Еркебұлан Ілиясов: Әр спорт түрінің өзіне сай аты болуы керек
Шымкент қаласында Жамбы атудан ересектер арасында алғашқы Азия чемпионаты қарсаңында ҚР Жамбы ату федерациясының президенті Еркебұлан Ілиясовпен осы салаға қатысты аз-кем әңгімелесудің сәті түскен еді.
— Бұл елімізде өтіп жатқан ересекетер арасындағы алғашқы сайыс. Жамбы ату спорты бойынша спортшылармен, команда жетекшілерімен, жаттықтырушылармен кездесіп, тілдесіп үлгердіңіз бе?
— Спортшылармен жеке кездесіп үлгерген жоқпын. Ал команда жетекшілерімен, жаттықтырушылармен сөйлестім. Бүгінгі бәсекеге Азия елдерінің спортшыларынан бөлек, халықаралық дәрежедегі бірнеше жаттықтырушы, төреші келді. Ал Бас төреші Оңтүстік Африкадан келді. Соның ішінде Қытай елінен келген делегацияны Қытай Республикасы Ат үстіндегі Этноспорт директоры бастап келген екен, сол кісілермен отырып сөйлестік.
— Нақты қандай әңгіме болғанын айта отырсаңыз?
— Спортшылар мен осы сала мамандары бас қосқан жерде қандай әңгіме болады дейсіз? Саланы қалай дамытамыз, алдағы жоспарлар, атқарылатын жұмыстар туралы сөз болды. Одан бөлек осы жарыс барысында Қазақстан тарапынан алатын тәжірибелері көп екенін, соны өз елдерінде пайдаланатындарын айтты.
Сонымен қатар, биыл маусымда Қытайда Ат үстінде садақ ату спортынан Әлем чемпионы өтетіні туралы ақпаратты айтты. Осы жарысқа Азия жамбы ату федерациясының басшысы ретінде мені және біздің елдің құрамасын шақырды.
— Кеше елімізде тарихи сәттің куәсі болдық. Алғаш рет Азия жамбы ату федерациясы құрылды. Жаңа өзіңіз биыл жазда Қытайда жамбы атудан Әлем чемпионаты өтетіні туралы айттыңыз. Ал алдағы жылдары Азия чемпионаты мен Азия кубогы тұрақты өтетіні туралы айтылды. Келесі чемпионат қайда өтетіні туралы шешім бар ма?
— Бүгінгі кездесуде жаттықтырушылар мен төрешілер және жамбы ату спортының жанашырларымен бірге осы мәселені де талқыладық. Бірақ нақты шешімге келген жоқпыз. Десе де бұл мәселені алдағы уақытта ресми түрде ақылдасамыз деп ойлаймын.
— Жамбы ату спортының елге белгілі ережесі бар. Оның сыртында, ат үстіндегі ойын түрі болғандықтан, қауіп те жоқ емес. Дегенмен, ат жалында өскен халқымыз үшін бұл таңсық дүние емес. Бұл спорт түріндегі негізгі ерекшеліктерге тоқталсаңыз…
— Иә, дұрыс айтасың, экстремальды спорт түріне жататын ойындардың бірі екені анық. Сол үшін де біз бұл спортқа 14 жастан асқан жасөспірімдерді ғана аламыз. Яғни, адамның қауіпсіздігі басты орында. Қазір өтіп жатқан чемпионатта да бұл мәселе бірінші орында екенін атап өткім келеді.
— Еліміз жарысты ұйымдастырып отырғандықтан, атпен қамтамасыз еттік. Аттар осы жамбы ату спортына арнайы дайындалған ба?
— Әрине, бізде қазір ондай мүмкіндік жоқ. Яғни, аттар тек жамбы атуға ғана негізделген ат емес. Бірақ әр спорт түрі бойынша сол спортқа бейімделген ат болуы керек деп есептеймін. Тіпті осы сұқбатты пайдалана отырып, атбегілерге, жергілікті әкімшіліктерге де ескерте кеткім келеді. Әр спорттың өзіне арнайы бейімделген атын дайындаған дұрыс.
— Бұл тұрғыда өзіңіз басқаратын Жамбы ату федерациясының жоспары қандай?
