Сарыарқадағы жылқылы байлар

2141

«Арқаға барсаң жылқышымын деме,
Жетісуға барсаң қойшымын деме,
Үшқиянға барсаң түйешімін деме.

Халық даналығы

Қазақ жерінің жағрапиясына, ой-қырына, өзен-суына, тау-жотасына, ауа райына, өсімдіктерінің түріне қарай төрт түлік әр жерде әртүрлі өседі. Арқа — ежелден жылқының мекені, мұнда Қамбар ата тұқымы сүйіп жейтін беде, бетеге, боз, тарлау, ақселеу т.б. өсімдіктер өседі. Тарлаудың жылқыға жұғымдылығы сондай, халық оны «ат құтыртқан» деп атаған. Арқада жылқы жайылымы да кең, бер жағы Тарбағатайдан бастап Мұғалжарға дейін, екінші жағы Құлындыдан (Ресейдің Қорған облысы) Шуға дейінгі ұлан-ғайыр сар дала.

Жетісу және Қазақстанның оңтүстік өлкелері — Шопан ата тұқымының өсіп-өнуіне қолайлы. Ботаник ғалымдардың зерттеуінше, бұл аймақтарда қой азығы олатын шөптің 40-қа жуық түрі өседі екен.

Үшқиян — атам заманнан Ойсылқара ұрпағы қаулап өскен, суы аз, сортаңды, қамысты-бұталы, шөптері қамыстылау, жұғымдылығы тұздылау өлке. Мұнда жетекші түлік — түйе.

Есіл өзенін көргенде: «Алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен», деп жылқыға жайлы жерлерді сонау орта ғасырдың өзінде Асан қайғы атамыз бағалап кеткен. Ал Шідерті өзенін көргенде: «Мына шіркіннің топырағы асыл екен. Алты ай мініп арықтаған атқа бір айда май бітетін жер екен. Жылқы шідерімен қойғанда тоқтайтын, жылқының қонысы екен»,- депті

Бүкіл қазақ жеріндегі жылқының басқа малдармен салыстырғандағы үлесі — 13,5% (2018 жылғы дерек — ред.). Ақмола облысында — 28%, Семейде — 19,4%, Торғайда -17%, Жетісуда — 10,7%, Оралда — 8,9%, Сырдарияда — 6,9%. Ақмола облысы бойынша әрбір үш малдың біреуі жылқы, себебі ежелден Арқа өңірі жылқымен даңқы шыққан.

«Жылқыны мыңдап өсірген,

Арқаның нулы жері екен», демей ме қазақ.

Көне түркілер, қыпшақтар заманында байлардың жылқысы орасан көп болып, бейнелеп айтсам, астрономиялық сандарға жеткен. «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырында:

«Қарабайдың тоқсан мың жылқысы бар,

Сексен үш жасқа келген сол күнінде…»

Қазір «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» эпосының пайда болғанына 1500 жыл деп есептесек, көне түркі заманында Алтай мен Дунай арасын емін-еркін көшіп жүрген дала шонжарларында жылқының орасан көп болғанын көреміз.

«Сұрасаң руымды Қуандық-ты,

Басқа елге көрсетіпті жуандықты.

Аққошқар, Сайдалының заманында,

Бір көлден қырық мың жылқы суарыпты», деп өз елінің байлығын ақын Құлтума Өтемісұлы мақтаныш етеді.

Жазба және ауызша деректерді салыстыра карастырсақ, «Бай қазақтардың қолында бес-он мыңнан жылқылары бар. Мұндай байлар тіпті өз жылқысының дәл санын да білмейді», деп жазады И. Фальк. «Орта ордада (Орта жүзде — А.Т.) жылқы табындары он мыңнан асатын адамдар бар», деп көрсетеді И. Георги.

Орта жүздегі жиырма мың жылқысы бар алпауыттарды Н.П.Рычков та баяндайды. Демек, XVIII ғасырдағы орыс деректері қазақтың ауызекі мәліметтерінің шындығын дәлелдей түседі. Қазақ жылқысының көптігі жайында хабар шетелдерге де жеткен. Француз ғалымы Гуттен-Чапский: «Қазақтардың жылқы табындары ғаламат үлкен, бай иеліктерінде 8000-10000 басқа дейін болады, кедейлерінің өзінде 20-дан кем болмайды», деп жазады.

Жылқылы байлардың жылқыларының санын дәлме-дәл көрсеткен бірден-бір зерттеуші Ш. Уәлиханов. Шоқанның деректері ауызша тарихтың мәліметтерімен де сәйкес келеді. Себебі Шоқан бұл байлармен замандас, әкесі Шыңғыс істес, аралас-құралас болды. Шоқанның жазуынша, арғын ішіндегі қуандық Сапақ байда 18 мың, қаржас Азнабайда 25 мың жылқы болған [292; 31, 9-6]. Орыс зерттеушісі Сапақтың 10 мың жылқысының үстінде толып жатқан түйелері және басқа малдары бар, 100-дей малшысы бағады, бай көшкенде 150 түйеге жүк артады. Сапақтың жылқылары шоқтығы биік, тұрпаты ұзын, бәдені сұлу. Ол өзі ақыл-парасатты, барымтаға ешқашан қатыспайды, сондықтан тыныш өмір сүреді деп жазады [293].

