Қолға алып қару-жарақ, мінген атқа

Екінші дүниежүзілік соғыстың ізінде әлі де ашылмай жатқан ақиқаттар, еленбей қалған ерліктер, елеусіз жатқан ерлер қаншама?!
Жеңіс – қастерлі ұғым. Биыл міне 80 жыл толып отыр. Өйткені бұл – ерлік пен елдіктің, батырлық пен өжеттіктің мейрамы. Уақыт өткен сайын аталарымыз сыйлаған Жеңістің маңызы артып келеді. Олар көрсеткен ерлік бүгінгі ұрпаққа өнеге.
Соғыс туралы айтылса, жарықтық Оралбек әкемнің, Әскерхан, Самарбек ағаларымның Абалақов Мұхамади атам жайлы айтқан әңгімелері еске түседі. Сұрапыл соғысқа біздің ауылдан майданға талай жан аттанған. Алтайдан Украинаға жол алып, хабарсыз кеткені қаншама… Атам өзінің туған інісі Солтанғазы екеуі де бір үйден қан майданға қатар кетіп еді. Мұхамади атам Еңбек ауылындағы ең соңғы ардагердің бірі болып ел есінде қалды.
Мен бүгін қолына қару ұстап, кешегі майдан шебінде атқа мінген атамның ізгі жолын, бүгінде бейбіт өмірде салт атқа мініп, қасиетті жерлерді аралап, атқа міну дәстүрін жас ұрпаққа дәріптеп, атадан қалған қасиетті ат үстінде Алтайда орманшы болған марқұм Оралбек әкемнің ізгі жолын жалғастырып келе жатқаныма шүкіршілік деймін.
Атам 1912 жылы ШҚО, Катонқарағай ауданы, Еңбек ауылы бұрыңғы Таңба ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Қайратты, қайсар, еңбекқор жан еді. Жарықтық Нұрлықа апам екеуі 5 бала тәрбиелеп өсірген. Үлкені марқұм Нұрзиға апайымыз, екінші марқұм Әскерхан ағамыз одан кейін менің марқұм әкем Оралбек, төртінші Самарбек ағамыз талай жыл совхозда озат тракторшы болды. Кенже ұлы марқұм Базарбек ағам ауылдағы жалғыз мал дәрігері еді. Амал нешік, бүгінде бұл жандар ортамызда жоқ, алайда ұрпағы өмір сүріп келеді. Ат жалын тартып мінген Мұхамади атамыздың өнегесін өшірмей, аттан түспей келе жатқаным сабақтастық шығар бәлкім?…
Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде атты әскер дивизиясының орны ерекше болды. Атты әскерде әсіресе қазақ жауынгерлерінің ептілігі – қанына сінген қасиеттен бе деп ойлайсың. Ал, майдан шебіндегі жылқылар атқарған еңбек ерлікпен тең десем артық айтпағаным. Атам марқұм сол сұрапыл соғыстағы аттардың күшіне қайран қалып, әбден үйренген мықтылығын айтып отырушы еді. Өзге елде беймәлім жерде аттарды ұстаудың өзі қандай десеңізші. Оның азығын, майданға үйрету, ауыр зеңбіректерді сүйреп тасымалдау, барлауға машықтандыру үшін де қаншама уақыт, тәжірибе керек.
Майдандағы жылқыларды әңгімелей отырып, мұңайып та қалатын еді. Алтайдың баурайында орналасқан Еңбек ауылынан майдан шебіне аттанған Мұхамади атам оң жамбасына оқ жарықшағы қалай тигенін, сұм соғыста басынан өткерген қиыншылықтарды айтып отырушы еді. 7-8-сынып оқитын кезім, жарықтық атамның соғыс туралы айтқандарын естігенім бар еді.
Бірде жау шебінде қоршауда қалып, 1 апта бойы қақаған қыстың уақытында Украина түбіндегі шайқаста қалай жаумен қақтығысқандарын айтып беріп еді. Көз алдына сол күндерді елестеткен қарт атам қатарлас қаруластарының көз алдында жан тапсырғанын айтып, минаға түскен аттардың көзінен жастың шыққанын көргенін айтып, ауыр күрсінетін.
