Мурад Заргишиев: Қазақтар өз тарихын таныса, ноғайларға үлкен көмек болар еді

67

«Ұлытаудай қазақтың киелі жеріне келіп, Жошы хан мен Алаша ханның мазарларын көріп, қазақ елімізді көріп, Қазақстанның шаңын жұтып, көзімнен жас шығып, қуанып тұрмын.

Жүрегімде қуаныш, сүйініш бар. Қазақстанға келіп бауырларымызды көріп, мұндай экспедицияға қатынасып, бұрынғы Алтын орданың тарихын өз көзіммен көріп, қолыммен ұстап, сол бабалар жүрген жерлермен жүріп, сол тасты ұстап, есіме бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың жолы, ата-бабаларымыздың сөздері түсіп отыр. Бұрынғы жыраулардың жырлары; Едіге бидің, Қарасай-Қази, Орақ-Мамай, қазақтың «Қырымның қырық батыры» эпосы ойыма оралып отыр. Қазтуғанның, Доспамбеттің, Шалкиіздің айтқан өсиеттері әр уақытта есімізде жүреді. Барлық ноғайлардың алтын ұясы болған киелі топыраққа табаным тигеніне қуаныштымын!».

Бұл РФ Жоғарғы кеңес комитеті төрағасының орынбасары ноғайлыдан қалған көз Мурад Заргишиевтің сөзі. Ұлытау сапары барысында бірге болған Мұраттың (Мурад) әңгімесі жүректі қозғады. Бір кездері Ноғайлы дәуірінде дүркіреген ұлыстың бүгінде ізі де қалмауға айналған. Иә, ноғайлыдан, Алтын ордадан қалған ел ретінде Қазақстан гүлденіп келеді. Бірақ…

Бірақ, тарыдай шашырап, сайда саны, құмда ізі қалмауға айналған ноғай жұрты «Тарихымызды түбегейлі тану үшін Қазақстанның гүлденгені бізге керек» дейді Мәскеудегі Маржани атындағы ғылым мен мәдениетті қолдау қорының вице-президенті Мұрат Заргишиев.

Сонымен Мұрат ағамызбен өткізген азды-көпті әңгімемізді назарларыңызға ұсынайын.

— Ноғай бауырларымыздың көбі қазір Ресейде. Жалпы ондағы ноғайлардың тұрмыс-тіршілігі қалай?

— Барлығымызға белгілі, қазақ, ноғай, қарақалпақ, Қырым татарлары, Сібір татарлары, барлығы да бауырлас халықтар. Бір ұядан ұшқандар. Алтын орда – Дешті қыпшақ жерлері біздің, барлығымыздың туған жеріміз. Ноғай да, қазақ та, қарақалпақ та осы Алтын орданың құрамынан шықты.

Бұрын Алтын орда заманында қазақ та емес, ноғай да емес, қарақалпақ та емес онда тұратын халықтың атауы – ноғайлы еді. Олай дейтініміз қазақтың кез келген батырлық жырын алып қарасаңыз, Қобыланды батыр, Едіге батыр, Орақ-Мамай, Қарасай-Қази т.б. бәрінде батыр мен батыр кездескенде, қалмақтармен соғыста да бір-бірімен танысып-біліскенде «Мен Ноғайлыдан келдім» деп айтады. Мысалы Қобыланды батыр Қызылбастардан ноғайлы елін қорғайды.

Мұның барлығына мен неге тоқталып отырмын? Себебі біз ежелден бауырлас, ежелден қандас ағайынбыз. Сондықтан да біз мұны ешқашан естен шығармауымыз керек. Бірлігімізді, бауырластығымызды, шынына келсек, бір халық екенімізді ұмытпауымыз керек.

Қазіргі таңда статистика бойынша Ресейде 106 мың ноғай бар. Бұл санға кірмей қалғандары да бар. Себебі Астрахань облысында тұратын ноғайлардың көбі ежелден бері татар деп жазылып жүр. Патша заманында да, Кеңес үкіметі тұсында да «отырықшы татарлар» атанып, өздері де соған үйреніп қалғандар. Арғы тегін қазбаласаңыз, ноғайлар екенін білесіз. Дегенмен кімді қосып алсаңыз да, ноғайлардың саны аз. Қазіргі кезде Қырымда да біраз ноғай бар. Ресейдің құрамында деп саналады ғой олар да. Қырым татарлары деп саналса да, олардың үлкен бір бөлігі сол бұрынғы ноғайлар. Көшпелі халық. Қырым татарлары үш үлкен топқа бөлінеді. Бірі – дала татарлары, екіншісі – Жал бойы татарлары, үшіншісі – таттилер. Бұлардың көбі Қырымның дала бетінде тұрады. Олар өздерін Қырым ноғайымыз дейді.

