Қимадиден НЫҒЫМАНОВ. Бежудің Құлаторысы
Бежу жасы ұлғайған кезінде бір күні түс көріп, түсінде аруақтар «байталың құлындап жатыр» деп аян беріпті. Таң ата атына міне салып тұспалмен келсе, байталы жайылымға шыққан қойлардың қасында аман-есен құлындаған екен.
Бежудің көзі қойшының тұсаулы жүрген торы шолағына түседі. Сонымен не керек, қойшымен айырбас жасап, құлынды байталды қойшыға қалдырып, орнына өлі жүні түспеген торы шолақ дөненді алып қайтады. Әуелгі кезде көнектен сүт беріп әлдендіріп алып, кейін жанына үш дөнен қосып жайылымда жеке бағып, баптайды. Жыл сайын жанындағы бір дөненді сойып отырады. Сонда алғашқы қыста сойған дөненнің жілігі – қаракемік, екінші жылғыныкі – түсі ағара бастаған май, үшінші жылы сойылған жылқының жілігінен ғана таза ақ май шыққан екен. Тек осыдан кейін ғана етін ширатып жаратуға, бәйгеге қосуға дайындайды.
Құлаторының басы
Бежу қайтыс болғаннан кейін Құлаторының да көңіл-күйі болмай, бабы келмей жүреді. Соңғы рет Көкшетаудағы бәйгеге апарғанда Құлаторы шоқалақтап шаба алмай қояды. Көкшеден елге оралғанда Бежудің екі келіні қара жолдан жаяу қарсы алып, дауыс салып көрісіпті. Сонда айтқан жоқтау-жұбатудың ел есінде қалған бір жұрнағы былай екен:
Торы атымның тоқтығы-ай,
Жалына біткен шоқтығы-ай.
Торының мұндай болуы,
Жан атамның жоқтығы-ай!
Құлаторы қартайып өлетін болған соң, Бежудің ағайындары оны бауыздап, басын көп жылдар бойы қорада сақтап жүреді. Кейіннен ақтар мен қызылдар келіп, аласапыран заман басталған кезде, торы аттың басын Чкалов атындағы совхоздың (қазіргі Ақтоғай ауданы, Серікбай Мүткенов атындағы селолық округ) Қызыл суат деген жерінде, жардың жағасына апарып жерлеген екен. 1987 жылы Дәуектің шөбересі Рамазанов Керей ақсақал (1924-2015) торы аттың басын ат иесі Бежудің зиратына әкеп қойыпты.
Қос аты туралы
Бірде ат құмар жастар Бежу сыншыдан:
— Торыларыңыз қашса – құтылатын, қуса – жететін асқан жүйріктер екені белгілі. Ал құтыла алмай, не жете алмаған кездері болды ма? – деп сұрапты. Сонда Бежу:
— Екі рет жете алмай қалды. Бірінде, үлкен торы ат Песчан жәрмеңкесінде қырық шақырымға жарысқанда орыстың мұжығының сары атынан жарты дене қалып қойды. Сары ат тас бүйрек екен, иесі бүйрегін қыздырып әкепті. Екіншіде, Құлаторының бір қасқырды жиектен Үлкен көлге дейін, яғни 80 шақырымдай қуып жете алмады. Сөйтсем ол бір ішек (қорқау) қасқыр екен.
Қазанғаптың асы
Бежу осы Құлаторыны Баянауыл округінің аға сұлтаны болған Қазанғаптың асында бәйгеге қосады. Негізінен бәсентиіндер мен сүйіндіктер қатысқан бұл асты Қазанғаптың баласы Момынбек басқарады. Бәйгеге жетпіс шамалы ат тіркеліп, олар ертеңінде таң ата жарысқа түседі. Бара жатқанда аттарының шабатын жолын бағдарлап көз үйретеді. Таң ата межелі уақытта бәйге басталады. (Ол кезде бәйге аттары қазіргідей, Еуропа үлгісімен шеңберді айналып жарыспайды, тура шабады). Бәйгенің көмбесі қазіргі Ақсу ауданы Қаныш Қамзин атындағы ауылдың маңында болған.
Жетпіс шақырымдай қашықтыққа бәйгеге түскен аттардың алдында қарасын үзіп Бежудің Құлаторысы келе жатады. Бірақ көмбеге қозы көш жер қалғанда тыңнан сары ат қосылып, Бөрілердің әуелде қосқан сары аты жылыстап қалып қояды. Бұл өзгерістерді Құлаторының үстіндегі Шөрке деген шабандоз байқап қалады. (Бойы тым аласа, салмағы жеңіл болғандықтан Шөрке деп атап кеткен). Сонымен көмбеге бірінші боп сары ат, онымен құйрық тістесе Құлаторы жетеді. Шөрке өз көзімен көрген әділетсіздікке шыдай алмай жылап тұрып шағым айтады:
— Мына сары ат орта жолдан асқанда қосылды. Бұл алғашқы сары ат емес.
Бәйгеге қатысатын аттарды өз көзімен көріп, Құлаторысының алдына ешқайсысы түсе алмайтынына көз жеткізген Бежу әлденеден күдіктеніп, сары аттың озғанына илана алмай тұрған-ды. Шөркенің айтқанын хабарын ести сала қазылар алқасына келіп жүгінеді:
— Мына сары ат түптен шапқан ат емес. Бәйге менікі, — деп дау айтады.