Атамның айтуынша, әсіресе атты әскер, барлау шебіндегілердің басым көпшілігі қазақтар болған екен. Бәрі де ауылдан шыңдалып шыққан қандай қиындық болмасын, табиғаттың қай мезгілі болмасын төзімді әрі қарулы, шетінен мерген еді дейді. Сонау батыс майдан шебінде Украина даласында Берлинге дейін жаудың шебін бұзып, тойтарыс жасаған қазақ жауынгерлерін үнемі айтатын.
1941 жылы әскер қатарына шақырылып, ең алғаш 4-ші Украина майданының атқыштар полкының артилеррист қатарында ефрейтор болды. Атам жастайынан мерген болған. Соғысқа дейін аңшылықтың қыр-сырын білген жан. Мылтық атуды тез меңгеріп кеткені де сондықтан.
Мұхамади атам Екінші дүниежүзілік соғыстың соңына дейін қатысып, I, ІІ, ІІІ дәрежелі «Даңқ», І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік қызметі» және басқа да көптеген медальдармен марапатталған. Бұл марапаттауларды кеудесі толған ордендерінен көретінбіз. Жеңіс күні атам үшін ең айтулы шақ болатын. Отан алдындағы борышын адал атқарғандығының белгісіндей бұл күннің өзіндік тарихы бар.
Иә, сонау бір сұрапыл соғыс жылдарында аталарымыз қанша жерді азат етті десеңші. Ең бастысы, бүгінде бұл қасіретті шақ артта қалды. Ауылымыздағы ең соңғы Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері болып халықтың жадында қалды. Сол шақтарда ауылдан майдан шебіне келген жас жігіттер кешегі қырмандағы жұмыстан бірден майданның алдыңғы шебіне түссе де, қазақ баласына сай ерліктерімен көзге түскен ардақты жандар еді. Ауылдағы әр отбасының асыраушысы, қамқоршысы болған қаршадай бозбалалардың сұрапыл соғысқа аттануы дүйім ауыл үшін үлкен өкініштер болды. Бір отбасынан аға-інілі, бір ауылдың еркек кіндіктілерін майданға аттандырған сол сұрапыл жылдар ауыл жұртының жадында қалғаны белгілі.
1942 жылдары атам атқыштар полкінде болып, кейін мергендігімен көзге түсіп, талай барлауға аттанған. Сол жылы күзде атты әскер дивизиясына алынды.
1943 жылдың соңында Орталық майданда ауыр артиллерияның зеңбірекшілер қатарында ат айдаушы болған екен. Соғыс уақытындағы аттардың өзі соғыс жағдайына үйреніп, бірге азап шеккен. Парлап пушкаға жеккен алты атты басқару деген екінің бірінің қолынан келмеген. Жарылыс, жау ұшағының жаңғырығынан үркіген жануарларды тізгіндеу сөзбен айтып жеткізсіз дейді. Ортадағы аттар жас болғанымен, үріккенде алдыңғы күші толған он жасар аттардың өзін бірге алып қашып кете жаздайтындығын, кісінеген жан түршіктірер дауыстарын баяндағанда еріксіз иланасың. Жарықтық атам сол соғыс даласындағы шеберліктерді қалай үйренгенін, ауыр зеңбіректерді қалай тасығандарын, талай аттар ұрыс даласында арып, мерт болғанын, көз алдында қасиетті жануарлардың жау оғынан қалай мерт болғанын, жаяу арып-шаршап, бастарынан өткерген ауыртпалықты есіне түсіріп, әңгімелеуден еш жалыққан емес. Бірінші Украина майданында жаумен шайқасып, кейін Воронеж, Мәскеу, басқа да көптеген қалаларды азат етуге қатысқан. Атам Фин соғысынан бастап, Берлинге дейін соғысты.
«Әр қаланы азат еткен күн – ең айтулы күндер еді» деп мақтанышпен еске алады. Көзі тірісінде атам бізге соғыс оқиғаларын көп айтты. Соның ішінде қызық та, қайғылы да оқиғалар бар. Қыстың қақаған суығында қар жастанып, мұз төсенгенінде айтқаны есімде. Қатты суықтан майдандас достарының үсіп қалғанын да әңгімелеп бергені жадымда. Сонда майдандас досының аяғындағы етігінен су өтіп, қарып, үсуге шақ қалғанда атамыз немістің барлаушысымен жекпе-жек айқасқа түсіп, қолынан қаза болған немістің аяғындағы етігін досына қалай кигізгенін де естідім.
