Қазақстан чемпионаты. Іріктеу басталды (ФОТО)

1483

Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының Бәйге федерациясы Шымкент қаласында бәйгеден ел чемпионатының І іріктеу кезеңін өткізді.

Екпіні 26 км/сағ жеткен жел мен жаңбырлы ауа-райы спортшыларға өздерінің барлық әлеуетін көрсетуге кедергі бола алмады. Бәйгеге елдің түкпір-түкпірінен 80-нен астам тұлпар қатысты.

Бәйгенің үш түрі: Құнан бәйге, Топ бәйге және Аламан бәйгеден өткен турнирдің жалпы жүлде қоры 20900000 теңге. Шабандоздар додаға тек жүлде үшін емес, сонымен қатар Қазақстан чемпионатының финалына шығу және чемпиондық атақ үшін бәйгеге түсті.

Құнан бәйгеде:

Алматы облысынан келген «Қарлығаш» алдына қара салмай, І орынды иеленді. Шабандозы – Абзал Тұрғанбек.

II орынды «Граф» алды, шабандозы – Айтқабыл Қабыл. Жүлдегерлер үштігін «Раушан» атты жылқы аяқтады, шабандозы – Санжар Иринат.

Топ бәйгеде:

Жүлде қоры 7100000 теңге. Бұл бәйге бойынша ең үздігі – «Бүркіт» болды, шабандозы – «Алтын тұғыр-2023» иегері Бекзат Ділдахан. II орынды «Ғасыр» алды. Шабандозы – Әлихан Сайлауғали. III орын шабандоз Арнат Мұратхан тізгіндеген «Ақбақайға» бұйырды.

Аламан бәйгеде:

I орынды «Бақторы» есімді сәйгүлік алды, шабандозы – Абзал Тұрғанбек болды. Оған жарыстың бас жүлдесі 5000000 теңге берілді. II орынды «Айтұяқ» атты тұлпар, шабандозы – Шалқар Мұханбет жеңіп алды. III орынды Бекзат Ділдахан мінген «Тайсон» атты тұлпар жеңіп алды.

Кілең мықты жүйріктер шапты. Соның ішінде бағым жанып, 1-орын алдық. Алғашында тізгінді жібермей, атымның басын тартып отырдым. Төртінші айналымда атым терледі, содан бастап алдағы аттарды ұзатпай шауып отырдым. Соңғы үш айналым қалғанда аттар шаршай бастады. Екі айналым қалғанда алдымда екі-ақ ат қалып еді. Соңғы айналымда олар да артымда қалды. Қазақ бәйгесі, қазақтың ұлттық спорты жасасын!, — дейді жас шабандоз Абзал Тұрғанбек.

Сайыс барысында арнайы ойын-сауық іс-шаралары да ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қыз-келіншектер арасында жүлде қоры 1 500 000 теңге болатын «Ұлттық сезім» ұлттық киім байқауы өтіп, онда қатысушылар өз қолдарымен жасаған ұлттық нақыштағы өнімді көрсетті. Бұл байқауға 45 қыз-келіншек қатысып, Ұлдана Әлмахан жеңімпаз деп танылды.

Еске сала кетейік, Республикалық «Бәйге» федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Көкпар», «Аударыспақ», «Садақ ату», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.