Шәукенова: Қазақстан дамуына Назарбаев ықпалы ұзақ уақыт сезілетін болады

193

Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Осы аралықта Қазақстан атауымен қатар жүрген бір есім – Нұрсұлтан Назарбаев. Замана тұлғаларының бағасын тарих береді. Десе де Тұңғыш Президенттің саяси келбеті жайлы кез келген адам ойланады деп ойлаймыз.

Осы орайда Президент жанындағы ҚСЗИ директоры Зарема Шәукеноваға бірнеше сауал қойған едік. Ендеше саясаткердің саяси көшбасшы жайлы сұқбатын назарларыңызға ұсынамыз.

— Алдыңғы буын ағалардың Елбасы туралы пафосқа толы әсіремақтауларын көп естігендіктен бе, жастар арасында Нұрсұлтан Назарбаев туралы негатив пікірлер де бар. Жалпы, ешқандай жағымпазданусыз, ешқандай пафоссыз, біз Назарбаевтың саяси бағасын бере алдық па?

— Қазақстанның Тұңғыш Президенті – қазақ мемлекеттілігінің өзегі болды. Себебі, ол өз халқы үшін тұрақтылықтың берік кепілі, күрделі саяси-экономикалық және әлеуметтік өзгерістерді жүзеге асыруға, Қазақстанды бүкіл әлемдік қауымдастықтың мойындауына қол жеткізуге барын салды. Соның нәтижесінде, халықаралық қауымдастық санасында Қазақстан мен Нұрсұлтан Назарбаев арасында ассоциативтік байланыс қалыптасты.

Дұрыс айтасыз, бүгінде Тәуелсіздік тұсында өмір сүріп жатқан ел азаматтарының екінші ұрпағы өсіп келеді. Бірақ осы жылдардағы өзгерістердің ауқымын оларға ғана емес, кейде аға буынның өзіне бағалау қиынға соғады. Осыдан 30 жылдай бұрын Қазақстан халқы өз тарихындағы ең қиын кезеңдердің бірін бастан өткерді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін кәсіпорындардың көпшілігі тоқтап, миллиондаған адам жұмыссыз қалды, ертеңгі күнге деген сенімнен айырылды. Азық-түлікті карточкамен алды. Ал көрші мемлекеттерді ұлтаралық қақтығыстар мен азаматтық соғыстар шайқап жіберді. Соған қарамастан, араға үш онжылдық салып Қазақстан серпінді экономикасы бар мемлекетке, халықаралық қатынастардың беделді қатысушысына айналды.

Шетелдік зерттеулер негізінде Н.Ә.Назарбаев бейнесінің әлемдік саяси әрі саясаттану өрісінде қалай дамығанын байқауға болады. Реформатор-экономист, автократ, либерал, біріктіруші, мемлекетші, ұлт құрушысы, демократияның табанды жақтаушысы, қатаң саясаткер, икемді прагматик – осының бәрі жиырма жылдан астам Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентінің қызметін серік еткен түсініктер мен бейнелердің жиынтығы. Әрине, бұны толықтыра беруге де болады.

Н.Ә.Назарбаев өте қиын кезеңде – КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан Президенті және оның ұлт көшбасшысы болды. Ол кезде Қазақстан аса күрделі халықаралық және геосаяси жағдайда еді. Елдің сыртқы және ішкі қауіпсіздігіне кең ауқымды қатерлер төніп тұрған болатын. Сондай қиындыққа қарамастан, Н.Ә.Назарбаев мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ете алды. Оның тікелей басшылығымен әлеуметтік-экономикалық реформалардың стратегиясы әзірленді. Мемлекеттік институттар, тиімді қаржы-экономикалық жүйе құрылды. Тұрақты саяси жүйе қалыптасты. Қоғамдық және ұлтаралық қатынастардың толерантты матрицасы енгізілді. Мемлекет астанасы көшіріліп, жаңа қазақстандық бірегейліктің іргесі қаланды. Алайда көбі өтпелі кезеңнің қиындықтарын жете бағаламайды. Сәтті бастамалардың барлығы дерлік «Назарбаев факторы» болғандығынан ғана іске асты.

