Қасымхан Бегманов: Ұлт үшін экономикалық келісімдер — уақытша, әдеби келісімдер — мәңгілік
Жақында ғана елімізде ерекше жиын өтті. Ол – «Азия қаламгерлерінің І форумы» еді. Осы жиын барысында әлемнің 40-тан астам елінен, 80-ге жуық ақын-жазушы келіп, елордада екі-үш күн әдебиет әлемін егжей-тегжейлі кәсіби талқылаулар болды.
– Қасымхан аға, форум жайлы ойыңызды білсек…
– Азия жазушыларының Нұр-Сұлтанда өткен форумы шын мәнінде Қазақстанды, әдебиетті ерекше жақсы көретін халықты дүр сілкіндірді десек болады. Себебі, шын мәнінде, Азия халықтары ғана емес, өзге де елдерден келіп қатысып жатқандар көп болды. Бұл – бір. Екіншіден – мінберге шығып, баяндама жасаған ақын-жазушылардың барлығы әдебиеттің жағдайын, өзінің шығармашылық лабораториясын айтты. Жандүниелеріндегі арпалыстарын жайып салды. «Бұндай халықаралық форумнан не ала алам?» деп келгендер ұтатыны анық. Рухтанасың, бір сәт болса да жалғыз емес екеніңді сезінесің. Замандасыңмен, үзеңгілесіңмен рухтас, мұраттас екеніңді тағы бір рет айқындайсың. Танысасың, сырласасың, байланыс орнатасың. Өзіме қатты ұнағаны осы болды.
– Форум барысында баяндама жасаған жерлестерімізге сын айтылып жатыр. Оған не айтасыз?
– Қазіргі әдебиет мәселелерін талқылаған спикерлер қатарында Қазақстанның танымал ақын-жазушылары да болды. Баяндамалар өте сапалы әрі өзекті. Кездесулер, талқылаулар қазіргі қоғам тұрғысынан алғанда әдебиеттің ең маңызды бағыттары деуге болады.
Осы форумда «Жазушы лабораториясы» деген тақырыппен Форсайт-сессия болды. Еркін форматта болған бұл отырыста он жазушы өз ойларын ортаға салды. Терең ойлар айтылды. Иордан жазушысы Бустани: » Қазір әдеби жанрларда шекара жоқ» деді. Иә, бұл оқырманды шатастырады. Бұл әлеуметтік желілердің «жемісі». Сонымен қатар, Иордания жазушысы, қазір романмен ғана нан тауып жеуге болатынын айтты. Бұл да бүгінгі күннің ащы шындығы.
«Өлең жазған сайын әр сөздің жаңа қатпарын ашамын» деген араб ақыны Ахмет әл-Мулланың сөзі шынайы да, нақты болды. «Илаһи ақын – Алланың өзі дарытқан дарын иесі. Мен ақындарға басқаларға қарағанда үш нәрсені артық бергенмін. Ол – Ақыл, кәләм, қалам», – дегенді Құранның тәпсірінде жазылғанын Уақап Қыдырханұлы ағам маған берген сұхбатында айтқан болатын. Бұл сол айтқандай илаһи ақынның көңілге қонымды сөзі болды.
«Жазушылық – жалғыздық!» Иә, бұл моңғол жазушысы Гун-Аажавын Аюрзана айтқан сөз. Бұрыннан айтылатын сөз. Бұл – шындық. Ақындық та сол. Алла сөз салса, бір демде жойқын дүние жазылады. Бұл енді желілердегі алыпқашпа жел сөз емес.
– Жалпы алғашқы жиынға қандай баға бересіз?
– Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыруымен өткен Азия елдері қаламгерлерінің 1 форумы жоғары денгейде өтті.
Азия Жазушыларының форумы жарты ғасырға жуық бір-бірімен байланыссыз қалған ақын-жазушылардың басын қосты. Бір-бірін тапты. Берік байланыс орнатты. Ең бастысы – осы. Нобель сыйлығының иегерлері бар, басқалары бар, бәріне де осындай кездесулердің керек екені баршаға мәлім. Өйткені, біз шығармашылық адамдарымыз. Біз пікір алмасуымыз керек. Біз өзара әдеби байланыс орнатуымыз керек. Егер мұндай жиындар жиі болып тұрса да көптік етпес еді. Әлем әдебиетінен хабарымыз бар, іргелес отырған өзбек, қырғыз әдебиетін жақсы білеміз, әзербайжан, моңғол, орыс әдебиетін талдап оқып, талқылап жатамыз. Оның сыртында, жыл сайын түрлі деңгейдегі әдеби жиындар, басқосуларға барып жүрміз, сонда бір байқағаным, салыстырмалы түрде, біздің ел ұйымдастырған осы форум өте жоғары деңгейде өтті деп бағалаймын.
Бір ғана мысал айтайын, өткен жылы осы Азия елдерінің бірінде өткен әдеби жиында үш күнде төрт қонақүйге ауысқанбыз. Сол сапарды өзге емес Ұлықбек Есдәулеттің өзі бастап барған. Қатты әбіржігенбіз. Бірге барғандардан сұрасаңыз айтады. Біздің халықаралық әдеби форумның қалай өткенін осындай түрлі салыстырулардан кейін ғана анық айта аламыз. Бұл, сондағы рухани әңгімеден бөлек мәселе.
– Азия қаламгерлер форумының ашылуына Мемлекет басшысы қатысты. Мұны көбі «биліктің әдебиетке бет бұруы» деп қабылдап жатыр. Сіз де солай қабылдайсыз ба?
