Тұлпарлар туралы толғам

1549

…1991 жылдың қазан айының басы. Ұлттың Тәуелсіздікке қарай – енесіне жамыраған қозыдай ұмтылып келе жатқан шағы.

Тәуелсіздіктің жолына шашылған шашудай жер нәубеті айырықша бұлқынған сол жылы ұлы жырау Қашаған Күржіманұлының мамыр айында Маңғыстаудағы «Қырықкез» әулие маңында «Там-байғазы» тойы аса биік салтанатпен өткен.

Қазанда 150 жылдық тойына да өлкеміз қатты күбінді. Әбіш аға Кекілбайұлы Алматыдан өзінің достарымен жеткен. Арасында – жастайынан тел өскен досы Мұхтар Мағауин жұбайы Бақытжамал жеңгеймен бірге келген…

Сол жылдары Түркменстанның Шағадамынан баяғы «адай жылқысының» тұяқтарын сақтап қалған – Тіней Шам-Талпақтың немересі Терекбай-сейіс, Базар-Жары Ізбас ақын Есімұлының немере інісі Алпамыш сынды ақсақалдар келіп, Маңғыстаудағы аламандарға ат қосып және бүкіл жүлделерді сыпырып алып кетіп жүрді.

Маңғыстау совхоздарының жайшылықта «жүйрік» атанып жүрген, «советтік селекциядан» шыққан тұғырлары әлгі көкмойнақтардың тезектерін теруге де жарамай қалған! Ең сұмдығы, әлгі тұлпарлар аламанның соңын алашаң қылып бара жатқан шобырларға қайта айналып, қуып жетіп, кейде соңы дауға айналып, тұғыр иелері бір айналым кейін келген аттарын әлгі шын тұлпарлармен әдейі шатастырып, даудың алашаңын боратқан тұстары да бар…

Шағадамның шалдары ылғи «Шынжыр» қыстағындағы аулымызға түсетін. Терекбай-сейіс өзінің торы айғырын біздің ауылға тастап кететін. Сол жануар үш жылдай қолымызда болды, талай бәйгіні алды.

Тобы шағын, бір көрген адам «құнан ба?» деп қалғандай, бірақ шыға шабатын – шығынып шабатын, бәйгінің соңына дейін алдына қара түсірмейтін шын жүйрік еді.

Той алдында ауылға барсам, Түркменстаннан келген атбегілер басып жатыр екен. Аман-түгелден соң бұрынғылардың жолымен «ат бәйгілі болсын!» айттым. Терекбай қария ырайланып қабылдады.

– Шоңай Алшын бастаған 60-тан аса үкімет адамдары ауылы «Сармыс-Тәжіде» отырған, совет өкіметіне қарсы қару алып соғыспаққа ниеттенген әйгілі мерген Тоқабай Құрмаш Қосжанұлын ырайдан қайтармақ болып барғанда, Құрмаш қонағасыдан соң батаны өзі беріп:

«Бабық Ырзабек-Бурабектің қойын берсін,

Тіней Шам-Талпақтың тайын берсін,

Олжашы Айдарбайдың ойын берсін,

Шоңай Алшынның бойын берсін!

Қалғаны маңдайларынан көрсін!» – депті ғой. Сол батасы қабыл екен, анау жатқан тентек шалдың, – деп ауылдың ілгергі бетіндегі Құрмаш батырдың «қызылдармен» соғысып өлген бейіт-тұсын нұсқадым. – «Зәкария – Шам-Талпақтың» совет тартып алған 22 000(!) қылқұйрығының тұқымын сақтап қалған екенсіздер, – деп алғыс айттым…

Ертесі күнгі кешке Ақтаудың жанындағы Басқұдықтағы атшабар алаңынан алқынып інім Үттібай (марқұм) келіп хабар берді:

— Бәйгі-аттарды Мұхтар Мағауин келіп аралап шықты. Біздің торы айғырды(«Терекбай торы») көріп: «Мынаның алдына ертең құс та түспейді!» деді. Есен Әділханның (Әділхан Бақтыбайұлы – «хан» Тобанияз Әлниязұлының туған балдызы, яки Дөңбай шешеміздің інісі) қараалаяқ арғымағы екінші келетінін айтты. Қалыңбаев Әбділданың қоңыр атын көріп: «Жануар ұзаққа шабатын жылқы екен. Енді бірер айналым болса, екіншіге осы ілінер еді» – деп кетті… – деді.