Сары аттың иесі Нөке (Нөгербек) – Қазанғаптың баласы, оңайлықпен көне қойсын ба:
— Бәйгенің алдында менің атым келді, — деп қасарысады.
Сонымен айтыс-тартыс, дау-дамай басталып кетіп, ашу үстінде Нөке жасы үлкен Бежуге қамшы жұмсайды. Мұндай қорлыққа шыдай алмаған Бежу сапысын суырып ап, Нүкенің астынағы сұр жорғасының қарнын жарып жібереді.
Дау ушығып, бәсентиіндер арасына жік түсетін қауіп түнген соң, игі жақсылар бұл дауды ас тарқағанша шешіп, төрелігін айтуды, сөйтіп Ақтілестер мен Бөрілерді бітістіруді Бәкі шешенге жүктейді.
Бәкең Сүйіндік елінің білгір ат сыншыларына бәйгенің алдынан келген аттарды сынатады. Олар жүйріктердің терін тілмен жалап, салыстырып, тағы да басқа амалдарды қолданып, сары аттың бәйгеге кейін қосылғанын анықтайды. Сонымен, Бежудің Құлаторысы бас бәйгені алатын болады. Бәкі шешен енді екі жақтың даугерлеріне бір-ақ сұрақ қояды:
— Бәсентиін балалары бауырларыңызға қандай айып тағасыз? – дейді ақтілестерге қарап. (Бәйгенің тәртібін бұзған, үлкен кісіге қол тигізген бөрілер жағы болғандықтан, айыптау сөзінің кезегін бірінші ақтілестерге берген). Сонда Ақтілестер жағы:
— Исі Бәсентиіндердің көсемі, арқа сүйер кемеңгеріміз Қазекемнің асында жанжал шығарғаны үшін, үлкен адамға қол тигізгені үшін Нөкеге 25 шыбық дүре соғылсын, — дейді. Сол кезде шөккен нардай болып отырған Алпыс балуан сөз алып:
— Қайран Қазекемнің қолынан талай дәм татып, батасын алып едім. 25 шыбықтың біреуін мен беремін! – деген екен.
Қара бураны қақ бастан қамшымен тартқанда сеспей қатырған Алпекеңнің қолының салмағын білетін жұрт ду ете түседі.
Бәкі шешен енді бөрілер жағына қарап, сұрағын қайталағанда олар Ақтілес бауырларына манадай айып тағады:
— Ардақты бабамыздың асында, оның баласы Нөкенің астындағы атына пышақ салып, жанын жаралағаны үшін Бежудің Құлаторысы сұр жорғаның төлеуіне берілсін, — дейді.
Бұл әңгімені естіген Бежу Шөркеге иек артып сыбырлап:
— Тарт елге, — дейді. Шөрке көлеңкеде қаңтарулы тұрған Құлаторыға мініп алып, 70-80 шақырымдай жердегі Тайқоңыр деген жайлауға қарай тұра шабады. Артынан қуған қуғыншыларға жеткізбей құтылып кетеді. Сонда Құлаторы бір күннің ішінде барлығы 150 шақырымдай жерді шауып өткен екен.
Даудың шешуі қиындай бастайды. Бөрілер: «Құлаторы берілмесе, дүре де берілмейді», — деп тұрып алады. Бәкі шешен екі жақтың да келісімі бойынша даудың төрелігін айтуды Жақсыбай абызға береді.
Сонда абыздың айтқан төрелігі:
— Ең әуелі бүкіл елдің әкесінің асында бәйгенің тәртібін бұзған, жанжалды бастаған, сөйтіп, ел арасына іріткі салған тентек айыбын тартуы керек. Одан кейін өлген аттың құны төленсін. Егер де дүрені екі жақтың келісімі бойынша жеңілдету керек болса, онда өлген аттың құны да өзгереді, — дейді.
Екі жақтың ақсақалдары өзара сөйлесіп, мәмілеге келеді. «Әкесінің асында баласына дүре соққан жараспас, ырымға да жаман. Айыпты жеңілдетуін сұраймыз», — дейді. Осыдан кейін Жақсыбай абыз бен Бәкі шешен екеуі мынадай үкім шығарып, жиналған жұртқа жариялайды.
— Бәйгенің бас жүлдесі Бежудікі. Жасы үлкен Бежуге қамшы көтеріп, қол жұмсағаны үшін Нөке бір тоғыз айып төлесін, қыз беріп құда болсын. Нөкені атына пышақ салғаны үшін Бежу ат-шапан айып төлесін.
Сонымен осы үкімге екі жақ бәтуаласып, жұрт тарқасады.
Ел ішіндегі ақсақалдардың аузынан жазып алынған бұл тарихи әңгімелер тізбегі біз үшін үлкен мұра. Дегенмен бұл жағдай Қазанғаптың емес, Бердәлінің асында болған екен, Алқакөл болысынан дау шешіміне Кенжебай Жәшібай құлдық айтқан екен деген де сөз бар. Ал бұл оқиғаны ақын Қимадиден Нығыманов өз жырына қосқан.
Бұған дейін Қимамиденнің естеліктерінен «Бежудің Бәйгеторысы» атты бөлім берген болатынбыз. Сонымен қатар ол жерде Бежудің кім екені туралы да айтылған.
Қолжазбадан дайындаған Бейбіт Бөжен,
Күшті