Жылқы жұтап барады…
Керекудің Ақтоғай, Ертіс, Железин аудандары мен Екібастұз ауылдық аймағында жылқы қырылып жатыр деген әңгіме желдей есіп тұр.
Өткен аптада жауған жаңбырдан соң айналаның бәрін көк мұз құрсап, жануарлар тебіндей алмай қалған. Ауылдағылар жылқыдан күй кете бастады, шетінен ұстап қораға қамап жатырмыз дейді.
Қыс ортасында табиғаттың аяқ астынан кілт құбылып, жаңбыр жаууы – Павлодар өңірі үшін аса сирек құбылыс. Бірақ биылғы қыс қытымырлығын ерте бастан-ақ байқатқан болатын. Желтоқсанның ортасына дейін өңірде жаңбыр сорғалады да тұрды. Енді, міне, ақпанның әдеттегі ақтүтек күндері біресе қарға, біресе жаңбырға ұласып жатыр. Өткен аптада қалың жауған қардың соңы жаңбырға ұласып, қазір көп ауданда жайылымдық жердің барлығын көк мұз басып қалды. Жылқы тебіндейтін жер сирек. Кейбір өңірлер ауыр трактормен қар аршып, жануарларға тебін болатындай жағдай жасап жатыр. Жылқы иелерінің көбі қысқа азық қорын жасамаған. Қазір облыс бойынша қатты аяз тұрып, алдағы тәуліктерде күн райы -38 градусқа дейін суытады деген болжам бар. Қыстың соңы осылайша құбылып әрі созылып кетер болса, жылқы малы үшін жұтқа айналады деп алаңдайды ауылдағылар.
Осы аптаның басында Ақтоғайдың Шолақсор, Шұға елдімекендерінде, Екібастұзға қарасты Ақкөл Жайылмада жылқы өліп жатыр деген қауесет тарап кеткен еді. Жалма-жан елдегі азаматтарға хабарласып, жағдайды сұрастырып көрдік. Расында ел ішінде жылқы ұстап отырғандардың табынында бірен-саран өлім-жітім бар көрінеді. Көтерем тай-жабағылар қыстың қаһарына шыдас бермей, қазірден өле бастаған. Облыста 2012 жылғыдай жылқының жаппай қырылуы, яғни жұт болуы мүмкін деген болжам бар.
Ақтоғай ауданы Басқамыс ауылында тұратын Берік Қабылқанов жуықта өз ауылдастарымен бірге жылқы табынынан жануарларды алып келгенін жеткізді. Айтуынша, әкелген жылқыларының күйі қашқан, соған орай үйде біраз жемдемек ойы бар. Ал қоңдыларын өрісте қалдырыпты.
Егер жағдай қиындайтын болса, үй маңайында жаздай үйген шөбім бар, жылқыны көктем шыққанша қыстатуға әлеуетім жеткілікті, — дейді шаруа иесі.
Ақтоғай ауданының басшысы Қаршыға Арынов жергілікті жерде жылқының қырылуы бойынша ресми ақпарат тіркелмегенін нақтылады. Облыстың тұрақтандыру қорынан жем-шөп сатып алу үшін 87,5 тонна мал азығына тапсырыс берілген. Тебінде 15 мыңнан аса жылқы барын, көп жерлерді мұз басқандықтан жайылымға қатысты мәселе туындап отырғанын жеткізді.
Ал өлім-жітім тіркелді деген Ақкөл ауылдық округінде де жағдай қалыпты көрінеді. Округтің әкімі Ерлан Қабылтаев аумақтағы ахуалды жергілікті жауапты мекемелермен бірге бақылап отырмыз деп сендірді.
– Әу бастағы мамандығым зоотехник болғандықтан, жылқы малының жағдайын жақсы білемін. Қазір бұл төңіректегі қылқұйрықтылардың қоңы орташа дер едім. Айналаның барлығы көк мұз, мал тебіндейтін жерлер өте сирек. Соған орай округтегі 6 200 жылқының тең жартысын халық қазір қорада ұстап отыр. Жұртшылық қолда бар техникасымен, «Камазбен», трактормен жануарларды әлі де артып әкеліп жатыр. Өзгесін жылқышылар ауылға қарай біртіндеп жақындата түсуде. Егер алдағы уақытта тебіндердегі ахуал жақсармаса, оларды да қораға қамауы мүмкін. Біздің округке Ақкөл, Зеленая роща, Жақсыат елді мекендері қарайды. Қыс басынан бері жұртшылықтың қолындағы екі-үш жас мал шығын болды деп естідік. Малдың шығынсыз болмайтыны түсінікті. Дейтұрғанмен, шаруа баққан адамдардың биылғы қысқа қамы жаман емес, жем-шөпті жеткілікті жинап алдық деп отыр. Оларға қосымша көмек болсын деп қазіргі күні сырттан 30 тонна арпа жеткізуге сұраныс жасадық. Тиімді бағамен әкеліп сатуы керек. Ірі шаруа қожалықтарын 30-40 жылқы ұстап отырған мал иелеріне шөпті арзан бағамен беруге көндірдік. Алдағы күндері қатты аяз жалғаса берсе, жылқыны біраз жүдететіні анық. Бірақ жұт болады деп ойламаймыз, – дейді ол.
