Тай мен «Ай»

1244

Есті суретті көргенде ескі күндердің естелігі еріксіз еске түседі. Тайдың тұяғы жерге тимей, жас бала тізгінді жібермей тұрған қас-қағым сәтті біздің Нұрболат Нұржаубай өте сәтті таспалаған екен. Мұндай жағдай біздің де бастан өткен еді…

Әрі кетсе, төртінші сыныпқа барған жылымыз. Әдетте тайдың бәрін ерте көктемде басбілдіретін едік. Сол жылы құрыққа бір тай ілінбей қалыпты. Ол жаз бойы қысыр қалған енесін еміп, таудың көгіне тойып, күзге салым ауылға түскенде анау-мынау бесті атқа бой бермейтіндей болып оралды. Жалы күдірейіп, оқыранып, пыр-пыр етіп жанына адам жолатпайды. Секіріп мінсең, бір мөңкігеннен қалдырмайды. Ұшырып түседі. Апта бойы алыстық-ау. Ағаларым бірде мақтап, бірде ұрсып, бірде қайрап отырғызады. Үйретілуі қиынға соқты. Сілеміз қатты. Кері тай да шаршады. Ақыры көндікті. Бірақ басы қайтпайды. Езуін әбден тілсек те болар емес. Басы бұрылғанмен, мойны ырыққа көнбейді.

Бір күні қоңыр сиырды іздеп егістікке шығу керек болды. Үйде топырлап тұрған аттың арасынан асау керіні ерттеп міндік. Ауылдан шыққанда байқадық, жүгеннің тайға үлкен екенін. Сулық шығып кетіпті. Аттың үстінде келе жатып сулығын салып, жүгенді қысқарта бергенде әлденеден үркіп, шаба жөнелсін. Тізгінді жүгеннің желкелігімен қоса ұстап, тартып тоқтаттық. Бірақ сасқанымыздан, тас қып ұстаған дүниемізді босатудың орнына, одан сайын тартыппыз. Тай қос аяғымен тік тұрды. Ол кезде де тізгінді жібере салу қыртымызға кірмеген. Қайта тағы сілкіп қалдық. Сол сәтте ат шалқалап құлады ғой. Біз астында қалдық. Кері тай қарғып тұрды. Біз де жалма-жан жер бауырлап жатып шылбырға жармастық. Ол да, мен де есеңгіреп қалдық. Қайта мінуге құлық болмады. Сосын жетектеп алып, ауылға қайттық.

Ауылдың шетінен кіргеннен көрген адамның бәрі “маңдайыңа не болған?” деп сұрайды. Иығымызды қиқаң еткізіп, аса елең қылмай үйге келдік. Тайды қораға байлап, үйге кіріп, айнаға қарасақ, о тоба, сізге өтірік, бізге шын, маңдайымызда жаңа туған айдың ізі тұр ғой. Іші қып-қызыл боп қанталап қалған. Әсілі, тай үстімізге құлап, тұра бергенде тұяғының бір шеті маңдайымызды жалап өткен болса керек. Бас жарылмаған. Тері жыртылмаған. Тек сүйек пен терінің арасы сөгіліп, ішіне қан толып қалған. Сол аймен бір ай жүрдік. Ай маңдай кәдімгі. Кейін өзі кетіп қалды. Қазір есіме түссе, Құдай сақтаған екен деймін. Жазатайым тисе, не боларын кім білсін? Бірақ қазақы ұғымда “ат жалын тосады” деген бар ғой. Кері тай да жалын тосқан болар-ау…

Ержан Байтілес

Argymaq.kz

ФОТО: Нұрболат Нұржаубай

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.