Жұлдыз құлаған
(Әңгіме)
Көк бие осы жолы ішегі үзілердей шұрқырай кісінеді…
Өлеусіреген бес-алты жұлдызы дір-дір еткен айсыз түнде дүрлігіп келген бетте қоғамен қоршалған екі айдынның арасын қосып, шалқып жатқан жайдақ суға қойып кеткен үйірдің соңынан ермей, қос құлағын тоғай жаққа қадап, тоқтай қалды.
Аяқастынан тап болған шабуылдан есі шығып, дүниенің не боп кеткенін байыптай алмай, қашқан жылқының соңынан салпақтаудан өзге қайрат көрсете алмаған тәжірибесіз үйірбасы — тәпелтек шабдар айғырға көк биенің бұл қылығы тіпті түсініксіз көрінді.
Алайда бейбіт күндегідей қос құлағын жымырып, басын жерге сап жіберіп тұра қуып қайыра алмады. Апыр-топыры шығып, бейберекет қашқан жылқыларға бір, арқан бойы жерде танауы делдиіп, әлгінде ғана өздері шат-шәлекейі шыға жосылған қоғалы тоғайдан көз алмай ішегін тарта осқырынып тұрған көк биеге бір қарап, сәл қимылсыз қалды да, сүйкімсіз үнімен әдеттен тыс шіңгірлеп, алды айдынның арғы бетіне шыға бастаған үйірінің соңынан жөнеле берді.
Хайуан болса да өзіне тән зерек зейінмен өзегі өртене өкініп келе жатқан көк бие шабдар бестінің мына хәлінен тіптен түңілді. Қара түнді қақ айырып арқырай кісінеді де, құбыла жақтан қарауытқан қалыңға қарай айбаттана ұмтылды.
***
Сірә, көк бие жылқы боп жаралғалы бұлай шауып көрмеген шығар. Енесінің құрсағын жарып жарық дүниеге келіп, тәлтіректеп бауырына ұмтылатын тәтті күндерден бастап бар өмірі көз алдында. Тез-тез есін жинап, қарақұлақтана бастаған шағында енесінің дертіп тұратын желінін қытығына тие түрткілеп, борпылдата сорып, өзі қатарлас құлыншақтармен жан сала жарысатын кезінде де дәл бұлай жер апшысын қуырмаған; жүйріктігімен иесінің көңлінен шығып, сойтал шыққанша бедеу жүрсе де пышаққа ілінбей, қыс бойы арқасынан тоқым кеппей, ауыл-ауылдың арасымен тойдан қайтып келе жатқандармен жарысқа түскенде де мұнша жан салмаған. Бестісінде үйірде жүрген жерінен ұсталып, екі күн таң асырылып, аламанға қосылған-тын. Бүкіл ауданның бетке ұстар жүйріктері бәсекеге түскен жарыста «байтал шауып бәйге алмас» деген мақалды жоққа шығарып, мәреден оқ бойы озып өткенде де дәл бұлай буырқанбағаны анық. Сол жылы желтоқсанда сұр қылшық арланды ет пісірім қуып есінен тандырғанда да мұнша көсілмепті. Сол жолы қолында шылбырға байлаған үзеңгіден өзге қаруы жоқ иесі сұр қылшық бірішекті қуып жетіп тұрып, қолынан шығарып алып еді-ау.
Көк биенің санасында найзағай-ой жарқ ете қалды. Әзірдегі бұлар жусап жатқан қолтықты баспалап келіп, шеткерек жатқан мұның құлыншағына жабыла кеткен қара тұмсықты ақ шуландарды орағытып жүрген собалаң құйрықты пәлекет сол баяғы сұр қылшық арлан емес пе?…
Көк бие өршелене түсті.
***
Әлденеше күннен бері дайындалып, көзі мөлдіреген серек құлынды аңдумен болған көкжалдар тобы мақсаттарын орындап болғанына көзі анық жеткесін көп ұзамай тоғайдың түпкіріне жалт берген. Көк бие арындап шауып келген кезде олар жылы қанға бір-бір малып қана үлгерген тұмсықтарын жылмақайлана жалап, құйрықтарын бұтына қысқан қалпы сұр қылшықты арлан атаның соңынан сүмеңдей жортып бара жатқан-тын. Тіс салған құрбандығын бір жығып алғасын ту-талақайын шығармай тоқтау қанында жоқ қасиет болса да, қорқаулар әдетінен жаңылып, даяр тұрған жылы-жұмсақты жәукемдеместен тайып тұрды. Арлан атаның қас-қабағынан асып кетпек емес бұлар. Тоқ кезінде қасқырлардың ортасында да татулық болады.