Биыл Ертіс ауданында өзге өңірлерге қарағанда, қар қалың, кейбір жерде жарты метрге дейін жетеді. Соған орай жылқы малы жайылатын аумақтарда жайылым мәселесі өзекті болып тұр. Жергілікті кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайролла Нұрғожиновтің сөзінше, бұл төңіректе 20 мыңдай жылқы ұсталады. Екі мыңдап қос ұстап отырған азаматтар да баршылық.
Жылқы қыста көбіне қыр жақта, Сілеті өзені бойы мен Қызылқақ көлінің аумағында бағылады. Бұл жақтарда қар аз түседі, қысы жайлы. Мал иелері азығымыз жеткілікті, қыс аяғы созылса, жылқыға біраз уақыт шөп шашып ұстап тұруға болады деп отыр. Мал шығыны жоқ, — деп жауап берді ол.
Железиндегі жұрттың да жағдайы оңып тұрған жоқ. «Веселая роща» ауылының тұрғыны Аманжол Хамит биыл қыстың соңы жұтқа ұрындырады деп болжап отыр. Айтуынша, былтыр қуаңшылық салдарынан көпшілік жем-шөпті жеткілікті жинай алмаған. Салдарынан күзде ауыл халқы қолдағы малының 70 пайызын сойып, сатып жіберуге мәжбүр болыпты.
Кейбір отбасылар азық қорын әзірлей алмай, амалсыздан малын толығымен сатып жіберді. Қой етінің килосын 1400 теңгеден бердік, ол базарда 2500 теңгеден сатылып жатыр. Қызығын алыпсатарлар көрді. Ауыл адамдары қолда қалған азғана түлігінің өзін биылғы қыстан аман алып шыға қоятынына сенімді емеспін. Себебі азық қоры тапшы, сатылатын шөп жоқ. «Веселая рощада» мыңның үстінде адам бар. Түнеугүнгі жаңбырдан айналаның барлығы қатып жатыр. Жылқыны жинап, үйде ұстауға мәжбүр болдық. Биелердің барлығы құлын тастап жатыр. Бұл жұт емей немене? Шөп тіптен шақ келер емес. Ауылда менің үйімде ғана шынжырлы трактор бар, сонымен далада қалған аз ғана шөмелелерімді жиыстырып алып келдім. Оның қашанға жететіні тағы белгісіз, — деп қынжылды отағасы.
Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасындағылар аймақ бойынша алаңдатарлықтай ахуал жоқ деп отыр. Мекемедегі бөлім басшысы Қайырболат Байсариновтің мәліметінше, облыста 83,5 мыңдай жылқы бар. Ақтоғай ауданында он шақты жылқының шығын болғаны туралы деректер расталды. Облыстың тұрақтандыру қорында сақталып тұрған 5 мың тонна мал азығынан аудандарға жем-шөп бөліп, өңірлерде жедел штабтар құрылып, күн сайын мәліметтерді жеткізіп отыр екен.
Атап өтерлігі, сәрсенбі күні Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов «Amanat» партиясы фракциясының депутаттарының атынан Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Онда халық қалаулысы Ақмола, Қарағанды, Павлодар өңірлеріндегі жайылымдарды мұз басуына байланысты табында жүрген жылқы малының өлу оқиғалары орын алып отырғанын хабарлады.
Өткен жылдың қуаңшылығына байланысты көптеген өңірде егіндік жерлер ғана емес, шабындықтар да зиян шекті. Сондықтан бүгінде жем-шөптің аздығынан жылқыларды үй маңында ұстау қиын болып тұр. Соған орай облыстарда жедел штабтар құрып, қажет болса, жергілікті аумақтарда төтенше жағдай жариялауды сұраймыз. Өңірлердің тұрақтандыру қорларындағы, ал қажет болған жағдайда «Азық-түлік корпорациясының» жем-шөп қорындағы жем-шөпті де пайдалануды ұйымдастыру керек. Бұған қоса мал тебіндейтін жерлердегі қар бетін бұзу үшін механикалық өңдеу жасауға көмек көрсетілсін, — деген мәселе көтерді Н.Әшімбетов.
«Жұт жеті ағайынды» дейді халқымыз. Ел шетіне жұттың бірі ілінсе, өзгесі ілесе жүретіні айқын. Осыдан бір мүшел бұрын, 2012 жылы облыста жылқының жаппай қырылғанына куә болғанбыз. Қоян жылының соңы жақсы болмайтындай. Табиғаттың қолайсыз құбылыстары үдейе түссе, күні малға қарап отырған ауылдағылардың халі мүшкілдене бермек. Ендеше, жауапты органдар қазірден бастап атқа қонып, ауылдағы жұртқа қолұшын беруі керек. Ықтимал апаттың алдын алсақ игі.
Павлодар облысы.
«Егемен Қазақстан» газеті
Фото: Ертай Қабылқақов
[…] Жылқы жұтап барады… […]
[…] жылқы жұтап бара жатқанын, оған үкіметтің жұмған аузын ашпай отырғанын бұған […]