Қазақ тілі: «Маладес, маладес!»
Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін!
Нұрсұлтан Назарбаев
Бүгін Қазақстан Республикасы Тілдер мерекесі. «Апа, кеше айтқан ертегіңді бүгін тағы қайталап отырсың ба?» дегендей, 25 жыл, тіпті 1989 жылғы 22 қыркүйекте қабылданған қазақ тілі туралы заңнан бергі 27 жылдан бері жыры бітпеген тіл туралы бір-екі ауыз сөз айтудың артығы жоқ.
Біреуі бала жасынан бері тек қана қазақша сөйлейді. Енді бірі есейе келе қажеттіліктен, заман талабына бағынғандықтан үйренгендер. Алайда, қайсысы болса да, қазақ тілі туралы әңгіме болған кезде үйренем деген адамға тек қана ниет керек дейді. Сонымен бірге олардың қазақ тілін қолдану мәселесінде реніштері де жоқ емес. Танымал саясаткер Дос Көшімнің айтуына қарағанда, көшелердегі жарнамалардың, атаулардың қазақшасымен қатар орыс тілінде жазуына ренжулі. «Бірде маған бір орыс әйел «Сіздер бізді кемсітесіздер ме, әлде расымен сауатсыз санайсыздар ма, нан деп жазып, қасына несіне «хлеб» деп қосып қоясыздар?» деп сұрады», — дейді Ұлттық арнадағы бір сұқбатында.
Осындайда Елбасымыздың өзі осыдан он жыл бұрын айтқан «Он бес жылда аюға да тіл үйретуге болады» деген сөзі ойға оралады. Дейтұрғанмен, 15 емес, 25 жылда да қазақ тілін «қақпайтын» «аюлар» әлі ортамызда толып жүр.
Қазақ тілінің биліктегі қолданысы:
Әйгілі жазушы Шерхан Мұртаза ағамыздың «Қазақ тілінің ұлылығы сонда, бұл тілде кейбір қазақтардың өзі сөйлей алмайды» деген қыжыртпасы біздің биліктегі лауазымды тұлғаларға қаратыла айтылғандай. Әрине, қарапайым халықтың арасында да қазақшаны қарық қылымай жүргендері жетерлік. Алайда, қазіргі таңда қай мекемеге барсаңыз да әуелі өзге тілде сөйлейді. Ахмет Байтұрсұнұлынша айтсақ, Аллаға шүкір, бүгінде қазақтың саны 70 пайыздан асты. Бірақ көптеген жиын өзге тілде өтіп келеді. Парламен отырыстары онлайн түрде өткеннен бері халықтың депутаттарға деген өкпесі де қара қазандай болды. Бұл жайында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өзі осыдан біраз бұрын «бес орыс отырған жерде жүз қазақ отырса да орысша сөйлейді, осындай сорлы халықпыз ғой біз» деген сөзінің тағы бір шындығын көргендей болдық.
Қазақша білетін, бірақ сөйлегісі келмейтін қазақтар:
Бұлар екі топтан тұрады. Қазақ тілінде сөйлеуді намыс көретін бір тобы бар. Олар отбасында қазақша тәрбиеленген, бірақ ортасы, араласатын адамдары өзге тілді болғандықтан соларға еліктеп, тәлпіштікпен өзге тілде сөйлейді. Бұлар – жастар. Ал екінші топ ыңғайсызданады. Бұл топта көбінде қартаң адамдар бар. Олар қазақша біліп тұрса да сөйлеуге келгенде ыңғайсызданады. Осындайда «Ит адамның досы – түсінеді, бірақ сөйлей алмайды» дейтін әзілге бергісіз шындық еске түседі.
Қалай десекте, қазіргі қоғамда қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін емес, мемлекеттік тілді мемлекетте өмір сүріп жатқан барлық азаматтың білуі үшін қызмет ететін кез келді. Бұл тұрғыдан мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Дегенмен нәтижесі де көңіл көншітіп отырған жоқ Әйтпесе еліміздің барлық өңірлерінде тілдерді дамыту орталықтары, Тіл үйрету курстары жұмыс істейді. Тіпті мемлекеттік органдардың кейбірінде тегін оқытатын орталықтар бар.
***
«Бәйтерек» монументінің маңында көлік тұрақтарының орындарын белгілеп, бояп жүрген жұмысшыларды көрдім. Біреудің еңбегін бағалау үшін жол бойындағы ақ-сары бояулармен боялған жолақты басып кетпеуге тырысып аттап өттім. Менің соңымнан екі немересін жетелеген қария келе жатқан. Үлкендеуі кішісін демеп, өткізді де атасына:
— Ата, ол жолақты басқан жоқ – деді қазақ тілінде.
— «Маладес, маладес» — деді атасы, немерелеріне қарап.
Ержан Жаубай, 2016 жыл