіп білім беру бағдарламасын құрастыру.

Аударыспақ, жамбы ату, көкпар, бәйге сияқты ұлттық спорт түрлері – ата-бабаларымыз мұра еткен асыл қазына. Атқа міну, шабу – біздің қанымызда бар қасиет. Ұлттық құндылығымызды жоғалтпай, халықаралық дәрежеде көтеруді қолға алғанымыз жөн. Ат спортын дамыту үшін барынша қызмет етуге Қазақ спорт және туризм академиясы да әрдайым ықыласты, — деді Қайрат Закирьянов.

Ат спорты бүгінде әлемнің бірнеше елінде қарқынды дамыған. Мәселен, жапондар бұл спорт түрінен көш бастап келеді, одан кейін Германия, Канада сияқты алпауыт елдерде ерекше қарқынмен дамыған. Бабаларымыз ат үстінде жүріп, талай даулы, саяси, мәдени жұмыстарды іске асырып отырған. Қазақ топырағымен біте қайнасып келе жатқан ат спорты бізде неге кенжелеп тұр?!

Бұл мәселені реттеу үшін алдымен мамандар даярлаудан бастау керек. Атты бәйгеге қоспас бұрын оның бабы, жаттықтыру техникасы болады. Осыны оңтайлы жолға қоймасақ, ұлттық құндылығымызды жоғалтып аламыз. Ат спортын біз аманат деп түсінуіміз керек, ал аманатқа қиянат жасауға болмайды. Кәсіби мамандар спортшыларды баптап жарысқа қосады ғой, дәл солай аттардың да қыр-сырын жетік меңгеретін мамандар қажет. Ал бізде ол жоқ. Осы салада жаттықтырушылар дайындайтын уақыт жетті, — деді ҚР ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев.

Екіжақты ынтымақтастыққа негізделген бұл жиында көптеген мәселе қозғалды. Расында бәйге кезінде ат үстіндегі шабандоздың төзімімен қатар, оның тақымының мықтылығы да сынға түседі. Осындай сан түрлі жаттығу техникаға толы ат спортын үлкен ілім, білім, ғылым десек артық айтқандық емес.

Алдағы уақытта білім беру бағдарламасын әзірлеу және іске асыру жөніндегі бірлескен іс-шараларды өткізу жоспарда тұр. Ат спорт түрлерінен жарыстарды, форумдарды, спорттық-сауықтыру іс-шараларын, конференцияларды, семинарларды, симпозиумдарды, ғылыми зерттеу жобаларын дайындау және оны іске асыру, болашақ мамандарды даярлауда заманауи инновациялық әдістемелерді қолдану сияқты ауқымды жұмыстар күнтізбеге енгізіледі.

Ендеше, елімізде ат спорты дамып, әлемдік бәйгелерде оза шапқан тұлпарлармен, мықты шабандоздар дайындайтын нағыз мамандармен мақтанатын күн де алыс емес.

«Халық үні»

ФОТО: дереккөз

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!