Тұңғыш Президенттің саяси қызметін жаңа мемлекеттілікті құрушылар рөлінде шыққан Шығыстың және посткеңестік кеңістіктің басқа да көшбасшыларымен салыстыра талдау үлкен қызығушылық тудырады. Осы орайда көрші Өзбекстан мен Түркменстандағы ахуалға қарағанда 30 жылда елімізде барлық деңгейде қоғамның толыққанды белсенді бөлігі қалыптасқанын да естен шығаруға болмайды. Ол мемлекеттің экономикалық және қоғамдық өмірге белсенді араласудан бас тарту, нарықтық қатынастарды дамыту, экономикалық белсенділіктің саяси баламасының болмауы сияқты құбылыстар көрініс табатын Н.Назарбаев саясатының арқасында мүмкін болды. Яғни экономикалық либералдандырудың саяси либералдандыруға қарағанда басымдығының классикалық көрінісі қалыптасты. Бұл батыстық үлгідегі жаңару үдерістерін басынан өткеріп жатқан Шығыс қоғамы үшін қалыпты жағдай.

— Саяси тұрғыда да, экономикалық тұрғыда да тұралап қалған мемлекетті қайта құру кезеңінің басында Елбасының алдында ел тұрақтылығына қауіп төндірген қандай қатерлер тұрды?

— Билік пен қоғам арасындағы алшақтықтың ұлғаюы, мемлекеттік және әлеуметтік институттар арасындағы өзара іс-қимыл мен сенімді арналарының болмауы, мемлекеттік билікке деген сенімнің төмендеуі, мемлекеттік билік институттарының тұрақсыздығы. Бұның өзге де себептері жетерлік.

Халықтың билікке деген сенімін қайтару – Н.Ә.Назарбаевтың алдында тұрған басты міндет еді. Осы мәселеде ең әуелі ол ұлттық қауіпсіздіктің қауіп-қатерлерін шынайы бағалап, оларға дер кезінде және байыппен жауап беру қабілетін көрсетті.

Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен мемлекеттің белсенді экономикалық-саясаты кезеңінде әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі басымдықтары белгіленді. Олардың қатарына салық және тарифтік саясатты реформалау; кредиттік-қаржылық саясаттың басты мақсаты ретіндегі инфляциямен күрес; экономиканың отын-энергетикалық және өндіруші сектор тиімділігінің жаңа деңгейін ұйымдастыру; экономика өсімін қамтамасыз етудің жаңа бағыттарын қалыптасыру; кәсіпкерлікті кең ауқымды мемлекеттік қолдау; өңірлік экономикалық саясатты ынталандыру; тиімсіз кәсіпорындарды сауықтыру және солар секілді тағы басқа да шаралар кірген болатын.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың үш онжылдыққа жуық созылған табанды саясаты жаңа мемлекеттің қалыптасуына алып келді. Бұл – сыртқы әлем қабылдаған және олар тең құқылы серіктес ретінде мойындаған мемлекет. Осының барлығы Қазақстан Республикасының негізін салушы және құрушы – Н.Ә.Назарбаев қызметінің басты нәтижесі және тарихи мұрасы.

— Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастанында Абылай хан туралы «… Көп жаудың бірін алдап, бірін арбап…» деп келетін жолдар бар. Елбасы да өзі президенттік постта отырған уақытта алыс-жақын көршілермен өте шебер, жоғары деңгейде дипломатиялық қатынаста болды. Елбасының сыртқы саясаттағы саяси ұстанымдарына қандай баға бересіз?

— Елбасының ерекше сипаты – Батыста да, Шығыста да танымалдылығы. Мәскеуде де, ТМД-ның барлық астанасында да құрметке ие. Ол посткеңестік мемлекеттердің тығыз интеграциясын жақтаушы ретінде өзіне лайықты дәрежесін қалыптастырды. Сонымен бірге ол экономикалық байланыстары сақталған саяси тәуелсіздікті қолдаушы. Мәскеумен тең құқылы қарым-қатынасты жақтайды.

