Жамбы атудан Азия чемпионаты басталды

332

Шымкент қаласында Азияның 14 мемлекетінен келген 60-қа жуық спортшы қатысатын байрақты бәсеке басталды.

Бес күнге жалғасатын дүбірлі сайыстың алғашқы күні «Мажар стилі» бойынша өзара мықтыны анықтауы керек еді. Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты стиль бойынша сайыс толық аяқталмай, тоқтатылды.

Шымкенттің ақ жауыны басталғанға дейін 6 топқа бөлінген сайыпқырандардың алғашқы үш тобы сынға түсті. Әзірге 76,81 ұпай көрсеткішімен Сауд Арабиясынан келген сұрмерген Hisham Ali R Al-Tamimi көш бастап тұр. Одан кейінгі орынға 66,27 ұпаймен моңғолиялық мерген Ayagaa Baatarkhuu орналасса, үздік үштікті 59,09 ұпаймен индонезиялық спортшы Ferryanda Fahmi түйіндеді.

Ал бүгінгі жарыста садағын сайлап, жебесін кезеп шыққан Қазақстан споршылары Абзал Тулыбеков (51,35 ұпай) пен Айтбек Сарыбай (48,13 ұпай) тоғызыншы және 11-орындарға тұрақтады.

Ескерте кетейік, бұл Жамбы ату спортының «Мажар стилі» бойынша соңғы көрсеткіші емес. Ертең осы стиль бойынша тағы 5 топ өзара сайысқа түседі.

Осы орайда сайыстың ережесіне сәл тоқтала кетейін.

Сайысқа қатысушылар 8 топқа бөлінген. Әр топта 7 ойыншы бар. Мажар стилінің ерекшелігі – үш нысана қойылады. 100 метр қашықтықта қанша оқ атып үлгерсең, сонша оқ атуға болады. Оқ санына шектеу жоқ. Оның сыртында, жылдамдық та маңызды. Мергендігің мен аттың жылдамдығы үйлессе, жеңімпаз болуға мүмкіндік жоғары.

Біздің елден жарысқа 6 спортшы қатысып жатыр. Бүгін екеуі жарыс жолына шықты. Ертеңгі сайыста 4 спортшымыз бақ сынайды. Олар – Ералхан Айкөз, Бексауыт Батыр, Нұрсұлтан Бірлікбаев және Ақәділ Пернебай. Құраманың дайындығы жақсы, бұйырса, алғашқы орыннан көрінуге мүмкіндік мол.

Бұл – Азия федерациясының алғашқы ұйымдастырып отырған бәсекесі. Сондықтан біз бұған мұқият дайындалдық. Екіншіден, бұл жарыстың жеңіл-желпі дүние емес, артында салмағы бар, нақты нәтиже көрсетілетін іс екенін танытқымыз келді. Сол үшін бұл сайыстан қаржы аямадық десем болады. Барлық шығыны үшін 60 млн теңге жұмсалды. Соның тек 20 млн-нына тұңғыш рет жоғары сапада тікелей эфир ұйымдастырдық. Осы бес күн бойы өтетін сайысты әлемнің кез келген елінде отырып біздің ютуб арнамыздан бастан-аяқ тамашалауға болады – дейді ҚР Жамбы ату федерациясының президенті Еркебұлан Ілиясов.

Естеріңізге сала кетейік 15-18 сәуір күндері Шымкент қаласының ипподромында Жамбы атудан ересектер арасында алғашқы Азия чемпионаты өтіп жатыр.

Чемпионаттың Бас серіктесі «Самұрық-Қазына», Демеушілер: «Sport qory» спортты қолдау қоры мен «Alageum electric» және «ERG» компаниялары.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.