Құдайберген Сұлтанбаев: Жылқының қадірін түсіріп жібердік
«Біз «Қыз Жібекті» түсіргенде нөкер болып массовкаға қатыстық. Маған қасқа маңдай бір ат тиді. Жүрісі қандай шіркіннің. Жаспыз. Жылқыларды өзіміз жемдейміз, өзіміз суарамыз.
Қазақ екеніңді сезініп жүресің. Әлдебір рух пайда болады екен. Кеудемізде – сауыт, арқада садақ, бір жамбаста қорамсақ, бір жамбаста қылыш, аяқта қайқы саптама етік… Бірақ бәрі декоративті болса да үйренгеніңше бөгет, ыңғайсыз. Сонда ойлаймын, күні-түні ер жастанып, мұздай сауыт құрсанған бабаларымыз осынша ауыр салмақты қалай көтерген деп.
Қызық болды бірде. Күні бойы шабылып, ымырт үйірілген соң түсірілімнен шығып келе жатқанбыз. Күн тымырсық, бес-алты жігіт шөлдеп, сусын іше кетпекке ниеттеніп, бұрылыста отырған малшылардың қорасына бұрылдық.
Үстіде сауыт-сайман, найза-садағымызды шошаңдатып:
– Ассалау-у-мағалейкум! – деп әлгі үйге кіріп барғанда бейғам отырған екі әйел:
– Көтек, көтек! – деп шалқалап, кәдімгідей талып-талып түсті. Үйдің отағасы еңбектеген бойда көзі бағжаңдап, кереуеттің астына кіріп барады. Алаң-көбең, беймезгіл уақыт.
– Ойбай, не болып қалды?! – деп беттеріне кезек-кезек су бүркіп біз жүрміз.
Сөйтсек, бұ кісілер соның алдында ғана ата-бабалары туралы сөз қылып отыр екен. Біз сау ете түскенде сол әруақтар кіріп келгендей шошыпты. Кино түсіріліп жатқандығы туралы білмеген. Талмағанда қайтеді енді.
Бәйге бермейтін аттарды міндік. Қазақы аттар іше беретін Іленің суына пысқырынып, жоламайды бұлар. Алматыдан су тасиды, соны береміз. Аттың қасиетін сонда көрдім. Қазір жылқының да қадірін түсіріп жібердік»…
Құдайберген Сұлтанбаев 2010 жылы өмірден өтті.
«Біз білмейтін Құдайберген» кітабынан
ФОТО: «Қыз Жібек» фильмінен