Елбасы КСРО құлдырамай тұрған кездің өзінде Батыс саясаткерлері мен саясаттанушыларының назарын аударған. 1980 жылдардың аяғындағы қайта құру кезеңінде Н.Ә.Назарбаев Одақтағы саяси деңгейге шығуына байланысты шетелде жалпыодақтық масштабтағы саясаткер ретінде бағаланды. 1990-91 жылдардағы Кеңес Одағының қасіреті кезінде Қазақстанның көшбасшысы Батыста жаңа егеменді мемлекеттің болашақ басшысы ретінде қабылдана бастады. Батыс әлемінің көшбасшылары Дж.Бейкер, Дж.Буш (үлкені), М.Тэтчер, Г.Коль, Ф.Миттеран, Б.Клинтон және басқаларымен Н.Назарбаевтың алғашқы байланыстары осы кезеңде бастау алды десек болады. 1990 жылдардың бірінші жартысында Батыс сарапшылары да, саясаткерлері де Н.Ә.Назарбаевтың нағыз тәуелсіз, ұлттық мемлекет құруға, либералды нарықтық реформалар жасауға бекем бағыт алғанына еш күмәнданбаған. Сол кезден бастап Н.Ә.Назарбаевтың әрі реформатор, әрі табанды патриот ретіндегі бейнесі қалыптаса бастады.

Бір жағынан – посткеңестік кеңістіктегі бірігу мен Ресеймен одақтастық қатынастырды сақтауға, екінші жағынан – жас мемлекеттің тұрақтылығына зиян келтірмей саяси реформаларды экономикалық реформалардан кейін өткізуге негізделген нақты және дәйекті ұстанымы – Н.Ә.Назарбаевтың қалыптасуына себеп болды. Ал бұл тұрғыда біздің сыртқы саясатымыз қашанда ішкі саясатымыздың жалғасы болып келген еді.

Елбасы ретінде Н.Ә.Назарбаев мемлекеттің халықаралық мәртебесін нығайту бойынша жұмысын әлі де жалғастырып келеді. Бұл ретте, оның саяси беделі, тәжірибесі мен парасаты әлемде үлкен сұранысқа ие. Нұрсұлтан Назарбаев – Азия аймағындағы ең тәжірибелі саясаткер. Сондықтан болар, мәртебесін өзгерткеніне қарамастан, ол өзінің саяси беделін сақтап отыр. Елбасының сыртқы саяси белсенділігі де осыған дәлел.

Әлем мемлекеттері басшыларының шақыруымен Тұңғыш Президент маңызды халықаралық іс-шараларға, сондай-ақ жоғары деңгейдегі саммиттерге қатысты. Президент өкілеттігін тоқтатқаннан кейін де Н.Ә.Назарбаев еліміздің сыртқы саяси бағдарын жүзеге асыруға қатысуды, аймақтық және халықаралық саясатқа ықпал етуін жалғастырып келеді.

— Бұл тұрғыда Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі ұйымдарға төраға болуының да маңыздылығы жоғары болар?

— Жоғары моральдық бедел мен мәртебеге ие Н.Ә.Назарбаев шетел сапарларында әлемнің көптеген көшбасшысымен, әлемдік деңгейдегі қайраткерлермен кездесті. Нұр-Сұлтанда жетекші әлемдік саясаткерлерді қабылдады. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы Өзбекстанға, Ресейге және Қытайға алғашқы сапарларын дайындауға белсене қатысты.

