Сарайшық Секеркөлдің жағасында

64

Алтын қайық жарасар күймесімен,

Наздана алмас сұлу қыз сүймесіне…

/Халық әні/

Сарайшықтың сарғайған жұртында отырмын. Бәлкім менің астымдағы бір кезде Мөңке Темірден мұраға қалып, Сарайшықтың соңғы ханы Жүсіптің етегінің табы тиген алтын тағының тұғыры болар… Бәлкім Сүйінбике қыздың төңкере тастаған алтын қайығының табаны болар…

ХІІ ғасырда іргесі қаланып, адамзат тарихында дәуірі жүрген Алтын Орданың кіші Ордасына айналған осы бір көне қалаға кімдердің табаны тимеді дейсіз… Бүгін менің де ізім қалды бұл көне үйінділер арасында.

Не іздегенімді кім білсін, жан-жағымнан әлденені іздегенім анық. Бәлкім, әлемді аузына қаратқан Сарайшықтың әйгілі жүзбелі көпірін көргім келді ме екен… Бәлкім, бір аңыздарда айтылған көргеннің көзін қарықтыратын сары айшықты мешітін көргім келді ме екен… Бәлкім, Секеркөлдің суына алтын қайық жүздірген, аққуға тамшы үздірген Жәнібек ханның жалғыз қызын іздедім бе, кім білсін… Тіпті, сәулетімен сүйдіріп, тексіздің басын идіріп, тектілігін білдіріп өткен бабалардың өзі болмаса да көзіндей болып әлде бір сынық ине, сыдырым таспа тауып алғым келген шығар…

Таппадым…

Айшығын ай сүйген мешіт те, бауырын айдын аймалаған жүзбелі көпір де, аққуға сырын айтып, айдынға мұңын шаққан ару да… жоқ…

Болған. Бір кездері… осыдан аттай сегіз ғасыр бұрын… қазір жоқ… есесіне аңыз бар. Аңыз түбі – ақиқат.

Тұнжыраған Жайық, тұңғиық тоғай. Маған қарап миығынан күлетін секілді. Маған қарап мұңая сыр шерткісі келетін секілді. Маған қарап күзгі тұман көмкерген қабағын ашып, сонау-сонааау айдынын алтын қайық тілгілеген дәуірге, «айналайын Жайықтан ат салмай өткен» өмірге құштарлығын айтқысы келетіндей…

Менде оған жауап беріп, мұңына мұң, сырына сыр, сағынышына аңсар қосар дәрмен жоғын қайдан білсін бұлдыр су?!

Дегенмен… дегенмен менің де әлденеге аңсарым ауып, осы бір мұнарлы даланың боз тұманына сіңіп, бабалар заманына, есерлік емес ерлік, ездік емес рух дәуірлейтін әлемге еніп кеткім келеді. Бәлкім, Секеркөлде сырлы сұлудың сырына қанығармын. Бәлкім, Мөңке Темірден мұраға қалып, Тоқтағудың төрінде тұрған, Әмір Охастың әмірін көріп, Қасым ханның қас серігіне айналған, Ших Мамайдан шарапат көріп, Жүсіп ханның жүзін көрген бір жәдігерге жолығам ба кім білсін…

Жәнібек ханның жалғыз қызы Сүйімбикенің сызылта салған әні келетіндей құлаққа.

«…Сарайшықтың саздары,

Қаңқылдайды қаздары,

Су сұраса бал берген,

Біздің жақтың қыздары…»

Қарадай елеңдейсің. Екі аптада бір рет суын ауыстырып, айдыны аққуға жайлы болсын деп секер төгетін осы бір құдіретті көлді жалғыз қызына бола Жәнібек хан қолдан жасап берген екен дейді.

Жан біткеннің сұлу, бет біткеннің әрлісі, Сүйінбикенің серуенін тамашалау үшін арғысы Алтын Ордадан, бергісі іргедегі Әзтарханнан ат сабылтып келетін бозымдар көп екен дейді.

Сүйімбикенің серуені де күнде бола бермейді, ай арайын шашып, айдын әптігін басып, аққу мамығын тарап, айнала сұлулыққа қарап қалған сүтті іңірдің сымбатын одан ары асырайын дегендей Сүйінбике сұлу алтын қайығын айдынға салады дейді.

Осы кезде Ақ Жайықтың жағасы адам айтып жеткізгісіз ақшұғылаға шомылады дейді.

Алыс-жақыннан қыз сәнін тамашалауға келген бозбала біткен тілін жұтып, тіс жаруға шамасы келмей, сілейіп тұрып қалады дейді.

Бикенің шашбауын көтеріп, жанына медет, сырына ортақ болған қырық құрбысы тал шыбықтай майысып, сәмбі талдай иіліп, бұрала басып былқ етіп, сылаңдай басып сыңқ етіп, айлы түннің ажарына айналады дейді.

Қызғалдақтай тербеліп, көгілдірдей маужырап, манаурап көзін зорға ашып, бала қаздай жер басып Сарайшықтың сәні болған Сүйінбикеге де тағдыр құрығы тал мойнынан ілінген екен дейді.

Тіл тиді ме белгісіз, сұқ өтті ме белгісіз, онбесінде толған айдай толықсыған ару, онбес жасында бұл фәнимен қош айтысты дейді.

Артында анасындай аңырап Секеркөл қалды, баласындай сұңқылдап аққулар ғана қалды дейді.

Өзегіне от түсіп, өкініштен бүк түсіп, қарашығы суалып, қара шашы қуарып, құсадан қан жұтқан Жәнібек хан сонда жарлық шығарды дейді.

«Өмірімнің өзегі, өткенімнің көзі еді, алтыннан қайық мінгізіп, айдынға жүзін сүйгізіп, алша тон ған кигізіп өсірген қызғалдағым жұлынды. Сарайшықта бір ай бойы қаралы күн болады, бір айдан соң суығанда жүрегім, таусылғанда тілегім, қара жерге беремін. Тірісінде серігіне айналған алтын қайығымен бірге көміп, мүрдесі қайда, қай жерде қалғанын жан баласы білмейтіндей етіп жерлеңдер», — деген екен дейді.

Хан айтқандай болыпты. Қайыққа мүрде толыпты. Алтын қайық ару қыз қай жерге көмілгенін ешкім де білмейтін болыпты дейді. Хан жарлғы екі болмайды. Сүйінбикенің бейітінің үстінен Жәнібек ханның бәлен мың жылқысын күн батқанша айдап, таптатып тастаған екен дейді.

Жанары жақұт, жүрегі мамық, әлпеті жібек, қылығы балдай Сүйінбике жайлы аңыздың бүгінге жеткен куәгеріндей болып қарт Жайықтың жағасында баяу тербеліп Секеркөлі ғана сылп-сылп сыр шертеді.

Мен Сарайшықтың жұртынан қайттым…

Ержан Жаубай, 2019 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!