Реабилитолог: Иппотерапияның нақты нәтижесін көріп жүрміз

515

Елордада мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау бойынша бірнеше жоба жүзеге асып келеді.

Соның бірі – ерекше қажеттілігі бар балаларды иппотерапия әдісімен оңалту жобасы. Бүгінгі таңда «Арғымақ» ат спортымен сауықтыру орталығына келушілерге көрсетілетін емнің негізгісі – атқа мінгізу.

Өткен жылдың қазан айында елорданың «Арғымақ» ат спортымен сауықтыру кешенінде ерекше қажеттілігі бар балаларды иппотерапия әдісімен оңалту жобасы іске қосылған болатын. Қазіргі таңда сауықтыру кешенінде атқарылып жатқан жұмыс аз емес.

Орталықтың реабилитолог дәрігері, иппотерапевт Айгүл Хасенованың айтуынша, кешен басшылығы ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту саласында тәжірибесі бар «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Соның негізінде бүгінгі таңда бірқатар жұмыс жүзеге асып жатыр.

– Иппотерапия – ерекше қажеттіліктері бар балаларды емдеу мен оңалтудың тиімді әдісінің бірі. Атқа міну арқылы емдеу тірек-қимыл аппаратының бұзылуын, психикалық және когнитивті бұзылуды қалпына келтіруге бағытталған. Бұл, әрине, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға қолайлы. Нақты нәтижені көріп жүрміз. Әр балаға біз жеке бір жылқыны таңдаймыз. Біріншіден, біз жануардың өсуіне қараймыз. Жылқының бойы 140-150 см-ден аспауы және баланың оған отыруына ыңғайлы болуы үшін тым кең болмауы керек. Гиперкинетика формасы бар балалар жылқының беліне қараған кезде өте жақсы тынышталады. Біз қолданатын көптеген ереже бар. Емдеу курсы ауруға байланысты 8 сеанстан басталады, қажет болған жағдайда одан әрі жалғаса береді. Әр сабақтың ұзақтығы – 20 минут, – деді реабилитолог.

Қанатқақты жобаның алғашқы үш айында елордалық ат спортымен сауықтыру кешенінде 72 бала емделген. Мүмкіндігі шектеулі балаларды сөзге тарта алмағандықтан, оларды ертіп жүрген үлкендердің пікірін білуге тырыстық. Мансұр Исаева немересін екі айдан бері осында әкеліп жүргенін, жаңа әдістің нәтижесіз емес екенін жеткізді.

– Біз бұл жердегі дәрістерге үзбей қатысып келеміз, өйткені сабақтар немереме көп пайдасын тигізді. Сауықтыру кешенінің ғимараты бізге ұнайды, бұл жер жаңа, кең әрі жарық. Нұсқаушылар да балаларға жақсы қарайды. Маған әсіресе реабилитолог дәрігер ерекше ұнайды, сауатты маман. Баланы атқа отырғызбас бұрын алдымен оның жағдайын тексереді, ауруын зерттейді, жалпы баланы бақылайды, содан кейін ғана әр балаға жануарды таңдап, отырғызуға рұқсат береді. Біз қыркүйек айынан бастап қаладағы «Жансая» оңалту орталығына барып жүрміз. Сол жердегі дәрігерлердің нұсқауы бойынша иппотерапияға жолдама алғанбыз. Орталықтан ерекше қажеттілігі бар балаларға арнап автобус бөлінді. Бұл көлікпен ата-аналар орталыққа тіркелген балаларды иппотерапия процедураларына тегін әкеле алады. «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында да, «Арғымақ» ат спортымен сауықтыру кешенінде де бұл балаларға барлық қызмет тегін көрсетіледі, – деді ерекше баланың әжесі.

Бүгінгі таңда ипподромда 20 жылқы бар, олардың 10-ы сауықтыру сабағына белсенді қатысады. Иппотерапия әдісімен ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту бойынша сабақты кешен базасында сейсенбі, бейсенбі күндері реабилитолог дәрігерлер, сондай-ақ аккредиттелген ұйымдарда оқудан өткен иппотерапия саласындағы білікті мамандар жүргізеді.

astana-akshamy.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.