— Біз бұл саланы қолға алғалы бір жылдан енді ғана асты. Соған қарамастан алдағы бес жылға стратегиялық мақсат қойдық. Онда барлығын қамтуға тырыстық. Соған орай, атбегілерге жамбы ату спортына ғана бейімделген аттарды дайындауды қолға алуды ұсынамыз, ал біз спортшылардың жағдайын жасауға күш саламыз. Әкімшілік тарапы инфраструктураны дұрыстап, әр қала өз аумағында өтетін ұлттық спорт түрлері жарыстарының жарнамасын жасап, маркетингін біріздендірсе деймін.
Мысалы, көкпардың өзіне бейімделген аттары бар, бәйгені айтпасақ та белгілі. Сол секілді Жамбы атудың, аударыспақ пен теңге ілудің өзіне сай аты болуы керек.
— Сіздің мамандығыңыз бойынша салаңыз Жамбы ату спортына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сала деуге болады. «Alageum Electric” Компаниялар тобының Директорлар кеңесінің Төрағасы, «Қазақстанның электр машиналарын жасау қауымдастығы» ЗТБ Басқарма басшысы, YPO Kazakhstan мүшесі неге Жамбы атуды таңдады?
— Иә, дұрыс айтасыз, «Alageum group» компаниясы еліміздегі ең ірі компаниялардың бірі екені рас. Тіпті елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де танымал, бір сөзбен айтқанда, халықаралық компания деуге болады. Себебі біз өндіретін өнімді өзге елдерге экспорттаймыз.
— Осы жерде өздеріңіз өндіретін өнімге кеңірек тоқтала кетіңізші.
— Біз подстансалар, трансформаторлар, электрқондырғылар шығарамыз. Бұл компанияның ішіндегі ең ірісі – Кентау трансформатор зауыты. Ол 1959 жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта компанияда 5000-нан астам адам жұмыс істейді.
— Жамбы ату спортын таңдауда қандайда бір мақсат болды ма?
— Әрине, кез келген ірі кәсіпорнының өз мақсаты болады. Ол – спорт болсын, басқа сала болсын, соларды жүргізіп, дамыту. Сол мақсатта біз жамбы атуды таңдадық. Бұл жерде, компания басшысы ретіндегі менің жеке қызығушылығым да ықпал етті ғой деп ойлаймын. Себебі кез келген қазақ секілді мен де жылқыны жақсы көремін. Ал садақ ату – қызықты өнер. Осыны байқады ма, маған «егер садақ ату мен атты байланыстырғың келсе, бізде Жамбы ату деген ұлттық спорт бар, соны қолға алуға болады» деді.
Әрине, тарихи тұрғыдан қарайтын болсақ, бізде ондаған ұлттық спорт түрі бар ғой. Солардың ішінде осы жамбы ату мен теңге ілу өкінішке қарай, өшіп қалған екен. Тарихы да толық зерттелмеген, ақпарат аз. Бұл болашақта осы спорт түрлерінің мүлдем жоғалып кетуі мүмкін екенін көрсетеді.
Сондықтан біздің басты мақсатымыз – жамбы ату спортын басынан бастап жандандырып, ары қарай дамытуды қолға алу.
— Бұл үшін нақты қандай жұмыс істеліп жатыр?
— Әуелі ұлттық құраманы жасақтап, оны толық құрамда жаттықтыру. Содан кейін, біртіндеп халықаралық деңгейге, әлемдік сайыстарға қатыстыру. Оның сыртында, қазір жамбы ату спортының этнографиялық, тарихи, деректік материалдарын, заманауи жамбы ату спортын қамтыған кітап дайындалып жатыр. Аманшылық болса, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарыққа шығады деп жоспарлап отырмыз.
Дамыту үшін не істеп жатырсыздар деп сұрап отырсыз ғой. Осы спорт түрін қолға алған бір жарым жылдың ішінде тек осы салаға 200 млн теңгедей қаржы жұмсадық.
— Егер құпия болмаса, бүгінгі өтіп жатқан чемпионатқа қанша қаржы жұмсап отырсыздар?
