Абай Құнанбайұлы айтқан жүйріктің 64 белгісі (Соңы)

1962

(Этнографиялық талдау)

(Жалғасы. Басы мына жерде)

  1. Екпінді.

Әдетте мұндай атты міне салғанда жүрісі шапшаң, екпінді, жылдам, қылықты болады.

  1. Екі көзін төңкеру.

Көз түрлері – қой көзді, шегір көз, қыли көз, көк көз, тауық көз, шошқа көз, айна көз, бота көз, жылан көз, қанды көз, қызыл көз, ақ көз, томаға көз, қара көз, тостаған көз, шағыр көз, соқыр көз, торғай көз, тышқан көз деп бөлінеді.

Жылан көз – көзі қос қыртыстанып тұрады.

Шошқа көз – көзі ішіне қарай кіріңкіреп тұрады. Қазақ: «Шошқа көздің оннан бірі жүйрік, бота көздің жүзден бірі жүйрік, айна көздің мыңнан бірі жүйрік болады» — дейді екен. Айна көзден жүйрік шықса, мықты шығатын көрінеді.

Айна көз – жарқырап, шанағы үлкенірек келеді.

Шошқа көз, бөкен қабақты, жастықты болады, ұшқыр келеді.

Жүйрік аттың көзі өте жайнақы болмайды. Жайнақы болған сайын болдырғыш, қорқақ келеді. Жақынға ғана шабады. Ұзақшыл жылқының көзі күлгін-көкшіл болып тұрады.

Көздің асылдық, жасықтығын байқау үшін аттың көзіне, қарашығына қарайды. Аттың көзі жақсы болса, денені толық, аяқтан басқа дейін бірақ тартып тұрады. Көзінің қуаты әлсіз болса, дененің жартысын ғана тартады. Кейде мұны аттың кәрілігі дейді. Алайда бұл аттың қуатын білдіреді. Кейбір кәртейген аттың қарашығы кішірейіп кетеді. Кейбірі ұйықтағандай болып тұрады. Соларға қарап мінезін байқауға болады. «Ат сынын көзінен байқа» дейді. Ат көзінен, жігіт сөзінен танылады.

  1. Қабырғалау.

Іргеде байлаулы тұрғанда қабырғалап, анда-санда басын жұлып алып, қарауылдап, құлағын тігіп, ұзақ қарап тұруы – жүйріктің бір белгісі. Құлан қарауыл деген белдеуде тұрып та, кейде жүріп келе жатып та анда-санда басын көтеріп, биікке саңлақтанып қарайтын ат бұл – ұзақшыл ат. Ондайда бойындағы салауат, шабыт кернеп кететін болуы керек. Мұндай ат мыңнан бір кездеседі.

  1. Тыныш тұру.

Алаңсыз, уайым-қайғысыз, жайбырақат деген мәнде. Бәйге ат тыныш тұрғанымен дыбыс бар ма, дүбір бар ма, соған елеңдейді. Сабырлы, мінезі кең аттар құлағын қайшылап, қарауылдап, көлденеңдеп тұрады. Кей аттар суытқанда, жаратқанда аштыққа шыдамай, оқыранып, жер тарпып, сабырсызданады. Жалпы жүйрік мінезді келеді. Мінезді, салмақты, сабырлы болады. «Ат күйгелек болса арық болар» деген сөз бар. Жеңіл, күйгелек ат көп ет ұстамайды, тез арықтайды.

  1. Тығылмау.

Жүргенде аяғын еркін алып, қамшы салдырмай, көсіліп жүруді айтады. Кей ат аяғын кібіртіктеп, бүкшеңдеп, адымын ашпай, қысқа алады.

Тығылмау – еркін жүруді айтады.

  1. Сүрінбеу.

Нашар аттар көдеге де сүрінеді. Аяғын жерден көтеріп алмай, сүйрете басады. Жақсы ат аяғын тік алады, сүрінбейді.

  1. Көсем жүріс.

«Алдына ат салмай, оза жүретін мықты ат», «Көсем ат деген тіркеле жегілген аттың алдыңғысы, жол бастайтын, түпкі аттың алдына жегілетін ат» (Сөздіктен).

Аяқ алысы сергек, құлағын тігіп, басын тік ұстап, көтеріп жүру, адымы басқадан артық түсуі. Жігерлі, кербез жүруі. Өзін сергек ұстауы.

  1. Иек қағу.

Басын шұлғып, саңлақтанып, ауыздығын сүзіп тастап, анда-санда тұмсығын көтеріп, шұлғып тастап жүру.

  1. Әсем жүріс.

Көсем жүріспен жүру.

  1. Жүйрік.

Ұшқыр, жылдам шабатын, жүгіргіш деген мәнде.

Шабыс – оң шабыс, сол шабыс, жай шабыс, шоқырақ (текрек) шабыс, ағынды шабыс болып бөлінеді. Сынның бәрі осы шабыс үшін.

  1. Берік.

«Берік – мықты, бекем, мығым» (Сөздіктен).

