Жылқыға қатысты көнерген сөздер (жалғасы)

17465

Лақса – әбден қартайған. Лақса кәрі жылқы
Лап – бұрынғы кездегі «аттан», «тізгін босат», «тұра шап» деген мағынадағы жарлық сөз. Лап қою – барлығы бірдей қозғалу.
Мама – ат байлайтын діңгек ағаш. Мама ағаш.
«Шоң ауылының сонау етегіне мама ағаш қағылып, арасына арқан керілген.» (Қ.Исабаев)
Мама бие – сүтті, жуан бие.
«…Өңкей мама бие бер,
сауған сайын ие бер». (Тұрмыс-салт жыры)
Мандам – жылқының тамағын без басып, іріңдейтін індет.
Манжақы – бедеу.
Маңғыл – жылқының маңдайындағы қасқасы. Маңғыл қасқа – қасқасы маңдайынан танауына дейін толық, айқын қасқа.
Маңқа – жылқының ауыруы. Маңқа-қолқа.
«Арымасын, талмасын деп,
маңқа-қолқа болмасын деп,
жеміне қосып қыз Құртқа,
қызыл дәрі жегізді.» («Қобланды батыр» жыры)
Марайма – елпектей басып жүретін жылқы жүрісі.
«Алайма, сұлтан, а лайма,
астыма мінген арғымақ,
аяңдай түсіп марайма.» (Махамбет)
Мауыт (Мауыты) қ. Мәуіт. – қымбат матадан тігілген атжабу.
«Бурылға жапты көк мауыт,
Сыйынған пірім ер Дәуіт.» («Қобланды батыр» жыры)
Мәстек – бой тұрқы тапал, тегі нашар жылқы.
«Наз бедеуден жал кетіп,
мәстектердің сүбесі,
сере болған заман-ай!» (Нұржан Наушабаев)
Месберік – мал бағуға, ауыр жұмысқа пайдаланылатын ат.
«Бір месберік екіден үш ай мал бағуға жарайды». (Б.Қалиев сөздігі)
Можа – Жуас жылқы.
«Қарны кебежедей бір можа биеге малшы қатын мінем деп, үзеңгіге аяғы жетпей мықшыңдап жатыр еді.» (Ж.Аймауытов)
Мүйет – аттың жауырына ер тигізбеу үшін немесе жарақатқа ораған нәрсені тигізбеу үшін қолданылатын төсеніш зат.
Мырза бақташы – жылқышы.
Мілік«Құлынның мілігінде жылтырап қылтиған иттістің нышыны байқалса, оның тұқымы асыл болуының белгісі». (Б.Қинаятұлы)
Назбедеу – әсем, сұлу мүсінді, жүйрік ат.
«Ойық желке, кекшіл бас, құлжа мойын назбедеу».
«Назбедеу аттың тұяғы,
Тасқа тиіп тұралар.»
«Жеті сайын жан салмай,
жол алған мен бір назбедеу,
сейісін тауып баптаса». (Балқы Базар)
Ноғала – жылқының көзіне ақ түсу. Ноғала болу.
Ойынды – жылқының алдыңғы екі аяғының ортасындағы кеудеге қарай біткен, бұлтылдаған бұлшық етті дөңес жері. Ойынды еті бұлтылдып. Асық жіліктің ойынды еті.
Оя – жылқының сауыр еті.
«Тұлпар тулақ болады,
орта түссе оясы» (Базар жырау)
Өлі – Жылқының ауыруы. Түйнек. Өлі тію.
«Өлі – жылқының қара терге түсіп, бір тұрып, бір жүріп, жайылмай теңселіп жүретін ауру». (Ш.Жәнәбілов)
Өмілдірік – ердің қайқайыста артқа кетпес үшін алдыңғы қанжығаға бекітіліпаттың омырунан орай тағылатын әбзел.