— Бұл – Азия федерациясының алғашқы ұйымдастырып отырған бәсекесі. Сондықтан біз бұған мұқият дайындалдық. Екіншіден, бұл жарыстың жеңіл-желпі дүние емес, артында салмағы бар, нақты нәтиже көрсетілетін іс екенін танытқымыз келді. Сол үшін бұл сайыстан қаржы аямадық десем болады. Барлық шығыны үшін 60 млн теңге жұмсалды. Соның тек 20 млн-нына тұңғыш рет жоғары сапада тікелей эфир ұйымдастырдық. Осы бес күн бойы өтетін сайысты әлемнің кез келген елінде отырып біздің ютуб арнамыздан бастан-аяқ тамашалауға болады.
Тіпті бұған дейін әлемдік деігейде, халықаралық деңгейде жарыс ұйымдастырып жүрген мажарларда, француздарда, Сауд Арабия елдерінде мұндай тікелей трансляция болған жоқ.
— Сонша қаржы жұмсап, мұндай эфир жасау не үшін керек болды?
— Басты мақсат – сапалы контент жасау арқылы жамбы ату спортын насихаттау. Қазір халық сапаны түсінеді. Сол үшін көрген жанның көзі сүйсінер сапалы фото, видео арқылы ұлттық спортты насихаттау. Сол наихат арқылы халықты ұлттық спортқа ынталандыру. Осы сұқбатты пайдалана отырып, халыққа өтініш жасағым келеді. Құрметті халайық, ұлттық спортқа жанашыр болып, ұлтын сүйер азамат ретінде біздің барлық ұлттық спортымызға қолдау білдіріп, бала-шағаларыңызға көрсетіп, тарихымен танысып, ұрпақтарыңызға өнеге болыңыздар дегім келеді.
Әр спорттың өз тарихы бар. Ол бізге ата-бабамыздан қалған мұра. Сол мұрамызды жоғалтпай, келешекке жеткізу парызымыз.
— Бүгінгі жарыстың бас төрешісін сонау Оңтүстік Африкадан алдырыпсыздар. Бұған дейін де Амали Рачке ат үстінен садақ ату спортының айналасында жүрген жандарға жақсы таныс. Дегенмен, тым шалғайдан іздемей-ақ, төрешілікке басқа азаматтарды қоюға да болар еді ғой?
— Дұрыс айтасыз. Жаңа жоғарыда да айттық, бүгінгі сайысқа 12 мемлекеттен келген спортшылар қатысып жатыр. Әрине, бізде де халықаралық дәрежедегі төрешілер жетеді. Жарысқа қатысушы мемлекеттерден келген төрешілер де бар. Бірақ, жарысты өзіміз ұйымдастырып отырып, төрешілікті де өзіміз жасағанымыз әділетсіздік болар еді. Сол себепті де ешкімге бұра тартпайтын, тіпті Азия құрылығынан тыс мемлекеттен алдыруымыздың себебі осы.
— Чемпионатқа болжам жасадыңыз ба, қай елдің командасы ұтуы мүмкін? Біздің елдің мергендерінің жағдайы қалай?
— Бұл – сайыс. Ол жерде біреу жеңіп, біреу жеңілетіні сөзсіз. Біздің елдің жігіттеріне де дайындықты күшейтіп, жаттығу жасаңдар деп тапсырма берліген. Айтудан кенде болып жатқан жоқ. Біздің ұстаным, ол халықаралық жарыс бола ма, болмаса, ішкі сайыстар бола ма, бастысы – әділдік. Кім мықты, кім мерген, кім әділ – сол жеңеді. Ешкімге бұратарту, көмектесіп жіберу, жеңілдік жасау деген жоқ.
— Осы орайда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жайлы айта кетіңізші. Құраманың жағдайы қалай?
— Иә, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары біз үшін үлкен сын. Өз тарапымыздан спортшыларды ынталандыру жағынан барлық мүмкіндікті қарастырдық. Бірінші орын алған спортшыға – пәтер, екінші орынға – автокөлік, үшінші орынға – ақшалай сыйақы береміз деп отырмыз. Енді жігіттер жатпай-тұрмай дайындалып, нәтижеге жұмыс істеулері керек. Жақсы көрсеткішке қол жеткізеді деген сенімдемін.
— Әңгімеңізге рахмет!
Argymaq.kz
[…] […]