Етке шыдамды, тез арықтамайтын, белі қатты ат. Белі бос аттар арт жағы шоңқайып, мінген адамның белі ауырады. Белі қатты ат адамды көтеріп, шаршатпайды. Солқылдақ, сиырбел жол жүргенде адамның сегізкөзін қақсатып жібереді.

  1. Жуан.

Енді, көлденеңі жағынан үлкен, толық, жұмыр, тұғырлы, орнықты дегенді білдіреді. Мінген адам тауға шыққандай болады.

  1. Жуас.

Үйретілген, көндіккен, бас білген, мінезді, қараң-құраңнан селт етпейтін деген мәнде.

  1. Аяңшыл.

Аяң түрлері – аяң, келте аяң (өгіз аяң), жай аяң, көсілген аяң болып бөлінеді.

Алды аяңдап, арты желіп отыратын ат өкшесін көтере басады. Тақымнан шығып бара жатқандай ұмтылып, алға шапшаң ілгерлегенде мінген адамның басы қайқаң етіп, тымақты шалқайтып жібереді.

  1. Бөкен желіс.

Бұл желіс түрі шабуға жақын, қатты жүріс түрі.

Желіс түрлері – ит желіс, бүлкіл (бөрі желіс), жай желіс (бұлаң құйрық), сар желіс (зар желіс), бөкен желіс болып бөлінеді.

Бөкен желіс – екпінді, қатты, сар (зар) желіс. Жүйрік бұлың-бұлың желіп келе жатып, маңайынан атты біреу көрінсе, тұра қап, мойын бұрып қарап, тебінсең қайта жүрмейді, жүрісі дүңкілдек болады.

Ит желіс – бұлың-бұлың етіп желіп, белі бос былқылдамайды.

Бөкен жілісті ат екпіндеген қатты желісті болып, майда, аяғын жеңіл алады, сүрінбейді. Сәл тұқырып алып желеді. Басын қақшитпайды, ауыздыққа сүйеп, біркелкі кетеді. Бөкен желісті деген ат шаптыратын желісті дегенді білдіреді.

Абайдың өзі өлеңінде айтқан 64 түрлі сыны бойынша таратып шықтық. Әр сынның орнын, ерекшелігін көрсетуге тырыстық. Бұл пәндік тұрғыдан емес, халықтық таным-түсінік бойынша баяндадық. Әдеби сын тұрғысынан емес, халықтық этнография бойынша тарқатып, талдадық. Талдау барысында атқа қатысты мөлшері 300-дің үстінде атау-терминдер жинақтадық. Бірақ бұл ең соңғы шешім емес.

Абайдың бұл ат сынына бүгінгінің көзімен қарағанда қандас аттардың форымы көп. Қоңды, еті қалың, бұлшық еттері толық, күші басым. Бұл біздің жерлік аттарға көп ұқсамайды. Абай аттың жүйріктігін ғана емес, тұлғасын, мықтылығын, сымбаттылығын, сұлулығын, мініске жайлылығын көп дәріптегенге ұқсайды. Бірақ осы сынның бәрі бір аттан кезігуі қиын. Оны «Ыза қылдың қолыма бір түсірмей» деп Абайдың өзі де айтқан.

Ал тағы бір қырынан қиялап көрейік. Абай бұл өлеңді 1886 жылы жазған. Арада 134 жыл (мақала 2020 жылы жазылған – Argymaq.kz) бар. Елу жылда ел жаңа дейді. Одан бері бір емес, үш елу жылдай уақыт өтті. Заман өзгерді, табиғат өзгерді. Жылқының сүйегі де ұсақтап, түйенің күші қайта бастағандай болды. Табиғат жаңа бейнеге енді. Егер Абай артық айтқан екен десек, арадағы бір жарым ғасырдай уақытты ұмыт қалдырған болармыз. Сондықтан Абай артық айтқан жоқ, Абай айтып отырған байырғы жылқы тұқымы өзгерді.

Материалдан аз пайдаланып аз жазылған бұл шығарманы оқығанда авторды әйгілі ат сыншысы, бапкер екен деп ойлауыңыз мүмкін. Автор тек сыншы, бапкерлер еккен егінді орушы. Масағын теріп, жинап, жіліктеп, жікке айырушы. Хатқа түсіріп, жазушы. Біз рахметті авторға емес, аттың сыны мен бабы туралы ағынан ақтарылған мына адамдарға айтуға тиістіміз. Олар:

Құлыстай төңірегіндегі Сомбай Жұмабекұлы, Қасен Слатайұлы, Ауданбек Жұманұлы, Шәріпқали Сейітханұлы, Дәулет Мұқанұлы, Жабайхан Қауызбекұлы, Рахмет (Кәукен) Қызырбекұлы, Желдібай (Лұймың), Аллаберген Садықұлы, Мәжит Дүйсенбайұлы, Нұрдәулет Райысбайұлы (Мұңғылкүре), Қызыр Әлдібайұлы (Мұңғылкүре), Санат Долайұлы, Болат Әбілқазыұлы, Тұрсын Әпзәбиұлы, Сәлімхан Қаусылұлы, Қалиқазы Тұрсынбайұлы қатарлы сыншы, бапкерлер. Рахмет, сіздерге!