Ұлытаудың Терісаққанын жайлаған Кенесары ханның қолбасшыларының бірі Жанайдар сардардың (1813-1874) әулеті өмір бойы ата-бабаларынан атымтай жомарт бай, атан жілікті арбақай батыр, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен би, ғұлама қажы, ұлағатты ұстаз, елін-жерін біліммен қорғаған заңгер, алаш арысы, халқының рухани және мәдени мұрасын жиып-теріп жатжұрттықтарға көрсетіп, таңдайын қаққызған білімпаз шыққан ақсүйек ата-тек. Қазақ мұндай тектілерді «жеті атасынан қаракөк үзілмеген» деп ерекше қадірлеген. Ауызекі әңгімелердің өзінде халыққа еңбегі сіңген тұлғаларды «қаракөктің тұқымы ғой» деп ілтипатпен атайды. Мұндай атаққа кезінде Абылай, Құнанбай ұрпақтары ие болған. «Қаракөк» деп қазақ жылқының ең жақсы түсін атайды, «қаракөк шешен», «қаракөк ақын» деп алғыр шешен, айтулы ақынды бейнелесе, қарапайым, кейде кедей отбасынан шыққан ардақты адамдарды «қарадан шыққан қаракөк» деп дәріптейді.

Жанайдардың Мейрамы (1846-1921) ата-бабалар дәстүрімен ел билеп, бірнеше рет болыс болып сайланған. Қазақтың аңыз-әңгімелерін, шежіресін, жәдігерлерін жинастырған. Қолданбалы өнер туындыларын Ресейдің Мәскеу, Петербор, Омбы қалаларында өткен көрмелеріне қойдырып, музейлерге тарту еткен.

Мейрамның жасатқан он сегіз қанат ақ ордасы қазақ өнерінің тарихында мәнгілік алтын әріптермен жазылып қалды. Мейрам өз заманының кең пейіл, қолы ашық, жомарт мырзасы. Ол кісіден соғым, ат майын сұрап барғандардың жолы болып, меселін қайтармаған. Көне түркі заманынан келе жатқан байлардың шүлен тарату дәстүрін берік ұстанып, елге хабар беріп, жылқысының әрбір оныншы басын елге тегін беремін деп жариялаған. Жылқышылар ұзыннан-ұзақ тізбектеліп өтіп бара жатқан жылқыларға құрық тастап, кезегі келген адамға ұстап беріп тұрады екен.

Мейрам дәстүрлі қазақ байларындай малдың санын өсіруге емес, сапасын жақсартуға көңіл бөлген. Араб, текежауміт, қарабақ айғырларын алдырып, оларды қазақы биелерге қосу арқылы бойы биік, бәдені сұлу тұқымдарды шығарып отырған. Қазақы биелерге қандай айғыр салса да дала жылқысының төзімділігі мен күй талғамайтындығы сияқты қасиетін сақтайды. Әсіресе 2-ші, 3-ші ұрпақтары нағыз далада жайылатын, өз қорегін өзі табатын, қыс мезгілінде тебіндеп жайылатын, табынға бейім тұқымдардың шығатынын алдын ала болжап, селекциялық асылдандыру жұмыстарын жүргізген. Ішкері жақтан қымбат бағаға әкелінген жылқыларды ұстау үшін жем-шөбі қасында, жабық қоралар салғызған. Ресей империясының жылқы тұқымдарын жақсартуға қосқан үлесі үшін Батыс Сібір генерал-губернаторлығының жүлдесін алған. Мейрамда жылқы саны 3 мың басқа дейін жеткен кездері болған.

Ресей империясы жылқы министрлігінің органы «Коннозаводства» журналының әр жылдарындағы санында М.Жанайдаровтың жылқы табындарының жай күйі жайында мақалалары үнемі беріліп отырды. Оның есімі мемлекеттің белгілі ірі жылқы кәсіпкерлерінің қатарында аталады.

1891 жылы Омбыда өткен көрмеде ат бәйгесінде бірінші жүлдені өзінің елі мен жерін аралап жүрген болашақ император ханзада ІІ Николайдың қолынан алған. Осы оқиға туралы «Дала уалаяты» газетінде былай деп жазылған: «10 шақырым шапқан ат бәйгесінде әуелі бас бәйгені алды, алтын сағат бауыменен қазақ Мейрам Жанайдарұлы ұлы ұлық хазіретінің мүбәрәк қолынан алды».

Қорыта айтқанда, Мейрам Жанайдарұлындай халқының қамын ойлаған, заманының алдынғы қатары озық ойлы азаматы аз болмады.

Ахмет Тоқтабай, 

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.