Азия чемпионаты. «Мажар стилінің» жеңімпаздары анықталды

137

Төрт стиль бойынша бес күнге жалғасатын дүбірлі доданың алғашқы стилінің жеңімпаздары аяқталды.

Екі күн бойы кіл мықтының ішінде кім мықтыны анықтау үшін нысана көздеген мергендер «Мажар» стилін тәмамдады. 14 елден келген 60 спортшы 8 топқа бөлініп, сайыс көркін кіргізді.

Негізі стиль бойынша жарыс кеше басталған болатын. Түстен кейін Шымкент аспанын шыр айналған жаңбыр ақыры жауып кетті де, бүгінге бес топ қалған еді. Бүгін түске дейін сол қалған бес топ ең көп ұпай жинауға барын салды. Сонда да кешегі қорытынды көрсеткіштегі Сауд Арабиясынан келген сұрмерген Hisham Ali R Al-Tamimi-дің рекордын (76,81 ұпай) ешкім өзгерте алған жоқ.

Сонымен Жамбы атудан ересектер арасында алғаш рет өтіп жатқан Азия чемпионатының «Мажар стилі» бойынша алғашқы бестіктің көрсеткіші төмендегідей;

  1. Hisham Ali R Al-Tamimi – 76,81 ұпай, (Сауд Арабиясы)
  2. Бексауыт Батыр – 70,59 ұпай (Қазақстан)
  3. Ералхан Айкөз – 67,68 ұпай (Қазақстан)
  4. Ayagaa Baatarkhuu – 66,27 ұпай (Моңғолия)
  5. Нұрсұлтан Бірлікбаев – 66,14 ұпай (Қазақстан)

Осылайша алғашқы стилдің қорытындысы бойынша еліміздің үш спортшысы алғашқы бестікке енді.

Ералхан Айкөз – ел құрамасының капитаны. Бұған дейін де бірнеше халықаралық, әлемдік додаларда топ жарған спортшы. Осы жолғы сайыста да сыр берген жоқ.

«Мажар стилі» бойынша жеңімпазға 500 мың теңге көлемінде сыйлық бар. Алғашқы үш орынға бәйге беріледі. Сонымен қатар, осы үздік үштік 18 сәуір күні өтетін «Тайтұяқ» сайысына қатыса алады. Бұл жерде тайтұяқты атып түсірген мергенге 1 млн теңге көлемінде тағы да жүлде беріледі.

Бүгін түстен кейін Жамбы атудың келесі сайысы – Азия стилі бойынша топтық кезең басталды. 8 топқа бөлінген сұрмергендердің алғашқы 4 тобы өнер көрсетіп үлгерді. Бұл стиль бойынша да Hisham Ali R Al-Tamimi ұпай санымен алдыңғы орында тұр. Жебесіне ілінген ұпайдың жиынтығы – 78,15. Екінші орында еліміздің намысын қорғап жүрген көзмерген Нұрсұлтан Бірлікбаев. Еншісінде 70,07 ұпай бар. Үздік үштікті бүгін де моңғолиялық мерген түйіндепті. Ayagaa Baatarkhuu қанжығасына 66,66 ұпай байланған екен.

Иә, бұл Азия стилі бойынша түпкілікті шешім емес. Ертең алаңға қалған төрт топ шығады. Ол қатарда біздің үмітімізді арқалап отырған Ералхан Айкөз бен Батыр Бексауыт бар. Жігіттерге сәттілік серік болсын дейміз. Ал олардан бөлек бүгінгі бәсекеде бақ сынаған Ақәділ Пернебай (66,66 ұпай) мен Айтбек Сарыбай (64,76 ұпай) әзірге төртінші және алтыншы орындарды місе тұтып отыр. Ертеңгі сайыста бұл көрсеткішті сақтап қалулары екіталай болары сөзсіз.

Әр спортшы өз елінің алаңында жеңіске жетуге тырысады. Сол үшін әркім өзіне ғана тән, өзі ғана меңгерген әдіс-айласын қолдануға тырысады. Төрешіні де өз елінен сайлап, өзіне қызмет еттіруге барын салады. Бір сөзбен айтқанда, қарына тартпағанның қары сынсын деген әңгіме ғой. Оның себебі де түсінікті, бас жүлдені, алтын медальді өз елінде алып қалғысы келеді. Әрине, біз үшін де жеңіс, алтын медаль маңызды. Бірақ әділдік бірінші орында тұруы керек. Сол үшін осы жолғы чемпионатты толықтай цифрландырдың деуге болады. Тіпті бас төрешінің өзін ешкімге бұра тартпасын деп сонау Оңтүстік Африкадан әкеліп отырмыз. Демек біз чемпионатты ұйымдастырып бергеніміз болмаса, өтуіне, ұпай беріп, төрешілік жасауға, спортшының жетістігіне араласып отырған жоқпыз. Кімнің қандай мүмкіндігі бар, соған сай бағасын алады – дейді Жамбы атудан Қазақстан республикасының ұлттық құрамасының бас бапкері Елдос Бадашев.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!