Басы бар, аяғы жоқ. Шаруалар асыл тұқымды жылқыны ешкім қолдамай отырғанын айтты

932

Маңғыстаулық шаруалар асыл тұқымды Адай жылқысын өз күшімен бағып отыр. Айтуларынша, мемлекеттен ешқандай қолдау жоқ. Сондықтан көбейтуге мүмкіндік аз.

Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны Әлеке Бөлтеков адай жылқысын бағады. Шаруашылығында 50 шақты жылқы бар.

Адай жылқысын көбейту үшін асыл тұқымды айғырмен будандастырып, құлын алады. Айтуынша, мемлекет тарапынан қолдау болмаған соң шаруалар асыл тұқымды жануарды әркім өз қал-қадерінше қолдан келгенше дамытып келеді.

Адай жылқысы мәртебесін алғанымызбен қолдау жоқ. Президентіміз айтқандай қолдау болса, адай жылқысына арнап институт ашылса, зерттелсе, оны асылдандыруға жұмыс істесе екен. Қуаңшылық кезінде ғана бір рет көмек берді. Қалған уақытта әркім өз күнімізді өзіміз көріп жатырмыз. Сайын Шапағатов ауылында бәйге алаңына жер берілді, бірақ құрылысы әлі басталған жоқ. Сынақ өткізетін арнайы атшабар алаңын салса дейміз. Жылқы санын көбейтуге үкіметтен қолдау қажет, – дейді атбегі.

Адай жылқысы – Маңғыстаудың қатал, шөлейт табиғатына төзімді жануар. Ұзақ қашықтыққа тоқтамастан бір тәулік бойы шабатын қасиеті бар. Жүйріктері 40-50 шақырымға шаршамай еркін жетеді.

Суық пен ыстыққа төзімді, қысы-жазы жайылымда жүріп, күтім талғамайды. Еті жоғары сапалы, ет түсімі – 52-58%. Тәулігіне орта есеппен 8-11 литр сүт береді. Адай жылқысы негізінен Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарында өсіріледі

Атбегі Әлеке Бөлтековтің тұлпары «Ұлы дала жорығы» марафонына қатысып, 1200 шақырым қашықтықта бірінші келіп, бас бәйгені жеңіп алған. Одан кейін 1300 шақырымды жүріп өтіп, рекорд жаңартты.

Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ботагүл Құттымұратованың айтуынша, алдымен жануар иесі малдың асыл тұқымды екенін тіркеп, құжат алуы қажет, ал онымен Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институты айналысады.

Бізде жылқыларды тіркеуге қаражат қарастырылмаған. Қазіргі таңда асыл тұқымды деген сертификаты бар 1 000 бас қана жылқы тіркелген. Президенттің адай тұқымды жылқыға арнайы мәртебе беру туралы тапсырмасымен 2023 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты «Адай жылқысы популяциясының генетикалық құрылымын заманауи генотиптеу технологиясы негізінде анықтау, жаңа аталық іздерді, типтерді, тұқымды қалыптастыру және сынау» жобасын әзірледі. Жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 50 млн теңге қарастырылды. Жоба аясында адай тұқымды 1 000 бас жылқыға генетикалық сараптама жасалып, сертификат беріліп, мемлекеттік асыл тұқымды жылқылар тізіміне енгізіліп, «тұқымдық жетістігі» үшін патент берілген. Маңғыстауда адай жылқысын өсіріп отырған бізге белгілі 4 шаруашылық бар. Басқа да қожалықтар болуы мүмкін, бірақ олар бізбен байланысып, сертификат алуға құлшыныс танытқан жоқ. Малға асыл тұқымды деген сертификат алу – фермерлердің міндеті. Олар өзара ұйымдасып, институттан мамандарды шақыртып, құжат алуы керек. Сол кезде субсидия беріледі, мысалы оның жемшөбіне, жасанды ұрықтандыруға және басқаға қаражат қаралған. Бірақ осы көмекті алу үшін шаруалар қолдағы малының адай жылқысы екенін дәлелдеуі керек. Қазір адай жылқысының мәртебесін көтеру, тұқымын көбейту бойынша «Жол картасы» жасалып жатыр, оны өзге басқармалармен бірге қолға алдық, соның аясында біраз жұмыс атқарылуы керек, – дейді басқарма бастығының міндетін атқарушы.

Өткен аптада фермерлер мен диқандардың алғашқы форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырған болатын.

Аягөз Ізбасарова, ҚазАқпарат

Фото автордан

1 comment

  1. Нұрсаиын 22 Қараша, 2024 at 14:26 Ответить

    Ат жараткан өте керемет мен Алеке ағаны бұрыннан білемін осыдан 2006жылдан бері ат бағып келеді.Атты әдемі жаратады десекте болады.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.