Халықаралық «Ұлы дала жорығының» жеңімпазы анықталды
Ботай-Астана бағытындағы «Ұлы дала жорығы» халықаралық бәйге-марафоны аяқталды.
Бұл бәйгені ҚР Туризм және спорт министрлігі, «AMANAT» партиясы және Спортты қолдау қорының қолдауымен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы және оның құрамындағы «JORYQ» федерациясы ұйымдастырды.
Бәйге-марафонның жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек қатысты. Ол ұлттық мәдениетімізді насихаттау, ұлттық спортты дамыту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үнемі басты назарында екенін атап өтті.
Атырауда өткен Ұлттық Құрылтай отырысында Президент Қазазақстан ұлы дала төсіндегі көшпелілер өркениетінің тікелей мұрагері екенін айтты. Өздеріңіз білесіздер, атқа міну мәдениеті қазақ жерінен бастау алады. Оған — осыдан 5000 жыл бұрын жылқыны қолға үйреткен «Ботай» қонысы дәлел. Қазіргі таңда түркі халықтары ата-бабамыздан қалған дәстүрді үзбей жалғастырып келеді. Міне, биыл үшінші жыл қатарынан «AMANAT» партиясының қолдауымен «Ұлы дала жорығы» бәйге-марафоны өтті. Бұл шараның спорттық жетістігін айтпағанда, этнотуризмнің дамуына, бауырлас елдердің мәдени мұрасын насихаттауға қосар үлесі орасан, — деді Дәулет Кәрібек.
Сонымен, 5 күнге созылған 500 шақырымдық жорықта мәре сызығына Қабардин-Балқар командасы (уақыт: 27:58:23) бірінші болып жетті. Оның артынша Алматы қаласының құрамасы (уақыт: 28:04:40) келді, ал үшінші орынға Ақтөбе облысының командасы (уақыт: 28:26:57) тұрақтады. Төртінші орын Жетісу облысының спортшыларына (уақыт: 29:39:20), ал бесінші орын Маңғыстау облысының (29:43:40) қыздардан құралған командасына бұйырды.
Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен ұлттық спорт қарқынды түрде дамып келеді. Бүгін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталғанын білдіретін «Ұлы дала жорығы» халықаралық бәйге-марафоны мәресіне жетті. Бұл жорыққа әлемнің 10 елінен шабандоздар қатысты. Бұл бірегей бәйге-марафон төрткүл дүниеге қазақ жерінде бастау алған көшпелілердің бай мәдениетін паш етті, — деді ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов.
Айта кетейік, бұл халықаралық бәйге-марафонда түрлі рекордтық көрсеткіштер тіркелді. Мысалы, Қырғызстан құрамасы жарыс жолынан шығып қалғанымен, алғашқы 100 шақырымды 5 сағат 12 минут 23 секундта бағындырып, керемет нәтиже көрсетті.
Марафонға 17 команда қатысты, оның тоғызы — Қазақстан құрамасы, сегізі — шетелдік команда. Қазақстан атынан Адай, Әулиеата, Найман, Жетісу, Қостанай және Көшім тұқымының сәйгүліктерін ауыздықтаған Жетісу, Маңғыстау (қыздар), Маңғыстау (ерлер), Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола (қыздар), Жамбыл облыстарының және Алматы қаласының командалары қатысты. Сондай-ақ халықаралық марафонға Түркия, Венгрия, Иран, Оңтүстік Африка Республикасы, Қырғызстан, Ресей Федерациясының құрамына кіретін Татарстан, Қабардин-Балқар, Қарашай-Черкес сияқты елдің спортшылары қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, «JORYQ» республикалық федерациясы ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына кіреді. Сондай-ақ қауымдастық құрамында бәйге, көкпар, аударыспақ, садақ ату, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік, асық ату және т.б. федерациялар бар. Ал ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығын Исламбек Салжанов басқарады.
Айта кетейік, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Шараға 80-ге жуық елден 2000 аса спортшы қатысады. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойныдарының Бас демеушісі — ALAGEUM ELECTRIC отандық технологиялық компаниясы, ал басты серіктесі – еліміздегі қаржы саласындағы көшбасшы коммерциялық банк — Halyk Bank.
Бұл дүбірлі додада 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Argymaq.kz