2019 жылы Н.Ә.Назарбаевқа еліміз үшін маңызы жоғары үш түрлі құрылымнан қызмет ұсынылды – Елбасы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің, Түркі мемлекеттері ұйымының және Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулерінің құрметті төрағасы атанды. Бұл стратегиялық басымдықтар – Қазақстанның және оның Тұңғыш Президентінің аталған үш вектор бойынша орын алып жатқан үдерістердегі рөлінің маңыздылығы тұрғысынан өте көрнекі тізім. Бастамаларды Елбасының бұрынғы әріптестері – осы бірлестіктер мен диалогтардың құрамына кіретін мемлекет басшылары көтерді. Сонымен қатар бұл шешімдерді жариялай отырып, ел басшылары мұның Нұрсұлтан Назарбаевтың тәжірибесі мен тиісті процестерге қосқан үлесіне құрмет көрсету үшін ғана емес, практикалық себептерге байланысты жасалып жатқанын да атап өтті.

Мысалы, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин 2019 жылы мамырда Нұр-Сұлтанда өткен саммитте Елбасыға ЕАЭО құрметті төрағасы мәртебесі берілгенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол мұндай шешім Нұрсұлтан Әбішұлының еуразиялық интеграция идеясының авторы болғандықтан және оны жүзеге асыруға орасан зор үлес қосқандықтан ғана емес, сонымен қатар ол одақтың қалыптасуы мен нығаюы үшін әлі де көп нәрсені жасай алатындығына байланысты қабылданғанын айтты.

Ал Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары мен Орталық Азия елдерінің жетекшілерінен де осы мазмұндағы үндеу келді: Азия әлемінің ақсақалы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев барлық құрметке лайық болып қана қоймайды, оның тәжірибесі іске қосылуына өзі тікелей қатысқан ынтымақтастық пен консолидация процестерін дамыту үшін ерекше құнды болып қала беретінін жеткізді олар.

— Елбасы саясатының тағы бір жемісі – біздің елдің әлемнің ешбір елімен шешілмеген, шиеленісті мәселесі жоқ екен. Бұл да Назарбаевтың сыртқы саясаттағы беделін көрсетсе керек…

— Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда сыртқы саяси аренада өте белсенді рөл атқарып келді. Бұл – Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетті дамыту стратегиясының өзіндік бір бөлігі. Елбасы халықаралық ірі оқиғалардың екпінін үнемі қадағалап отырды. Өзі құрған бағыттың нәтижесінде әлемдік саясаттың түрлі мәселелерін шешуде Қазақстанның бейбіт дәнекер ретіндегі бейнесі қалыптасты. Осы жайт елге жақсы дивидендтер әкелді. Мысалы, Қазақстанның әлемнің ешбір елімен шешілмеген мәселесі жоқ. Елбасының бүгінде маңызы жоғары болып тұрған рөлі туралы сөз қозғағанда мұны да ескеру қажет. Қазақстанның әлеуметтік сілкініссіз, қан мен дау-дамайсыз тарих ағымында өз жолын тауып, әлемдік аренада тәуелсіз және елеулі елге айналуы да Тұңғыш Президент еңбегінің жемісі.

Саясаттың мүмкіншілік өнері, ымыраға келу өнері екені бұрыннан айтылып, іс жүзінде дәлелденген. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл өнердің асқан шебері екенін уақыт көрсетті. Биліктің шыңында болған ұзақ жылдарда ол Қазақстан үшін мүмкін боларлық барлық шекараны айтарлықтай кеңейтті. Әлемдік деңгейдегі саясаткерге айналған Елбасы бүгінде әлем көшбасшылары құлақ асатын басым дауысқа ие.

— Орталық Азиядағы өзге көршілерге қарағанда бізде билік транзиті де бейбіт жағдайда өтті. Бұны да елдегі саяси тұрақтылықтың көрінісі деуге болатын шығар?