Алтайдың тау тасын, өр-қиясын, асу белін көрген атамды командирдің өзі үнемі барлаушылардың қасына қосып жіберіп отырған. Сондағы міндеті –барлаушыларды батпақты жерлерден қалай жол табуға, қалың ну орманды жерлерде із кесуде, ай далада қалай түнеп, қалай жаңбыр мен қарлы боранда қорғануға болатындығыннан хабардар етіп, ту сыртынан келген жаудың тыңшыларынан қорғау. Сонда тамақтың өзін каскаға қайнатып қар суын ерітіп ішкендерін, штыкпен қалай арпалысқандарын, жау танктерін қалай жарғандарын, мина жарықшағына қалай түскендерін естіп, ерліктеріне аң-таң болған едім.
Бірде снаряд жарықшағы тиіп, госпитальге түседі. Сол ота кезінде жамбастың қалың етіне бойлай кірген снаряд жарықшағын алу мүмкін болмай қалып қойған. Атам сол кезде осы Алтайдан, Қаратайдан аттанған сарбаздардың басым көпшілігі ат үстінде жүруге епті, суыққа төзімді, қиындықта мойымайтын ер азаматтар, өзі қатарлас майдандас жерлес достарын айтып бір марқайып қалатыны да есімде. Оның «Осы соғыста мен көп достарымнан айырылдым. Біз бәріміз Қазақстаннан едік, жақын дос болдық. Қанша жыл өтсе де, сол жігіттердің бейнесін ұмытпадым. Бізге ең қиыны Берлинге тақау батпақты жерден аттарды аман алып өту болды»,- деп үнемі айтады. Талай майдандастары мен жетектегі аттар сол батпақта мерт болып, талайы көз алдында жан тәсілім еткендігін естігенде жан түршігеді. 75-76 мм ауыр зеңбіректерін сүйреген аттар да батпаққа батып, жау ұшақтарының әуе шабуылынан мерт болғандары мен жарақаттанғаны қаншама еді. Жануар екеш жануар да мінсіз ерлік көрсетті дейді.
Ауыр танкіге қарсы ЗиС~3,76 мм дивизиялық пушканы жеккен аттар да жеңісті күндердің куәсін болған еді дейтін. Атамыздың сол шақтардағы жылқылардың әбден үйренгені ғана үркуді білмейтін батыр жануарлар дегені есте. Оңтүстіктің жылы жерінен шыққан адамдарға батпақ арасында жүру қиын болған көрінеді. Олар жылы жерден келіп, қалай жылыну, кептіріну дегенді білмеді, алайда әр күн сабақ болды. Біз білмегенді олардан үйрендік, олар білмегенді басқа ұлттан үйрендік. Кей ұрыстарда өзге ұлттармен бірге болған сәттерімізде ымдап болсын жеткізетін болдық. Бірақ мақсат бір болғандықтан бәрі бауырмал болды. Ең айтулы шақтар әр ұрыстан аман-есен қалғанда шабыттанып ауылға хат жазатынбыз. Сол хаттар ауылға жеткенде қуаныш та қайғы да болды. Өйткені қара қағаз алып, жүректері қарс айырылып жатқандар қаншама, — дейтін.
Атамның ауылға өлең жолдарымен жазған хатында:
Жолында отан қорғап армиямыз,
Халық үшін, Отан үшін жан қиямыз.
Келгенше жауды құртып аман-есен,
Сау боп тұр, артта қалған жанұямыз.
Біреуден ана менен ата қалған,
Біреуде туысқан мен бала қалған.
Туған ел, өскен жерім, жора-құрдас,
Қайыр қош біз келгенше есен-аман,
Қолға алып қару-жарақ міндік атқа,
Жазармыз амандықты толық хатта,
Қайтамыз жауды жеңіп аман қалсақ,
Сәлемім сұрай алған жұрағатқа… — осылай делінген екен. Атамның есте сақтау қабілеті өте жақсы болатын. Қай кезде болмасын сол алғашқы елге жазған хатын да ұмытпай өлеңдетіп айтып беретін еді.