Мен осы бір аяулы адамдардың көне көздерден естігендерін көкірегіне сақтап, ат сыны мен бабын қазірге дейін пайдаланып, дамытып келе жатқанына тәнтімін. Егер осындай жылқы мәдениетін көкірегінде сақтаған адамдар болмаса мен бұл «Ат сынын» жазуым мүмкін емес еді.

Бұл сынды бастауын бастасам да, зорға аяқтадым. Өйткені уақыт өткен сайын Абайдың сөздерін тұшынуымыз қиындап бара жатқанын сезіндім. Оны сыншы-бапкерлермен әңгімелесу кезінде олардың берген жауабынан аңғардым. Болмаса осы өлеңде Абай қолданған сөздер көнерген, архаизм сөздер емес. Бәрі таныс, түсінікті сөздер. Бірақ жай оқырманға әр сынның ат денесіндегі орнын табу қиын. Енді бірі – Абайдың сөз саптауы бізден бөлек. Шығармасында бірде-бір артық сөз жоқ. Осы өлеңнің жетінші шумағына қараңыз. Осындағы 21 сөзді бірден түсіне аламыз. Тек қолданысы тосын.

Бейзаттық мәдени мұраның өз қағидасы болады. Яғни, байқау, тану, қорғау, қолдану, дамыту. Қазір біз ат туралы Абайдай білмесек те, Абай арқылы танып, қорғап, қолданып келеміз. Мәселе – оны дамытуда.

Мен 2014 жылы шілдеде Мұңғылкүреде өткен халықаралық тұлпар мерекесіне қатыстым. Мерекенің ертесі тұлпар туралы ғылыми талқы болды. Талқыға қатынасқандардың көбі университет профессорлары, суретшілер, хаткерлер, Жунхуа жылқы қоғамының мүшелері.

Мінбеге шыққандардың әрбіріне берілген уақыт – 10 минут. Талқы басталды. Тек жылқының ғана суретін салатын Ұу Ма деген бір суретші сөз кезегінде:

«Мен жылқы суретін салған отыз неше жылдан бері жылқының әрекетін бақылап келемін. Яғни, жылқының тұрысы, жүрісі, шабысы, жайылысы, су ішуі, кісінеуі, таласуы, қасынуы, жатуы, аунауы, сілкінуі… бәр-бәрі. Сол арқылы жылқының әр түрлі бейнедегі мүшелерінің әрекетін, бұлшық етінің өзгерісін бақылап, сол арқылы жылқының әр түрлі қимылындағы бейнесін сызамын» — деді.

Сол суретші Бейжіңге қайтып барғаннан кейін маған арнап бір жылқы суреті мен «Қазақ жылқы мәдениеті» деген ханзуша көркем жазуды жіберді.

Тағы бір суретші тарихтағы суретшілердің жылқы суретін салу тарихын сөйледі.

Бір хаткер сөзінде жылқының әрекетін бақылау арқылы көркем жазу жазғанда әрбір әріп жанды, қуатты, шынайы, әсем көрінеді. Жазу жазған кезде әрекет қай жерінде жеңіл, қай жерінде ауыр болу, қай сызықты жуан, қай сызықты жіңішке алу, жазу жазғанда қайсы аяққа салмақ салу, денені, қолды қалай ұстау керектігіне назар аударамын дейді. Мен таң-тамаша қалып отырмын. Олардың айтып отырғаны тек сурет салу, көркем жазу ғана емес, арыдан жалғасып келе жатқан осы бір дәстүрлі бейзаттық мәдени мұра сынды қасиетті өнерге деген жауапкершілік. Қайтсем осы өнерді ғылыми түрде ары қарай жалғастырам, дамытам, сол арқылы одан игілік жаратамын деген идея.

Біз жылқымен тарих бойы бірге жасасып келе жатсақ та, осындай ғылыми талдау жасай алмайтынымызға қысылдым. Бізде жылқыны бақылау, сол арқылы туынды жарату Абаймен ғана шектелген сияқты.

Соңы

Алғашқы бөлімдері:

Абай Құнанбайұлы айтқан жүйріктің 64 белгісі

Абай Құнанбайұлы айтқан жүйріктің 64 белгісі

Абай Құнанбайұлы айтқан жүйріктің 64 белгісі

Абай Құнанбайұлы айтқан жүйріктің 64 белгісі

Абай Құнанбайұлы айтқан жүйріктің 64 белгісі

Кәрім Дүйсенбайұлы

ҚХР, «Мұра» журналы 2020 жыл

Түпнұсқадағы тақырып: «Ат сыны»

Төте қазақшадан крилшеге түсірген Ержан Жаубай

Argymaq.kz

ФОТО: Мерғалым Қангелді

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.