– Форумның ашылуына президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқанын ел біліп отыр. Сонымен қатар, ҚР ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, «Хабар», «Қазақстан» арналарының басшылары, тағы да басқа лауазымды тұлғалар қатысты. Президенттің форумға қатысуы, сөз сөйлеуі – билік әдебиетке мемлекеттік деңгейде көңіл аударады деген сөз. Бұл сөзсіз өз жемісін береді. Осы кезге дейінгі нешебір ғасырлық тарихы бар тарихи шығармалар мен қиссаларды, жалпы құнды жазбаларды ақын-жазушылар жазып қалдырғаны белгілі. Яғни, өшпес мұра қалдыратын да осы ақын-жазушылар. Онда сол ақын-жазушыларға неге жағдай жасамасқа?! Қазір бәрі өз күндерін өздері көріп жайылып кетті.
Президент құттықтау сөзінен бөлек, бүгінгі әдебиеттегі негізгі мәселелерді атап көрсетті. Тәуелсіздік алғалы бергі ширек ғасырдан астам уақыт аралығында біз шетелге өз әдебиетімізді таныта алдық па? Абайды, Әуезовті шетелге өз дәрежесінде шығара алдық па? Тіпті болмаса, қазіргі көзі тірі аға буынды – Қабдешті, Мағауинді, Әбдіжәмілді, Дулатты, Шахановты, Тынымбайды, Темірханды шет елдерде қаншалықты насихаттай алдық? Міне, бұл ойланатын жағдай. Мың жасайтын ешкім жоқ, аға буынның өзі жылдан-жылға азайып барады. Оны да ойлануымыз керек. Олардың әрбір сөзі, жүріс-тұрысы үлгі-өнеге.
Форум өткен үш күнде қаншама сұқбаттар алынды, қаншама мақалалар, хабарлар дайындалды. Бір сөзбен айтқанда еліміздегі сенсациялық жаңалық болды деуге болады.
– Форумдағы ең ерекше жаңалық не деп ойлайсыз?
– Жиында бір көңілге қонымды жағдай, жас ақын-жазушыларға, кейінгі буынға айрықша мән берілгендігі. Біздің кезімізде ондай болған емес. Тәуелсіздіктен кейінгі шыққан жас буын өзімізбен қатар жүріп, өз ойларын еркін, батыл жеткізді. Әрине, тәуелсіз елдің тәуелсіз әдебиеті тәуелсіз халыққа қызмет етуге міндетті. Бұл жас дарындарды ертеңге дайындау.
Біздің әдебиет ешкімнен кем емес. Жас 60-тан асқан соң өмірге де, өзгеге де ойлы көзбен қарайтын болдық. Барлығын өзімізбен салыстыра, таразылай қарайтын болдық. Сонда байқағаным, форум өте жоғары деңгейде өтті. Кім не дейді, әдебиет ауылынан алыста жүргендердің, бұл қазанда қайнамағандардың не айтқаны маңызды емес, осы саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген кәсіби жазушылардың өзі соңғы жарты ғасырға жуық уақыт елімізде мұндай ауқымды әдеби жиынның өтпегенін айтып отыр.
– Кез келген жиынның бір қорытындысы болары анық қой. Азия қаламгерлерінің форумында да бір шешім болған шығар?
– Форумға қатысқан елдердің Жазушылар одағының төрағаларымен түрлі деңгейде меморандумдар жасалды. Ал қазақтың арман-мұраты, мақсат-мүддесі барлығы да осы проза мен поэзияда жатыр. Түрлі мемлекетаралық экономикалық келісімшарттар түбі ұмытылады. Күші жойылады. Ал әдеби келісімдер арқылы қазақ әдебиеті шетелге жол тартады. Қазақ ақын-жазушыларының еңбектері шетел тілдеріне аударылып, шекарадан шығатын болады. Бұрын тек шығармасын ғана білген болсаң, кездесулерде жақын танитын боласың. Бұл керемет емес пе?!
– Осы жиын дәстүрге айналады деген еді…
– Иә, бұл жиынды дәстүрлі түрде өткізіп отыру жоспарланған. Бірақ үнемі біздің ел ұйымдастыра бермейді. Форумға қатысушылар өз елдеріне барып, форум барысын насихаттап, мақсатын түсіндіру жұмыстарын жасайды. Содан кейін ІІ форумды қай мемлекет өткізетіні анықталады. Яғни, әдеби форумның тиімділігін түсінген ел бұл эстафетаны қабылдайтын болады.
Менің ойымша, болашақта Жазушылар Одағы тарапынан Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында да осындай ақын-жазушылардың басын жиі қосып, олардың бір-бірімен арқа-жарқа араласып, әдеби талқылаулар, соңғы тәуелсіз жылдары жазылған шығармаларға талдау жасаулары керек. Бұл қатып қалған қасаң форматтағы емес, емен-жарқын отырып, еркін сөйлесетін әдеби алаң болуы керек. Кездесу халықаралық дәрежеде ғана емес, өз ішімізде де өткені дұрыс. Осы форумда өз басым іштей осындай тоқтамға келдім. Бірақ жыл сайын әлемдік форматтарды қолдана отырып, өзара кездескеніміз жақсы нәтиже берері анық. Кездесуіміз керек!
– Әңгімеңізге рахмет!
Ержан Жаубай, 2019 жыл