Ерден Қажыбек: Елбасы мақаласынан кейін ұлттық мүдде басты құндылыққа айналды

76

Ұлтымыздың төл дүниесін түгендеп, сананың жаңғыруына, рухани болмысымыздың толысуына ерекше ықпал еткен Елбасының «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» мақаласынан кейін қазақ қоғамында тың сілкініс белең алды.

Осыға орай қоғам қайраткерлері, өнер, мәдениет, әдебиет өкілдері өз ойларын ортаға салып жатыр. Бүгін біз танымал тілтанушы ғалым, «А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбекпен әңгімелескен еді.

— Рухани жаңғыру бағдарламасынан не күтеміз?

— Өздеріңіз білетіндей биыл Елбасы «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» мақаласын жариялады. Бұл мақала халық көптен күткен, көкейдегі көп ойды қозғаған мақала болды. Өйткені осы мақала жарық көргеннен кейін біздің елімізде ұлттық саясат өзгерді. Бұрын бірінші экономика, бірінші саясат деген мәселелер болды. Ал бұл мақаладан кейін ең басты мәселелер еліміздің рухани дүниелеріне байланысты бола бастады. Баяғыдай ар-ұятқа, «малым жаным садағасы, жаным арым садағасы» ұстанымына келе бастадық. Біз ежелден-ақ осы ұстаныммен өмір сүрген елміз. Біз үшін дүние мен байлық, билік пен мансап екінші орында, «ақша қолдың кірі» деп өскен елміз. Ең бастысы – абырой, ең бастысы – білім, ең бастысы – адами қасиеттер деп өстік. Бірақ бұл түсініктерден ажырап қалуға айналған едік. Енді соған қайтадан бетбұрыс басталған сияқты.

Сонымен қатар бәсекелестік, фрагматизм, сана ашықтығы секілді 5-6 саланы кәдімгідей белгілеп берді ғой. Солардың бәрі тілден басталады, тілмен іске асырылады. Қайсысы болса да тілсіз ешқайсысы жүрмейді. Тіпті «Қасиетті Қазақстан» — жердің өзі тілден басталады. Тілсіз жер – жәй ғана бос територия, ешкімге керегі жоқ болып қалар еді. Ал бұлақ, төбе, тау, өзен деген секілді атаулары мен ата-баба мазарлары тұрған жер қай уақытта да қасиетті. Ол біздің жеріміз екені анық болады. Елбасы мақаласынан кейін біздің ұлттық мүддеге байланысты мәселелер елімізде ең басты құндылық болады деген үлкен үмітіміз бар. Осы салаға байланысты енді ел болып жұмыс атқаруымыз керек.

— 100 жаңа оқулық бағдарламасы бойынша шетелдік танымал, сұранысқа ие оқулықтарын аударуды қолға алдық. Бұл тұрғыда тіл маманы ретінде қандай ой айтасыз?

— Бұл жерде бір анық мәселе бар. Ол – тек еуропалық ғана емес, жалпы шет елдік ең озық, ең танымал, таралымы көп, жақсы нәтиже көрсеткен туындыларды аударуға қадам жасап отырмыз. Олардың қатарында қытайдан да, түріктен де, жапоннан да әдебиеттер бар. Ал тек қана еуропалық оқулықтар аударыла берсе, ол әрине, дұрыс болмас еді. Мысалы дүниежүзінің білім беру саласындағы ең үлкен жаңалықтарын қазаққа тезірек жеткізу керек деген көзқарас болуы керек. Идеяның өзі жаман емес, бірақ кейде біздің «шаш ал десе, бас алатын», кез келген мәселені науқаншылдыққа айналдыратын жаман әдетіміз бар. Мәселе бұл бағдарламаны да сол науқаншылдыққа жеткізбеу.

Шын мәнінде, дұрыс түсіне білген жан үшін өте керек дүниелерді аудару – бұл екінші мәселе. Кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында да біраз дүниелер аударылған. Кейбір дүниелер уақыт өте іске аспай қалды. Ондай кемшіліктер де жоқ емес. Ал бұл жолы бізге дүниежүзілік тәжірибені зерттеу үшін екі жол бар. Бірі – сол тілдерді үйреніп, сол нұсқадан оқу, екіншісі – сол тілдерден өзіміздің тілге аудару.

— Ал біз қазір аударма жасаймыз деп жатырмыз, бізде әлемдік деңгейде сапалы түрде аударатын аудамашылар бар ма?

— Дәл осы 100 оқулық жобасында аудармашы бар болса да, жоқ болса да жасау керек. Аудармашылар жоқ болса, соларды тауып, тапсырманы орындауымыз керек. Біз елміз ғой. Ел ішінде бәрі бар. Соны іздеуіміз керек. Қазір көп жағдайда қазақ тілінде оқулық жоқ, аударма жоқ деп отырмыз. Олар неге бізде жетіспейді? Себебі жоғарыдан тапсырыс болған жоқ. Қаржы бөлінген жоқ. Сол себепті де біз осындай жағдайға тап болып отырмыз. Ал тапсырыс болып тұрса, жоғары жақтан үнемі қаржылық қолдау болып тұрса, назар аударылып отырса, онда бәрі де өз орнына түседі деген ойдамын.

— Рухани жаңғырудың тағы бір жобасы — «Қазақстанның 100 жаңа есімі». Бұған деген өз көзқарасыңыз қандай?

— Бұл мәселеге тым сондай күрделі көзқараспен қарамау керек деп ойлаймын. Себебі біздің ата-бабаларымыз онсызда дәуірлердің сынынан өтіп, бүгінге дейін жеткен. Олардың жолы да, жөні де бөлек. Оларды да дәріптеу керек, ұлағаттау керек.

Ал соңғы біздің Тәуелсіз Қазақстан болғаннан кейінгі өз еңбегімен танылған, еліміздің дамуына өз еңбегімен үлес қосқан азаматтар бар болса, оларды да көрсетейік, оларды да танытайық деген меніңше, жаман бастама емес. Мысалы мен бір рет Ақтауға барып кездесу өткіздім. Сонда сол жердегі бір ауылда Серікбол деген жас жігіт болды. (Бұл жерде Ерден Задаұлы Серікбол Қондыбайды айтып отыр – Baq.kz) Қаншама кітап жазды, «Арғы қазақ» деген мифологияны жазды. Сондай тұлғаларды көбірек насихаттау керек. Олар керемет жаңалық ашып, әлемдік тұлға болмаса да арамызда жүрген, біздің замандасымыз, бірақ нақты бір жетістікке жеткен және маңайындағы жандарға үлгі боларлық деңгейдегі адамдар болуы керек. Соларды табайық, іздейік, бағасын берейік деген ой ғой.

Ал менің өзме «100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім» деген жобалар жаныма өте жақын сезіледі. Себебі биылғы жыл алаштың 100 жылдығы. Сондықтанда бұл бастамаларды өз басым жақсылыққа балаймын.

— Әңгімеңізге рахмет!

Ержан Жаубай, 2017 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.