«Бірі жақұт орнатылған, күміс шапқан үйрекбас ерлі, жалпақ өмілдірігі мен әшекейлі құйысқанының шашақтары төгілген, бірі береземен безендірілген биік алтын қасты жайпақ ерлі, алтын оқалы көк кежім жабылған екі ат тартылды.» (М.Мағауин)
«Өмілдірік сом алтын, омырауда алқылдап.» («Қыз Жібек» жырынан)
Шығу тегі моңғол тіліндегі «өмін» (өмнө) – алдыңғы жақ деген ұғымнан болса керек).
Өң (Өңдік) – аттың арқасына жұмсақ болу үшін терліктің астына салынатын жұмсақ қабат. (Моңғолия қазақтары өң емес, өңдік дейді)
«Аттың арқасына жұмсақ болу үшін терліктің астынан иттің, қоянның терісі төселеді. Оны «өң» деп атайды». (Б.Қалиев сөздігінен)
Өпшін – ат жабу. Кежім.
«Толып жатқан көп қалмақ,
Атына өпшін жабады». («Ер Тарғын» жыры)
Өре – 1.Атты бекіту үшін мінер жақ алдыңғы және артқы аяғын қосып тұсайтын қайыстан не шынжырдан жасалған құрал. Екі бұтақты шідер. (Егер өренің артқы бұтағын аттың қамшылар жақ артқы аяғына салса, шадыр өре деп атайды.)
«Ол атқа қарғып мініп еді, атының өресін алуды ұмытып кетіпті. Қайтадан түсіп, өресін алды»
2.Ат байлайтын керме, діңгек ағаштарға керілген арқан.
Пәуеске – төбесін сыртын былғарымен қаптаған, ою-өрнек салып сәндеген күймелі жеңіл арба.
«Бұл ояз көп пәуескемен қалың қоңырауларды шылдырлатып келіпті.» (М.Әуезов )
Пырақ (араб) – Қиял-ғажайып ертегілерінде, эпостарда айтылатын қанатты жылқы.
«Жолдың тарттым жырағын,
шілтендер мінген пырағын.» («Мұңлық – Зарлық» жырынан)
«Мынау жай мал емес, пырақ екен! Тіфе-тіфе, тіл-көзден сақтасын.» (С.Жүнісов )
Ауысп: Жүйрік ат, сәйгүлік, тұлпар.
Пыстан– ердің көпшігін (аткөрпесін) басып тұратын ат әбзелі. (белбеу сияқты) сәндік үшін күміс құймалармен әшекейленеді.
«Атқа салдым пыстанды,
мен кеткен соң, атажан,
ақыры жерсің пұшманды.» («Алпамыс батыр» жыры)
Сабадар – бас қымызшы, қымыз құюшы.
Сабаутіс – жылқының жал-құйрығын тарауға арналған тарақ.
Сағалдырық – жүгеннің аттың тамағынан орап бекітетін бөлігі.
“Сайлы ертоқым, сары жезден жасалған үзеңгі, сылдыр қағатын сағалдырық пен өмілдірік күмістей жалтырайды.” (Ш.Айтматов)
Саған – Қымыз құятын ыдыс.
Сақау – жылқының сағақтығына шыққан бітеу жара.
Сақбоз – өте сақ, үркек.
Самар – қымыз құятын, ет жасайтын үлкен астау, тегене.
Сапсалғы – жылқыны пішуге арналған құрал.
Сорпастау (Сарпостау) – қашқын адамды атпен алып жүргенде қашып кетпес үшін екі аяғын аттың бауырынан өткізіп қосақтап байлау.
«Әлгі бажыгер қытайды өз атына сорпастап мінгізіп алып, бір топ адам айқұлақтанып жетті». (М.Разданұлы)
Сартақым –әбден шыныққан, көмпіс, төзімді.
Сары қарын – жасамыс, мосқал бие.
Сау желу – ат желісінің қаты түрі.