***
Мүлгіген аспанның жұлдыздары қара түннің қара ниетті қаскөйлері қасқырлардың көзіндей жылт-жылт етіп қалады. Олар қараңғылық құшағында табиғат-ананың ерек жаратылған тумасы — көк биенің орны толмас қасіретіне куә болғанын сезінбейтіндей. Жануар боп туса да, өзінің үйір ішінде мерейі үстем, болмысы бөлек жаратылғанын анық сезінетін көк пырақ бар өкініш, наласын өкси шыққан үніне сидырып, жұлдыздарға қарап ұзақ шұрқырай кісінеді. Бұл көк биенің құты қашқан жесір далаға емес, шексіздік пен жалғыздықты, шуақты шаттық пен нұрлы ізгілікті, мейірбандық пен ұлылықты, соған қоса әділдік пен шексіз қаталдықты ғажап үйлесіммен сидырған тәңірлер мекені – тұңғиық, тапжылмас құдірет аспани әлемге шаққан саз-мұңы еді. Көк биенің дауысы сонда ғана жеткендей жұлдыздар дір етті де, біреуі қара түнге із сала баяу сырғып кетті.
Көк бие қарыны ақтарылып, кеңірдегі үзіліп, қанға шыланып жатқан кіп-кішкентай құлыншағының жұм-жұмсақ тұмсығын, шымқай қара түсті мақпал жалын үздіге иіскеп, ұзақ осқырына солықтады. Көзінен тарам-тарам қасірет пен наланың, өкініштің мөлдір, кермек, ыстық тамшылары сорғалады. О, тоба! Қамбар ата киесі қолдап, құты қашқан далада, жылқы баласын тек қазы-қарта деп түсінетін дәуірде дүниеге келген көк биенің жатырында жаралған, асыл текті қаракөктің қасиеті дарыған тұқым — қаракөк құлынның бейкүнә көзінің ұяшығында мөлдір тамшылар ұялап үлгеріпті. Бейне аспаннан құлаған сынаптардың сыңары сияқты…
Көк бие құлыншағының көзінен төңкерілген қара аспанды, сорғалаған тағы бір тамшыны көрді.
***
Талай жылғы көкейін тескен шер – көк биенің өзін өлтіре алмаса да, ерек туған нәсілінің көзін құртқанына дән риза ақ арлан тоқтаусыз жорта берді. Жықпыл-жықпыл ұры сайлардың бір қуысындағы ежелгі қонысына да мойын бұрмады. Апаннан алыс кеткен арлан бүлкектеген қалпымен етпісірім тынысыз жүрісін кілт тоқтатты да, мелшиген қара аспанға қарап ұлып-ұлып жіберді. Арлан-атаның бүгінгі тосын мінезін түсінбей, сонда да соңынан амалсыз шоқырақтаған ұяластары үдірейісе қалысты. Әдеттегідей қосыла кетуге қисын таба алмай, жата-жата кеткен қалпы ата-арланның зарына құлықсыз құлақтарын тосты.
Тұмсығын жылан көз жұлдыздарға қадап ата-арлан ұзақ ұлыды. Дауысы барған сайын сай-сүйекті сырқыратардай мұңдана түсті.
Бұл табиғат-ананың қара түнді сүйген қайсар перзенті, бойына өз анасының төзімділігі мен батылдығын, ақылы мен айласын жиған қақсал қасқырдың Тәңіріне жолдаған наласы, сұраған кешірімі еді.
Арлан-ата көп ұлыды. Өзі сүйген, өзін сүйген қара түнге шексіз ықыласын білдірді. Талай дәуірден бері қанына сіңген ерлігі мен өрлігінің құны бес тиын боп, қарақшылық қана қадірі қалғанын мойындады Тәңіріне. Бірақ жалбарынбады. Талай-талай жортуылдың қызығын армансыз көрген жігерлі, албырт шағын аңсады. Ғасырда бір туатын тектілердің тектісі көк биенің өзінен сытылып шыққан, қайраты қайтпаған кемел шағын көз алдына әкелді. Әрі бүгінгі әрекетін есіне алды. Бұл жортуыл мағыналы-мағынасыз ғұмырындағы ең ақырғы майдан екенін де сезді. Арлан-ата оған өкінбеді. Мен өз міндетімді атқардым, ұрпақтарымды алда болатын қатерлерден сақтап қалдым деп түсінген-ді.
Бірақ арлан қателескенін білмеді. Ендігі уақытта қайсар көк бөрілерге ерек туған дүлділдер тарапынан еш қауіп жоқ еді.
***
Мамыражай маусымның мелшиген түнінде екі мұңлық екі түрлі үнде бір Құдіретке күңірене мұң шақты.
Ұялғаны ма, әлде бірінің қайғысына ортақтасып жылағаны ма, жоқ болмаса екіншісін қостағаны ма, мылқау аспаннан тағы бір тамшы құлады.
… Алыстан талып естілген кәрі арланның да зарлы үні тыншыды.
«Біздің Торғай». 23 ақпан 2007 жыл.