— Қазақстанда биліктің транзиті кезінде мемлекет дамуының стратегиялық бағытының сабақтастығы сақталды. Әрине, бұл сыртқы саясатқа да қатысты. Осы жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік өкілеттігіне кіріскеннен кейін бірден мәлімдеп, бір жылдың ішінде сол сөзін іс жүзінде дәлелдеді. Президент ұстанған сыртқы саяси бағытқа көз жүгіртсек, Қазақстанның қалыптасқан қисынға сай келе жатқанын аңғарамыз. Қ.К. Тоқаевтың сыртқы саясаттағы нақты қадамдары еліміздің негізгі басымдықтарына сәйкес келетінін, теңдестірілген көпвекторлы саясатты жалғастыратынын, дәстүрлі сенімді серіктестерге бағдарлануды сақтап келе жатқанын бүгінде көптеген сарапшы айтып жүр. Мемлекет басшысы Қазақстанның сыртқы саясатының жаңа тұжырымдамасына қол қойды. Бұл біздің еліміздің әлеммен қарым-қатынаста дәйектілік, болжамдық, көпвекторлық қағидаттарын ұстанатынын айқындайтын тағы бір дәлел.

— Зарема Кәукенқызы, Мемлекет басшысы жайлы сөз қозғадыңыз ғой. Осы жерде сол кісінің бір шешіміне қатысты сауал қойғым келіп отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы президенттіктен кеткен соң, оның орнына билікке келген Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі барлық қалада Елбасының атына көше беріп, астанаға Нұр-Сұлтан есімін беруге шешім қабылдады. Қалай ойлайсыз, Назарбаев саяси тұрғыда мұндай құрметке лайық па?

— Қазіргі Қазақстанның келбеті, оның саяси құрылымы, экономикалық даму моделі, қоғамдық құрылымы және әлеуметтік қатынастары – осының бәрі Тәуелсіздік алғаннан кейін шамамен үш онжылдық өткен соң тұрақтанды. Өткен күндерге – 1980 жылдың аяғы мен 1990 жылдардың басына қарап, сіз шынымен тарихтың толқынын сезіне бастайсыз. Осы тұста заңды түрде тұлғаның тарихтағы рөлі туралы мәселе туындайды. Егер билікте Нұрсұлтан Назарбаев болмаса, қазіргі Қазақстан қандай болар еді? Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев – қазіргі әлем тарихындағы ең қызықты және жарқын саяси қайраткерлердің бірі. Бұл оның саяси мұрасын зерделеуге арналған кез келген зерттеуді өзекті етеді. Бүгінде көптеген сарапшы Н.Ә. Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында жасаған еңбегін бағалай отырып, оны халықаралық қоғамдастықтың толыққанды мүшесі, тарихи ауқымдағы тұлға ретінде таниды. Қазақстан дамуына Н.Ә.Назарбаев тұлғасының ықпалы ұзақ уақыт бойы сезілетін болады.

2019 жылғы 19 наурызда Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің Қазақстан халқына арнаған тарихи үндеуінде: «Халқым маған тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болу мүмкіндігін берді», — деген болатын. Осы тарихи күні біз Елбасыдан президенттік өкілеттігін тоқтату туралы қабылдаған шешімін естідік. Сол күні Нұрсұлтан Әбішұлы барлығына, тіпті әрқайсымызға жеке-жеке мақтаныш, сенім және махаббат туралы айтқан болатын: «Маған ұлы халқыма, туған жеріме қызмет ету бақыты бұйырды. Баршаңызға – халқыма зор ризашылығымды білдіріп, басымды иемін. Осындай қолдаудың арқасында сіздердің сенімдеріңізді ақтау үшін мен бар күш-жігерімді, денсаулығымды, уақытымды аямай адал қызмет еттім» — деген ол Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері туралы айта келіп: «Осының бәрін сіздермен бірге жасадық, құрметті қазақстандықтар», — деп ерекше атап өтті.

Қазақстан Тұңғыш Президенттің басшылығымен кедергілерді еңсеріп, алдына неғұрлым батыл мақсаттар қойып, қадам сайын алға жүрді. Бұл – уақыт ырғағын сезіне білетін шебер саясаткер үшін маңызды қасиет. Өйткені ол уақтылы шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Кезінде Сенека кейбір істердің ұлылығы мөлшерінде емес, олардың уақтылы істелгенінде екенін айтқан.