«Кешкі салқында терін үгіп, жем жеп, диланып алған жарау аттар сау желгенде, жер табанын қуырғандай болды.» (Т.Әлімқұлов)
Сауран – арқасында ақ жолағы бар ақсары түсті ат.
«Аңыз бойынша саурандар жабайы арғымақтан туса керек және өрен жүйрік, шыдамды да сезімтал болса керек.» (Ә.Әлімжанов)
Сәурік – жас айғыр. (құнан, дөнен)
Сәуріктің үйірі – жас айғырға арнайы үйір (төрт-бес бие шамасында) бөліп оңаша өрістету.
Сейіс – жүйрік ат баптаушы, атбегі.
«Жол алған мен бір назбедеу,
сейсін тауып баптаса.» (Базар жырау)
Селебе – Өрімі сегіз таспалы қамшы.
«Қамшы өрімінің санына қарай төрт таспалы «шыбыртқы», алты таспа «бұзаутіс», сегіз таспа «селебе», он екі таспа «дырау» деп аталады». («Қазақ әдебиеті» 29.05.1981)
Сере қазы – майы бармақ пен шынашақ арасына тең қазы. (Кей жерде шынтақ елі қазы деп те айтады)
«Халқымның аузын тұшыттым,
сере шынтақ қазыдай.» (Базар жырау)
Сетер (мал) – ескілікті наным-сенім бойынша сырқатын алып кетді деп, ауырған адамды табындырған мал (көбіне жылқы).
Сетер ат. (Мұндай жылқыны мініске пайдаланбайды, үкілеп немесе қоңырау тағып қояды. Негізінен моңғол дәстүрінен керейлерге ауысқан сөз болса керек)
«Еженханның сетерлеп ұстайтын сенімді құлы сендер болғанда, шетке қағып, шөміштен қысатыны біз бе сонда». (Қ.Жұмәділов)
«Қойшы әрі, жылқышы, тракторшы болған да жетер. Мені сетерлегенде не шығады!?» (Е.Рахимов)
Сойтал (соқтал) – дөнежін бие.
Сойшаңғы – жылқының жіліншік сүйегін екіге жарып жасаған шаңғы.
Солықтау – Жылқының зорығудан немесе ауырудан бүйірін соғып, ентігіп, әрі-бері кетуі.
Сулық – Жүгенге ауыздықты, тізгін, шылбырды бекітетін шығыр.
«Шаужайы, ауыздығы, сулығымен, кекілдірік, сағалдырық, баулығымен, шылбыры шығыршықты тізгінімен, сымбатты, салтанатты құнды жүген.» (Дәркембай Шоқпарұлы)
Суыту – алыс жолдан қиналып келген атты тері кеуіп, тыныққанша отқа қоймай тынықтыру.
«Бөркіңде үкі бір тағым,
тұғырда қалды сұңқарың,
байлауда қалды, жан әке,
суытып қойған тұлпарың.» (Жоқтау)
Сұлулау – жылқы малын пішу.
Сүріншек – жүрісі жайсыз, аяғына қан түсу, жем түсуіне байланысты не көзінің ақауынан болып жүрген кезде сүріне беретін жылқы.
Сыпша – лайға жылқының құйрық, жалын қосып, соққан шағын күмбез.
Сіргежияр (Сірге мөлдіретер) – күзде бие ағытқан күнгі соңғы (таусыншық) қымызға көрші-қолаңды шақыру дәстүрі.
«Осы екі мезгілде «тайжүзген» толтырылып, көктемгісін «қымызмұрындық», күзгісін «сірге мөлдіретер» атап, Есеней төңіректегі елдерді шақырып, қонақ ететін.» (Ғ.Мүсірепов)

B.TokhanulyБодаухан Тоқанұлы, журналист.
«Қазақ тіліндегі көне және сирек қолданыстағы сөздердің түсіндірме сөздігі» кітабынан.
(Басы: 1. 2.3.) (Жалғасы бар)

Мұқаба суреттің авторы: Сәрсенбек Қызайбекұлы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.