Біз өзіміз әулиедей құрметтейтін жазушының айтқаны келгей де деген тілекпен қалғанбыз. Ертесіне 100 неше ат қосылған аламан бәйгіде Мұхтар Мағауиндей саңлақтың айтқаны айнымай келгені ғой! Кейін осы әңгімені Есенғали Раушанов ағама айтқанда түк таңданбастан:

— Әрине айтқаны келеді. Ол тегін адам болса, «Мұхтар Мағауин» бола ма?! — деген…

Светқали Нұржан мен Мұхтар Мағауин

…Кешегі айғұншақ Ақтеңіз бен бозғұншақ айтеміз-шыңдар қауышқан Түркияның Кемерінде, – ежелдің тарихшы-географы Страбондардың табаны тиген қоныста, – қаламгер шаңырағындағы келісті кеңесте сол кепті еске салдым. Ағам осы әңгімеден соң жүйріктердің тағдыры туралы айтып кетті:

— Әкем (үлкен әкесі Мағауия Құрымбайұлы ақсақал – С.Н.) Абай әулетімен аралас-құраласқан, алаш қайраткерлерімен дәмдес болған (оның үйінде 1918 бен 19-дың айқыш тұсында Міржақып, Райымжан Мәрсековтер бастаған алашордалық ұлт көсемдері 40 күн паналаған. – С.Н.) жөнбілгі-сөзбілгі адам болатын. Өзі атбегі еді. «Нарқызыл» деген аты болды. Ондай жүйрікті көрмедім. Кейін ол туралы «Жүйрік» атты хикаят жазғанымды білесіңдер. Жануар жай жүргенде де, шапқанда да қатарына ат ілестірмей мойын оздырып отырар-ды. Ұран шыққан сәтте кірістен ытқан жебедей самғап кетіп бара жататын. Әп дегеннен артындағы самсаған жүйріктен қара үзіп шыға келетін. Сол озғындаған күйі алдымен келер-ді. Есентай атты бәйгі-баласы болды. Бір қызығы, бәлкім, бұл – қасіреттің зоры, елінің тұлпары – Нарқызылдың тілеуін ешкім тілемейтін. Бәрінің көкейінде: «Осы жолы қала қойса екен!» «Сүрінсе ет-ті, мертіксе ғой!» «Өлсе екен!» деген жаман пиғылдары іштеріне симай, сырттарына лықсып шығып жататынын талай естідік. Бірақ әкем оларға тіпті де мән берген емес. Заңдылықтай қабылдайтын. Мысықтілеу көпшілік, кісәпір топшылық қанша жерден қарғаса да Нарқызыл олардың өзегіне түскен қызғаныштың қызыл құрттарын одан сайын семіртіп, қарақшыдан жалғыз айналуын қоймайтын… Кейін бақсам, мұның өзі заңдылық көрінеді. Шеннен шыққан жүйріктің, мейлі, ол – мал, мейлі, адам болсын, – маңдайына бұйырмыс мөр-тағдыр осы екен… – деді.

Мұны айтқанда, Мұхтар ағамның өңі алабұртып, жанары дымданып қоя берді. Терең күрсінді. Көз алдыма, – ақыры, оза алмас шобыр, көре алмас тобыр тілеуіне жете алмағасын, қолтық-қолаңсасына (жүрек тұсы) ине қадап жіберген Нарқызыл тұлпар елестеді…

Кенет кәрі тұлпар ышқына кісінеп жіберді! Ол кісінесте – асқақ рухты баба-дәуренді көксеу де, барлық мұраттың бастау-көзі, екшеу-шегі – ататопыраққа деген еңсеу де, тұлпарлар ғана дүбірлетуге ылайық дырау-даланы жайлап алған топыраш-тұғыр, шапыраш-шобырларға деген нала-өкініш те жатыр еді!

Адам-алмауыттың осына аласүрең үнін алыстағы Қазақиясы естіді ме екен?.. Әй, қайдам? Өйткені көкірек-көмейдегі ышқынған үн, көңіл-көбедегі алқынған дем жанында отырған маған ғана естілген. Өйткені ол тыныс маған ғана телімел, ол дыбыс маған ғана етене-тін. Өйткені…

Айт-Ман (Светқали Нұржан)

10.10.23 ж.

Argyamaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.