Үлкен күреңнің ұрқы

1354

(Әңгіме)

Жылтыр қиыршықты құмды шөлдің орта шеніне кіре бергенде жел бағыты кенеттен өзгеріп, қар қапалақтай бастады.

Сар желіспен келе жатқан жылқылар кілт тоқтап, кері бұрылып тұра қалысты. Үлкен күрең үйірдің ық жағын тастай беріп, алға ұмтылып шыға келіп, кіші күреңнің бір қапталынан жанасалай қарш еткізіп тістеп, арғы жағында тұрған шыбар дөненге қарай артын бұрып, қолтық тұсынан қосаяқтай тепті. Айғыр мен бие қатар ышқынып, қарсыласып тістеп, тебу былай тұрсын, тезірек ықыстап қашып құтылуға қармануы – кәрі биеден осығұрша қайрат шығады деп ойламай сасқандарының куәсі іспетті болды.

Үлкен күрең өзі де жығылуға шақ қалып, кіші күреңнің күрең құлынын да соғып барып, әзерге тоқтай бере, желге қарсы желе жөнелді. Ақтұмсық құлыны мен қалған ұрпақтары да енесінің артынан жөнелді. Шыбар айғыр, кіші күрең екеуі сәл аңтарылып тұрды да, үйірлерінің соңынан қуа жетіп, екеуі екі жағынан айналып суырылып алға шығып, үлкен күреңді құлынымен ортаға алып, ілгері ұмтылысты.

Қайтадан ықтасынға алынғандарына Үлкен күрең бүйірі жылынғандай болып, ойлағаны орындалғанына көңілі марқайып, сәл артықтау кеттім бе деп іштей қынжылулы еді. Ал кездейсоқта осындай тосын мінез танытуын анау екеуі әбден түсініп келе жатқан болар. Егер түсінбеген болса, кейін түсінетіндігіне бек сенімді еді.

Сонау бір жылы осы шөлден өтіп келе жатып, тағы да кенеттен бағытын өзгерткен желмен ықтай жүріп нендей іске тап болғандарын Үлкен күрең ұмыта қойған жоқ. Сол бір қарлы бұрқақта енесімен бірге көптеген үйірлестері қатерге ұшырағанда бұл жастығының әрі қайрат-күшінің арқасында аман қалған еді. Ол кез «Кіші күрең» аталып жүрген кезі.

Алдағы жаз мезгілі таяған сайын үйірбасының мінезі қытымырланып жүрді де, бір күні тіптен қатты тырқырата қуалап, тепкілеп бірнеше байталмен бірге үйірден айдап шықты. Сонымен бұл іске таң-тамаша болып жүргенде, маңайындағының бәрінің да зәресін ұшырып, «Тарпаң қара» деген атақпен әйгіленген, адам түгілі малға жиіркенішті көрінген қара айғыр шапқылап келіп қайырып, өз үйіріне қосып алғанын ойласа, күрең биенің іші удай ашиды.

Тарпаң қара нағыз қорқынышты хайуан, айғыр емес қасқыр, жаналғыштың дәл өзі дерсің. Оның өткір тісінен, қатты тұяғынан, ауыр әрі шымыр денесінен қашып құтылу мүмкін емес еді. Терісін жыртып, сүйектерін сықырлатқандай болып, көресіні көзіне көрсетіп-ақ жіберді.

Сонымен бейнетін тартқызғаннан соң қара айғыр мұны жайына қалдырды. Жақындағанмен жанасып, жараспағанмен тепкілесіп жүріп бір күні бұрынғы үйіріне қашып келді. Үлкен-кіші демей барлығы да жантарта оқыранып, қарсы алды. Тепкілеп қуған әкеге, араша түспеген анаға деген өкпе де тарқады.

Одан кейін Бүкір жиренге тап болды. Ол нағыз айғыр әрі қамқоршы еді. Оның қалқасында жүргенде еш алаңсыз, қорқынышсыз, тіпті суыққа да тоңбайтын. Үйірді бір айланып келгеннің арасында сағынып қалғандай оқыранып шұрқырасады. Одан құлындады. Өзге биелерге қарай аяқ басса қызғанғанымен, шауып барып қайтарып әкелу ойында жоқ. Кейде байтал қуып әкелгенде шамырқанып, тістеп, талап тастағысы келгенімен өзінің үйірден қуылып келіп, көресіні көрген кездері есіне түсіп, сабыр сақтайтын. Бүкір жирен шаруасын тындырып келген сәттерде бұлдансығысы келсе де, бұлдана алмайтын. Еркектік қуаты бұрқыраған тамаша жағымды иісін иіскеп, денесінің ыстығын жақыннан сезінгенде, қуаныштан көңілі толқып, көздерінен еріксіз жас домалап тұрушы еді.