Ия, ауылда ат үстінде өскен шаруа баласы қандай қиындық болмасын төзе білді. Жарылған снарядт пен мина жарықшағынан атам екі рет жарақаттанған екен. «Әр мина ажал сынды еді» дейді атам. Сол жарықшақтардың қалдығы атам денесінде өмір бойы қалды. «Ең алғашқы аптада нысанаға атуды, окоп қазуды үйретіп, ұрысқа дайындады. Содан кейін бізді майданға жіберді. Мен соғыста атқыш болдым. Салт аттылар қатарында жүрдім. Жаудан «тіл» әкелу үшін басымды өлімге талай рет тіктім…», – деп еске алушы еді сол кездерді.
Қыста қатты боранның астында қалған күндері, майдандас достарын жоғалтқанын да атамның өз аузынан естігем. «Тіл әкелу» деген немістің жан-жақты дайындалған қарулы, әрі мерген, ең кәсіпқой деген жандарын барлаушыларын өлтірмей аман-есен әкелу. Бұл ең жауапты міндет еді. Оның майданда көрсеткен барлық ерлігін тауысып айту мүмкін емес.
Жұбайы Бакимбаева Нұрлықа әжем де атам майданда болғанда тылда ерен еңбек атқарған жандардың бірі. Әжем сабырлы мінезімен, байсалды ақ көңілдігімен есімде қалыпты.
Атам соғыстан жараланып қайтты. Десе де қарулы, қуатты жан еді. Соғыстан кейін бейбіт өмірде колхозда шопан, кейін совхоз құрылғанда жұмысшы болды. Осы қара күштің, аянбай қызмет етуінің, үздіксіз қозғалыстың арқасында 100 жасқа тақау ғұмыр кешті. Құжат бойынша 1912 жылы туған делінсе, әкемнің ағасы марқұм Әскерхан ағамыздың айтуынша сәл ертерек дүниеге келген екен. Жалпы арғы аталарымыз да ұзақ жасаған көрінеді. Солардың бірі – ұзақ жасаған туысқаны Нұршинов Дәуіт атамыздың өзі 105 жыл ғұмыр кешкен. Дәуіт атамыз да осы Мұхамади атамның өзін арқалап жүретінмін дегені жадымда қалыпты. Атаммен бірге аттанған Абалақов Солтанғазы атамыз да аман-есен оралып, ауылдағы мектепте ұстаз болған ұлағатты жандардың бірі. Солтанғазы атам да бірнеше мәрте ерлік көрсетіп, ордендермен марапатталған. Аталарымыздың ерліктерін, жастық шағындағы оқиғалары жайында көбінесе марқұм Абалақов Әскерхан Мұхамадиұлынан естігенмін. Жеңіс сыйлаған аталарымыз мәңгі есімізде қала береді.
Иә, Отан, туған жер деген қандай ыстық ұғымдар. Отансүйгіштік қасиет әркезде қастерлеуге тұратын қасиеттердің бірі. Осы ұғым біздің үлкен құндылығымыз болуы керек. Бейбіт күннің жас сарбаздары үшін отансүйгіштік деген ең асыл сезім. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жаңбырдай жауған оқтың астында апталап, айлап, тіпті жылдап қан кешіп, мұз жастанып, қар жамылып, қанын төккен аталарымызды, тылда арып-ашып еңбек етіп, осындай өмірге жеткізген әже-аталарымыздың алдында біз өмір бақи қарыздармыз.
Сіздерді Жеңістің 80 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке әр кезде де батылдық пен ерліктің, қаһармандықтың символы, Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың өлшемі болып қала бермек.
Қаһармандық пен ерліктің арқасында ұлтымыздың биік рухы мен бірлігін көрсеткен ардагерлеріміздің алдында тағзым етеміз. Себебі, Жеңісті жақындатуға ардақты ардагерлеріміздің майдан даласында, отандастарымыздың тылда қосқан еңбегі өлшеусіз.
Бүгінгі ұрпақ жарқын да бейбіт болашақта өмір сүруі үшін қан майданды бастан кешірген ардагерлеріміздің ерліктері мәңгілік ел есінде қалады.
Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық тілеймін!
PS. Жеңістің 55 жылдығында 2000 жылдары Катонқарағай аудандық «Арай» газетіне Қайырды Назырбаев ағамыздың «Тоқсаннан асқан майдангер» атты атамыз жайлы мақаласы да жарық көрді. «Ерлік дастаны» атты кітапқа да енгізілді.
Майдангердің немересі Дидар Оралбекұлы
«At-Travel» салт аттылар клубының ll санатты мүшесі
Argymaq.kz