— Ормандай орыстың ортасында отырып азғана ноғай тіліне әлі де мықты. Дегенмен қазіргі кезде тілді сақтау жағы қалай?

— Тіл бүгінгі күнге дейін сақталып келді. Мектептерде оқушылар ноғай тілін үйренеді. Кеңес өкіметі тұсында да, бүгінгі күнде де жақсы болып келді. Бірақ, олар қанша үйренсе де жаһанданудың әсері күшті. Ассимиляция бек күшті. Бұл Үкімет тарапынан ноғайларды жойып жіберу үшін жасалып отырған әрекет емес, бірақ уақыт солай келе жатыр. Радио, теледидар, газет, интернет барлығы да орыс тілінде. Соның салдарынан мектепте мың жерден ноғайша оқыса да, мектептен шыға сала мүлде басқа ортаға, басқа құрлымға кездеседі. Барлығы орыс тілінде сөйлейді. Қазірдің өзінде тіл мәселесі жетесіне жетіп тұр. Тіл тазалығы бұзылды, сөйлеу мәнері өзгеріп кетті. Мұны тоқтатып, қайта қалпына келтіру үшін үлкен жәрдем керек. Жергілікті ноғайлар қолдарынан келгенін жасап жатыр, бірақ мұндай үлкен мәселені аз топпен шешу оңай емес. Тілді, салт-дәстүрді сақтап қалу мәселесі біздің ең өзекті мәселелеріміздің бірі болып отыр.

— Салт-дәстүр демекші, ата-баба салыт сақтауда бүгінгі ноғайлардың ұстанымы қандай?

— Салт-дәстүр жайлы айтудың өзі артық секілді. Неге десеңіз, бізбен қатар өмір сүріп жатқан өзге халықтар көп. Солардың ықпалымен ноғайлар да жәйлап-жәйлап өз ата дәстүрінен алыстап барады. Бұрынғы ноғай дәстүрі ұмытылып барады.

Бүгінгі жастар өзінің ата-бабасының тарихын білмейді. Ноғай жастары соны бесігінен бастап білсе, олар өздерінің ежелгі Алтын орданың халқы, көшпелі мәдениетіміз бар, әлемдік деңгейде өркениетіміз бар, күллі Дешті қыпшақ біздің уысымызда болғанын білер еді. Бірақ оған құлшыныс та, талпыныс та, білсем деген ниет те жоқ. Бұл біздің қасіретіміз болып отыр.

— Жүз мың емес, он мың, тіпті бір ноғай болса да, оның жер бетінде бір ұлт ретінде сақталып қалуы үшін қандай да бір шара қолданып жатырсыздар ма?

— Қолдан келген мәселелерді шешуге тырысамыз. Мектептер бар, балабақша бар ноғай тілінде жұмыс істейтін. Ноғай тілінде бағдарламалар жүргізетін радиолар бар. Бірақ мұның барлығы ештеңе емес, егер халық өз ішінен рухын көтере алмаса. Міне, бұл басты мәселе. Халықтың рухын көтеру ең бастысы болуы керек. Халықтың рухы көтерілсе, ежелгі тарихын таныса дейсің.

Осыған қатысты тағы бір мәселе – халық кітап оқымайтын болды. Әсіресе жастар жағы. Бұл ретте тек ноғайлар ғана емес, барлық ұлтта кездеседі бұл. Елдік жолында, ата-баба тарихына қатысты кітап жазсаң, «ой, соны қысқаша айтып бере салшы немесе СМС-пен жазып жібере салшы» дейтіндер көбейді. Ал сіз бүтін бір кітапты СМС-пен жазып отырмайсыз ғой. Не бір кітапты бір СМС-ке қалай сиғызасыз? Бұрынғы Дешті қыпшақтың тарихын қалай қысқаша айта аласың? Айта алмайсың. Міне, бұл да бір қасірет болып отыр.

— Ресейдің ноғайларға деген көзқарасы қандай?