Бір жылдың төлі болғанымен Бүкір жирен өзінен ерте қартайғандай. Иеміз бір күні дөнен шұбар айғыр жетелеп әкеліп, жылқы ішіне қоя бергенде, Бүкір жирен онымен сайыспаққа жал-құйрығын желкілдетіп, аяғын әптер-тәптер басып, жетіп барғанында, шалманың сырылы естіліп, мойынына ілмегі іліне кетті. Басына ноқта кигізіліп, жетекке алынған сәтте екеуі енді қайтып жолығыспайтындай, жұмсақ танауларымен бір-бірін иіскелеп, бүйірлерімен үйкенісіп тұрды. Расында қайта жолығыспады.

Дөнен шұбар ештеңе көрмеген албырт әрі көңілі тойымсыз, қанағатсыз бейбақ болып шықты. Көзіне көрінгенге ұмтылып, жолда жолыққандарға да итінеді де жүреді. Сөйтіп жүріп бір күні бұны да көзі көргендей болды. Ышқына жер тарпып жетіп келді. Үлкен күрең тіпті, оны көзіне де ілмеді. Қалай алдарқатса да шалғайына жуытпады.

Дөнен шұбар Үлкен күреңмен бірталай күн, тіпті айлап тайталасты. Сонда да үйірдің кәрі тарланы илікпеді. Бүкір жиренмен бірге заманы өтіп кеткенімен арда туған кішкентай ақтұмсық құлынын от пен суға бір іліктірсем, көктемнің ызғары мен қыстың қаһарынан аман алып қалсам, дегеннен басқа өзінде мақсат та қалмағанын түйсігімен сезінеді.

Биелердің барлығын қайырып болған Дөнен шұбар күйті уақыты әлдеқашан өтіп кеткенімен ылғи да Үлкен күреңнің жанынан табылып, үйкеніп тұруы егделеп баршындаңқырап қалған денесіне жастық лебін ұрып, ынтық көңілінің ынтызарлығын сездіргісі келетіндей.

Дөнен шұбар тіпті, амалы құрыған соң Кіші күреңді айналсоқтап, шап-қолтығын иіскелеп, оған ол да исініп, алдына артын төсейтінін Үлкен күрең көріп жүр. Бүгін де жылтыр қиыршықты құм шөлінде желіп бара жатып, Дөнен шұбар мен Кіші күреңді қандай сезім байланыстыратынын кәрі тарлан сезіп, сол арқылы Бүкір жиренмен өткізген бақытты шақтарын есіне алған еді. Бірақ көкірегі нендей бір қобалжуға толып, түйлектелгендей болса да, онысы әптік айғыр мен бейқам қызы екеуінің ісімен еш қатысы жоқ болатын.

Қар қапалақтап, боран да күшіне енді. Дөнен шұбар мен Кіші күрең екеуінің қызуымен бүйірлері жылы жүрсе де, маңдайы мен жон арқасынан өте соққан ызғарға сүйегі сырқырап, іші-бауыры қалтырауы миы мен омыртқасының тоңази бастағанын білдіргендей. Бұндай жағдайдың болатынын, бұдан аман құтылу екіталай іс екенін біліп келеді. Бүйіріне жабыса жортақтап келе жатқан ақтұмсығының балғын денесінің жылуын, қиюы кеткен кәрі денесімен оқта-текте сезінген сайын өзегін өрт шалғандай болуы осынау дәрменсіз жас төліне тікелей қатысты еді.

Жылтыр қиыршық құмды шөлден әзерге өтті. Шонданайы талмаусырап, табанынан бастап жансыздана бастаған төрт аяғы енді тіптен суырыла быртиып, өз еркінсіз желісін баяулатып текіректетумен Батысалқым тауының етегіне ілінді. Қайрақтының белін асарда текірекке де шамасы келмей көздері бұлдырап, аяғының астындағы жер көшкендей болды. Сәл шыдаса жетер жерге келіп те қалдық емес пе деген оймен талмаусыраған денесін сүйрелегендей болып, алға ұмтылды.

***

Сулықызылдың жырашықтары ішіндегі қазан шұңқырлардың қасат қарының ішінен бір айғыр шыға келді. Қасат қарды тарпып, тырпын қалдырмай тепкілеп, бұта-бүргенді түбіне дейін мүжіп, көбін қазып, жердің қыртысын айландырып тастапты. Анадайда азғана бұзылмаған қардың ортасында күрең жылқының жалы мен жоны қылтияды. Қасат қардың жиегінде тұрып, арттарына айналсоқтап кетіп бара жатқан жылқылардың ішіндегі ерекше көзге түсер күрең биенің екі жағынан екі күрең тай қапталдаса қалмай бара жатты.

Чинагийн Галсан,
Монғол елінің Еңбек ері,
Моңғолия мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер,
Моңғолия Жазушылар Одағы сыйлығының иегері
Моңғолшадан аударған: Еженхан Айланышұлы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.