Уақытты басып озу, тенденциялардың алдын ала білу қасиеті – Н.Ә.Назарбаевқа Президент лауазымында қоғамдық психологияның дамуын сезінумен қатар, оны бағыттауға да, оның жағымсыз жақтарының жетегінде кетпей, бұл әртүрлі популистерге тән және олардың түпкілікті стратегиялық жеңілісін алдын ала анықтайды, оларға белсенді қарсы әрекет етуге де мүмкіндік берді. Ол әрдайым прогреске кедергі келтіретін немесе оны тежейтін әлеуметтік таптаурындар мен инерцияны өзгертуге тырысты. Өйткені адамдардың көңіл-күйін дұрыс сезіну – әрдайым олар қолдайтын шараларды ғана орындай беру керек дегенді білдірмейді. Көбінесе көпшілік қолдамайтын шараларға баруға тура келеді, кейде неғұрлым алыстағы стратегиялық жеңістер үшін бір сәттік, тактикалық жеңістерді құрбан ететін кездер болады.

Елбасы өз сұхбаттарының бірінде: «Нағыз көшбасшының қиындығы сол – сен алға қарап отырасың. Сен жетектегі емес, жетекші адамсың. Өзің басқарасың және қайда апара жатқаныңды өзің білуің керек… Президент шешім қабылдап, бұл шешім үшін жауап беруі тиіс», — деген еді.

Ал Уинстон Черчилль «Ұлылықтың бағасы – жауапкершілік» деген болатын. Демек Тұңғыш Президент бүгінде көрнекті әлемдік көшбасшылардың қатарында тұруына ықпал еткен ерекше талантқа ие бола отырып, өзінің бүкіл өмірлік ісіне шексіз беріліп қызмет етудің үлгісін көрсетті. Жауапкершіліктің теңдессіз жүгін өз мойнына алды. Осылайша, ол халықтың шексіз ризашылығы мен терең құрметіне ие болды. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың ұсынысы бойынша бұл құрмет астанамыздың, еліміздің басты көшелерінің атауында мәңгілікке есте қалдырылды.

— Біз бейбітшілікті жақтаушы елміз. Тәуелсіздікті алған күннен бастап алыс-жақын шетелдермен тату-көршілік қарым-қатынастамыз. Сіздің ойыңызша, Назарбаевтың саяси тұрғыда қабылдаған ең ұтымды шешімі қайсы деп ойлайсыз?

— Биыл Н.Ә.Назарбаевтың арнайы Жарлығымен Семей ядролық полигонының жабылуына 30 жыл толды. Бұл – еліміздің тарихында да, бүкіл әлемдік антиядролық қозғалыс үшін де айтулы күн. Н.Ә. Назарбаев кейбір мұсылман мемлекеттерінің ядролық қаруды сақтау туралы ұсыныстарын қабылдамай, тіпті осыны талап еткен ел ішіндегі күштерге де қарсылық көрсетті. Мұның бәрі жас мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалды. Осылайша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті шынайы мемлекеттік даналық пен табандылық танытты. Бұл – Қазақстан халқы үшін де, бүкіл әлем үшін де қауіпсіздіктің шынайы табиғатын түсінгенінің арқасында жоғары халықаралық беделге ие болуға ықпал етті.

Орталық Азия мемлекеттері көшбасшыларының 2006 жылы Ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа Семейдің өзінде қол қоюы кездейсоқтық емес. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасы әрі табанды тілегі еді. Одан бөлек, оның ұстанымы антиядролық бастамалардың сипаты мен серпінін анықтады. Осылайша, 1949 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигонындағы сынақтардан басталған өңірдің әскери ядролық циклы өзінің қисынды соңына жетті. Қазақстан ядролық қауіпсіздік жөніндегі барлық жаһандық саммитте осы бағыттағы белсенді саясатын жалғастырып келеді. Ал ондай жиындарда Нұрсұлтан Назарбаев күн тәртібін әрдайым жаңа бастамалармен байыта отырып, ядролық қарусыздануға зор үлес қосқан құрметті қонақ ретінде қатысады.