— Ресейде өздеріңіз білетіндей, ұсақ ұлттар көп. Үкімет, мемлекет жақсы көзқараспен қарайды. Бәріне де жәрдем беріп отырады. Мәдениетін, тілін, ділін сақтап, дамытуға ақша бөлінеді әр халыққа жыл сайын. Бірақ, мәселе халықтың өзінде. Халықтың жүрегінде ұлт ретінде өмір сүруге деген сезімі болуы керек. Үкімет айтса да, айтпаса да олардың өз сезімі болатын болса, өзінің кім екенін білсе, өзін таныса, біз үшін одан артық ештеңе жоқ.

— Сіздерге ең жақын халық, туыстық тұрғыда қазақ халқы. Қандай рухани көмек ала аласыздар қазақтардан?

— Ноғайлар үшін Қазақстанның бір ғана жәрдемі бар. Ол – жекелеген бір адамға көмектесу емес, болмаса бір ғалымды халықаралық конференцияға шақыру емес немесе бір әншінің жеке концертін өткізіп беру емес. Ол – Қазақстан өзінің кім екенін тануы. Сол бізге ең үлкен, ең ұлы жәрдем болар еді. Қазақстанның халқы түсінсе, қазақтар кім, олар қайдан шықты, тек 550 алдында Қазақ хандығы құрылып, содан жалғасып келеміз десе, бұл – бір көзқарас. Жоқ, одан бұрын да, көне заманда қазақтар болған, олар Алтын ордадан шыққан, Дешті қыпшақ даласында болғамыз десе, бұл басқа әңгіме. Себебі Алтын орда заманы – ноғайлы дәуірі. Ноғайлы заманы деп айтылады бұл дәуір қазақ дастандарында. Соны Қазақстанның әр баласы, қазақ хылқы түсінсе, ноғайлы дәуірі деген қазақтың тариха, қазақтың тарихының ажырамас бір бөлшегі дегенді білсе, бұл біздің тариыхтың да жаңғырғаны, қазіргі ноғайлардың санасына да осы түсініктің жететіне сенімдімін.

Себебі қазақтың эпостық жырларының барлығы да халықтың тарихи санасы, тарихи жады. Сол тарихи сананың басынан соңына дейін түгелдей «ноғайлы батыры», «ноғайлы жері», «ноғайлы халқы», «ноғайлы елі» деп қолданылады. Соның негізіне назар салуы керек қазақтар. Ол сөздің тамырында жеке бүгінгі ноғайлар ғана айтылып отырған жоқ. Және соны есте жоқ ескі заманда жырлаған ақындардың барлығы да ноғай емес, қазақтың ақындары екеніне шәк жоқ. Алтын орда дәуірінде көшпенділер деген суперэтнос болды. Оның құрамында қазағың да, ноғайың да, қарақалпағың да, татарың да болды. Қазақ осыны жете тани білсе, қазіргі ноғай бауырларына жасаған үлкен жәрдемі болар еді.

— Ресейдегі ноғайлардың мәдени, рухани дүниелерін жаңғыртып отырған, ұмыттырмай отырған мәдени орталықтар бар шығар?

— Иә, ондай орталықтар бар. Дегенмен, Қазақстаннан тысқары, Қытайдың, Моңғолияның, Ресейдің құрамында отырған қазақтардың арқасүйері бар. Ол –Қазақстан. Ал бізде, бізде ешкіміміз жоқ. Баяғы Дешті қыпшақты дүрілдетіп, Еуропаны елеңдетіп отырған Алтын орда бүгін жоқ. Біз үшін ұрпақты, ноғай деген ұлтты сақтап қалу үшін жанталасып өмір сүру керек. Сондықтан ноғайлар тұратын жерлерде, Сібірге жұмысқа кеткен ноғайлар өздері бірлесіп ноғай орталықтарын құрды. Мәскеуде де ноғай орталығы бар. Олардың бар атқаратыны тілді сақтау, мәдениетті дамыту дегеннен арыға бара алмайды. Қанша іс жасаса да арқатірек, алаңсыз өмір сүруге негіз болатындай ештеңе жоқ. Ертеңгі, бізден кейінгі ұрпақтың ноғай болып қалуы күмәнді. Олар алып мұхиттың толқынына төтеп бере ала ма, жоқ па, оны тап басып айту қиын. Ең өкініштісі – халықтың өз тарихына деген қызығушылығының жоғалуы. Өз тарихына деген немқұрайдылық олардың ұлт ретінде жер бетінен жойылуына түрткі болып отыр.

— Әңгімеңізге рахмет!

Ержан Жаубай, 2017 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.