2010 жылдың қыркүйегінде астанада Терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша ядролық терроризм актілерімен күрес жөніндегі жаһандық бастаманың конференциясы өтті. Еліміз Жаппай қырып-жою қаруын таратумен күрестегі қауіпсіздік жөніндегі бастаманың немесе жаппай қырып-жою қаруымен және жеткізу құралдарымен байланысты материалдардың заңсыз айналымы мен трансшекаралық орын ауыстыруын анықтауға, алдын алуға, жолын кесуге бағытталған «Краков бастамасының» қатысушысы.

Н.Ә.Назарбаевтың идеялары 2010 жылғы сәуірде өткен ядролық саммитте өзі таныстырған «Жаһандық әлем және ядролық қауіпсіздік» атты мақаласында тұжырымдамалық түрде баяндалған болатын. Нұрсұлтан Назарбаев іс жүзінде ядролық қаруы бар мемлекеттерді қоса отырып, «ядролық клубтың» жаңа форматын заңдастыруды ұсынды. Бұл клуб және оның әрбір мүшесі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің келісімі бойынша ғана әрекет етуге міндеттеме алуы тиіс еді. Шын мәнінде бұл жаһандық және стратегиялық қауіпсіздікті сақтау дәстүрлері тұрғысынан революциялық ұсыныс болды.

Елбасы Қазақстанның ядролық қарусыздану жөніндегі өз ұстанымын 2012 жылғы Сеул саммитінде де қорғады. Онда ядролық қауіпсіздіктің үш негізгі компоненттен тұратыны айтылды: адамзатты ядролық қарудан қорғау, әлеуетті ядролық терроризмнің алдын алу және атом энергиясының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл ретте, Н.Назарбаев ядролық энергетика қауіпсіздіктің абсолютті кепілдіктері кезінде ғана және басты үш қағида – әмбебаптық; транспаренттік пен жеделдік; теңдік пен сенім негізінде дамуы тиіс екенін атап өтті.

2016 жылғы 31 наурызда Вашингтонда өткен төртінші антиядролық саммитте Елбасы «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесін жариялады. Манифест, шын мәнінде, әлемдік катаклизмнің алдын алу үшін әлемдік қоғамдастық басшылыққа алуы тиіс басты қағидаттарды қамтитын бірегей саяси құжат екенін атап өту қажет. Бұл бастаманың негізгі мәні – ХХІ ғасырдағы жойқын соғыстар мен қақтығыстардың алдын алу мақсатында адамзаттың дамуы үшін жалпы жауапкершілік негізінде әлемге дамудың жаңа үрдісін беру. Манифест адамзаттың басты міндеті – әлемді соғыс қаупінен арылту және оның себептерін жою екенін айқындайды.

Халықаралық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты Н.Ә. Назарбаев Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың өз мақсатын орындамай отырғанын атап өткен болатын. Ірі державалардың қос стандартты саясатына байланысты өлімге әкелетін қару мен оны жасау технологиялары бүкіл әлемге таралды. Олардың террористердің қолына түсуі – уақыт мәселесі. Осылайша, «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі ХХІ ғасырда өмір сүретін болашақ ұрпақтың тағдырына деген шынайы алаңдаушылықтан туындаған.

Н.Ә.Назарбаев өзінің ядролық тақырыпқа арналған мақалаларының бірінде әлемдегі қазіргі жағдайды былайша сипаттады: «Бақытымызға орай, бүгінде әлем ядролық қақтығыстар алаңы емес. Бірақ ол елеулі қарама-қайшылықтардың алаңы болып отыр. Бұл қарама-қайшылықтарды тоқтату шешімдер қабылдайтын бірнеше адамның қолында. Бөлшектенген атом бәрімізді ыдыратып жібермеу үшін олардың әрқайсысы- мемлекет көшбасшылары жауапкершіліктің өз үлесін сезінуі керек».

Мен үшін Назарбаевтың қай шешімі маңызды екенін түсіндіңіз деп ойлаймын.

— Зарема Кәукенқызы, уақыт бөліп сұқбат бергеніңізге көп рахмет!

Ержан Жаубай, 2021 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.